• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2010

Қобызшы Молықбай шал Матайдағы...

4084 рет
көрсетілді

Осы жазда, тамыздың 17-сі күні Шымкент қаласында композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 80 жыл толған тойында облыс әкімі Асқар Мырзахметов өзі бас болып, Шәмшінің ескерткішін салтанатты түрде ашты. Халықтың мерейі өсті. Мыңдаған адамдар оның куәсі болды. Міне, нағыз қуаныш осы еді. Сол кештен кейін үйге оралдым. Ұйқым келмеді. Сталиндік зұлмат заманда, 1929 жылы жазықсыз жазаланып, жасы жетпістен асып, сексенге жақын қалғанда Алматы қала­сының абақтысында қайғылы қазаға ұшы­раған ұлы қобызшы Молықбай Бай­сақұлы­ның белгісіз бейнесі түн жарымында көз алдыма елес беріп, жүрегімді сыздатып, әбден мазамды алды. Егемен ел болдық. Бұл – қуаныш. Қо­лында билігі бар азаматтар осы сәтті пай­даланып, ел аузында бұрын-соңды естімеген ата-бабаларына алып ескерткіштер қой­дырып, көше атын бергізіп, әуре-сарсаңға түсіп кетті. Тарих бетінде жазылмаған, ел естіп-білмеген батырлардың туысқандары болып шығып, ұлан-асыр той жасатуда. Ал ескерусіз қалған өнер жұлдыздары өшіп барады. Олар түнде жарқырап, таң ата көзге көрінбей қалады. Осындай көмескіде қалған тұлғаның бірі – Молықбай Байсақұлы. Оның артында қалған жалғыз ұрпағы – қара қобызы ғана... Молықбайға бір ескерткіш бұйырмады. * * * Молықбай кім? Ол қандай қобызшы? Қай жылы туып, қай жылы қайтыс болған? Әлде аңыз адам ба? Мәселені осыдан таратайық. Молықбай Байсақұлы 1875 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданында қобызшы Байсақ Бұғыбайұлының отба­сында өмірге келген. Үлкен атасы Жетібай да қобызшы болыпты. Ұлы бабасы – ер Тоқпанбет. Сүйегі Түркістанда жерленген. Қазақ тарихында белгілі адам. Ақын Сара Тастанбекқызы осы Молықбаймен туысқан. Қызылорда қаласынан шығатын “Жаңа әдебиет” журналында Ілияс Жансүгіровтің “Күй” поэмасы жарық көреді. Онда Ілияс ақын: “Қазақта қобызшының қалғаны сол”, деп ашық айтады. Ілияс біледі. Ол кезде қазақ­тың атақты қобызшысы Ықылас Дүкенұлы өмірден өткен кез еді. Кеңес заманына жеткен қобызшы Молықбай Байсақұлы болатын. Жалғыз қобызшы, Қорқыт күйлерін елге жеткізуші, ірі талант иесі Молықбайдың жазық­сыз түрмеге қамалып өлгені Ілиясқа өте ауыр тиіпті. Ілияс ұлттық тұрғыда ойлайтын адам ғой. “Күйші”, “Құлагер” поэмаларымен бірге “Исатай – Махамбет” пьесасын, Құр­манғазы туралы “Көбік шашқан” дастанын, Молықбай туралы “Күй” поэмасын жазды. – Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын. Әлемнің әуеніне бермес ем-ау, Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын, – деп Ілияс жүрегімен жырлайды. “Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын”, – деген сөздің астарында қазақ ұлты жатыр. Ілияс Молықбайдың күйлерін өте жоғары бағалады. Мағжан Жұмабаев қобызшы Қойлыбай бақсы туралы поэма жазды. Сәкен Сейфул­лин “Ықылас қобызшы” деген әңгімені өмірге әкелді. Ілияс Молықбайдың қайдан шыққанын, өмірде болғанын елге айтып кетеді. “Матайда, Кенже, Тұңғат, Сақайдағы!” – деп айтуы Молықбайдың төл құжатының белгісі. Қобызшыда тууы туралы куәлік болмаған. Қобызшының тұсында Ақсу өңірінде атақты Толғанбай ақын өмір сүрді. Қобыз­шы осылармен араласты. Әсет Найман­баевтың өзі Молықбайдың қобызындағы күйлерді тыңдаған. Жетісу жерінде атақты Сүйінбай, Бақтыбай ақындармен бірге Молықбай қобызшы қатар айтылады. * * * 2007 жылы 16 мамыр