МАҚСАТ — БІР ҚАДАМ АЛДА БОЛУ
Әрбір адамның, жалпы қоғамның қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету мемлекет үшін ұлт қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі болып табылады. Аталған мәселенің қажеттілігі мен көкейкестілігін бұқаралық ақпарат құралдарындағы табиғи апаттардың қаупі, тұрмыстағы және мекемелердегі өрт, өндіріс нысандарында орын алатын қайғылы оқиғалар жайлы әрбір ақпарат айғақтай түседі. Күн сайын табиғи және техногендік сипаттағы катаклизмдер салдарынан әлемде көптеген адамдар зардап шегуде. Бұған әр елдегі төтенше жағдайлардың орын алуының өсу дәрежесі дәлел бола алады. Іс жүзінде табиғи апаттарға қарсы тұру мүмкін емес. Дегенмен, Елбасы бұл мәселеге айрықша назар аударып отыр. Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында төтенше жағдайларды ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде атап көрсетті. Ағымдағы жылы біздің мемлекетімізде де бірқатар қайғылы оқиғалар орын алды. Абырой болғанда, министрліктің жақсы дайындалған құтқару бөлімдерінің жұмысы барысында үлкен адам шығынына жол бермеудің сәті түсті. Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан басқару органдарының төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюдың мемлекеттік жүйесі күштерін даярлау, төтенше жағдайлар кезінде халықты іс-қимылдар жасауға үйрету жөнінен белгілі бір ұйымдастыру және тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Үкіметтің 2003 жылғы 17 қаңтардағы “Төтенше жағдайлар саласында халық пен мамандарды оқыту, білімді насихаттау, ақпараттандыру ережелерін бекіту туралы” №50 қаулысында көрсетілгендей, Қазақстанда халық пен басқарушы құрамды дайындаудың бірыңғай жүйесі жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюдың мемлекеттік жүйесі және азаматтық қорғаныстың басқарушы құрамы мен мамандарын дайындаумен Қазақстандағы бірден-бір оқыту орталығы – “Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы басқарушы құрамның біліктілігін арттырудың республикалық курсы” РМҚК айналысады. Жыл сайын республикалық курстан 1,0-1,5 мың тыңдарман өтеді. Ағымдағы жылдың 9 айында мұнда 942 тыңдаушы білімін жетілдірді, олар орталық және жергілікті атқарушы органдардың, республикалық мекемелер мен ұйымдардың басқарушы құрамы, жоғары, кәсіби орта оқу орындарының ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайларды басқару органдарының мамандары. Министрліктің аумақтық органдары жергілікті жерлерде ұйым басшыларын, азаматтық қорғаныс құрылымдарының командирлерді, мекемелерде сабақ беретін топтардың жетекшілерін, бастауыш сынып мұғалімдерін және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, мектепке дейінгі мекеме басшыларын, пәтер иелері кооперативтері төрағаларын, қауіпті нысан мамандарын дайындау және қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастырады. Ел аумағының үлкендігін және түрлі табиғи, техногендік сипаттағы жағдайларға бейім аймақтарды есепке ала отырып, министрліктің аумақтық органдарының облыс орталығынан шалғайдағы елді мекендерге барып, көшпелі оқыту жұмыстарын жүргізуі тәжірибеге енгізілуде. Көшпелі оқыту барысында басқару органдары және ұйым басшылары мен қызметкерлерін оқытудан басқа, төтенше жағдайлар қаупі туған кезде жүргізілетін жұмыстар бойынша жұртшылықпен кездесу, жаттығу, оқыту жұмыстары жүргізіледі. Үстіміздегі жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін облыстық, Астана, Алматы қалаларының төтенше жағдайлар департаменттері тарапынан жергілікті және республикалық телеарналарда 8929 бейнесюжет көрсетілді, радиодан 15908 хабар берілді, мерзімді басылымдарда 8450 мақала, очерктер жарияланды. Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бойынша мамандарды оқытулар, жаттығулар және кездесулерде 18607 баяндама жасалды, 3090 бейнеролик көрсетілді. 