• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2010

Шырайлы Шымкенттің шуақты шағы

764 рет
көрсетілді

ҚОҢЫР КҮЗДЕ БІР ҚЫЗҒАЛДАҚ БҮР ЖАРДЫ Елбасы Оңтүстікке іс са­па­рымен кел­генде Шым­кентті “Шырайлы Шымкент шаһары” деп атау керектігін айтқан еді. Ра­­сында, қазақ халқының та­мырын те­рең­ге тартқан көне қала­ла­ры­ның бірі – Шым­кент соңғы жылдары атына заты сай қала болып келе жатыр. Ха­лық­қа керекті жауһар нысандар бі­рі­нен соң бірі іске қосылып келеді. Бүгінде қаланың 30 па­йыз­ға жуығын жастар құрайтынын ескерсек, оларға оқу, жұмыс­тан тыс уақытта еркін дем ала­тын­дай орталықтар әбден керек. Облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метов қаланы абат­тандыру ісіне ерекше мән беріп келеді. Саябақтар, гүлзарлар жөн­деліп жатыр. Жастар орталығы пайда­лануға берілген. Қаланың әрін кіргізіп “Шәмші гүлзары” ашылған. Он жеті мың студент оқитын М.Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан мемле­кет­тік универси­тетіне жақын жер­де бір алаңқай бар еді. Биз­нес­тің әлеуметтік жауапкершілігі ар­қасында осы жерде алып қыз­ғалдақ пайда болған. Ал­қызыл. Қысы-жазы сол­май­тын. Үсік ұрмайтын. Жан-жа­ғынан субұрқақ атқылап тұ­ратын жа­сан­ды қызғалдақ Жастар аллея­сы­ның ортасында тұр. Жастар аллея­сының ашылу сал­танатында ОҚМУ ардагерлер ке­ңесінің төрағасы Мамадияров Сейітбек пен осы универ­си­теттің филология фа­куль­­тетінің І курс студенті Умида Жүсіп­бекова сөз сөй­леп, жастарға жасаған жақ­сы­лық­тар үшін облыс әкімдігіне рахмет айтты. Қызғалдақ – жастықтың, бал­­ғындықтың, нәзік маха­б­бат­тың, берік достықтың белгісі. Бүгінде голланд қызғал­да­ғы деп дү­ние жүзі атап кеткен Грейг қызғалда­ғы­ның түп-тұқияны қазақ жерінен баста­ла­тындығын ғалымдар әлде­қа­шан дәлел­деп қойған. Да­ла­ның табиғи қызғал­дағын гол­лан­дықтар будандастарып, көз тартар буынын шығарған екен. Облыс әкімі осы жағдайды айтты. Қызыл қызғалдақпен көм­керілген Жастар алле­я­сы­ның Қазақстанның ертеңі – жас буынға қызмет ететіндігін ай­тып, олардың отаншыл, мем­лекетшіл болып өсуіне тілек білдірді. Жастардың елжанды азамат болып қалыптасуы үшін оларға жағдай жасап, қамқорлық көрсету біздің басты мінде­тіміз, – деді облыс басшысы. Осы орай­да бүгін пайдалануға беріліп отырған “Жастар ал­лея­сы” бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі аясында салын­ды. “Айжамал” ЖШС мен “Ақжол” ЖШС 10 млн. теңге қаржы бөліп, облыс орта­лы­ғындағы жас­тарға тарту етті. Бұл аллеяның құрылысы 2009 жылдың жетоқсанында баста­лып, осы жылдың қыр­кү­йе­гінде аяқталды. Сонымен қатар, осы аллея жа­нын­дағы бұрынғы орталық субұрқақтың кескін-келбетін өзгертіп заман талабына сай қайта салуға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ая­сын­да 21 