• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2010

Поэзия ханшайымы

1039 рет
көрсетілді

Атырауда қазақтың аяулы ақыны Фариза Оңғарсынованың шығармашылық кеші ақын қыздардың республикалық мүшәйрасымен жалғасты АҚЫНЫН ІЗДЕГЕН ЕЛ БАҚЫТТЫ. Халқымызда “Әкімі ақы­нын іздеген ел бақытты” деген тәм­сіл бар. Атырау облысының бас­­­шылары қазақтың аяулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованы туған жері­не арнайы шақырып, шығармашы­лық кешін өткізуге ұйытқы болды. Әр кез “О, Туған жер, кеңпейіл, құ­ша­ғың кең, Саған көңіл бұлқы­нар күш-ағынмен. Сағынышымды қанат қып саған қарай, Балапандай тал­пы­нып ұшамын мен” деп алтын бесі­гіне ерекше аңсармен келуге асыға­тын ақынды алдымен облыс әкімі Бергей Рысқалиев қабылдап, “Қа­зақ­тың әр перзенті сіздің жыр­лары­ңызбен қанаттанады. Рухани нәр алып, ананы қадірлеудің, туған жер­ді қастерлей білудің ұлағатын ұғына­ды” деп шығармашылық табыс тіле­ді. Осыдан кейін облыс­тық әкімдікте өткен басқосуда драматург-жазушы Рахым­жан Отарбаев Фариза ақын шығарма­шы­лығының қыр-сырын терең талдаған баяндама жасады. – Фариза апа әп дегенде әде­биет­ке өз дауысымен, дара білім-болмысымен келген. Кең арнада көсілген асау толқындай аласапы­ран көңіл-күй, буырқанған сезім, еш­кім­нің ығына жығылмас мінез, ба­рыңды баптайтын, жоғыңды таптай­тын мынау, бейдауа тіршілік­ке де­ген соны көзқарас – бәрі-бәрі бас қос­қан ұлы өнердің бастауына ай­нал­ды. Оңғар­сынованың поэ­зия­сы көбіне бірінші жақтан “мен” деп бас­­талады да, адам­ның алуан мұ­ңы мен шері қозға­ла­ды. Өлең­деріндегі “менінде” қара бастың қа­мы емес, барша әлеу­меттің Алаш­қа айтары жатыр. Ақын арқалаған жүк қашан жеңіл болып еді? Сол парызды се­зін­геннен ғана азаматтық әуез, арқалы жыр дүниеге келеді. Кешегі Кеңес дәуірі кезінде ақын поэзия­сын оқып отырып, цензурадан қай­мықпай қалың елдің мұңын мұң­дағанына тәнті боласыз. Сол тұста жер тепкілеп ағатын асау бұлақ не дейді? “Асау ғасыр іріні үгіп демің, Бара жатсам сөнеді үміттерім. Мен тілеймін күңкіл мен ұсақтық­тан, Сақтағай деп даламның жігіт­терін”, –дей келе Рахымжан Отар­баев одан әргі ойын былайша әдіптеді: – Сіздің жаратылысыңыз, дү­ниені қабылдауыңыз ерекше бөлек. Сол бөлектіктен де шығар, жал­қыны жалпының түсінбей жата­тыны. Бәз біреулер “Апамыздың мінезі қиын, жақын келсең өртейді, алыс кетсең тоңасың” дейді. Мен айтар едім, сәл-пәл салқындық апа­мыз­дың сыртқы қор­ғаныш қабаты ғана. Ал жанына енсең, жүрегіне бойласаң, одан –жұмсақ, одан – мейірімді адамды таба аласың ба деп?.. Фариза ақынның жыр­­лары жанам дейтін жүрек­терге от береді. Ердің намы­­­сын қамшылайды. Адас­­қанға бағыт-бағдар сілтейді. Ақын