• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2010

Келімсектер келген еліне судай сіңсе игі

831 рет
көрсетілді

Германия үкіметінің басшысы Ангела Меркельдің иммигранттардың өздерін қабылдаған елдің өміріне сіңісіп кетуі жөн деген сөзі ел ішінде де, сондай-ақ сыртта да, әсіресе Еуропа елдерінде біраз әңгімеге арқау болды. Оның да жө­ні бар. Имми­грация мәселесі Еуро­паның көп­теген дамыған елдері үшін про­блемаға айналып отыр. Және де бұ­ған де­йін Ан­гела Мер­кель иммигрант­тарға төзімділік­пен қарау керек, қолдан келгенше жағдай жасау керек деген пікірде болған, мульти­культурализм идея­сын қолдап келді. Бұл идеяның мәні мынада: мәдени және этностық топтар­дың өз мәдени, салт-дәстүрлерін сақтап, дамыту­ларына мүмкіндік беру қажет. Ангела Меркель бұл идеядан бас тартты. Оны Христиан-демо­краттар одағы (ХДО) партиясы жастар ұйымының съезінде сөйлеген сөзінде арнайы тоқтап айтты. “Біз мультикультурализм идеясына сүйеніп, қатар өмір сүреміз, бір-бірімізді қолдап отырамыз деп ойлап едік, ал бұл болмайды екен, мүлде болмайды екен”, – деді канцлер. Сонда не істеу керек дегенде, ол ойын айқын жеткізді: біз шетелдіктердің келгенін құптау­мен қатар, оларға қатаң талап та қоюымыз керек, деді үкімет бас­шысы. ГФР-де тұрған шетелдік­тер елдің заңын сақтаумен қатар, неміс тілін де білуге тиіс, сондай-ақ хрис­тиандық құндылықтарды сыйла­май­тындарға бұл елде орын жоқ. Канцлердің ойынша, им­ми­гранттар неміс қауымына кірі­гуге ұмтылуға міндетті. Өз еріктерімен келген соң, осында тұрған соң, олардың мақсат-мүддесі жергі­лікті халықтың мақсат-мүддесі­мен сай болуға тиіс. Мұндай та­лап­ты жүзеге асыру жақын бола­шақтағы саяси міндетке айналмақ. Неге ГФР канцлері өз пікірін күрт өзгертті деген сұраққа жұрт жауап іздейді және әртүрлі бол­жам айтады. Шын мәнінде қазір көп елдерде иммиграция мәселесі айрықша өткір қойылып отыр. Оны реттеп отырмаса, елге экс­тре­мистік элементтердің де, қо­ғам­ға масыл болатын топтардың да келуі айтар­лықтай ауырт­палық тудыра­ды. Осы жай үкімет басшысын мық­тап ойландырса, оған түсініс­тік­пен қарауға да болар. Бұл – бірінші­ден. Екіншіден, ал­дағы көктемде – сайлау. Жұрттың көңіл күйіне де қарау керек. Қазір неміс қоғамында иммигранттарға теріс көзқарас ай­тар­лықтай. Бір жа­­ғынан оған ке­лімсек­­тердің де іс-әрекет, қылық­тары да себепші. Өз елдеріндегіден мұнда әлдеқай­да көбірек табыс тауып, неміс қоға­мы­ның жемісін жеп отыр­ған­дарына қарамай, олардың бөлі­ніп, өздерінің тек­теріне тар­туы жер­гілікті халықтың қарсы­лық сезімін тудырады. Мұны елемеген жағдай­да кез келген партия сайлау кезін­де біраз дауыс­тан айырылуы мүм­кін. Ангела Меркель де өз партия­сының мүддесін ойлауға тиіс. Осы жерде мына мысалға тоқтала кеткен жөн. Жақында Германия мен Түркия футбол ко­ман­далары кездескенде, жергі­лікті құрамадағы тегі түрік бол­ған­мен, осында туған Месут Озил қарсы­ластарының қақпа­сына гол соқ­қанда, стадионға көп жинал­ған иммигрант түріктер ызалы айқайға басқанда, оған немістер де, Герма­ния азамат­тары бола тұрып, неге басқаға бүй­ректерің бұрады деп ызыланған. Өз халқының саны Еуропа­дағы ең көп болғанымен, Гер­манияға да сырттың жұмысшы күші, иммигрант-жұмысшылар келгені керек. Және аз да емес, жыл сайын жарты миллиондай адамның келгені керек. Бұрын­дары келгеніне рахмет десе, енді айтарлықтай талап қоймақ. Тілі­мізді білесің, неміс қауымына кірігесің, дейді. Мұндай талапты қабылдағысы келмегендерге есігін жаппақ. Талап күшейгенмен, бұл елге келгісі келетіндер азаймас. Германия – жетекші ел. Оның жолына басқалар құрметпен қарайды. Сірә, еуропалық елдер өздерінің