• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
23 Қазан, 2010

Ұрыны ұстаған әкім

411 рет
көрсетілді

Ел дәулеті – ел сәулетінен танылады. Бүгінде жамбылдық билік пен бизнес өкілдері тізе қосып, халық үшін ең игі деген жақсылықтарды жасауға белсене кірісіп жатыр. Оған көше жиегіндегі әсем гүлдерді, сәнді шарбақтар мен тас төсеніштерді, жарқыраған шамдарды көптеп куә етуге болады. Бірақ, өкінішке қарай, ел іші ессіздерден де кенде емес. Олар қара басының қамы үшін әлгі ел игілігі үшін отырғызылған гүл­дер­ді, қойылған темір шарбақ­тар­ды ұрлап, бір сәтте шала бай­ып шыға келгісі келеді. Тұр­ғын­дар да марғау. “Пәледен ма­шайық қашыпты” дегендей, ұры­ны көріп тұрса да көрмеген, біліп тұрса да білмеген болады. Сондықтан болар, ұрылар да заң­нан қорқу, жұрттан үрку де­генді тарс ұмытқан. Қала тұр­ғындарын басынғандары сонша, ұрлығын, тіпті, тапа-тал түсте де жасай беретін болған ба, қалай?!. Тараз қаласының әкімі Ер­тар­ғын Астаев жақында осындай бір оспадарды қолға түсірді. Оқиға былай болған еді. Қала бас­шысы күндегі әдетінше облыс орталығын аралап келе жат­қан. Кенет Былғары ком­би­наты маңындағы “Мамыр” саябағының сәнді шарбақтарын автокөлігіне тиеп жатқан біреуді көзі шалды. Көп ұзамай, әкімнің шақыртуы бойынша оқиға орнына жеткен тәртіп сақ­шы­лары күдіктіні қолға түсірді. Қала басшысының айтуынша, ұры екеу болған, бірақ біреуі қашып үлгерген. Шойын, болат темірлерден жа­сал­ған шарбақтар, әдетте, ауыр, сал­мақты болып келеді. Көлемі де үлкен. Егер ұрылар оның бірне­шеуін темір қалдықтарын қабыл­дай­тын орынға өткізсе, қомақты ақшаға кәдімгідей қарық болады. Егер қала әкімі осы жолы қыра­ғы­лық танытпағанда, қыруар қаржыға жасалынған темір шарбақтар қолды болып, “Мамыр” саябағының бір жағы үңірейіп қалған болар еді... Ел игілігін ел болып қорғау – үлкен парыздардың бірі. “Жер­гілікті билік орнатты екен, ендеше сол биліктің өзі күзетсін” деген түсінік – жаны ашымастықтың ең жаман түрі. Сондықтан, ел игілігі жолында “сенікі”, “менікі” деген қырсықтықтан арылып, ақыл біріктіріп, тізе қосатын уақыт жеткені анық. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.