Осыдан үш жарым жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардың авторлық бағдарлама жүргізушілеріне берген сұхбатында былай деді:
“Ашығын айтсам, менің айналамда да: “Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз соншама көп шаруа атқардыңыз, ел еңсесі көтерілді, біз бүгінде өңір көшбасшысымыз, бізде бәрі де тыныш. Сол тыныш өмірді бұзып, тағы бірдеңелерді ойлап тауып жатудың қажеті қанша?” дейтін адамдар табылады. Егер мен тек өз жайымды ойласам, расында да, осынша шаруа атқарғаннан кейін қол қусырып отыра берсем де болатындай. Ал онда ертеңгі күніміз не болады? Мен кезекті сайлауды ойлай алмаймын, мен елдің, халықтың болашақ тағдырын ойлауға тиіспін. Менің мақсат-мұратым осы, халық мені осы үшін сайлады”, деді.
Президенттің кейде жыл, кейде ай аралатып, республика жұртшылығымен осылайша “сырласып, мұңдасып” алатын дәстүрі бар. Халық өзі сенім артқан ел басшысының ойында не жүргенінен, оны толғандыратын және мазасыздандыратын жәйттерден хабардар болуы керек.
Осы сұхбат кезінде Президент:
“Егер біздің 15 жылдағы өмірімізді ой елегінен өткізер болсаңыз, онда мен алғаш рет бірдеңе ұсынған кезде, ешкім ештеңе түсінбегенін және ештеңе ұсынбағанын көрер едіңіз. Екінші рет айтқан кезде аздап қозғалыс басталады. Ал үшінші рет мен Үкімет міндетті атқара алмады дегенді айтамын, сонда ғана нәтижелер пайда бола бастайды”, деген ішкі қынжылысын да білдірді.
Биыл Қазақстанда президенттік институттың қалыптасқанына 20 жыл толды. 1990 жылы 24 сәуірде Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі ҚР Президенті лауазымын бекіткен еді. Сол кезден бері 20 жыл ішінде халық Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сенімін бүкілхалықтық референдум кезінде де, баламалы сайлаулар кезінде де анық байқатты.
Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет құру тарихының бастауында тұрған Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан жолы” кітабында тәуелсіз мемлекеттің Президенті ретіндегі алғашқы қадамдары жайлы былай деп баяндайды:
“Міне, осындай ізденістер үстінде біздер сансыз сапарларда болып, шын мәнінде, әлемдік деңгейдегі үлкен тұлғалармен кездестік. Біздің мемлекеттің қалыптасуы Маргарет Тэтчер, Франсуа Миттеран, Гельмут Коль, үлкен Джордж Буш, Ли Куан Ю, Иоанн Павел ІІ және басқа да көптеген көрнекті дүние жүзі қайраткерлерінің қызығушылық білдіруі кезінде жүзеге асты. Мұндай адамдармен араласу арқылы біздің әлемдік кең ауқымдағы көзқарастарымыз қалыптасты. Олармен болған пікірталастар мен қарым-қатынастар маған дүние жүзі қандай даму кезеңінде жүріп жатқанын және Қазақстан әлемдік картада қандай орын алу керектігін ұғынуға көмектесті. Біз әрдайым ашық әңгімеге дайын болдық, тосын және бұрын таныс емес идеяларға құлақ асып, біздің атымызға айтылған сындарды дұрыс қабылдадық. Егер де басқа елдердің тәжірибесі біз үшін қызықты болса, оны батыл қабылдадық және өзімізге енгіздік”.
Ал биыл маусым айында “Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Конституциялық заңы қабылданды. Бұл құжатқа сәйкес, Қазақстан Президентіне “Елбасы” мәртебесі берілді.
Бір айдан соң “Стратегия” әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы Қазақстан Президентіне “Елбасы” атағының берілуіне орай халық пікірін зерттеген екен. Зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының 89 пайызының ел Президентінің жұмысына көңілі толатыны анықталған. Биылғы жылдың ақпан айымен салыстырғанда, көрсеткіш 4 пайызға артқан екен. “Назарбаевтың Президент ретінде сіңірген қоғамдық еңбегі ресми түрде лайықты бағаланады”, дейді “Стратегия” орталығының президенті Гүлмира Илеуова.