837 әдістемелік және көрнекі құралдар, ұсыныстар басқа да үгіт-насихат материалдары әзірленіп, таратылды (барлық таратылған материалдар саны – 194 179 дана). Төтенше жағдайлар барысындағы іс-қимылдар туралы 1483 ақпараттық-анықтамалық стендтер жасалды. Халықпен 4110 кездесу ұйымдастырылды, 132396 дәріс оқылды, оған 561960 адам қатысты. Азаматтық қорғанысты қалыптастыруға кірмейтін қызметкерлермен мекемелерде бекітілген бағдарламаға сай жоспарлы сабақтар жүргізіліп, тақырыптарға сәйкес сынақ алынды. Жұртшылықты оқыту барысында “Назар аударыңыздар!” дабылы бойынша дұрыс іс-әрекет жасауға көңіл аударылады. Жұмыс істейтін халық кешенді оқытуға, нысандық жаттығуларға және басқа да жаттығу түрлеріне тартылады. Қызмет істемейтін халықтың бір бөлігі өздігінен, яғни буклет, мерзімді басылымдардағы мақалаларды оқу, телебағдарламаларды көру, сондай-ақ, оларды дайындық жұмыстарына қатысуға тарту арқылы түсінік алады. Жоғары оқу орындарында және жалпы білім беретін мектептерде оқу бағдарламасына сәйкес “Өмір сүру қауіпсіздігінің негіздері” пәні жүргізіледі. Бұдан басқа барлық үлгідегі жалпы білім беретін мектептер мен кәсіби-техникалық мектептерде “Азаматтық қорғаныс күні” өткізіледі. Биылғы жылы ол “Апаттар медицинасы” тақырыбына арналды. Мемлекетіміздің барлық аймақтарында төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс бойынша түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Басшылар мен мамандардың халық алдында баяндама жасауы, байқаулар, бейнематериалдар, төтенше жағдай барысындағы іс-әрекет туралы арнайы көрсетілімдер, апаттан құтқару техникаларын көрсету және т.б. іс-шаралар өткізілді. Мектеп оқушыларын, арнаулы орта және жоғары оқу орындары студенттерін оқытуда интерактивті әдістерді қолдану тиімді. Бұл жерде табиғи апаттар, өрт, террорлық акт қаупі туған, т.б. төтенше жағдайлар кезіндегі ереже бойынша әрекет ету үйретіледі. Ағымдағы жылдың басынан бері Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып ТЖМ-нің құрылымдық бөлімдері мен аумақтық органдары жалпы білім беретін мекемелерде 72 интерактивті сабақтар жүргізді, осындай оқыту түрін “Республикалық дағдарыс орталығы” мемлекеттік мекемесі арқылы жүргізу тәжірибеге енгізілуде. Жасөспірімдер арасында өмір сүру қауіпсіздігі, зардап шеккендерге көмек көрсету, оларды құтқару саласындағы теориялық және тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған түрлі үйірмелерге, секцияларға, қоғамдық қозғалыстарға деген қызығушылық та байқалады. Бірқатар мектептерде осыған ұқсас үйірмелер жұмыс жасайды. Бұл жұмыс Солтүстік Қазақстан облысында жақсы жолға қойылған. Мұнда балалар, оқушылар және студенттермен өртке қарсы, жалпы төтенше жағдайларға байланысты тақырыптарда өткізілген әңгіме-сұхбаттар, түрлі байқаулар, жарыстармен аяқталады. Ағымдағы жылы Алматы қалалық ТЖД Қ. Сатпаев атындағы ҚазҰУ-мен бірлесе отырып, оқу үрдісіне оқытудың логистикалық жүйесін енгізе бастады. Бұл жүйе бойынша сәуір айында Алматы қаласының студенттік құрамының қатысуымен тактикалық арнайы оқулар өткізілді. Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар мәселелері бойынша сабақ жүргізетін мамандардың айтуынша оқытудың бұл түрі дайындық сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Су тасқыны болуы қаупі бар аймақтарда орналасқан ұйым, оқу орындарында жылына 1 рет сел басталуы кезеңінің алдында дайындық жүргізіледі. Дайындықтың негізі практикалық оқулар және тактикалық арнайы оқулар болып табылады. Азаматтық қорғаныс құрылымдарының жеке құрамы кешендік оқытуларда нысандық дайындықтарға, топтық-штабтық оқуларға, сейсмо-сел дайындықтарына, апаттық жағдайлар бойынша дайындықтарға қатысады. Қорыта келгенде, төтенше жағдайлар саласында халық пен басшыларды оқытуды ұйымдастыруды жақсартудағы министрліктің алдындағы маңызды міндет республикалық дайындық курсының басқару құрамы мен министрліктің аумақтық органдарында тыңдармандармен жүргізілетін оқытудың сапасын арттыру болып табылады. Оқыту үрдісі барысында қазіргі ақпараттық технологияларды, компьютерлік оқыту бағдарламаларын, түрлі ойындар, бейбіт және соғыс кезіндегі төтенше жағдайлар барысында іс-әрекет дағдыларын жандандыру бойынша тренажерлерді кеңінен пайдалануымыз керек деп есептейміз. Бүгінгі күні жалпы білім беретін мекемелердегі “Өмір сүру қауіпсіздігі негіздері” пәнін оқыту формасы бізді қанағаттандырмайды. Сондықтан осы мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сейітқажы ОҚАСОВ, Төтенше жағдайлар министрлігінің аппарат басшысы.* * *
