“Егемен Қазақстанның” Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Оңдасын Елубайдың Өскемендегі “Рекламный Дайджсет” баспасынан “Айшылық алысқа алты сапар” атты фотошежірелі толымды кітабы жарық көрді. Кітап туралы қысқаша түсініктемеде “Бұл кітап оннан астам жинақтардың авторы ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі О.Елубайдың төрт Олимпиада мен футболдан өткен екі Әлем кубогы чемпионатын көзбен көріп, санасына түйген, қатпары қалың қазақ спортының жетістіктері мен проблемаларын көзі қарақты оқырмандарға жеткізген топтама жинағы” деп атап көрсетілгеніндей осы еңбекті Оңдасынның спорт тақырыбындағы ұзақ жылғы журналистік жұмысының бір белесі деп айтуға әбден болады.
Кітапқа алғысөзді еліміздің атақты балуаны, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жазған екен. Осы алғысөзінде Жақсылық ағамыз “Айшылық алысқа алты сапар” кітабындағы барлық суреттер автордың төл туындысы. Қырық жылда ол түсірген жиырма мыңға тарта сурет пен жиыны 60 сағаттық бейнесюжет өз алдына бір төбе” деп атап көрсете кетіпті.
Кітап үш бөлімнен тұрады. Олар “Айшылық алысқа алты сапар”, “Суреттер де сөйлейді”, “Өзімнің өмірім, қартаймас көңілім” деп аталады. Бірінші бөлімде өзінің аты да айтып тұрғанындай 1998 жылы Парижде өткен футболдан әлем кубогы чемпионаты, 2000 жылы Сиднейде өткен олимпиада, 2002 жылы Кореяда өткен футболдан әлем кубогын сарапқа салу жарысы, 2004 жылы Афинада, 2006 Туринде, 2008 жылы Бейжінде өткен олимпиадалар туралы егжей тегжейлі жазылған. Оңдасын осылардың барын өз көзімен көріп, солардағы жарыстардың куәсі болған. Шынын айту керек, міне осындай ең жоғарғы дәрежедегі әлемдік спорт жарысына қатысқан және ешқайсысын құр жібермей үздіксіз қатысқан журналист Қазақстанда жоқ болар, бар болса, тым некен-саяқ болар. Осыған байланысты өзінің кітапқа жазған алғысөзінде Жақсылық Үшкемпіров былай дейді: “Бейжіндегі беймаза күндердің қалтарыс сәтінде Оңқаңнан:
– Құпия болмаса айтшы, сапарға қаржыны қайдан табасың? деп қалжыңдадым.
– Оның қандай құпиясы бар. Өзім еңбек ететін газеттің басшылары, спортты жанындай сүйетін іскер азаматтар қолдады, бір рет көлігімді сатуға тура келді, – деп ағынан жарылды ақкөңіл азамат” деп Оңқаңның ерлікке тән еңбегіне тәнті болғандығын білдіріпті.
“Суреттер де сөйлейді” деп аталатын кітаптың екінші бөлімі тек қана суреттермен өрнектелген екен. Бұл суреттер ел өміріндегі елеулі жаңалықтар, еліне елеулі қайраткерлер, Шығыс Қазақстан облысының спорт өміріндегі оқиғалар, “Егемен Қазақстан” газетінің Шығыс Қазақстан облысы, оның ішінде қасиетті Семей жерінде өткен тоқсан жылдық торқалы тойының үзік сәттерінен үнсіз сыр шертеді.
“Өзімнің өмірім, қартаймас көңілім” атты үшінші бөлімде автор өз өмірі жайлы қысқа түрде ғана оқырмандарды хабардар етіпті.
Кітап жеңіл оқылады. Ішінде спорт жайлы қызықты деректер жиі кездеседі.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.