Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігіне сапарының барысында бұл елдің орталығын тап осылай, Еуропаның астанасы ретінде атап, Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ив Летерммен кездесуінен кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шығып сөйлеген сөзінде айтты. Біз орда орайында алып отырған Елбасының сол анықтамасы тура таңылған толымды тұжырым еді. Оның жайын кешегі нөмірде жариялаған “Еуропаның есігі Бельгиядан ашылады” атты есепті мақаламызда да біршама тарқатып көргенбіз.
Кешегі күннің бағдарламасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс сапары қандайлық қауырт болып тұратынын тағы бір мәрте көрсетіп берді. Кеше Еуропа инвестициялық банкінің директоры Филипп Майштадтпен кездесудің соңы үш жақты меморандумның дүниеге келуімен тәмамдалғанын айтып өтейік. Бұл маңызды құжатқа “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” акционерлік қоғамы, Қазақстанның Даму банкі және Еуропа инвестициялық банкі басшылары қол қойды. Кездесуге біздің жақтан Елбасынан басқа Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов, Президенттің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі елшісі Ерік Өтембаев, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Бақыт Сұлтанов қатысты.
Кеше жазғанымыздай, Президенттің Бельгия Премьер-министрінің міндетін атқарушы Ив Летерммен жүздесуінің басы “Эгмонд Палас” атты Король сарайының ауласында ядролық сынақ құрбандарына ескерткіш ашудан арна тартты. Осы Сарай алаңында Елбасын күтіп алған Премьер-министр оны тұғырға көтерілуге шақырды. Құрметті қарауылдың сәлем рапортын беруі, әскери оркестрдің екі елдің әнұрандарын орындауы, екі басшының шеру құрып тұрған сап алдынан жүріп өтуі секілді осындай кездегі салтанат рәсімдерінен кейін аталған ескерткіш-тақтаны ашудың да кезегі жетті. Бұл тастұғырды Кәрі құрлықтың төріне орнату идеясы Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет департаментінен шығыпты. Ол Семейдегі “Өлімнен де күшті” атты мемориалдың көшірмесі іспетті жасалған. Ескерткішті архитекторлар Талғат Бажақыпов пен Мұрат Сыдықов жасаған. Ал оның басты идеясы – адамзат өз қолымен жасаған зұлымдықты өз қолымен жеңе де алады дегенге саяды. Монумент өмір, трагедия және жарқын болашақ деп аталатын үш негізгі идеядан құралған. Оның жоғарғы бөлігіндегі қоладан жасалып, алтынмен апталған күн мен бүркіт ашық аспанның аясында еркін самғап ұшып келе жатқан күшті де өр мемлекеттің нышанын білдіреді. Күннің ортасында саусақтары ашылып тұрған алақан атом бомбаларына қарсылық білдіретін әлем халықтарының керемет келешекке ұмтылыстарын айғақтайды. Ортада қурап тұрған ағаш жарылыстар әкелген трагедияны көрсетеді. Монументтің діңгек тасында жарылыстардан зардап шеккен мемлекеттер мен қалалар аттары түсірілген. Осының ортасындағы тақтаға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу жөніндегі Жарлығының қазақ тіліндегі алтын жалатылған мәтіні орналасқан. Тастың үстіңгі жағының оң қапталына Мемлекет басшысының әлем халықтарына арнаған Жолдауы қазақ, ағылшын және француз тілдерінде ойылып жазылған.
Осы салтанат аяқталған соң Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ив Летерм мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сарайдың ішіне еніп, екінші қабаттағы келіссөздер залына көтерілді. Бұл жолы Президенттің жанында Қанат Саудабаев, Қайрат Келімбетов, Нұрлан Ермекбаев, Ерік Өтембаев, Бақыт Сұлтанов, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев, Президенттің Іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев болды.
Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келеді. Біздің ел Бельгияға негізінен түсті металл, жүн, тоқыма бұйымдары, металл және олардан жасалған заттар, химия және онымен араласқан өнеркәсіп саласы өнімдерін жіберіп тұрады. Өз кезегінде әріптес мемлекет бізге мәшинелер мен жабдықтар, тетіктер, электр-техникалық құралдар, минерал өнімдерін, оптикалық, фото және басқа да аппараттар, тоқыма бұйымдарын, азық-түлік тағамдарын, темекі, химия және онымен араласқан өнеркәсіп саласы өнімдерін жөнелтеді.
