• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Қазан, 2010

Қызылқоғаға қанат бітті

754 рет
көрсетілді

Алыстағы ауданның ауылдарына жан жылытар табиғи газ бен мейір қандырар ауыз су жетті Атыраудың бір қиырында Қызылқоға деген аудан бар. Облыс орталығынан 400 ша­қырымдай ең қашықта орналасқан ауданның Сағыз бен Мұқыр ауылдарынан басқаларына не пойыз бармайды, не тікелей салынған автокөлік жолы жоқ. Аудан орталығы – Миялы ауылына бет алған жүргіншілер Мақат не Индер аудандары арқылы қиялай жүретін жолмен жетеді. Қалай айтқанда да, Қызылқоғаға жетудің азапты машақатын тікұшақпен емес, көлікпен барған адам ғана біледі. Ойқы-шойқы жолы өз алдына, бұл аудан тұрғындары “көгілдір отын” аталатын табиғи газдың қызығына қол жеткізуді армандағалы қашан! Түгелдей қазақтар қоныс тепкен, не­гізінен мал шаруашылығымен айналысатын осы аудан тұрғындарының сабырлы қалпы қайран қалдырады. Ауданда да, облыста да бірнеше әкім ауысты. Бірақ ешқайсысына да орынсыз шағым айтқан емес. Ауданға табиғи газдың қажеттігі еш дау тудырмайды. Бұл мәселе өңірді басқарған басшылардың бар­лығына дерлік мәлім етілді. Бәлкім, қар­жы­ның тапшылығы, әлде басқалай себебі болды ма, әйтеуір, бұрын Қызылқоға ауданына табиғи газ желісін тартуға ешбір әкім тәуекел етпеді. Ал бұрнағы жылы облыс әкімі Бергей Рысқалиев ауданға арнайы келіп, жұрт­шы­лықтың тілегін тыңдады. Содан соң ауданға табиғи газ желісін жүргізудің бірнеше нұс­қасын, қажетті қаржысын іздестірді. Сөйтіп, қаржы көзі табылып, халықаралық “Орталық Азия-Орталық” магистралды газ құбырының 735-ші шақырымынан газ желісін тарту басталды. Алдымен Қарабау ауылына дейінгі 30 шақырымдық газ құбыры тартылса, кейін оның ұзындығы аудан орталығы Миялы ауы­лына да жетті. Мамандардың пікірінше, тәу­лігіне 720 мың текше метр “көгілдір отын” бе­­ретін қуатты газ тарату стансасы да салынған. Жалпы, ауылдарға табиғи газ желісін тар­ту оңай шаруа емес. Машақаты көп осы жұ­мыстарды атқару “АТГ-Құрылыс”, “Атырау­­ТрансГазЛТД”, “Доссормұнаймаш”, “Wes­tern­­Munaі”, “РИМстрой” серіктестіктеріне жүк­телген екен. Бұларға қоса “Сна­бойл­Ғ­Строй”, “Орсен-Строй” серіктестіктері та­биғи газ желісін тарту жұмыстарынан шет қал­ған жоқ. Осынша кәсіпорын жұмыс­шы­лары өздеріне жүктелген міндетті жұмыс­тар­ды сапалы атқаруға ұмтылды. Бюджеттік ме­кемелер жылу қазандықтарымен қамтылды. Сонымен бірге, ауданның жұмыссыз жас­та­рын газ операторы мамандығына оқыту қолға алынып, 150-ге жуық адам осы кәсіпті иге­ріп­ті. Ауданды газдандыруға бастамашы болған облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың айтуынша, бұл мақ­сатқа 31 миллиард теңге жарату қарасты­рылыпты. Осынау қомақты қаржы бөлінген жоба шеңберіндегі табиғи газ желісімен жететін “көгілдір отынның” алғаш­қы алауы алдымен Қаракөл ауылында жа­ғылды. Одан кейін іле-шала аудан орта­лығы – Миялы ауылында да табиғи газ алауы әр үйде тұтан­ды. Қиырдағы Қызылқоға ауда­нына табиғи газ желісін тартудың маңызын облыс әкімі Бергей Рысқалиев былайша түсіндіреді: – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы жолдауларында халықтың әлеумет­тік тұрмысын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Міне, Елбасының осы тапсырмасын орындау мақсатындағы жүйелі жұмысымыздың