күні Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Молықбай Байсақ­ұлының туғанына 150 жыл толуына арнал­ған ғылыми-танымдық конференция өтті. ҚазҰМА профессоры Раушан Қожабекқызы Мұсақожаева: – Қорқыт күйлері әлі тірі. Қойлыбай, Молықбай, Ықылас сияқты қобызшылар оның күйлерін халыққа жеткізе білді. Мо­лықбай – қобызшы Қорқыттың артында қал­ған өлмес мұрасының жалғастырушысы. Біз Молықбайды өз көзімен көріп, оның күй­лерін тыңдап, “Күй” поэмасын жазған Ілияс ағамызға алғысымызды айтамыз. Кеңес заманында Қазақ елінде қалған жал­ғыз қобызшы осы Молықбай Байсақұлы. Біз оның ұмытылған күйлерін қалпына келтіруі­міз керек. Өнер өшпейді. Молықбай ол Па­га­нини сияқты дүлдүл дарын иесі. Пага­ни­ниге ескерткіш орнатылған. Елі оны құрметтейді. Ал қобызшыға ескерткіш орнатылмаған. Бұл өкінішті. Иә... Өкінішті! – деді. Раушанның бұл сөзі елге ой салды. Жанғали Жүзбаев, Әбдіманап Жұмабек­ұлы, Жемісбек Дәулетбекұлы ойлы пікір­лерін айтты. Сейдахмет Мұхаметшин, Егеу­бек Далбағаев қобызшыға ескерткіш орнатуды жөн деп қолдау білдірді. Молық­байдың киелі қара қобызын қайта өңдеп, қалпына келтірген өнер шебері Қанат Қазақбаевқа ел алғы­сын айтты. – Мен 1970 жылы Алматыдағы Құрман­ғазы атындағы кон­серваторияда оқып, атақ­ты қобызшылар Дәулет Мық­­ты­баев пен Жаппас Қалам­баевтан дә­ріс алдым. Мол­ықбай күйлерін елге оралтуымыз керек. “Жезкиік”, “Бозін­ген”, “Аққу”, “Құдірет­тің құсы”, “Жел­мая”, “Ақсақ құлан” күйлерін қобызға түсі­ріп елге таратқан осы Молықбай қобызшы! – деді Ә.Жұмабекұлы. * * * Молықбайды Ілиястың терең білуінің сыры бар. Молықбайдың ата тегі қобызшы болған екен. Әкесі Байсақ, атасы Бұғыбай, бабасы Жетібай атақты күйшілер еді. Ал Ілиястың әкесі Жансүгір, атасы Берсүгір, бабасы Өтеш ақын адамдар бол­ған. Ілияс ту­ған­да Құмдағы Қайнар баба ауылына Молықбай барады. Жансүгірдің әйелі екінші ұлына босанады. Меккеден қажы атанып келген Берсүгір қария: – Балам! Атыңды Молықбай деп қойған екен. Елге молшылық әкелсін деп ниет біл­дірген ғой. Әкең Байсақ пен атаң Бұғы­байды танимын. Ақын Сара қарындасың. Текті әулеттің түлегісің. Ұлы бабаң – ер Тоқ­­тан­бет. Елің Сақай. Біз де тегін емеспіз. Сма­­ғұл қажының өзі неге тұрады. Жаңа өмір­­ге келген немеремнің есімін өзің қой! – депті. Көкшіл көзді, өңі нұрлы, ер мінезді Молықбай сөзге келмей жас нәрестеге Ілияс пайғамбардың есімін беріпті. Бұл әңгімені маған Ілиястың туған інісі Қызырбек Жансүгіров өз аузынан айтты. Ілияс­тың ағасы Бимағзұмның баласы Кәп­пай куә болатын. Ферману жеңгей шай құ­йып беріп отырды. Үйде Қосан, Айт, Ны­ғы­мет, Қалиасқар, Бөрібек, Сейітжан, Байғор­жын, Жұматай есімді ауыл адамдары бар еді. * * * Молықбайдың туысқаны Орысбай ақсақал 1968 жылы үйінде отырып бір әңгіме айтты: – Ілияс Ташкенттен келген соң осы ауылдағы Белтоғанда мұғалім болды. Бірінші әйелі Аманшаға үйленді. Жансүгір той жасады. “Шиліөзектің” бойында ат бәйгесі өтті. Жансүгір тойға Молықбайды шақырды. Басына бөрік киген, бойы ортадан жоғары, өткір жанарлы, жүзі нұрлы адам екен. Әр адамға тесіле қарап отырды. Ел: “Молықбай келді!” деп шуылдап жатты. Ойын баласы едім, – деді... – Ілияс әйелі Аманша баладан қайтыс болғаннан кейін 1925 жылы музыка зерттеушісі, өзінің досы Затаеевичті Ақсуға ертіп келіп, Молықбаймен кездестіреді. Бірнеше күйлерін жазып алыпты. Ілияс соңғы рет Мұхтар Әуезовті ертіп Сарқандағы Аман жайлауында киіз үйде отырған Молықбайға барып жолығады. Қастарында