Өткен жетіде Астана төрінде осымен үшінші рет Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен қазақ күресінен әлем чемпионаты мен күрестен V дүниежүзілік ойындар өтті.
Халықаралық күрес қауымдастығы (FІLA) мен Туризм және спорт министрлігінің, жекелеген компаниялардың қолдауымен өткен әлемдік бәсекеге жер жүзінің 39 елінен 200-ден астам балуандар қатысып, екі күн бойы “Дәулет” спорт кешенінде төселген бозкілемде бақ сынасты.
Аталмыш әлем чемпионаты бұған дейін 2006 жылы Алматыда, одан кейін 2008 жылы Ресейдің Ор қаласында өткені белгілі. Сол кездегі бәсекелерге де осыншама елдің өкілдері қатысқан болатын. Бірақ, биылғы чемпионаттың бір ерекшелігі, ол алғаш рет ХКҚ-ның аясында өткізілді. Естеріңізге сала кетсек, осы жолғы жарысты Халықаралық күрес қауымдастығының өз қамқорлығына алуы қазақ күресінің Мәскеуде FІLA мен оның Олимпиада бағдарламасына енгізілмеген күрес түрлері бойынша комитетінің құрамына мүше болуына байланысты жасалды.
Биылғы бәсеке осы кезге дейін өткен екі әлем, алты Азия және Еуропа чемпионаты сияқты қызықты да тартысты өтті. Онда жеті салмақтың екеуінен басқаларының бәрінде қазақ балуандары әлем чемпионы атанды. Атап айтсақ, 54 килода Дархан Өрікбаев, Бауыржан Тәліп (60 кг.), Бақтыбай Қисықов (74 кг), Саят Шәмшиев (82 кг), Шалқар Жоламанов (90 кг) құрмет тұғырының биік сатысынан көрінсе, Олжас Ісләмбеков (60кг) пен Бақыт Көлбай (90 кг) күміс медальді, Бауыржан Райысов (54 кг), Нұрболат Ыстыбаев (60 кг), Қуаныш Мұратов (66 кг), Асылбек Әлкей (74 кг), Мұхит Тұрсынов (82 кг), Нұрзат Бегасылов (90 кг) қола жүлдені қанағат тұтты. Ал чемпионаттың түйе балуаны атағына Айбек Нұғыманов ие болды. Ол шешуші белдесуде ресейлік Исмаил Русовты тізе бүктірді. Осы жарыста шетелдік балуандар ішінде бас жүлденің біреуіне талантты моңғол спортшысы Суниясурен Муракша (66 кг) ие болса, екіншісін латвиялық Виктор Резко (90 кг-ден жоғары) жеңіп алды. Жалпы, биылғы бәсекеде еуропалықтардың қазақ балуандарына лайықты қарсылық көрсетуге тырысқанын айту керек. Мысалы, екі голландиялық, екі германиялық балуанның бір чемпионатта екі күміс жүлдені жеңіп алуы бұған дейінгі өткен жарыстарда болған емес. Әдетте өзіміздің немесе ресейлік балуандар мен моңғол спортшылары екінші орыннан тыс қалмауға тырысатын еді. Ал бұл жолы неміс Холгер Доринг (82 кг) пен Берн Бахман (90 кг), голландиялық Демел Шул (66 кг) мен Денс Мейер (74 кг) өз салмақтарында бет қаратпады. Сонымен бірге Бул Лорбис (74 кг, Австралия), Саша Денаньо (90 кг, Того), Денисас Соколас (90 кг-ден жоғары, Литва), өзбек балуандары Әлім Равшанов (66 кг) пен Ботиро Ходжаев (90 кг), Қырғызстан өкілдері Шыңғыс Шалабаев (82 кг), Санжар Османәлиев (60 кг), Мадияр Нұрқалықұлы (54 кг) қола медальді жеңіп алды. Осы чемпионатта Ресей құрамасы бір күміс жүлдені қанағат тұтты. 2008 жылы Ор қаласында өткен әлем чемпионатында төрт жүлдеге ие болған Ресей үшін бұл жалғыз күміс медаль өте төменгі көрсеткіш болғаны сөзсіз. Оны Ресейге 54 кг салмақтағы Асылжан Имантәжінов әперді. Сөйтіп, ол екі рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Бұдан басқа әлем чемпионаты аясында V дүниежүзілік ойындар өтіп, онда “Алыш” белбеу күресі, граплинг пен панкратионнан алғаш рет жарыстар ұсынылды. Ұлттық күрес түрлері бойынша Украина, Тәжікстан, Ресейдің Якутия мен Ханты-Манси аумақтарынан келген өкілдер өз өнерлерін ортаға салды. Ал биылғы бәсекенің ең басты оқиғасы – Халықаралық күрес түрлері қауымдастығының президенті Рафаэль Мартинеттидің құрметті қонақ ретінде сөз сөйлеп, Дүиежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевке төл спорт түрінің аталмыш қауымдастықтың құрамының мүшесі болғанын растайтын сертификатты табыс етуі болды.
Жарыс кезінде табыс ету рәсімі өткен соң, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының осы қуанышына әлем чемпионатына құрметті қонақ ретінде арнайы келген еркін күрестен үш дүркін әлем чемпионы Александр Медведь, атақты балуандар Әбілсейіт Айханов, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Аманжол Бұғыбаев, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов ортақ екендіктерін айтып, өз ойларымен бөлісті. Сөйтіп, қазақ күресі тұңғыш рет әлемдік деңгейде мойындалып, ресми түрде халықаралық құжатты қалтасына басты. Осы орайда FІLA президенті Мартинетти мырзаның жарыс басталар алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, “Достық” орденімен марапатталғанын да атап өткен жөн.
Сонымен бірге биылғы бәсекеде Халықаралық күрес қауымдастығы өз кезегінде Моңғолиядағы атақты балуан Бақыт Одынайұлы мен қазақ күресінің дамуына еңбек етіп жүрген Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев, белгілі мамандар, ұстаздар Диқанбай Биткөзов пен Марат Жақытты, Азия федерациясының президенті Ырзақұл Нұртаев пен оның вице-президенті Айдархан Қабдоллаұлын, Еуропа федерациясының президенті Омархан Алтын мен Қызылорда облыстық Дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстапаевты FІLA-ның құрметті ордені және белгілерімен марапаттасса, әріптесіміз, СТВ телеарнасының жүргізушісі, белгілі спорт журналисі Ақын Ордабайұлының БАҚ өкілдерінің арасында тұңғыш рет Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының төл күресімізді дамытуға зор үлес қосқаны үшін арнайы орденіне ие болғанын да атап өту орынды деп білеміз.
Дастан КЕНЖАЛИН.
__________________
Суретте: Айбек Нұғыманов түйе балуан атағын жеңіп алды.
Суретті түсірген Сұлтан СЕЙІТОВ.