бір парасы ретінде Қызыл­қоға ауданына табиғи газ желісін тартуды қол­ға алдық. Бұл аудан жұртшылығы қиын­шы­лықты жеңер сабыр сақтап, экономи­касы өркендей түскен еліміздің кемел келе­ше­гіне сенім артты. Өйткені, ауылдары бір-бірінен тым шалғайда орналасқан ауданға газ желісін тартудың оңай емесін түсініп-ақ отыр тұр­ғындар. Солай екен деп, Қызылқоға ау­данына “көгілдір отын” жеткізу мәселесін соза бергіміз келмеді. Қиын әрі көп қаржы жұмсау қажеттігі туындаса да табиғи газ же­лісі – аудан үшін ең маңызды мәселенің бірі. Биыл табиғи газ алауы 16 елді мекенде жа­ғы­лып, аудан жұртшылығы “көгілдір отын­ды” пайдалана бастады. Енді Мақат ауда­ны­нан Сағыз стансасына дейінгі аралықтағы елді мекендерге де табиғи газ желісі тар­ты­лып жатыр. Сонымен бірге, 114 шақырым­дық Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз бағытын­да­ғы жолды күрделі жөндеуден өткізуге 16 мил­лиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл ба­ғыт­тағы жолды жөндеудің бастапқы жұмыс­тары басталды. Осы жұмыстардың барлығы Елбасының қамқорлығымен қолға алынуда. Шынында да бұрын Қызылқоға ауданын­да қиындық көп еді. Ауыз су бірде жетіп, бірде таусылып қалатын. Күрежолдың үстін­де кедір-бұдыр көбейіп, табиғи газды аңсау аспандағы айға қол созғанмен бірдей бола­тын. Аудандағы ауылдарда жастар тұрақта­маушы еді. Сондай ауылдың бірі – Қаракөл. Бір кездегі ірі кеңшардың, енді Жамбыл ау­ылдық округінің орталығындағы 321 отба­сын­да 2000-дай адам тұрады. Ауылды ал­тын бесік санайтын, бұл жерден ешқайда көш­­пеймізден жаңылмайтын қариялардың айтуынша, мұнда жастар жағы көп тұрақ­та­майды. Себебі сан алуан. Алдымен, ауылда жастардың көңіліне қонымды жалақы тө­лей­тін жұмыс беруші жоқ. Шаруа қожалықтары болғанмен, олардың жалақысына жастар жа­ғы қанағаттанбайды. Ауылдағы тезек теріп, қи жағу секілді күнделікті күйбең тірлікті қи­ын­сынатынға ұқсайтын жастар өңір орта­лығында тұрақтап қалуды қолайлы көреді. Өйткені, осы кезге дейін алыс ауылда тұру қиын еді. Айталық, Қаракөл ауылына соңғы 10 жылда көмір жеткізілмеген екен. Биылға дейін көмірді жеткізгеннің өзінде 1 тон­на­сына 15 000 теңгеден төлеп келген тұр­ғындар. Көмір бағасы осылай шарықтағанда мал қиының құны да арзан емес. Мәселен, өткен жылы қаракөлдік тұрғындарға 1 тір­кеме қиды 7 000 теңгеден сатып алуға тура кел­ген. Қыс айларында бір отбасына кем де­генде 3 тіркемелік қи қажет көрінеді. Оны алу үшін 21 000 теңге амалсыз шығындапты тұрғындар. Әрине, бұл бір отбасының қыстық отыны үшін аз шығын емес. Және бір ауылдағы емес, ауданның барлық ауылдарына тән қи­ындық болатын. Енді сол қиындықтың бәрі дерлік артта қалды. Бара-бара мүлде ұмытыла бастамақ. Өйткені, Қаракөл ауылындағы секілді ауданның басқа да елді мекендеріндегі байырғы тұрғындарды осы қиындықтан бір­жолата арылтатын табиғи газ желісі ауыл­дарға жетті. Қаракөл ауылына дейін құбыр бойын қуалай келген “көгілдір отынның” алғашқы алауы Аманғали Мамашевтың отбасында жағылғанына куә болғанбыз. Сонда ғой, көп жыл шаруашылық басқарған қарияның қуанғанын көрсеңіз. Алыс ауылға газ желісінің жеткені бір ғана Мамашевтар отбасын емес, Қызылқоға ауданының барлық тұрғындарын қуантқаны жасырын емес. Әсіресе, ойын қызығына еш тоймайтын бала­лардың қуануы тіптен алабөтен. “Сабақтан кейін үйге тезек тасымайтын болдық қой”, дейді ауылдардағы ойын балалары қуаныш­тан жүздері алабұртып. Бұл күндері ауылдар, аудан тұрғындарының қай-қайсысымен тілдессек те, айтары біреу – табиғи газ енді қиындықтан құтқарады. Жастардың ауылда тұрақтауына ықпал етеді. Ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Жәдігер Қуанышев соңғы 60 жылда ауданда мұндай ірі жоба қолға алынбағанын айтады. – Бұл аудан тұрғындарының елдің келе­шегіне сенімін нығайтты. Әсіресе, әлемді шыр­мауықтай шырмаған қаржы дағдары­сы­ның Қазақстанға әсер етпегенінің дәлелі бұл. Әйтпесе, бір ауданды толықтай газдандыру жұмысына 31 миллиард теңге қаржы бөлінер ме еді?! Мемлекеттің, ұлттық экономика­мыз­дың өркендегенінің дәлелі бұл. Адамның күнделікті тіршілігіне ауа мен су қаншалықты қажет болса, Қызылқоға ауданы тұрғын­да­ры­ның тұрмысына табиғи газ соншалықты қа­жет еді. Көп жылғы арманымыз орындалып, үлкен шаттыққа кенелдік. Енді өткен күн­дердің қиындығын ұмытатын болдық. Бұл бір жағынан еліміздегі табиғи байлықты халық игілігіне жарату болса, екіншіден, 60 жыл бойы қиындыққа төзген жергілікті халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жасалған игі қадам. Бұл – еліміздегі жасампаз істердің жемісі, – деп ағынан жарылады ауданның құрметті азаматы. Қызылқоға ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің айтуынша, бұл Елбасының ауылдарды еңселендіру жөніндегі тапсырма­сына сәйкес жасалған кешенді бағдарлама шеңберінде атқарылған аудандағы ең ірі жоба саналмақ. Аудан аумағында 198 шақырымдық табиғи газ желісі тартылған. Бұл желімен ау­данның 16 елді мекеніне табиғи газ жет­кі­зіл­ді. Бұған енді Мақат ауданы аумағынан Сағыз стансасына дейін созылған табиғи газ желісін қосыңыз. Темір жол бойына орна­ласқан ауылдар да көп кешікпей табиғи газ­дың рахатын көре бастамаққа дайын отыр. Қа­зір ауылдарға дейінгі газ құбыры тарты­лу­да. Ауыз су мәселесі де шешімін тапты. Әсіресе, Кереген-Сағыз-Жамансор топтама су құбырының құрылысы толық аяқталып, Са­ғыз, Мұқыр, Жантерек, Кенбай, Жаман­сор елді мекендеріндегі су жинау қазандары мейір қандырар мөлдір суға шүпілдеп толып тұр. Екі жылға жуық мерзімде осы ауылдарға 123,6 шақырым құбыр тартылды, жоба бойынша оған 1 миллиард 650 миллион теңге бөлініпті. Сағыз ауылына дейін жеткізілген су құбырын енді тарам-тарам көшелерге тарту жұмыстары аяқталып, жобада ауыл ішінде 28 шақырымға құбыр төсеу көздел­генмен, темір жолдың келесі бетіндегі көше­лерге де қосымша құбыр тартудың қажеттігі туындапты. Әуелгіде жасалған жобада темір жол­дың күншығыс бетіндегі 320 отбасы тү­гелдей ұмыт қалыпты. Сонымен бірге, жаңа­дан бой көтерген тұрғын үйлер де есепке ал­ынбаған. Аудан әкімі Б.Сәрсенғалиевтің ұсы­нысымен Сағыздағы су құбырын жүргізуге 70 миллион теңге қарастырылыпты. Бұл қар­жыға Сағыз ауылы ішіне қосымша 15 шақы­рым су құбыры жүргізілді. Осы жұмысқа ауылдың жұмыссыз адамдары да тартылды. Сөйтіп, темір жол бойындағы тек Сағыз емес, өзге де ауылдардың тұрғындары енді са­пасы таза ауыз сумен мейір қандырмақ. Бұл ауданның Атыраудан шалғайлығы сырқаттанған жандарға үлкен қиындық ту­дырушы еді. Сол себептен, басы ауырып, бал­­тыры сыздағандар қапелімде өңір орталы­ғына жетудің