ұйым мен мекеме 52 млн. теңге қаржы бөлді. Орталық субұрқақтың бас мердігері “Шым­кент­жил­строй” ЖШС 2010 жылдың нау­­рызында құрылыс жұ­мыс­та­рын бастап, қазан айында аяқтады. Бұл субұрқақтың Қызғал­дақ түрінде бейнеленуінде үлкен мағына жатыр. Қыз­ғалдақ ерте көктемде тіршілік пен табиғат ананың жаңарған кезінде гүл ашып, даланың ажарын келтіреді. Жастар аллеясы мен орта­лық субұр­қақ облыс орта­лы­ғының тұрғындары мен қо­нақ­тарына, әсіресе жастарына қуаныш сыйлап, қаламыздың шырайын аша түсетін демалыс орны, жастардың мекені бола­тынына сенімдіміз. Осылай деп сөзін қорытын­дылаған облыс басшысы Жас­тар аллеясы мен орталық субұрқақты салуға атсалысқан фирмалар мен серіктестік бас­шыларына алғыс хат тапсырды. ДЕНДРОБАҚТАҒЫ “ЖАС ЖҰБАЙЛАР” АЛЛЕЯСЫ Қоғам қайраткері Асанбай Асқаров­тай арда азаматтан қалған көзі тірі ес­керт­кіштердің бірі – дүние жүзінде си­рек өсетін мыңдаған тал-дарақ­тар­дың орта­лы­ғына айналған дендро­бақ көп уа­қытқа дейін қараусыз қалып келген еді. Қаржы жетімсіз болды ма, әлде бас­шылар аса маңызды іс қа­тарына жатқызбады ма, әйтеуір күтім көрмей ұйыса өскен бақ ит тұмсығы батпас қалың жы­нысқа айналып бар жатқан. Күн­діз болмаса қала тұр­ғын­дары көр­дей қарағылық төбеден ба­сатын дендробаққа түнде аяқ бас­пайтын. Жол торы­ған қарақ­шы­ларға, ниеті бұзықтарға жем бо­лудан қорқа­тын еді. Қазір са­маладай жарық. Күн­діз де. Түнде де. Шымкенттің ажа­рын ашу жо­лында жемісті жұмыстарды қолға алған Асқар Мыр­захметов ден­дро­бақ­тың екінші ты­ны­сын ашты. Республикамыздағы теңдесі жоқ ден­дро­саябақ Оңтүстік Қа­зақ­станның мақ­та­ны­шы ғана емес, қала тұр­ғындары мен қо­нақ­та­рының мә­де­ни дем­а­лыс орны, сту­денттер мен мек­теп оқу­шы­ла­рының практикалық са­бақ­та­ры мен оқу-тәжі­ри­бе жұ­мыстарын өт­кізетін бірден-бір орыны. Облыс әкімінің бас­тама­сы­мен Шым­кент мемлекеттік ден­­­дро­логиялық сая­ба­ғын абат­тан­дыру жұмыстары жалға­сын тауып келеді. 2009 жылы жалпы со­масы 167 мил­ли­он­нан астам теңгеге қайта жөн­деу, абат­тан­дыру жұмыстары жүргізілсе, 2010 жылы 242,3 млн. теңгеге мердігер “Строй-сервис-7” ЖШС бекі­тілген жо­баға сәйкес демалыс кешені мен көл ма­ңын абаттандыру, қалыпқа келтіру жұ­мыс­тарын атқарды. Абаттандыру жұмыстары бо­йын­ша көл бойындағы тірек қа­быр­ғаларға құй­матас құю және қалпына келтіру жұмыс­та­ры жүр­гізіліп, көл үстінен жаяу жүр­гін­ші көпірі құрылды. Көл маңы жалпы көлемі 9000 шар­шы метр тақтамен көмке­ріліп, 228 дана жарықтандыру фонары мен демалушыларға арналған 59 дана орындық орнатылды. Мұнда жас жұбайлар мүсіні, субұр­қақтар және арындап бас­та­­лып, айдын көлге ай­на­латын “Махаббат патшалығы” сарқыра­масы бар. Табиғат кереметінің бірі – жан-жа­ну­арлар болғандықтан осы кереметтей