ТОҒЫЗ АЙДЫҢ ТОЛЫМДЫ ТАБЫСТАРЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдары ел Үкіметінің әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа қарсы жедел қабылдаған іс-қимыл бағдарламаларының арқасында экономикамыз күрделі қиындықтарға ұрынған жоқ. Кейбір дамыған елдердің өзі рецессияға ұшырап жатқанда, еліміз бұрынғы жылдардағыдай даму қарқыны жоғары болмағанымен, 2009 жылды табысты аяқтады. Жыл қорытындысындағы оң сальдо дағдарыстан кейінгі 2010 жылды тың қарқынмен сәтті бастауға мүмкіндік берді. Міне, осының нәтижесінде Қазақстан экономикасы үшін биылғы жыл жаңа даму дәуірінің тұғырлы бастауына айналған сияқты. Оны өткен тоғыз айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы нақты айқындады. Осы жерде тағы бір ерекше атап көрсететін мәселе, еліміздің дағдарыстан кейінгі даму деңгейіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырыла бастаған Қазақстанның 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да игі ықпал етіп отыр. Атап көрсетер болсақ, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында ғана еліміз бойынша технологиялық жағынан алғанда бүгінгі еуростандарттарға толық жауап беретін 72 ірі кәсіпорын іске қосылып, мыңдаған адам жаңа және тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. Сонымен өткен тоғыз айдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері не дейді? Осы маңызды мәселеге байланысты Премьер-Министр К.Мәсімовтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында сөз алған барлық министрлер мен сала басшылары дағдарыстан кейінгі даму үрдісінің алғашқы мәресі болып табылатын биылғы жылдың тоғыз айында ел экономикасының барлық салалары бойынша жоғары даму нәтижелеріне қол жеткендігін атап көрсетті. Экономикамыздың тұғырын құрайтын негізгі 6 саланың: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік және байланыс салаларының даму динамикасын айқындайтын қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскен. Қазақстанның экспортқа бағытталған өнімдеріне әлемдік рыноктағы бағаның жоғарылауы, дағдарыстан кейінгі дамуға байланысты ішкі сұраныстың өсуі өнеркәсіп өнімі көлемінің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға артуына ықпал етті. Жалпы алғанда, тоғыз айдың ішінде Қазақстанның өнеркәсіп орындары 8,4 трлн. теңгенің өнімін шығарды. Нақты көлем индексі 110,4 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі Ақмола облысы бойынша 125,3 пайыз, Алматы қаласы бойынша 125 пайыз, Павлодар облысы бойынша 124,7 пайызға жетті. Осы мерзімде қайта өңдеу өнеркәсібі 2,6 трлн. теңгенің өнімін шығарып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнім шығару көлемін 19,1 пайызға арттырған. Оның ішінде химия өнеркәсібі 70,5 млрд. теңгенің, мәшине жасау саласы 230 млрд. теңгенің өнімдерін шығарған. Тау-кен саласының кәсіпорындары 5,2 трлн. теңгенің өнімін шығарды. Бұл ретте өткен жылмен салыстарғанда темір кенін шығару 17,8, көмір және лигнит шығару 2,3 пайызға ұлғайды. Атом өнеркәсібі тоғыз айдың ішінде 12514 тонна уран өндірді. Ал электр энергиясы саласында 505,6 млрд. теңгенің қуаттары өндірілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан еліміздің аграрлық саласы бұрынғы даму қарқынын біршама сақтады. Биыл астықтың бункерлік салмақтағы жалпы түсімі 13,6 млн. тонна болды. Сонымен бірге еліміздің ішкі рыногының сұранысын қанағаттандыруға толық жететін майлы дақылдар, күріш және басқа да өнімдер жиналды. Есепті кезеңде ет өндіру көлемі 4,1 пайызға, сүт – 1,5, жұмыртқа – 12,6, жүн өндіру 3,6 пайызға өскен. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында сыртқы сауда айналымы 27,6 пайызға өсіп, 55 млрд. АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 52,3 пайызға артып, 38,4 млрд. доллар болса, импорт көлемі 16,6 млрд. долларды құрады. Есепті кезеңде өткен жылмен салыстырғанда импорт көлемі 7,2 пайызға төмендеген. Бұл негізінен елімізге әкелінетін инвестициялық тауарлардың азаюының салдарына байланысты болды. Жалпы алғанда биылғы қаңтар-тамыз айларындағы сауда балансы 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есе артқан. Отандық экономикамыздың тұрақты өсу жолына түсуіне Кеден одағының арқасында қол жеткен тауар өткізу рыногының кеңеюі игі ықпал етіп отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айы ішінде Қазақстанның Ресеймен сыртқы сауда айналымы 8,5 млрд. доллар, Беларусь Республикасымен 300 млн. АҚШ долларын құрап, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тиісінше 11,8 және 5,6 пайызға артқан. Тоғыз ай ішінде еліміз мұнай және газ экспорттауды 5,9 пайызға арттырды. Мұнай өндіру компанияларының деректері бойынша, 2010 жылдың тоғыз айы ішінде елімізде 58,9 млн. тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген. Оның 52,9 млн. тоннасы экспортқа шығарылған. Бұл 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,9 пайыз болды. Жоспар бойынша биыл еліміз 80 млн. тонна мұнай және газ конденсатын өндіріп, оның 73 млн. тоннасын экспортқа шығармақ. Биыл отандық 3 мұнай өңдеу зауыты 13,1 млн.тонна шикі мұнай өңдеп, 2,8 млн.тонна бензин, 3,9 млн.тонна дизель отынын өндірмек. Есепті кезеңде еліміз бойынша 27,2 млрд. текше метр табиғи газ шығарылған. Меже бойынша биылғы жылы барлығы 37 млрд. текше метр табиғи газ шығарылады деп күтілуде. Қаржы министрінің мәлімдеуінше, биылғы жылдың тоғыз айында мемлекеттік бюджетке 2 995,6 млрд. теңге қаржы құйылған. Осы кезеңде бюджет шығыны 3 443,1 млрд. теңгені құраған. Яғни, бюджет тапшылығы 447,5 млрд. теңге болып отыр. Тоғыз айдың ішінде барлық салық түрлері бойынша мемлекеттік бюджетке 1 970,5 млрд. теңге салық түскен. Бұл – жоспарда көрсетілген межеден 166,8 млрд. теңгеге, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 406,5 млрд. теңгеге артық. Корпоративтік табыс салығы бойынша бюджетке 156,4 млрд. теңге қаржы түскен. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 86,3 млрд. теңге болған. Яғни, өсім 81,2 пайызды құрап, еліміздің экономикасының биылғы жылғы қарқынды өсу деңгейін айқындады. Бюджетке түскен қосымша құн салығы 479,8 млрд. теңге немесе жоспардың 111,6 пайызы мөлшерінде болды. Сол сияқты бюджетке түсетін салықтың басқа түрлерінің де өсу динамикасы байқалды. Тоғыз ай ішіндегі жергілікті бюджеттердің табысы жоспардағы 1 782,9 млрд. теңгенің орнына 1 804,7 млрд.теңге болды. Ағымдағы жылдың тоғыз айында республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге 596,8 млрд. теңге мақсатты трансферттер бөлінді. Бүгінгі күнге дейін оның 548,9 млрд. теңгесі игерілді. Осы мерзімде республикалық бюджеттен “Жол картасы” шараларын қаржыландыру үшін өңірлерге 91,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, оның 88,7 млрд. теңгесі игерілді. Осы жерде атап өтетін бір мәселе, “Жол картасы” бойынша бюджет қаржысы бөлініп отырған негізгі салалар, қалаларды және елді мекендерді абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қайта құру және дамыту болып отыр. Осы мақсаттар үшін 2010 жылы республикалық бюджеттен 32,8 млрд. теңге қаржы бөлінбек. 