Ал Нұрсұлтан Назарбаевқа “Елбасы” мәртебесін беру жөнінде сұрауға қатысқандардың 94 пайызы білетін болып шыққан. Оның ішінде 73 пайызы бұл бастаманы толығымен қолдайтыны анықталған. Ал 20 пайызы бейтарап позицияны ұстанса, респонденттердің 7 пайызы ғана бұл заңнамалық өзгерістермен келіспейтіндіктерін айтқан.
Бұл өзгеріске қатысты Нұрсұлтан Назарбаев 3 маусымда Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына арнаған үндеу сөзінде өз ойын ашық айтты:
“Мен қоғамдық пікірде берік қалыптасқан “Елбасы” мәртебесін заңдастыру туралы Парламенттің шешімін түсіністікпен қабылдаймын. Әлеуметтік зерттеулер бүгінде Қазақстан халқының басым көпшілігі осы идеяны қолдайтынын көрсетіп берді. Сондықтан, мен еңбегімді бағалап, қолдау білдіргендері үшін қазақстандықтарға шынайы алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, мен Елбасы мәртебесін тек заңдармен немесе өзге де құқықтық актілермен белгілеуге болмайды деп есептеймін”.
Одан әрі Президент өзіне деген асыра мақтауды жақтырмайтынын да айтып өтті:
“Баршаңыз білесіздер, маған қарата айтылған барлық мадаққа, менің жеке тұлғамды айрықша ұлықтайтын ұсыныстарға мен үзілді-кесілді тыйым салып келемін. Мен Президент ретінде осы мәселе төңірегіндегі теңгеге бейне таңбалау, түрлі атақтар сияқты бекершілікке әрдайым қарсы болдым. Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала беремін”.
Қазақстан Президенті қызметінде Нұрсұлтан Назарбаевтың 20 жылда атқарған еңбегі халықаралық әріптестер тарапынан да оң бағаланып жатыр. Биыл Түркия астанасының, Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы бульвар бойында Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған ескерткіш ашылды. Ал Иордания астанасында Назарбаев атындағы көше бар.
Сондай-ақ жақында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев заңгерлердің халықаралық одағының “Фемида” сыйлығымен марапатталды. Одақ төрағасы Андрей Требковтың айтуынша, бұл сыйлық Нұрсұлтан Назарбаевқа “құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының дамуына қосқан зор үлесі” үшін берілген.
Осыдан бес жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевқа “Оптимист” журналының тілшісі “Қазақстан Республикасын ендігі 20-30 жылда қалай елестетесіз?” деген сұрақ қойған екен. Оған Елбасы:
“Күшті әрі қарыштап дамушы, бәсекеге қабілетті, өмір сүру сапасы жоғары мемлекет ретінде елестетемін. Біз өз мақсатымызға жететінімізге сенемін. Ол үшін бізде қажетті нәрсенің бәрі: азаматтарымыздың жоғары интеллектуалды қабілеті, нарықтық экономика, қоғамдағы тұрақтылық пен келісім де бар.
Қазақстанда 2030 жылға дейін мемлекет пен қоғамды дамытудың өз стратегиясы бар. Осы стратегиямыз аясында денсаулық сақтау, отандық кәсіпкерлікті қолдау, мәдениет, ауылдық жерлерді және басқа салаларды қолдауға бағытталған нақты мемлекеттік бағдарламалар қабылдадық. Мемлекеттік органдардың іс-әрекеті нақты міндеттерді орындауға бағытталған.
Әрине, біз бұл жолда алдымыздан қандай кедергілер шығатынын білмейміз. Есесіне, біз қандай мемлекет құрып жатқанымызды және дамуымыздың жолы, бағыты қандай болуы керек екендігін анық білеміз”, деп жауап берген.
Жалпы, Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бергі дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен баға берер болсақ: “Тәуелсіздік алғалы Қазақстан аймақтық және ғаламдық қауіпсіздіктің нығаюына әжептәуір ықпал еткен мемлекет ретінде мысал бола алады”.
Гүлбиғаш ОМАРОВА.