миграциялық саясатын қатайта түсетін болар. Бұған дейін Францияның өз елінен сығандар­ды қуып шыққанын біраз жұрт айыптағандай болса, енді Гер­манияның иммигранттарға тала­бын күшейткенінен кейін бұл проблемаға қатысты саясат айтарлықтай өзгерер. АТТАН ТҮСКЕНГЕ СӘЛЕМ СЕЛСОҚ БЕРІЛЕДІ Сірә, Мәскеу қаласының мэрін ауыстыру Ресейде ел басшысын ауыстырудан да көбірек сөз болған шығар. Әңгіменің айтылғаны қашан. Лужков кетті, Собянин сайланды, бірақ әңгіме бітер емес. Мәскеудің мемлекет ішін­дегі мемлекет сияқты екені де рас. Оны кім бас­қаратыны да маңызды. Тіпті жұрт оған кімнің келуіне байла­ныс­ты Путин мен Медведевтің қай­сысының беделі көтерілетінін де аңғармақ болған. Кезінде Мәскеу басшысы Борис Ельциннің КСРО-дай құдіретті елдің басшысы болған Михаил Горбачевтің түбіне жеткенін де жұрт ұмытпағандай. Юрий Лужков Мәскеуді ұзақ басқарды. Ел басшылары ауысып жатқанда, ол ауысқан жоқ. Әлі де ауысқысы келмеген, бірақ оны ауыс­тырды. Сірә, оны ауыстыру да оңай болмағандай. Алдымен ауыс­тыру жөнінде оған емеурін біл­дірілді. Лужков оны ұқпады емес, жақсы ұқты. Татарстан бас­шы­сы Минтемир Шаймиев пен Баш­құртстан басшысы Мұртаза Рахимовтың қалай кет­кені де үлкен сабақ еді. Лужков өзін қол­дау­шыларға көбірек сеніп қалған­дай. Ол Путиннің сенімін ақтаған­мен, Медведевтің сенімін ақтай алмады. Осыдан тура бір ай бұрын, қыркүйектің соңында прези­денттің “сенімін ақтамағаны үшін” сол президенттің жарлы­ғы­мен орнынан алынды. Әйтеуір кететінін білген соң, абыроймен кетуі керек еді-ау дейді жұрт. Абы­роймен дегенде, өз өтініші­мен, ел басшылығына рахметін айтып, арқа қағысып дегендей кеткенде, аттан түскендей болмас еді-ау дегенді айтады. Алдымен оны ақпарат құрал­дары арқылы қаралау басталды. Сонда Лужковты жақтайтындар ара түсе алмады. Содан кейін-ақ оны әшкерелеушілердің жарысқа түскені бар. Тіпті мэрдің коман­дасында болғандардың өздері Мәскеуде орын алған кемшілік­терді тауып жатты. Бұл жерде біз әсте де Луж­ковқа ара түскелі отырғанымыз жоқ. Оның көп ісі бізге де жұмбақ. Бізді қы­зықтыратын да, көзге айқын көрі­нетіндей жай – бұл жұрт­тың екі­жүзділігі. Аза­мат аттан түс­кен соң, оған жұрт­тың сә­лемі де өз­герді. Қа­рап тұр­саң, бір адам, бір Лужков. Арасы бір-екі айдың ішінде ол тым өзгере қой­ған жоқ. Ал оған деген сәлем өзгерді. Кешегі құдіретті Мәскеу мэрінің кемшіліктерін көргіштер көп, сынаушылар жетерлік, әшкере­леу­шілер де табылып отыр. Ең сорақысы – солардың арасында оның бұрынғы достары жүр. Кезінде өзі құрған “Спра­ведливая Россия” партиясының басшылары оны жауап беруге шақырды. Лужков барған жоқ. Енді сот арқылы шақыруы мүм­кін. Мәскеуге мэр болуға үміт­кер­дің бірі Александр Лебедев өздерін қоя тұрып, өткен айда Лондон сотына Лужков пен оның әйелі кәсіпкер Елена Батурина­ның қызметін тексеру жөнінде шағым түсірді. Тағы біреулердің ұйымдас­тыруымен Мәскеу ма­ңынд­ағы Речник поселкесінің тұр­ғындары да сол Лондон соты­на Лужковтың үстінен шағым бермектігі белгілі болды. Ал әзірге Лужков Лондонға барған жоқ. Тек сонда бару ниеті барлығын аңғартып отыр. Ағыл­шын елшілігінен виза алуға бар­ған көрінеді. Виза беріліп, ол Лон­донда тұруға барса да, онда да оған тыныш өмір бола қоймайтын сияқты. Лондон қазір қашқандар­ға пана жер болып отыр. Басқа­сын айтпағанда, олар сонда қа­шып барғандарды ұстап алып, кері қайтармайды. Байлар­дың, бе­де­лді саясаткерлердің келгені­нен оларға зиян жоқ, қайта олар­дың шашқан дүниесі­нен пайда бар. Жасы келген адамның туған жеріне сыймай, шетел аспақтығы оның өзіне қасірет болса, оны сыйдырмаған отанына да абырой емес. Соған қарап елге де баға беріледі. Мамадияр ЖАҚЫП.