Қайрат Рысқұлбеков! 1986 жылғы Желтоқсан қаһарманы ол. Арыстан жүректі арыс әуелі ату жазасына кесілді. Кейін шет мемлекеттердің наразылығынан сескеніп, Кеңес соты ату жазасын 20 жылға бас бостандығынан айырумен алмастырды. Сөйтсек, бұл тоталитарлық жүйенің сырт көзді алдарқатқан сайқал саясаты екен. Ақыры олар жарты жылға жеткізбей, Семей түрмесінде қанішер қарақшының арам қолымен Қайраттай есіл ерді өлтіріп тынды. “Сотталған Қайрат Рысқұлбеков түрме камерасында өзін өзі өлтірді” деген мәлімдеме таратты. Неткен аярлық, неткен қитұрқылық!
Сол қайсар Қайрат Алматының түрмесінде тергеліп, жалғыз кісілік камерада отырған шағында есебін тауып, түрмедегі қазақтың қыздары мен әйелдеріне бір жапырақ қағазға жас жүрегін жарып шыққан сәлем хат беріп жіберген екен! Бұл жағдай қалай болды? Оның абақтыдан жолдаған аманат хаты бүгінгі күнге қалай жетті? Енді осы сауалдарға жауап берелік.
Сол желтоқсан оқиғасының жүздеген жазықсыз құрбандарының бірі болып алматылық Балта Исаұлы деген азамат та 6 жылға бас бостандығынан айырылыпты.
– Алматы қаласындағы Сейфуллин мен Райымбек даңғылдарының қиылысындағы түрмеде шаруашылық жұмыстарына қалдырылдым. Міндетім – күн сайын еден жуу, камерада отырған адамдарға түрме быламығын тасу, – деп еске алыпты ол жазасын өтеп шыққаннан кейін. – Түрменің астыңғы қабатындағы бір кісілік жеке камераларда ату жазасына кесілгендер үкім жоғары жақтан бекітілгенше немесе жазаның басқа түріне ауыстырылғанша отырады екен. Мен Қайрат бауырымды осы қорқынышты камералардың бірінен көрдім.
Оқиға былай болған. 1988 жылдың наурыз айының басында түрме әкімшілігі Балта Исаұлын астыңғы қабаттағы бір адамдық камерада отырғандарға тамақ тасуға, сол қабаттың ұзын дәлізінің еденін жууға ауыстырады. “Жасы келіп қалған адам ғой, камерада отырғандармен байланыс жасай қоймас”, деп ойлаған болса керек. Бір күні Қайраттың камерасындағы темір есіктің кішкентай ғана тесігінен түрменің быламық көжесін ұсына берген Балта ағасының қолына есіл ер қарауыл солдаттарға байқатпай шиыршықталған қағазды қыстырып жіберіпті.
– Аға! – деп қалған дауысын естиді ол Қайраттың. Бірақ, қарауыл солдат алақандай тесікті жедел жауып тастап, оның әрі қарай сөйлеуіне мүмкіндік бермепті.
– Қайраттың алақаныма қыстырып жіберген қағазын қапысын тауып, ешкімге сездірместен түрме асханасының ыдыс-аяқ жуатын кішкене қуысына алып келдім. Ашып қарасам, жазушы Ілияс Есенберлиннің “Қаһар” кітабының соңғы парағын жыртып алып, соған жазған екен. Қайрат бұл хатын түрмеде отырған қазақтың қыз-келіншектеріне арнапты. Өйткені, дәл сол күні 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні еді.
Түрмеде желтоқсан оқиғасына байланысты айыпталған қазақтың көптеген қыздары мен келіншектері де қамауда жатқан болатын. Бірақ, олар басқа корпус ғимаратында еді. Онда да шаруашылық жұмыстарына қалдырылған сотталған әйелдер бар. Сол себепті бұл ғимаратқа бөгде еркек адамның жақындауы, біреудің сәлем-сауқатын беріп жіберуі әсте мүмкін емес болатын. Мен де сол себептен Қайраттың осы сәлем хатын түрмедегі қазақтың қыз-келіншектеріне жеткізіп бере алмадым. Бірақ оны бойтұмарымдай аман сақтап, бостандыққа өзіммен бірге ала шықтым, – деп еске алады кейін Балта Исаұлы.
Бұл ағамыз үлкен азаматтық жасаған! Қайраттың сәлем хатын кезінде түрмедегі қыз-келіншектерге жеткізіп бере алмағанымен, оны көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізгені үлкен ерлік емес пе?
Желтоқсанның сол бір даңқты күндерінде алаңға атойлап шыққан жастардың жартысынан астамы қазақтың қыз-келіншектері болғанын бүгінде зерттеушілер айтып жүр. Әрине, Қайраттың бұл құттықтау хаты тар қапаста тарыққан сол қаракөз қыз-келіншектерге дер кезінде жетсе, олардың құлазыған көңіл-күйлері бір сәтке болса да көтеріліп қалатындары анық еді. Бірақ, онда бұл хат бүгінгі күнге жетер ме еді, жетпес пе еді? Жеткен күннің өзінде осы хатты оқыған қыз-келіншектердің қайсыбіреулері:
– Сол қиын-қыстау шақта ату жазасына кесілген қазақтың бір жігітінен көңілімізді көтерген хат алып едік, – деп орталарында анда-санда ғана бір еске алар. Ал Қайрат боздақтың сол хатын тайға басқан таңбадай етіп, жарқырата алдымызға тартқан Балта Исаұлына бүгінгі және келешек ұрпақ қарыздар.