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, 1993-2009 жылдар аралығында Бельгияның біздің елге салған инвестициясының жалпы көлемі 504,3 млн. АҚШ долларының айналасында болған. Осы уақыт аралығында Қазақстан жағы Бельгия капиталына 511,8 млн. доллар көлемінде құйылым жасаған. Ал биылғы 2010 жылдың алғашқы тоқсанында Бельгияның Қазақстан экономикасына тікелей инвестициясы 33,5 млн. долларды құраған. Қазіргі күндері біздің елімізде Бельгия капиталы негізінде 29 компания жұмыс жасап жатыр. Олардың 20-сының жұмысы белсенді. Қазақстан рыногында қанат жайған бельгиялық ірі кәсіптік құрылымдардың арасында фармацевтикамен айналысатын “Solvay Pharma Kazakhstan”, мұнай-газ саласындағы инфрақұрылымға қатысты “Sarens Group”, көлік логистикасымен шұғылданатын “Maxx Іntermodal Systems”, теңізде тасымал жасап, логистика және кеден қызметін көрсететін “Ahlers Brіdge”, мұнай-газ және тау-кен салаларының жабдықтарын жеткізуші “Atlas Copco”, мұнай-газ құбырларына қызмет жасаушы “TD Wіllіamson SA” және сыра қайнататын “Meura SA” сынды компаниялар бар.
Ақтөбе облысындағы құны 400 млн. доллар тұратын Жаңажол газ өңдеу зауыты құрылысының үшінші кезегі бельгиялық “Lavelen” фирмасы филиалының, Өскемендегі құны 50 млн. долларлық аккумулятор батареяларын өндіру және Атыраудағы құны 20 млн. долларлық полипропилен шығару зауыттары құрылыстары бельгиялық “Pecom” компаниясының қатысуымен салынып жатқанын да айта кетудің реті келіп тұр. Мұның сыртында Бельгияның “Mechem” компаниясының араласуымен Риддердегі полиметалл комбинатында құны 100 млн. долларға тең көмір қалдықтарын өңдеу өндірісі іске қосылады. Әріптес елдің аса ірі “Unіon Mіnіere” атты металлургиялық компаниясы мен Шымкенттің қорғасын зауыты арасында тығыз байланыс орнатылған. Сол сияқты Бельгияның “Specіalіty Metals” компаниясы Өскеменнің титан-магний комбинатын басқару тізгінін қолына алған.
Екі ел басшыларының еңселі ойлардың желкенін көтерген жылы жүзді кездесуінен соның айғағындай болып екі жақты үш түрлі құжатқа қол қойылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен бұл салтанатты сәттерде “ҚР Республикалық бюджетінің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен Бельгия Корольдігі аудиторлық сотының арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім”, “Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Бельгия Корольдігі кеден және акциздердің федералды қаржы қызметі әкімшілігі арасындағы өзара сауда жөніндегі статистикалық мәліметтер алмасу туралы меморандум” және “ҚР Ұлттық ядролық орталығы, “Қазатомпром” ұлттық атом компаниясы және Бельгия ядролық зерттеу орталығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум” деп аталатын құжаттар пайда болды.
