Қазіргі ұшқыр уақыт, өскелең талап банктердің халыққа, дәлірек айтқанда, өзінің құзырлы клиенттеріне көрсетер қызмет аясын кеңейте түсуді, неғұрлым заманауи тілмен сөйлер болсақ, ұсынар өнімдерін түрлендіріп отыруды қажетсінуі заңды. Осындай мүдделі міндет биігінен көрініп, жұмысты оңайландырып, оңтайландыруға бағыт ұстаған АТФБанктің шағын және орта кәсіпкерлік клиенттеріне арналған жаңа пакеттерді іске қосуы көпшілік көңілінен шыққан ілкімді қадам болғаны анық. Банктің бұл жолғы жаңа пакеттері Елбасымыздың тұғырлы экономикалық саясатында үлкен мән беріліп отырған шағын және орта кәсіпкерліктің бірден-бір субъектілері саналатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді басты нысана етіп алған.
Ал енді жаңадан жасақталған, екі жаққа да пайдалы, ұтымдылығы жан-жақты ойластырылған ол пакеттердің ішкі мазмұнына келер болсақ, оларда операциялық қамту және төлем карталары бойынша қызмет көрсету қарастырылған. Осы ретте “Кәсіпкер”, “Коммерсант”, “Бизнес” және “Бизнес Премиум” деп аталатын төрт түрлі пакет әзірленіп, іске асырыла бастады. Бұлар негізінен алғанда, шағын және орта кәсіпкерлік бөлімінің клиенттеріне қызмет көрсетеді. Осының ішінде “Кәсіпкер” пакетін алып қарайықшы, қанеки. Оның қызмет көрсету аясына шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын, әрі қызметкерлерінің саны онша көп емес, халыққа қызмет көрсету және сауда саласының жеке кәсіпкерлері мен заңды тұлғалары кіреді. “Коммерсант” атты екінші пакет бойынша да көзделген нысаналар нақ осы топтар болып табылады.
“Бизнес” деген айдар тағылған үшінші пакеттің алдына жалпы Қазақстанның ішкі рыногында қаржы-шаруашылық қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың тынысын ашып, көсегесін көгертіп, күш-жігеріне дем беріп, сүйемелдеу, солардың жұмысын жандандыру мақсаты қойылған. Шарт бойынша олар да шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жатуы тиіс. Бейнелеп айтқанда, осы орайдағы жоғарғы премьер-лига дерлік белсенді топқа қамқоршылық жасайтын төртінші пакет өз мойнындағы мәртебелі парыз-міндетіне лайықты құрметпен “Бизнес Премиум” деп аталады. Бұл ауқымға жататын орта кәсіпкерлік субъектілері құлаштарын неғұрлым кеңірек сермеп, өресі биік өріске шыққан. Мінеки, аталмыш пакет нақ осындай, сыртқы экономикалық қаржы-шаруашылық қызметпен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға айқын басымдық беріп, қызмет көрсетуге әрдайым әзір.
Енді осы жоғарыда біз санамалап шыққан банк қызметтерінің, былайша айтқанда, банк өнімдерінің қандай артықшылықтары бар деген мәселеге ойысып, соны біршама талдап, таратыңқырап айтайық. Банк жаңадан ұсынып отырған қызмет пакеттері аясында, құрметті клиент, сіздер алатын артықшылықтар мына төмендегідей болып келеді. Біріншіден, ағымдағы есепшот бойынша үстеме өз атыңызға қосылып жазыла бермек. Екіншіден, төлемақысы ай сайын өзіңіздің ағымдағы есепшотыңыздан өшіріліп, артық машақатсыз рет-ретімен алынып тұратын пакетке енгізілген барлық қызметтер жөнінде Банкпен бір ғана қолайлы келісімшарт жасасу мүмкіндігін де аз артықшылық дей алмасаңыз керек. Үшіншіден, шын мәнінде де, әр қызметті жеке-жеке алғанға қарағанда, қызметтерді толықтай тұтасымен бір пакеттің ауқымында бүтін жиынтық түрінде бірден еншілеудің пайдалы екендігіне көзіңіз көп ұзамай-ақ жетер еді.
Әрқашан пайдалы жағын қарастыратын клиенттер үшін тағы бір тиімді жағдай сол, қызмет құны барлық айларда бірдей тұрақтылықпен өрнектеліп, бірқалыпты қарапайым баға саясаты ұсталады. Оның үстіне, неғұрлым жиі пайдаланылатын банк операциялары иманжүзді дерлік, қабыл алуға боларлық ілкімді бағалармен жүзеге асырылатындығы кім-кімді де қызықтырмай қоймаса керек. Бұған қоса тағы бір атап айтуға тұрарлық артықшылыққа назар аударсақ, осынау пакетке ие болған клиенттердің Еуропа және ТМД елдеріндегі UnіGredіtGroup банкоматтары жүйесінде АТФБанк карточкалары бойынша кез келген сәтті уақытта тегін түрде қолма-қол ақша ала алғаны да тамаша емес пе. Пакет қызметтері аясындағы ең бір ғажап ұтымдылық сол, банк есепшотына қолжетімділік өте ыңғайлы әрі оңтайлы ойластырылған дер едік. Демек, бұл жағдайда әрбір клиент Банктің жұмыс кестесіне ешқандай тәуелсіз, Банк-офис электронды банк жүйесінде тәуліктің барлық 24 сағатында операцияларды ешбір кідіріссіз де мүдіріссіз іске асыру мүмкіндігіне ие. Бұл жағдайдың да қызмет сапасының неғұрлым биік деңгейге көтерілгенін айғақтайтын, клиент мүддесін алдымен ойлағандық екені сөзсіз. Олай болса, АТФБанктің осы жолғы шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы cара саясаты, клиенттерге арналған пакеттің алға тартар артықшылықтары осындай.
Енді шағын және орта бизнес өкілдеріне ұсынылып отырған банк қызметтері пакетінің – яғни өнімнің негізгі сипаттамаларына, оны пайдалану орайындағы кейбір ерекшеліктерге тоқтала кетер уақыт та жеткен сияқты. Пакет құрамына, оның құнының дисконтымен қоса, әралуан банк қызметтері кіретінін клиенттің қаперіне саламыз. Ал енді өнімді, аталмыш қызметтер пакетін айналымға қосудың басты мақсаты қазіргі клиенттер базасын одан әрі ұлғайту, операциялық қызмет көрсету аясына құлшыныс-әлеуеті мол жаңа клиенттері жаппай тарту және бұрынғыларын тұрақтандырып ұстап қалу болып табылады десек, бұл мақсаттың да игілік көздеген ізгіліктілігі күмәнсіз.
Қазақстанның барлық аумағындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саналатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер осынау пакет аясына топтастырылған. Бұл дегеніңіз – елдің 17 қаласындағы сату нүктелерінің кең өрістеген жүйесі. Олар өз қалауларымен таңдау жасап, аталмыш өнімдер бойынша Пакеттік қызметті пайдалана алмақ. Артықшылығы мол қызметке қол созсаңыз, қапы қалмайсыз. Іске сәт!
Сондай-ақ, клиент пакеттер бойынша Банктегі ағымдағы шоттардағы қалдыққа есептелген сыйақы алады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.