та­би­ғаттың ұй­ыт­қысы болып отырған ден­дро­саябаққа еліктер мен теңбіл бұғылардың жұп­тары және он тауыс құсы арнайы жасал­ған вольерлерге жіберілген. Дендробақтағы “Жас жұбай­лар аллея­сы” республикаға бел­гілі сәулетші Ба­қытжан Әшір­баев бастаған сәулет­ші­лердің жемісі. Көркем. Жас жұбай­лар­дың туған қаласына, еліне деген сүйіспеншілігін, мақ­т­анышын артты­рардай кейіпте. Айды қайық қылып мінген екі жас бейне­ленген су бұрқақтан басталған өзен платформа арқылы құлап ағып, аңғардағы көлге сарқы­рама болып құйылады. – Биыл көлге балық жіб­ердік, келер жылы қармақпен балық аулауларыңа болады, – дейді Асқар Исабекұлы. Қазақтың мықты ақында­ры­ның бірі Аманхан Әлімнің елге келгендегі дема­лы­сы Қожатоғай ірге­сінен ағып жатқан Сыр­дарияға қармақ салып балық аулау екен. Сөйтіп, түтіннен кө­кі­регі қысылған Ал­ма­тысына жаны жасарып, көкірек сарайы та­заланып, шабыты бойына сыймай қуанып қайтар екен. Сол Аманхандар осы Шым­кент­тің өзінде де көп. Бір шақы­рым­нан молынан асатын шағын көл­шікте қайық мініп, тау бұла­ғын­да өскен патша балықты қар­мағына қаптырғанға не жетсін. “Жас жұбайлар” аллеясының ашылу салтанатына бірнеше жұп келген екен. Облыстық мәслихаттың хатшысы Әбіл­қа­сым Досболов оларға ескерткіш сыйлық тапсырды. Алтын тойын тойлау қамында жүрген Қасым аға мен Шәрипа ана жас отбасыларға баянды бақыт тіледі. Біз олардың бірі – Талғат және Ме­ру­ерт Монтаевтарды әңгімеге тартқан едік. – Дендросаябақ Шым­кент­тің ең бір шырайлы демалыс орындарының біріне айналды, – дейді Талғат Монтаев. – Бізге Нью-Йорк та, тұманды Альбион да керек емес, өз Шым­кентіміз қымбат. Біздің Шым­кент соңғы жыл­­дары жақ­сы жа­ғынан қатты өзгерді. Сол үшін об­лыс басшы­лы­ғындағы ағаларымызға рахме­ті­міз шексіз, – дейді. Дендробақтан ақ­иық ақын, Оңтүс­тік­тің жұрты еркелетіп “Хан қызындай Хан­би­бі” атандырған Хан­б­ибі Есенқа­рақызы және мемлекеттік сәу­лет-құрылыс бақылау бас­қа­р­ма­сының бастығы Сұлтанбек Сүгірбаев үшеуіміз бір мәшине­де қайттық. Облыста жасалып жатқан жұмыстар сөз болды. – Облыс әкімі өзі де дем алмайды, бізді де дем алдыр­майды, – дейді өкіні­ші­нен гөрі сүйініші басым дауыспен Сүгірбаев Сұлтан ағам. – Тапсырманы орындау үшін ертелі-кеш тепеңдеп жүреміз. Біз ғой, көпті көрген­біз, тәжірибеміз бар, мінде­ті­мізге сергек қараймыз. Жастар жағы кейде алдаймын деп опық жеп жатады. “Даңқ” аллеясының өзі неге тұрады. Оңтүстіктен майданға аттанған жауын­гер­лердің есімдері түгендетіліп, ескерткіш тақтаға жазылды. Қазақстанның Германияға көшіп кеткен бір азаматтың осы “Даңқ” аллеясына келіп, әкесінің аты-жөнін тауып, ағыл-тегіл жылағанына куә болдым. Мыңдаған әруақтардың есімі ардақталды. Үрім бұтағы арнайы келіп құран оқытып жатады. Бұл бір