2010 жылы республикалық бюджеттен “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын іс жүзіне асыру үшін 14,0 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін республикалық бюджеттен 2,8 млрд. теңге, индустриялық инфрақұрылымды дамыту үшін 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде үстіміздегі жылдың екінші жарты-жылдығында технологиялық жарақтандырылуы жоғары, жалпы құны 459 млрд. теңге тұратын 80-ге жуық жаңа кәсіпорын іске қосылуға тиіс. Қазіргі күнге дейін оның ішіндегі 7 ірі жоба іске қосылды. Жыл аяғына дейін қалған 65 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл ретте Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың барлығы қаржымен толық қамтамасыз етілгендігін ерекше атап көрсету керек. 2020 жылға дейінгі елімізді дамытудың үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы шеңберінде іске қосылатын бұл озық өндіріс ошақтарының ел экономикасының ертеңгі болашағына серпінді тұғыр болатындығы даусыз. Ел экономикасының осы тоғыз ай ішіндегі даму қарқынын жыл аяғына дейін сәтті жалғастыру мақсатында мынандай келелі іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Біріншіден, үстіміздегі жылы басталған елдің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде Индустрияландыру картасына енген жобаларды жүзеге асыруды толық қамтамасыз ету керек. Екіншіден, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен қатар, Үкімет кәсіпкерлік саланың дағдарыстан кейін дамуына және жаңа бизнес бастамаларды, оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау үшін “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру қажет. Бүгінгі күнге дейін осы бағдарлама шеңберінде жалпы несие көлемі 64,3 млрд. теңге болатын 111 жоба мақұлданып отыр. Үшіншіден, бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасау үшін арнайы жасалған заң жобасын кешіктірмей қабылдау қажет. Ең бастысы, Кеден одағы шеңберіндегі интеграция мен сауда қатынастарын одан әрі кеңейтуге жол ашып отырған жаңа мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып, еліміздің экспорттық әлеуетін барынша арттыру керек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.* * *
КОММУНАЛДЫҚ САЛАҒА НАЗАР
Астанада “Көрме” көрмелер орталығында “Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы: проблемалар, оларды шешу жолдары және сала келешегі” атты алғашқы халықаралық конференция мен “ТКШ-ЭКСПО-2010” көрмесі өтті. Аталмыш саланың ашылу салтанатына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев қатысты. Сондай-ақ конференция жұмысына ТКШ саласындағы белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар, коммуналдық кәсіпорындар мен пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) басшылары, ғалымдар қатысып, салаға қатысты түрлі ой-пікірлерін ортаға салды. Басқосудың басты мақсаты – ұзақ мерзімді іскерлік байланыстар орнату мен тәжірибе алмасу, саладағы күрделі мәселелерді шешудің жолдарын бірлесіп талқылау болып табылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ел экономикасының маңызды бөлігі десек, бұл салада 2 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етеді. Олардың 60 пайызы коммуналдық меншікте. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 200 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ел ІЖӨ-сіндегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының үлесі – 5,4 пайыз. Аталған саланың тұрақты түрде қызмет етуі мемлекеттің дамуында ерекше орын алады, дейді ұйымдастырушылар. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Үкімет 2020 жылға дейін ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын мақұлдаған. Осы бағдарламаны іске асыру тетіктері де халықаралық конференцияда талқыланды. Конференциямен қатар өткен “ТКШ- ЭКСПО-2010” көрмесіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы ғылыми жетістіктер мен инновациялық технологиялар қойылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сумен жабдықтау, жылу электр энергиясы, газбен жабдықтау саласында жұмыс істейтін компаниялар мен кәсіпорындар да өз жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Көрмеден көздің жауын алар тұрғындар тұтынуға қажетті түрлі дүниелерді де көптеп кездестіресіз. Соның бірі керамикалық тандыр пеші дер едік. Негізі Ресей өнімі