• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қазан, 2010

Нақты тапсырмалар берілді

387 рет
көрсетілді

Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Қанат Саудабаев отырыста сөйле­ген сөзінде: “Таратпау саласында және ядролық қауіпсіздік мәсе­лесінде Н.Назарбаевтың көшбасшы­лығы бүкіл әлемде мойындалды және жоғары бағаланды. Елбасы бастама­сы­мен 29 тамыздың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланатыны туралы бірауыздан қабылданған қарар, сонымен қатар, Мемлекет басшысының АҚШ Пре­зиденті Б.Обаманың шақыруымен Вашингтон қаласында өткен Бүкіл­әлемдік саммитте ядролық қауіпсіздік тақырыбында сөйлеген сөзі осы жағдайдың нақты көрінісі. Шын­дығын айтқанда, Нұрсұлтан На­зарбаевқа тең келер жаһандық таратпау тәртібін нығайту ісіне өз үлесін қосқан, әлі де қоса беретін дүние жүзінен басқа мем­лекеттік қайраткерді табу оңай емес екендігі белгілі”, – деп атап өтті. Отырыс барысында оған қатыс­қандар таратпау мәселесі және осы саладағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі күн тәртібінің мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың тиісті тапсырмаларды орындауы бойын­ша пікір алмасты. “Бірінші отырыста қойылған мақсаттар жаппай қырып-жою қаруын таратпауды нығайту саласындағы басты міндеттердің нақты айғағы болып табылады және еліміздің осы салаға қосып жатқан үлесін көрсетеді.  Өткен 9 айдағы қызметінің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының таратпау және ядролық қаруды жою саясатындағы шешімі Елбасының комиссия құру бастамасының өзектілігі мен қажеттілігін айқындады”, деп атап өтті Қанат Саудабаев. Комиссия отырысының қорытын­ды­сы бойынша хаттамалық шешім қа­былданды және мемлекеттік органдарға халықаралық талаптарға сай экспорт­тық бақылау саласындағы еліміздің заң­намасын біріздендіру жөніндегі тиісті шараларды одан әрі қабылдау, жаппай қырып-жою қаруын таратпау тәртібін нығайтуға бағытталған қажетті шаралар қолдану туралы нақты тапсырмалар берілді.