игілікті іс болды. – “Үлкен пышақ ұялға­ны­нан өтеді” деген бар, – дейді Хан қызындай Ханбибі. – Со­ған құсап жатырсыздар ғой. Жұ­мыстың аяғына жеткені халыққа жақсы. “Осындай жақсылықтарды жазсаң­даршы” деп бізді де қамшылап қояды. Елге жасалған жақсы­лық­тарды жазса “Егемен” жазсын. Халықтан алдымен сүйінші сұрайтын осы ата газет қой. …Ақын апам осы сөзін тау­дай игі­ліктерден тебендей жақсылық көрмей, көзіне қара көзілдірік киіп алатын, қара аспанды суға алдырып, өз елін өзі жау көріп күңіреніп жүретін басылымдарға айтса болар еді. СПОРТТА ШЕКАРА БОЛМАЙДЫ Дәл осы күні Қажымұқан атын­дағы орталық стадион ал­дын­дағы алаңқайда облыстың даңқ­ты спортшыларының аллея­сы ашылды. Спорт – ел на­мысы, мемлекет мәртебесі. Оңтүстік өзінің ба­тыр ұл-қыз­да­ры­мен орынды мақтана алады. Төрткүл дүниеге табаны тиген, грек-рим және еркін кү­рестен әлем чемпионы даңқты Қа­жымұқанның әз сүйегі Оң­түстік топырағын жамылып жатыр. Қазақтан шыққан алғаш­қы олимпиада ойындарының жеңімпазы, баскетболшы Әлжан Жарымұхамедов Оңтүстіктің тумасы. Қазақ жастары ішінен бокстан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы, боздақ Бекзат Сат­тарханов түркі әлемінің рухани астанасы Түркістаннан. Аллеяның ашылу салта­натына осы Шымкентте туып өскен әйгілі қақпашы, спорт ардагері Құралбек Ордабаев арнайы келіпті. Кәсіпқой бокста қазақ жа­с­тары іші­нен әлемдік екі жүйе бойынша бас бәй­гені бермей тұрған шойын жұдырық Бей­біт Шүменовтің атақ-даңқы бір мем­ле­кеттің мақтан қылуына әбден жетеді. Салтанатты жиында облыс­тық спорт және туризм басқар­ма­сының бастығы Болат Қы­рық­баев осы жағын баян­да­ма­сына өзек етіп, даңқты спорт­шы­лар аллеясын салуға ұсыныс беріп, бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі негізінде салдыр­ғаны үшін облыс басшысына рахмет айтты. Облыс аумағында 3768 спорт ғима­рат, оның ішінде: 1500-ден астам орынды 21 стадион, 1 спорт сарайы, 1 оқу-жаттығу орталығы, 27 спорт кешені, 18 жүзу бассейні (2-уі жабық, 16-сы ашық), 662 спорт залы, 2 ипподром, 16 теннис корты мен 2682 спорт алаңы бар. 2009 жылы “Жол картасы” бағдар­ла­масы аясында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыс­та­рына 117,0 млн. теңге бөлінсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 285,0 млн. теңгеге яғни, 41 пайызға өсіп отыр. Бүгінде Абай саябағы аумағында халық­аралық теннис кешенінің, Қажымұқан атын­да­ғы орталық стадион аумағында стан­­дарттарға сай кешенді жеңіл атле­ти­калық манеждің құры­лысы жүргізілуде. Биыл облыс әкімінің қол­да­уымен об­лыс­тық бюджеттен қаржы қаралып, Б.