жүрегінің мейірімі ешкімді бөле-жар­майды, ешкімді алаламай­ды. Жан-жағына шуағын молынан шашып, қазақ­тың елім дей­тін ұл-қы­зы­ның маң­дайы­нан сипай­ды. Ақын жүрегі­нің мейі­рімі әсіресе, туған жеріне ар­нал­ған сағынышқа толы жырларынан анық байқа­ла­ды. Ақынның жы­рын бәрі оқиды. Оның кестелі орамалдай әдемі өріл­ген, көркемдік шебер тілмен жазыл­ған поэзиясы жаныңды баурайды, жүрегіңді елітеді. Бір өлеңінен кейін бір өлеңін оқи бергің-ақ келеді. Себе­бі, Фариза апа жай ғана оқи салатын өлең жазбайды. Жүректе ғана жат­талатын, шөліңді қандыра­тын кәу­сар жырлары ақынды поэзия падиша­сына айналдырды. Әр өлеңіндегі ақын үні магниттей тарта­тын тылсым бір күш секілді. Әйт­песе, қазақтың ақиық қыран-ақыны Мұ­қағали Мақатаев “Фариза, Фари­за жан, Фариза қыз” деп мұң шағар ма еді?! Бұл –дәлелдеуді қажет етпес ақи­қат. Ақ шағала ақын құрбысы Ақұш­тап Бақтыгереева “Фаризаның шығарма­шылығын терең түсінуге ерекше бір талғам керек” деді ақын­ның Махам­бет Өтемісов атындағы драма театрында өткен “Поэзия па­ди­шасы” атты шығармашылық кешінде. Осы кеште ақынның өзі шешіле сыр тарқатты. Туған жерге деген са­ғы­нышы әр сөзінен, орынды әзілі­нен байқалып тұрды. Поэзия ханшайымы туған топырақты, ал жұртшылық аяулы ақынын сағы­нып қалыпты. Сол сағыныштың куәсін­дей, Фариза ақынның құша­ғы шоқ-шоқ алқызыл гүлдерге тол­ды. Тіпті, ақын жырын сүйетін жұрт­шылық гүл ұсыну үшін кезек­ке тұрды. Кеш басталар алдында театр фойесінде ақынның шығар­ма­шылығына ар­нал­ған көрме ұйым­дастырылды. Онда ақын­ның әр кезеңде жарық көрген кітап­тары, тұтынған заттары қойыл­ды. Өлеңдерінің қаламмен жазылған түпнұсқалары кездесті. Шығарма­шы­лық кеште Парламент Сенаты­ның депутаты Қуаныш Сұлтанов ақын­ның адами болмы­сына кеңі­рек тоқталды. Фариза ақын­ның “Қыз ғұмыр” шығарма­сының кейіп­кері, Қыздар педагоги­калық университеті­нің ректоры Шәмша Беркімбаева өткеннен сыр тарта әңгімеледі. ӨЛЕҢ, МЕН СЕНІ АЯЛАП ӨТЕМ! Ақын қыздардың респуб­ли­калық жыр мүшәйрасы дәл осылай аталған екен. Мүшәйраға әр өңір­ден 11 ақын қатысып, алдымен Фа­ри­за ақынға арналған өлеңдері­мен сыр бөлісті. Рас, кейбірі мұң шақ­қан­дай да көрінген. Алайда, орын­ды мұңды түсіне білу де керек қой. Әрине, поэзия тек мұңнан құ­рал­май­ды десек те, әр өңірдің про­б­ле­масы, толғауы тоқ­сан тіршілік­тің кейбір түйткілдері ойлы өлең шу­мақ­тарында өріліп жатса, айып па? Жыр-десте ала­бында Фариза ақын­ның “Өлең, мен сені аялап өтем” дейтініндей, келе­шекте өзін­дік үні­мен жарқырап көрінетін жас ақын қыздардың жаңа бір шоғыры қа­лып­тасып келе жатқанына көз жетті. Мәселен, мүшәйраның бірінші бөлі­мінде поэзия ханшайымына жыр арнаумен