Бұдан кейін Ив Летерм мен Нұрсұлтан Назарбаев журналистер алдында мәлімдемелер жасады. Оны бастап берген Премьер-Министрдің міндетін атқарушы өзінің шақыруын қабыл алған Қазақстан басшысына алғыс сезімін жеткізе келіп, екі ел арасындағы байланыстың бұдан былай да қалыпты дами беретініне сенім білдірді. Сол өзара сенімнің айғағы ретінде Қазақстан Президентінің Астана Саммитіне шақыруын қуана қабыл алғанын мәлімдеді. “Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың биылдың өзінде Брюссельге екінші келуі. Осының өзі біздің мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екеніне дәлел бола алады”, – деді ол бұдан кейін. Келесі кезекте сөз алған Мемлекет басшысы өзінің Еуропа астанасына сапары Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға және Бельгияның Еуропа Одағы Кеңесіне басшылық етіп отырған кезеңдерге сәйкес келіп отырғанына назар аударды. “Біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ниет етіп, бастама көтеруіне, соның ішінде биылғы 1-2 желтоқсанда ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізу ұсынысына қолдау көрсеткені үшін Бельгия басшылығына разымыз, – деді Елбасы. – Қазақстан қазір сол Саммитке қызу дайындалып жатыр. Бұл оқиға Ыстамбұлдағы жоғары деңгейдегі жиыннан кейін үнсіз қалған жылдардың орнын толтыруға талпынысымен тарихи мәнге ие болмақ”. Елбасы өзінің сөзінде сондай-ақ Қазақстанның Бельгияны Еуропа Одағындағы маңызды саяси және экономикалық әріптес ретінде қарастыратынын айтты. Біздің саяси үнқатысуларымыздың жиі және көп деңгейлі сипаты бар. Сондықтан осы бағытты қалпында ұстап тұру үшін Парламент және ведомствоаралық деңгейдегі тұрақты байланыстарға қолдау көрсетіледі. “Орасан зор қаржылық-экономикалық дағдарыстың зардаптарына қарамастан, бізге биылғы жылғы сегіз айдың көлемінде екі жақты сауда көлемін 56 пайызға ұлғайтудың орайы келді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы келесі бір сәтте. – Біз бұдан әрі дамуымыз бен екі жақты сауда-экономикалық байланыстарымызды нығайту үшін Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге келдік. Сондай-ақ бельгиялық бизнесті Қазақстан экономикасының үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларына белсене қатыстыру мүмкіндіктерін де талқыладық. Бұл тұрғыда Бельгияның мұрагер ханзадасы Филипптің Қазақстанға жасаған сапары мен бизнес-форум өткізу қорытындысының сәтті болғанын атап өткім келеді”. Елбасы өзінің сөзінде бұдан әрі екі жақты келісімнің энергетика, көлік, мәшине жасау, денсаулық сақтау және білім, жоғары технология сияқты маңызды салалардағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенетінін жеткізді. Тұтастай алғанда, бұл кездесулердің бәрі де табысты өтті деп бағалауға әбден болады.
Бұдан кейін Мемлекет басшысын Бельгияның Королі Альберт Екіншімен кездесу күтіп тұрды. Осы үшін Қазақстан делегациясы жайласқан кортеж “Лакен” атты Король сарайына беттеді. Онда екі мемлекеттің бірінші тұлғалы басшылары арасында өзара түсіністікке негізделген үйлесімді әңгіме өрбіді. Екеуара әңгімеден кейін “Өнер залына” өтіп, делегация мүшелерімен жүздесті. Соңынан мәртебелі мейманның құрметіне кешкі қонақасы берілді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгия Корольдігіне ресми сапарының екінші күні, яғни кеше Брюссельдегі медициналық орталықты аралап көруден басталды. Аты былайынша “Университет ауруханасы” деп аталатын бұл емдеу орны Бельгиядағы денсаулық сақтау, биомедициналық зерттеулер мен медициналық білім берудің қазіргі заманғы ең жетілген орталықтарының бірі болып табылады. Жоғары деңгейлі мекеме болып саналатындықтан, университет ауруханасы бүгінде елдің іші ғана емес, сыртқы мемлекеттер арасында да құрметпен аталады. Ол бұдан отыз жылдан астам бұрын, 1977 жылы негізін қалаған екен. Құрылған күнінен бұл емдеу орны жаңалықтарды зерттеуге ерекше ден қойыпты. Соның арқасында оның дәрігерлері адам ағзасы мен денсаулығына керекті қаншама жетістіктерге қол жеткізген. Сол дәстүр, сол бағыт әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.