Талдықорған қаласы басшысы­ның бірі Шамай Шінәсілов болыпты. Төрт күндей қобызшының үйінде қонып, оның күйлерін тыңдайды. Ілияс “Күй” поэмасын сол жерде жазса керек. Көп кешікпей Желдіқарағайға бет алыпты. Ілияс өзінің “Жетісу суреттері” циклын атпен ел аралап жүріп жазған деген сөз бар. Молықбай Жетісудың жер аттарын өте терең білген адам. Мәскеуде, Қызылордада жүрген Ілияс Жетісудың жері мен өзен, бұлақтарын осы Молықбайдан сұрап алған тәрізді. Молықбайды кеңес заманының саясаты онша қызықтырмапты. 1927 жылы Ақсу ауданында Сарметен деген кісінің баласы Баймолданың қызы Мәрия­ны Шоқпар руындағы Мырзақ­ұлдың ұлы Қожа алыпты. Осы тойда Молық­байдың жүйрік Кер аты бас бәйгеге ие болыпты. Жүйрік ат Ақсу өңі­рі­нің Құлагері екен. Осы атты аудан бас­шы­лары­ның бірі сұрап қолқа салады. Ақыры ұр­ла­тады. Молықбай қасына аталас туыс­қаны Нөкербекті ертіп, әлгі басшыға барады. – Сен бақсысың! – деп әлгі қобызшыға тіл тидіреді. Мазақ жасайды. Қарт күйші қатты күйінеді. Қолындағы тобылғы сапты қамшысымен әлгі басшының басынан салып-салып жібереді. Бет-аузы қан-жоса болған әлгі айғайлап далаға шығады. Бар даусымен: “Көзім!” деп шыңғырады. “Молықбай пар­тияға қол көтерді!” деп оншақ­ты адам куәге шығады. Сот болады. “Бақсы” деген айып тағады. Молықбайды Алматы қала­сындағы түрмеге әкетеді. Молықбай жүрер алдында ағайын-туғанымен қоштасады. – Мен енді оралмаймын. Түсіме ба­бам Кенже батыр кірді. Атының артына мінгізіп алып кетті. Алдым қара түнек түн болды. Мен енді күн көзін көрмей­мін. Мекенім түрме. Алматының ауылы қашық. Артымнан іздеп әуре болмаң­дар. Үкіметтің құрығы ұзын. Мойныма ноқта түсті. Оны шеше алмаймын! – депті. Інісі Нөкербекке қарап: – Құмдағы Қайнар еліндегі Жансү­гірге сәлем айт. Баласы Ілиясқа бір ауыз сөз айтсын. Менің ұсталғанымды білсін! – депті. Бұл қобызшының соңғы сөзі екен. Милициялар оны арбаға отырғыз­ғанда кеудесін жоғары ұстап, оларға ащы мысқылмен ұзақ қарапты! – деген еді қарт журналист Тәңірберген Қалилаханов. Молықбайдың әйелі Ырсай мен ұлы Тілеубек арада айлар өткен соң түрмеде өлген қобызшының басына киген бөркі мен қыстық тонын елге алып келіпті. Сүйегі түрмеде қалыпты. Оның қайда жерленгенін ешкім білмеді. 1938 жылы Ілияс та Алматы түрмесінде атылды. Сүйегі қайда, ол жағы жұмбақ. * * * Ақсу ауданындағы Қызыл­таң ауы­лында осы ауылдың дана қарттары Мейрамбай, Орысбай, Жанатбек ақсақал­дардың Мо­лықбай туралы айтқандарын естіп өстім. Бұл кісілердің қобыз­шының туыс­қандары екенін кейін білдім. Ол кезде ойын баласы едік. Бірде совхоздағы №1 ферманың меңгерушісі Бөрібек ағай таяғына сүйеніп тұр екен. Кеңсенің күншуағында әңгіме айтып отырған Мейрамбай мен Жанатбек қарияларға көзі түсті. Барып сәлемдесті. – Сіздерге бір сұрағым бар. Екеуіңіз де Молықбай қобыз­шы­ны өз көздері­ңізбен көрді­ңіз­дер ғой? – деді Бөрібек аға. Дауысы қатты шығатын. Екпіндеп сөйлейтін. Ержүрек, батыр мінезді адам еді – Байсақ пен Жансақ бірге туысады. Молықбай Байсақтың баласы болса, менің әкем Байдархан Жансақтың ұлы. Мен Молықбайға іні боламын, – деді Мейрамбай ақсақал. – Күзде бір мәшине шөпті тегін түсіртіп бергіземін! – деді Бөрібек ағай риза болып. – Маған ше? – деп Жанатбек қария көзін күннен көлегейлеп, көкшіл көзімен Бөрібекке қарады. – Молықбай туралы не білесіз? – Білемін. Ол “Бозінген”, “Көк кө­бік”, “Құдіреттің құсының күйі”, “Ақ­қу” деген күйлерді тартатын. Ол кезде