саналатын бұл пештің үлкен түрінен бастап шағын бес-алты түрі қаздай тізіліпті. Балық, тауықтан бастап, кәуап, қой еті мен көкөністерді арнайы дәмде пісіретін мүмкіндіктері де молынан екен. Бұл пештің Астанадағы сатушы мамандары Дмитрий Овчаренко мен Петр Чайлинский оны қалай пайдалану мен сатып алу үшін қолдарынан келген кеңестерін беруге қашанда әзір. Оны біз осы керамикалық пештің қыр-сырымен танысқысы келген кез келген жанға жалықпай жауап беріп жүргендерінен анық байқадық. Байқап қана қоймай, көрменің жоғары деңгейде үлкен дайындықпен ұйымдастырылғанына да көз жеткіздік. Аталмыш қос шараны ұйымдастырушылар, бұйыртса, мұндай үлкен шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген үмітте екендіктерін айтады. Ал оны тамашалаған жұрт тілегі де осыған саяды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.* * *
ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ЖЕТІСТІГІ
Үкімет басшысы К.Мәсімовтің қатысуымен тікелей режімде Алматы қаласында 700 мегагерц жиіліктегі LTE технологиясы бойынша 4G стандартының іске қосылғаны туралы бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Олай болса, бұл жаңа жүйенің ерекшелігі неде? Жаңадан өмірге енгізіліп отырған LTE жүйесінің қолданылу аясы өте кең. Мәселен, ол арқылы телемедицина, қашықтан оқыту және басқа да ел өмірі үшін маңызды салаларда сапалы қызмет көрсетуге болады. Аталмыш жүйе арқылы, яғни қызметтің осы түрінің көмегімен интернет арқылы жоғары жылдамдықтағы байланысты жолға қоюдың да мүмкіндіктері мол. Сонымен қатар, ол үзіліссіз жұмыс істеуге де қолайлы жағдайлар туғызбақ. Атап өтер жәйт, Қазақстан әлемдік телекоммуникация рыногындағы осынау соңғы жаңалықты алғашқылардың бірі болып енгізіп отыр. Қазақстандық LTE байланысы – посткеңестік елдер ішіндегі 7000 мегагерц диапазонында жұмыс істей алатын алғашқы жүйе. Бүгінде 4G байланыс жүйесі Швейцария мен Норвегияда қолданылады. АҚШ-тың өзі оны алдағы қараша айында енгізуді жоспарлап отыр. “ВымпелКом ЛТД” компаниялар тобының ТМД елдері бойынша бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Д.Кромскийдің айтуынша, 2015 жылға қарай байланыстың осы түрін қолданушылар саны 4 миллион адамға жуықтайтын көрінеді. 4G байланысын қолданысқа кеңінен енгізу бағытында Қазақстан Үкіметінің басшысы Байланыс және ақпарат министрлігі алдына нақты міндеттер белгіледі. Ең бастысы, аталған қанатқақты жоба мерзімі елімізде өтетін ЕҚЫҰ саммиті мен Қысқы Азия ойындары кезеңдеріне дейін ұзартылатын болады. С.АЛМАСОВ.* * *
ҮНЕМ ҰҚЫПТЫЛЫҚҚА БАСТАЙДЫ
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновтің қатысуымен Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының жаңғыртылуына қатысты, энергия ресурстарын үнемдеу, оның үлестік пайдалану шығындарын төмендету мәселелерін түсіндіру жөнінде жиын өтті. – Теңестірілген тарифтерді енгізу электр энергиясын 150 миллион квт/сағат шамасында, көмірді 30 мың тонна, яғни 500 вагондай үнемдеуге мүмкіндік берген. Мұның өзі ауаны ластайтын күл-түтіннің 13,5 мың тоннаға төмендеуіне септігін тигізген. Еліміз бойынша алғанда жаңа тарифтің арқасында түскен пайда 2 миллиард теңгеден асып түсті, тұтынушылар үнемдеген ақша осындай, – деді Нұрлан Алдабергенов. Үнемдеу жағынан Қостанай облысы да артта қалған жоқ. Әсіресе, оған тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсетіп отырған “Қостанай-су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, “ҚостанайЭнергоОрталығы” ЖШС, “Қостанай жылу-энергия компаниясы” мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны жақсы үлес қосты. Олардың жөндеу-ауыстыру, техникалық ысыраптарды болдырмау және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарының арқасында теңдестірілген тарифті енгізуден электр энергиясы бойынша 30 миллион теңге пайда түскен. Ал суды үнемдеуден 17,6 миллион, жылуды үнемдеуден 77 миллион теңге пайдаға қол жеткізді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.