Кешегі күннің тағы бір айтарлықтай оқиғасы Елбасының Еуропа Одағының басты атқарушы органы – Еуропа Комиссиясының президенті Жозе Мануэл Баррозумен кездесуі болды. Тап осы кездесудің алдында Еуропа Комиссиясы ғимаратында ҚР Статистика агенттігі мен Еуропа Комиссиясы арасында Статистикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сол аралықта өзара келіссөз жүргізіп үлгерген Комиссия президенті мен Қазақстан басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шығып, оңашада қозғалған әңгіменің мазмұнын жеткізіп берді. Жозе Мануэл Баррозу Қазақстан Президентінің Астана Саммитіне шақыруын қабылдағанын айта келіп, елдер арасындағы жақындықты осындай қарым-қатынастардың қалыптастыратынын баяндады.
Елбасының сөзі әдеттегідей өте сенімді әрі нақты шықты. Нұрсұлтан Әбішұлы оңаша кездесуде Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегі, сондай-ақ ауқымды және аймақтық саясаттың көкейкесті мәселелері талқыланғанын жеткізді. “Қазақстан Еуропа Одағымен қарым-қатынастың дамуына стратегиялық мән береді, – деді Н.Назарбаев. – Біздің үнқатысуымыз жиі және көп деңгейлі сипатқа ие. Еуропа Одағы Қазақстанның басты сыртқы экономикалық әріптесі болып табылады. Біздің тауар айналымымыз өткен жылы 30 миллиард дерлік АҚШ долларын құрады. Тек үстіміздегі жылдың 8 айында тауар айналымы 54 пайызға артып, ол 25 миллиард долларға жетті. Қазақстан экономикасындағы Еуропа инвестициялары 50 миллиард долларға толады. Бұл – шетелдік капиталдың жалпы көлемінің 40 пайызына тең”. Бұдан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің Орталық Азиядағы “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын қабылдаған бірден-бір мемлекет екенін тілге тиек етті. Осының сыралғысында индустриялық кешенді модернизациялау бағдарламасын жүзеге асырып жатқан Қазақстан инновациялық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге, елімізде өңдеуші инфрақұрылымдардың жасалуына мүдделі. Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы Еуропа Одағымен бірге ғылым және білім саласында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткіздіреді. Осы ретте Қазақстан ғылымы мен білімінің флагманы болу үшін ірге көтерген жаңа халықаралық университеттің пайда болуын да Президент еліміздің келешегіне қызмет ететін ордалы оқу орны ретінде атап өтті.
Осыдан бірқатар уақыт бұрын бір басылымның бетінен “Егер сіз Еуропаға саяхатқа шығар болсаңыз, Брюссельді айналып өтпеңіз. Ағылшындардың салқындығынан, француздардың жылылығынан, голландықтардың ашықтығынан кейін, сіз өзіңізді бельгиялықтардың ортасында оншалықты шетелдік сезіне бермейсіз” деген жолдарды оқып қалғанымыз бар еді. Сол ашық жарылудың ақиқаттың ауылынан қашықтығы жоқ екен. Отельде де, көшеде де, дүкендерде де өзіңізге деген жылы ықыласты байқап, кәдімгідей сүйсініп қалатыныңыз да рас болып шықты. Ал Брюссельдің тар әрі тап-таза көшелеріне шыға қалғанда, кейде басқа бір әлемге еніп кеткендей болатыныңыз да бар. Мұндағы әрбір үш үйдің екеуі көненің көзіндей болып көрініп, әлдеқандай бір тарихи ескерткіштер мұражайын жағалап жүргендей ойға қаласыз. Шын мәнінде бұлардың бәрі бельгиялықтардың айрықша ұқыптылығы мен тазалығы арқасында өзінің бұрынғы қалпын сақтап қалған ескі ғимараттар ғана. Тазалық демекші, Брюссельдің осындай қалпы бізге бір жағынан соңғы уақыттардағы Астананы да көзге елестетті. Осындай жылы сезіммен біз “Конрад” мейманханасында өтетін форумға келіп қалғанымызды да білмей қалыппыз.
Кеше кешке осымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгия Корольдігіне жасаған екі күндік ресми сапары аяқталды. Ендігі бағыт – Париж. Кештетіп Эйфель мұнарасы бар қаланы бетке аламыз. Бүгін Елбасының Француз Республикасына екі күндік сапары басталады.
Серік ПІРНАЗАР, “Егемен Қазақстан” – Брюссельден.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.