жасым он алты, он жетіге келген кезім ғой. Қобыз­ды күміспен күптеп, алтынмен апта­ған өзінің туысқаны Есті­бай ұста. Мырза­ғұлдың баласы. Байсақ атамыздың зираты Егінсу ауылының тұсындағы Жа­наш деген жерде. Маңайы қалың қамыс. Шағын терең көл бар. Ел ол жерді “Байсақ көлі” деп атайды. Молықбайдың өзі Алматының абақты­сында қайтыс болды. Қайда жерлен­генін ешкім білмейді. Кеңес заманының қызметкерін сабады деп басына бәле тілеп алды. Молықбайды “бай”, “бақсы” деп айыптады. Жүйрік Кер атын аудан уәкілі тартып алды. Уәкілді босқа сабады! – деп Жанатбек қария басын шайқады. – Сізге де шөп беріледі! – деді Бөрібек аға. Жанатбек қария қатты қуанып қалды да: – Партиямен ойнауға болмайды. Заң қатал ғой! – деді. – Менің естуімше Молықбай көкем Әсет ақынның әндерін көп айтады екен. Әсет Маман байдың балаларымен араласып тұрыпты. Қарағаштағы ауылда көп болыпты. Қобызшыны да Маман балалары құрметтеген ғой. Көкем түрмеде жатқанда артынан бірінші рет әйелі Ырсай мен баласы Тілеубек барыпты. Қобызшы қатты жүдеп кеткен екен. Ауылдан апарған тамақтарды жанындағыларға беріпті де: – Ел-жұрттан алыс кетіп ақырында, Аяғын шалыс басқан мен бір пенде, Ән-күйдің қыз-қызының отын үрлеп, Кез болдым кері аққан қатты селге, – деп, осы сөзді қайталап айта беріпті. Баласына айтыпты: – Сен Ілиясқа жолық. Мені сол ақтап алады, – депті. – Әке, өзіңіздің өлең бе? – депті Тілеубек. – Әсеттікі ғой! – деп қобызшы көзіне жас алыпты, – деді Мейрамбай ақсақал. * * * Молықбай ел арасында өте беделді адам болған. Қапал мен Лепсі уезінің ояздары Шұбарағаш пен Ойжай­лауда үш жылда бір рет дала съезін өткізеді екен. Сол жерге ояздың арнайы шақыруы­­мен Молықбай барып, қобыз тартып, елдің алғысын алыпты. – Молықбай тартқан қобыздың сары­нына тоймадым, – деген екен Бөрте руынан шыққан өте беделді адам Бисеке мырза. Молықбай қобызшы 1857 жылы туып, 1930 жылы қайтыс болды деп жоғарыда айттық. Оның өмірден өткеніне биыл 80 жыл толады. Қобызшы Молықбай қайтыс болған 1930 жылы Отырарда ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов өмірге келген екен. * * * Молықбайдың қобызын 80-жылдары Тал­ды­қорғандағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың ректоры, белгілі мемлекет әрі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Үлгілі ауылына барып, қобыз­шының келіні Адасқан апайға жолығып, батасын алып, Талдықорғандағы музейге өткізеді. Иесіз қалған қара қобыздың рухы қолдаған Мырзатай ағамыз мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді. Қобызшы туып-өскен Ақсу ауданының ор­талығы Жансүгіров кентіне Молықбайға ескерткіш орнатылса деген ой мазалайды. Об­лыс әкімі, өнер жанашыры Серік Үм­бетов осы шаруаны жеріне жеткізеді деп сенеміз. Молықбайдың тұяғы Тілеубек 1942 жы­лы қайтыс болады. Одан қалған Қанабек пен Қанатбек жастай шетінеп кетеді. Қызы Қан­тай Қапалдың жанындағы Қоңыр ауы­лында беріректе ғұмыр кешіп, өмірден өтеді. Бүгінгі таңда Мол­ық­байдың артында жалғыз қара қобыздан басқа еш нәрсе қал­мады... Серік ЖАНӘБІЛ. ________________ Автор туралы анықтама С.Жанәбіл 1952 жылы туған. 1977 жылы ҚазМУ-ді бітіріп, “Қазақстан пионері”, “Лениншіл жас” газеттерінде жұмыс істеді. Содан соң Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет мекемелерінде жауапты қызметтер атқарды. Қазір Шымкент қаласындағы колледжде оқытушы. “Ақынның балалық шағы”, “Дүрбелең”, “Ықыластың қобызы” кітаптарының авторы.