• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2010

Ауылдағы адамдар ауырмай ма?

803 рет
көрсетілді

Редакцияға хат Осы мақаланы жазуға Батыс Қазақстан облысындағы Қаратөбе ауылы тұрғындарының қазіргі жағдайы түрткі болды. Бұл елді мекен сонау 1929 жылы Тұщықара, кейін Қаратөбе совхозы болып құрылған. Қазіргі кезде ауыл тұр­ғындарының жағдайлары жақсы. Бірақ бір тү­сініксіз жайға алаңдаулы. Ол еліміздегі денсаулық саласындағы реформа. Бұл селолық округтерде тұратындар үшін қажетсіз деп санаймыз. Өйткені, округтегі дәрігерлік бөлімшеде бір-бір педиатр, мейірбике, акушер, лаборант бар. Олардың бәрі екі жыл шамасында күрделі жө­ндеуден өткен ғимаратта жұмыс істейді. Жа­қында ауданда семинар өткізіліп, бөлімшелердегі дәрігерлерге, соның ішінде біздің дәрігерімізге де қысқаратындығы айтылып, бөлімшеде бір фельдшер мен бір мейірбике қалдырылатыны, ал қалғандарының қысқары­латыны ескертілді. Менің осы жерде түсінбей отырғаным, сонда бөлімшенің мамандары қысқарып жатса, бұл жағдай “Диплом алған жастар – ауылға!” деген шақыруға кері әсерін тигізбей ме? Мысалы, биылғы оқу жылында мектебімізге 8 жас маман келді. Олар ауылда емхана болмаса қалай тұрады, ертең отбасылы болса қай жерге барып қаралып, емделіп тұрады деген мәселе ғой. Бүгінде осы елді мекен­дегі тұратын халықтың 75 пайызға жуығы жастар. Олар өмірге ұрпақ әкелуге толық мүмкіндіктері барлар. Егде тартушылық жоқ. Тағы бір айта кететін нәрсе, ауылымыз ау­­даннан 50, облыстан 300 шақырым қашықтық­­та орналасқан. Жоғарыдағыдай жағдай елі­міз­дің Атыраудан Алтай тауларына дейін созылып жатқан елді мекендерге де әсерін тигізетін бо­лар деген ойдамын. Бұл жеке менің өз басымның жанайқайы емес. Айтарым, жоғарғы жақта отырған азаматтар біздің ауылымыз сияқты елді мекендерге дұрыс көзқарас танытса екен. Орақ НҰРСҰЛТАНОВ, зейнеткер ұстаз. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Ақтайсай ауылы. * * *

ЖАУАПСЫЗДЫҚ

Ес білгелі жадымда жүрген арманым, соғыста қаза тапқан Үдер ағамның жерленген жеріне атамекенінен бір уыс топырақ апарып салу еді. Сол ойымды іске асыруға Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында әрекет еттім. 2009 жылдың желтоқсан айында Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне өзімнің тілек-өтінішімді білдіріп барғанмын. Олар маған 2010 жылдың 9 ақпанында Витебск қаласына баруға анықтама берді. Негіз 1995 жылы “Боздақтар” кітабына кірген дерек еді. Жинақтың 50-бетінде: “Демесінов (Демегенов) Үдер 1920 жылы туған, 1941 жылы Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласы, Сығынды ауыл советінен соғысқа аттанып, 1944 жылғы 6 наурызда қаза тапқан”, – делінген және де: “Белоруссияның Витебск қаласынан 300 метр солтүстікке қарай жерде жерленген”, – деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бірақ, ағам ол жерде жерленбек түгілі, Витебскінің мұрағатында да аты-жөнімен жоқ болып шықты. Сонда, “Боздақтар” кітабын шығарушылар мұндай жалған деректі қайдан тауып жазған? Беларусь бауырлардың айтуы бойынша, Маңғыстаудағы жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департамент бізді мұнда жібермес бұрын, Витебск комисса­риатына қоңырау шалып, сұраныс жіберуі керек екен. Олар сол өтініш бойынша жұмыс жүргізіп, бәрі дұрыс болған жағдайда ғана өтініш иелеріне келуге болатынын хабарлайтынын түсіндіріп айтты. Біздегілер осы тәртіптен бейхабар сияқты. Оған менің бос сандалып барып қайтуым анық дәлел. Мен өзім зейнеткермін, оның үстіне сусамыр (сахарный диабет) дертіне шалдығып, дәрігердің бақылауында тұрған адаммын. Сондықтан сапарға мейірбике қызметінде жүрген қызымды бірге ала кеткенмін. Барған шаруам бітпей бос әуре болып қайтқаныма уайымдап, қайтар жолда 5 күн бойы пойызда сырқатым сыр беріп, ауырып қайттым. Бос жүрісімнің шығынын кімнен талап етемін? Дер кезінде көмек бере алмаған жауап­ты адамдар өз қателіктері мен жауапсыз­дықтары үшін жүкті мойнына ала ма, алмай ма? Менің осы жан күйзелісім жоғарыда отыр­ған жауапты адамдарды да толғандырмай қой­мас деп есептеймін. Т.ДЕМЕГЕНОВ. Ақтау .