Сат­тарханов атындағы дарынды бал­а­­­ларға ар­налған спорт мектеп-ин­тер­на­тына, облыстық гимнастика мектебіне, облыстық ұлттық спорт түрлері спорт мек­тебінің атшабарына, “Бәйшешек” спорт­тық-сауықтыру орта­лы­ғына күрделі жөн­деу жұ­мыс­тары жүргізілді. Осы жыл­дың 9 айында облыс аумағында 200-ден аса спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. 2010 жылы облысы­мыз­дың спортшы­лары Қазақстан Республикасы чемпио­нат­тары мен кубоктарына, біріншілік­теріне қатысып, 44 спорт түрі бойынша 257 алтын, 206 күміс, 210 қола медальға ие болса, Халықаралық жарыс­тарда об­лыс спортшылары 37 алтын, 32 күміс, 33 қола медальмен марапатталды. Бүгін пайдалануға беріліп отырған Оңтүстік Қазақстан облысының даңқты спорт­шы­лар аллеясы бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі аясында “Next Technology” ЖШС (директоры Нұрым­бе­тов Ма­құл­бек) 12 млн. теңге қаржы бө­ліп, орталық стадион алдын­дағы Қа­жы­мұқан ес­керт­кішін көркемдеп, даңқты спортшылар есімі жазылған гранит тас­тарды орнатты. Сонымен қатар, көгал­дан­дыру жұмыстарын жүргізіп, ста­дионға жаңадан қақпа орна­тып, асфальт төседі. Облысымыздың төл перзенттері ел спортының өркендеуі мен дамуына өз үлестерін қосып қана қоймай, қаншама байрақты жарыстарда топ жарып, еліміз­дің көк туын аспанға желбіретті. Әнұра­ны­мызды ойнатқан спорт саң­лақ­тары­мыздың ерен еңбегін ескеріп, олардың есімдерін кейінгі ұрпаққа мәңгі қалдыру мақсатында облыс басшылығы осындай құрмет көрсетіп отыр, – деп сөзін түйіндеді Болат Наурызбайұлы. Аллеяның ашылу салта­натында Ас­қар Мырзахметов ескерткіш тақтаға есім­дері жазылған 28 спортшының куә­лік­терін тапсырды. Олим­пиада ойын­да­рының жүлде­гері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері балуан қыз Елена Ша­лы­гина мен жасөс­пі­рімдер арасындағы Олим­пиада ойындарының жеңім­пазы Жа­зира Жаппарқұлға пәтер кілттерін берді. Ер істеген ерлік ұмытыл­мауы керек. Олар­дың еңбегін бағалау – кейінгі тол­қын­ға өнеге, тәлімді тәрбие, алға ұмтыл­дырар темірқазық, Оңтүстік спортының ақ­сақал­дары Махамбет Сапарбаев пен Ақ­жол Асқаров ағаларымыз осындай ой айтты. Ханбибі апам сирек кез­десетін іскер әкім деп бекер мақтамаған екен. Облыс бас­шысы экономикалық-әлеу­меттік жағ­дайды көтерумен бірге Оңтүстіктің тарихын таразылап, барын түгендей жүруді де ұмытпапты. “Шәмші гүлзары” ашыл­ғанда “Жұл­дыз­дар аллеясына” Оңтүстіктің құнарлы то­пыра­ғы­нан өнген талантты аза­мат­тарын шертпе күйдің атасы Сүгірден тар­тып есімдерін ес­керткіш тақтаға жаз­дырған еді. Ендігі кезек даңқты спорт­шыларға жетті. Шетелдегі жарыстарға шықса шетінен жам­сатып келетін шоқпар жұ­дырық Әбдісалан Нұрма­ханов­тың бауыры “ағам жатқан жерінен бір аунап түсті-ау” деп кемсеңдейді. Оңтүстікте осындай іргелі, өнегелі істер атқарылып жа­тыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. --------------------------- Суреттерді түсірген Хусан Азизов.