басталды. “Заман­дағы зар мұңға, Қарманатын қару күй. Алатаудай алдымда, Аппақ шашты ару тұр” деп бастаған Сыр өңірі­нің жас таланты Назгүл Берді­қожа ақынға арналған жырында “Кө­пірмесіз көбік тіл, Жат болға­сын бойыңа. Өлең-патша келіп тұр, Өз қызының тойына” деп түйін жасады. Өзгелері де текеметке ою ой­ған­дай кестелі жыр шумақтары­мен жиналғандарды бір серпілтті. Әсіресе, астаналық ақын Нұргүл Оқашеваның “Сырласуы” мен жер­гілікті жыр жүйрігі Бақытгүл Ба­баш­тың “Аңсары” жұртшылық­тың ыстық ілтипатына бөленді. Көкше жерінің аруы Әйгерім Нұрмағам­бетованың да, ақтөбелік Гүлжайнар Қалдинаның да жырларынан айтар ой, бағдарлы бағыт байқалады. “Жүйріктен жүйрік озар жарыс­қанда” дегендей, мүшәйраның екін­ші бөлімінде ақын қыздарға та­қы­рыпқа байланысты жыр шумақ­тарын кестелеуге үш минөттік уақыт беріл­ді. Ешқайсысының да қалыс қалғы­сы жоқ. Жұртшылық­тың ықыласы­нан қызылордалық Назгүл Берді­қо­жаның “Ақын және Ей, Нарын” та­қы­ры­бын­дағы шу­мақтары өте сәтті ба­ғалан­ға­нын аң­ғар­дық. Оқып көрелік. “Шар­тарап төккен кезде шұғыласын, Тотыдай түрленесің, құбыласың. Ей, На­рын топырағыңа ою салып, Құда­йым қолдан құйған құмыра­сың. Ал, сіз ше... іздеп жүріп ізгі ар­манын, Қы­зысыз құлатпаған құздан жанын. Қырдан жаңа жұлынып құрмет­пенен, Құмыраға салынған қызғал­дағың” дейді Назгүл. Оның бұл шу­ма­қтарын ақын Оңайгүл Тұржанова бастаған қаз­ы­лар алқасы орынды, әрі әділ бағалады. Қай бәйгенің де мәресін бірінші боп қиятындар бар. Мұнайлы өңірде поэзия падишасының шы­ғар­машы­лы­ғына арналған ақын қыздардың республикалық мүшәй­расында бас жүлде Сыр сүлейлері­нің сарқытындай жаңа қанаттанып келе жатқан жас талант Назгүл Бердіқожаға берілді. Ал бірінші жүлдені елорданың еңсе­ленуіне жауқазын жырларымен үлес қосуды мұрат тұтқан Нұргүл Оқашева иеленді. Бұдан кейінгі жүлдені Жа­йық жағасын сырға толы жырлары­мен көмкермекке ұмтылған Бақыт­гүл Бабаш еншіледі. Үшінші жүл­деге қос құрбы –ақтөбелік Гүлжай­нар Қал­дина мен жергілікті Сый­лыгүл Нау­рыз­бекова лайық деп табылды. Мү­шәйраға қатысқан өзге ақын қыз­дардың талабы ынталан­дыру сыйлығымен аталып өтті. Осылайша, поэзия ханшайымы мен өнерсүйер қауым бір-бірімен сағыныса қауышты. Жүрек тербе­ген сол қауышу ақын жырына шөліркеген жұртшылыққа мол рухани азық сыйлады. Өмір жо­лын­да өлеңді аялаудан бір танбаған поэзия падишасы өзін сағынған, асқақ рухты жырларымен мейір қандырған жұртшылықтың сол сәт ыстық ықыласына бөленіп тұрды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. _______________ Суреттерде: ақын мен әкім; үш құрбы: поэзия ханшайымы мен жас талант. Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.