• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2010

Ұрпақтары ұмытпапты

398 рет
көрсетілді

2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жыл­дығы қарсаңында қаламен жапсарлас Жоламан кентінің бір топ азаматы, нақтылап айтсақ, Ер­лан Кеңесбаев, Әскер Смаилов, Бау­ыржан Қайсажанов және Адай Қы­лышев ешкімнің бұйрық, нұс­қау­ынсыз бір игілікті шаруаны қол­ға алып, іске кірісіп кеткен еді. Ең алдымен, олар тиісті орын­дар­дың та­балдырығын тоздыра жүріп, Жо­ламанмен бірге іргедегі Су­ықбастау және Кірпіш кенттерінен қанды майданға аттанып, мерт болған боздақтардың есімдерін ан­ықтаған болатын. Сонсоң 150 жау­ынгердің есімі жазылған темір тақта мешіт жанындағы аялдама тұ­сын­­дағы көрнекті жерге орнатылған-ды. Өкінішке қарай, 2010 жылы ара­­дағы небәрі бес жыл ішінде те­мір тақтадағы жазулар тотығып, көмескілене бастаған. Абырой бол­ғанда осы игі істің бастамашылары азаматтық танытып, бұрынғы ша­руа­­ны қайтадан қолға алған. Ал бұл жолы құрылыс материал­да­рымен көмектескен демеушілер де, қол ұшын берген құрылысшылар да табыла кеткен. Алғашқы бастама­шылар болса, ұйымдастыру жұ­мыстарын қалтқысыз атқарған. Сөйтіп, ең алдымен, сәнді кір­піш­тен қабырға тұрғызылған. Ал мәр­мәр тасқа таңбаланған боз­дақтар есімі сол қабырғаларға енді өшпестей болып ілінді. Ерлерге, ерлікке ескерткіштің ашылу сал­танатына келген Жоламан кентінің тұрғыны, 96 жастағы соғыс ардагері Николай Круглов ақсақал көзіне жас алды. Өйткені, бүгінде іргелес үш кенттегі көзі тірі жалғыз соғыс ардагері осы кісі ғана еді. Игіліктің ерте кеші жоқ дейді халқымыз. Сондықтан, Жеңістің 65 жылдығына орай қолға алынған бұл шараға енді нүкте қойылып жат­са, оның еш әбестігі жоқ деп білеміз. Ең бастысы, оның орта жолда қалмай жеріне жеткізілгенін айтсаңызшы! Бәрінен де бұрын мұның кейінгі ұрпаққа өнегелі іс екендігінде дау бар ма? Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.