машақатын көруші еді. Енді бұлай болмайды. Өйткені, аудан орталығы – Миялыдағы аудандық ауруханаға былтыр лапороскопиялық құрылғы, хирургияда кең қолданысқа енгізілген бейне-эндоскопиялық қондырғы әкелінді. Германияның “Ричард-вольф” фирмасы шығарған соңғы үлгідегі бұл медициналық қондырғымен хирургиялық оталарды пышақсыз жасауға болады екен. Сонымен бірге, түрлі аурулардың алдын алу үшін диагностикалық зерттеулер жүргізуге, гинекологиялық оталар жасауға қолданы­ла­ды. Мәселен, бүйректегі тасты да, соқыр­ішекті де пышақсыз отамен алып тастаудың мүмкіндігі бар. Сөйтіп, шалғайдағы Қызыл­қоға ауданы медицинасындағы осынау жа­ңа­лық бұдан былай аудан жұртының ауруына шипа іздеп 400 шақырымдық алыстағы Аты­рауға, не Ақтөбеге сабылмай-ақ, Миялыдағы аудандық аурухананың өзінде ота жасатуға мүмкіндік жасап отыр. Сол себептен, аталған қондырғымен пышақсыз ота жасайтын жас хирургтердің әуелі Ақтөбеде, сонан соң Гер­ма­нияда хирургиялық әдіс-тәсілдерді үй­ре­нудің, тәжірибеден өтудің қаржысын “Кре­до” ЖШС көтеріп алыпты. Ақтөбеде тіркел­ген бұл серіктестік Қызылқоға ауданына Гер­маниядан медициналық қондырғыны жет­кізіп, операциялық блокқа орнатып бер­ген екен. Миялыда “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы шеңберінде жаңа медициналық ғимарат құрылысы жүргізілуде. Түйіндей айтқанда, Қызылқоға ауданы­ның 60 жылдан аса шешімін таппаған осын­дай түйінді мәселелері дәл осылайша оңынан тарқатыла бастағаны сан алуан қиындықтар құрсауына шырмалғандай бұйығы жүретін тұрғындарды бір серпілтті. Жөндеу жұмыс­тары бастау алған Миялы-Сағыз аралығында 120 шақырымдық жол енді екі жылдан кейін ауданның өңір орталығымен қатынасын жақ­сартады. Жақсылыққа бастайтын жаңа істердің қашанда көңілді шырқау биікке талпындырардай қанат бітіретіні бар ғой. Рас, Қызылқоға ауданының жұртшылығы әуелден өнерге бейімділіктен кенде емес еді. Әр ауыл­дың мәдени ошағында мереке сайын құлақтан кіріп, шым-шымдап бойға тарайтын әдемі, әуезді дауыстарымен ән әуелететін әншілер мен алуан айшықты жауһар жырдан қалы кілемдей сөз тіркестерін кестелейтін ақындардан, он саусағы қоңыр домбыраның қос ішегіне тиіп кетсе, күмбірлей төгілетін әсем күйлер сауғалайтын шебер күйшілер мен мың бұрала билейтін бишілердің өне­рінен шашу шашылып жататын. Ал жақында өңір жұртшылығы Атырау қаласы мен ау­дандардың өңір орталығында жұртшылықты екі апта бойы мәдени, рухани тұрғыдан су­сындатқан “Атырау – алтын бесігім” атты ІІІ өнер фестивалінде қызылқоғалықтар өне­ріне ерекше ықылас танытты. Өйткені, Қы­зылқоға ауданының ұлттық өнерге ғашық, оны халық арасына жеткізуге асық өнер­паз­дары бұл фестивальге бұрынғыдан да керемет дайындықпен келіпті. Әсіресе, түрлі номи­нациялар бойынша дипломант атанған ақын-сазгер, әрі әнші Қ. Ізекенов, З. Жұмағалиева, Ж. Исатова, М. Әбуов, Л. Тастаева секілді өн­ерпаздардың өнері еріксіз елітетін Қы­зыл­қоға ауданына фестивальдің бас жүлдесін қа­зы­лар алқасы еш талассыз-ақ берді. Демек, жан жадыратарға жол ашқан табиғи газ, мей­ір қандырарлық мөлдір су жеткізетін ауыз су желілерін тарту секілді жарқын істер қы­зыл­қоғалықтарға қанат бітірді. Қызылқоғаның енді екінші тынысы ашылды. Бұл – еш шүбәсіз шындық. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.