Оңтүстікте офтольмология мәселелеріне байланысты республикалық конференция өтті
Екі көзің қос шырағың екендігі даусыз. Шымкент қаласындағы “Сәт” триосын бүгінде барша қазақстандықтар біледі. Көздеріне қара көзілдірік таққан, жіптіктей болып киінген үш бозбала бозторғайдай шырылдап ән айтқанда жұрттың көбі үнсіз егіледі. Бұл балалар туасы зағип емес, кейбірінің шырағы бертінде сөнгенін естігенде атты кісі түсіп қарайтындай сымбатты жігіттердің бүгінгі жағдайына жүрегің жылайды.
Глаукома – сияқты дерттің белгісі байқалғанда маман дәрігерлерге көрінбесеңіз, екі-үш күн ішінде жанарыңыздан айырылуыңыз әбден мүмкін. Мұндайда дәрігерге көзді қалпына келтіру емес, қалған жарықты сақтап қалу мүмкіндігі ғана тиеді екен. Сондықтан, кешігуге болмайды.
Жақында облыстық офтольмологиялық ауруханасына 45 жыл толуына орай көз ауруларының бүгіні мен ертеңіне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Офтольмология қызметінің құрылу негізі 1925 жыл болып саналады. Сол кездегі облыстық аурухананың бірінші көз дәрігері Степан Семенович Романычев деген азамат екен.
Сол кездегі облыстық ауруханада бір көз кабинеті және хирургиялық бөлімде үш офтольмологиялық кереует болған.
Ал, 1965 жылы Сергей Константинович Кривцов деген білікті дәрігер облыстық трахоматоздық диспансер мен облыстық ауруханаға қарасты көз аурулары бөлімшесін біріктіріп, облыстық көз аурулары ауруханасы етіп қайта құрады. Бүгіндері сол аурухананың құрылғанына 45 жыл толған. Ғылыми-практикалық конференцияның алдында уақытында Одақтағы көз ауруханаларының бірегейі болған орталықтың негізін қалаушы С.К.Кривцовқа арналып мемориалдық тақта ашылды. Тақтаның лентасын қию құрметі облыстық денсаулық сақтау басқармасының талай жылғы бастығы, медицина ардагері Әбуәлі Жақсыбаев пен Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынкүл Ботабековаға көрсетілді.
– Семен Константинович республикамызда офтольмология саласының дамуына бір кісідей атсалысқан азамат, көрнекті дәрігер еді, – дейді профессор Тұрсынкүл Көпжасарқызы. – Осындай азаматтардың еңбегі ұмыт қалмауы керек. Бұл шара тек ол кісіге ғана көрсетілген құрмет емес медицина саласының ардагерлерінің еңбегін ұлықтау.
Жиында ардагер дәрігерлер, олардың ізбасарлары сөз сөйледі. Оңтүстіктегі көз аурулары ауруханасының мыңдаған дертті жандарға арашашы болып отырғандығы айтылды.
– Қазіргі таңда облыстық офтольмологиялық аурухана бүгінгі күн талаптарына сай емдеу-профилактикалық орталығына айналып келеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмайлов. – Биыл ауруханаға облыстық бюджеттен 267 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өтті. Үшінші микрохирургиялық бөлімшенің ота жасау құрылысы пайдалануға берілді. Балалар асханасы ашылып, дезинфекциялық-залалсыздандыру мен қойма қызметі арнаулы орынға көшірілді. Салтанатты мереке қарсаңында аурухана қызметкерлері ауыл, аудандарды аралап, оқушыларды тексеруден өткізді. Қажет болған жағдайда ота жасады. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты мамандары осында келіп шеберлік дәрістер беруді жұмыс тәртібіне қойды. Бұл – біздің дәрігерлердің біліктілігін көтереді.
Ал, аурухананың бас дәрігері Дулат Үдербаев ОҚО денсаулық басқармасының басшылығына материалдық-техникалық базаны жақсартуға жағдай жасағаны үшін рахмет айтып, аурухананың бүгінгі жағдайына тоқталды.
1965 жылы облыстық көз аурулары ауруханасы ашылғанда облыс бойынша 800 пациентке ота жасалынып, 55 мыңға жуық зағип жан емханада ем алса, 1975 жылы үш мыңнан астам адамға ота жасалынып, жүз елу мың адам емделіпті.
Бүгінгі таңда облыс тұрғындарына 94 дәрігер-офтальмолог және 138 орта медициналық қызметкер көмек көрсетуде.
Бірнеше жылдар бойы облыстық офтольмологиялық аурухана Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ұйымдастыру-әдістемелік орталық болып саналады.
Облыстық офтольмологиялық аурухана Оңтүстік Қазақстан облысының 2 000 000-нан астам тұрғынына жоғары білікті офтольмологтар көмек көрсетуде.
Сонымен қатар ауруханада 120 кереует, құрамында 4 микрохирургиялық бөлім бар. Келген науқастарға аурухана негізіндегі 2 емханада амбулаториялық көмек көрсетіледі.
Ауруханада 38 дәрігер-офтольмолог және 90 медбике жұмыс істейді.
Облыстық офтольмологиялық ауруханада қажетті аппараттар және құрал-жабдықтар жеткілікті. Соның ішінде бүгінгі медицина талабына сай медициналық аппараттар, операциялық микроскоптар: “Миллениум”, “Инфинити”, “КарлЦейс”, “Такаги”, “Лейко”, “Оптон 5” ультрадыбыстық диагностикалық құралдар, офтольмологиялық лазер сәулелі жүйелер, компьютерлік периметрлер зәру жандарға қызмет көрсетеді.
Жыл сайын ауруханада 3 мыңнан астам ота жасалады. Соңғы жылдары аурухана дәрігерлерімен ауруханада хирургиялық емдеу технологиясы, жасанды көзішілік бұршақ енгізу әдісі, суқараңғы және диабеттік ретинопатияны емдеу игерілген. Лазер сәулесімен емдеу жақсы дамып келеді. Аурухана қызметкерлері халықаралық, республикалық және аймақтық ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысады. Аурухана қызметкерлері республикалық ғылыми орталықтарда, алыс және жақын шетелдерде біліктілігін жоғарылатады.
Мыңдаған адамның шырағын жандырған орталық қызмет сапасын көтеруді ең басты мақсаттарына балайды.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.