Енді елім деп еңіреп өткен есіл ердің түрмеден жолдаған сәлем хатына назар аударалық. Онда кітап парағының таза жағына маржандай жазуларымен қиғаштай жазып, Қайрат бауырымыз былай депті:
Құрметті қаракөз қарындастар мен жылы жүзді жеңгейлер!
Шын жүрек, ақ көңіліммен алғашқы көктемнің күлімдеген мерекесі 8 март – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!
Қамқоршы қайын және ағаларың,
Жәрдем берер жағаларың.
Қыздар үшін тар қапасқа,
Келіп түскен тұлпарларың.
Қайрат Рысқұлбеков Ноғайбайұлы.
13.03.1986 ж.
ст.60, 65, 173-1
срок – ату жазасы
08.03.1988 ж.
Бывший ст-т ААСИ г.А-Ата.
Сын Моюнкума Джамб. обл.
Осылай деген де, астына әдемілеп тұрып қолын қойған. Міне, Қайрат ердің қапас түрмеден қазақ қыздарына жолдаған сәлем хаты осы!
Ол осы хатын асығып жазғаны көзге бірден-ақ байқалып тұр. Көңіліндегі аппақ тілегін тар қапастың ішінде аласұрып, кітаптан жыртып алынған ақ парақ бетіне түсіріп отырған сәтінде сөздердің ретін сәл шатастырып алған.
60, 65, 173-1 дегендері – Қайрат батырдың мойнына кеңестік соттың іліп қойған кодекс баптары. “Срок – ату жазасы” дегеніне қарағанда, бұл кезде соттың үкімі шығарылып та қойған сияқты. Алайда, аталған жаза 20 жылға бас еркінен айыруға айырбасталғанынан ол әлі хабарсыз екен. Әлде сол уақытқа дейін мұны Қайратқа жасырып айтпай келген бе?
“Бывший ст-т ААСИ” дегені – өзінің темір торға түскенге дейін Алматы сәулет-құрылыс институтының студенті болғанын айтқаны. “Сын Моюнкума” деп жазғаны – кіндік қаны тамған туған жері Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының перзенті екендігін айтқандағысы ғой.
Неткен биік рух! Қандай қайтпас қайсарлық!
Өзі ату жазасына кесілген, үкімнің қашан орындаларын әр сәт сайын беймаза көңілмен күтіп жүрген боздақ Қайрат тар қапаста тұншығып отырса да тас қабырғаның ішінде жабырқап жатқан “қаракөз қарындастары мен жылы жүзді жеңгейлерін” ойлап, бір-екі ауыз жылы сөзімен болса да солардың көңілін көтеруді ойлапты-ау сабаз!
Ойлап қараңызшы, сол кезде Қайрат боздақ небәрі 22 жаста ғана екен. Сөздің шындығы керек, ердің ерінің ғана қолынан келетін тірлік қой бұл дегеніңіз.
Неге дейсіз ғой? Өзі жалғыз кісілік камерада отырған болатын. Өзі ату жазасына кесілген! Сол үкімнің қашан орындаларын күтіп, есіктің әрбір сықырынан секем алып отырған еді ғой сабазың. Артында қалың елі, әлпештеп өсірген әкесі мен шешесі, аяулы бауырлары қалып бара жатқан болатын.
Сөйтіп отырып, қаракөз қарындастарына қанатымен су сепкен қарлығаш құс секілді бір ауыз жылы сөзімен дем беруді ойлаған батыр боздақ-ай! Неткен қайтпас қайсар едің! Жүрегің неткен үлкен еді!
Сен жалғыз ғана Мойынқұмның ұлы емес, барша қазақтың ардақты батыр перзентісің, Қайрат бауырым! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – сенің тойың!
Өлген жоқсың, ер Қайрат!
Өзіңнің қыран рухың туған еліңнің көгінде қалықтап жүр. Ол халқыңмен бірге мәңгі жасай береді!
...Қайрат батырдың тар қапаста жатып, қазақтың қанаттары қайырылған қаракөз қыз-келіншектеріне жолдаған сәлем хатын жазушы Ілияс Есенберлиннің “Қаһар” романының соңғы парағына жазуының өзінде ғажап бір символикалық сыр бар сияқты көрінеді маған.
Қазақ халқының даңқты хандары мен біртуар батырларының, аузымен құс тістеген кемеңгер билерінің ерлік шежіресі іспетті осы тамаша тарихи романның соңғы парағына түрмеде жазылған үшбу хат айбынды бабалар жолын жалғаған Қайрат Рысқұлбеков сияқты бүгінгі қазақ жастарының да ерлік эпопеясының басы десек, асыра айтқандық болмас...
Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қарағанды.