Үкімет назарына
Республика аумағында мұнай және газ кеніштерін игеріп жатқан шетелдік компанияларда қазақстандық үлесті арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта Ұлт көшбасшысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әділ де жанашырлық ұстанымы және өнімді өзара бөлісу жөніндегі келісім-шарттар тиісті нәтижелер беріп келеді. Мұның өзі қазақстандық кәсіпорындардың құнды жобаларға қатысуынан әрі аталған кеніштерде жаңа ауқымды жұмыстарды атқаруынан көрініс тауып отыр. Ең бастысы, елімізде қазақстандық үлесті көбейту жөніндегі іс-шаралар тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі кезеңнің ерекшелігіне сай қабылданып жатқан жаңа заңдылықтар мен ережелер де осы мақсатқа бағытталған. Бұл, сөз жоқ, жергілікті өндірісті өркендетуге, оған жаңа технологияларды енгізуге жол ашады. Мұндай өміршең көзқарастың отандық кадрларды оқытуға, оларды қайта әзірліктен өткізуге де тигізетін пайдасы мол. Міне, осындай жалпы көтерілу мен көзге айқын байқалатын аршынды прогрестің нобайында қай қисынға сайсаң да түсіну қиынға соғатын жағдайлар да орын алуда. Айталық “ИнтерГазҚұрылыс-Сичим бірлескен кәсіпорны” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі “ИГҚ- Сичим БК” ЖШС) қазақстандық құрылыс компаниясы он жылдан астам уақыт бойы шетелдік компаниялардың сұранысына сай сапалы қызмет атқарып келеді. Құрамында мыңнан астам маман- жұмысшылар еңбек ететін отандық кәсіпорын соңғы жылдары Атырау облысындағы Қарабатан кентінде Батыс Ескене жобасына қатысып оны ойдағыдай жүргізді. Олар бұл мәселе жөнінде израильдік компания “Бейтманмен” құрылыс жұмыстары жөніндегі келісімге қол қойған. Осынау ауқымды құрылыс жұмыстарының басты клиенті мен негізгі сұраныс берушісі шетелдік “Аджип КСО” компаниясы болып табылады. Несі бар, алғашқыда бәрі де ойдағыдай еді. Құнды әрі ұзақ мерзімге есептелген келісім-шарт жергілікті мердігер ұйымға қазақстандық кадрлардың елеулі бөлігін тартуға мүмкіндік туғызды. Осылайша келісім-шартта көрсетілген жұмыстарды атқару үшін несиелік қаражаттар тартылды. Бұған жаңа қондырғылар мен құрал-жабдықтар сатып алынды. “Бейтман” компаниясының тапсырысына орай тиісті кепілдемелік тұтқалар да қамтамасыз етілді. Жоғарыда айтылғандай, жобаны іске асырудың алғашқы жылы қазақы ұғымға сайғанда “құда да тыныш, құдағи да тыныш” болатын. Қазақстандық кәсіпорын “ИГҚ-Сичим БК” ЖШС-ға шетелдік “Аджип КСО” мен “Бейтман” компаниясы тарапынан ешқандай шағым мен ескерту болған жоқ. Отандық құрылыс компаниясы қызметінің сапасы мен техника қауіпсіздігі жөніндегі жұмыстар олардың көңілдерінен шығып отырды. Алайда түлен түртейін десе қиын емес екен. Одан бертіндегі күндердің бірінде “Аджип КСО” мен “Бейтман” компаниялары арасындағы ішкі қайшылық пен өзара үйлеспеушіліктің салдарынан жобаны қаржыландыру түп-тұқиянымен тұтастай тоқтады десе де болады. Бұл қазақстандық кәсіпорынның қаржылық жағдайын күрт қиындатып жіберді. Сөйтіп “Аджип КСО” мен “Бейтман” қазақстандық кәсіпорын “ИГҚ- Сичим БК” ЖШС-мен жасалған келісімді белден басып, өздеріне тиісті міндеттерден тайқып шықты. Тығырық мен қаржылық тұйықта қалған қазақстандық кәсіпорын жетекшілері бірнеше рет оларға мәселенің мән-жайын шұғыл шешу жөнінде жазбаша өтініштермен шығады. Осындай өтініштер сол тұстағы өкілетті орган “ҚазМұнайГаз” ҰҚ-ға да жасалады. Алайда олардың бұл жанайқайы ешқандай оң нәтиже бермеді. Бұдан соң басқа амалдары қалмаған “ИГҚ – Сичим БК” ЖШС өздерінің заңды құқықтарын пайдалана отырып сотқа шағымдануға мәжбүр болды. Мұнда олар уақыты өтіп кеткен өздеріне тиесілі төлемақыны өндіріп алу жөнінде мәселе қойды. Сот олардың талап-тілектерін қанағаттандырды. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2010 жылғы 16 ақпанда “Бейтман” компаниясынан “ИГҚ – Сичим БК” ЖШС пайдасына 940 610 719 теңге өндіріп алу жөнінде шешім шығарды. Әрі соттың бұл шешімі Атырау облысы кассациялық сот алқасының 2010 жылғы 24 маусымдағы қаулысына сәйкес өзінің заңды күшіне енді. Алайда сот шешімін орындау мақсатында сот орындаушылардың қолданған іс-әрекеттері ешқандай нәтиже берген жоқ. Дәл бүгінгі күні де сот шешімі орындалмай келеді. Оның үстіне қазіргі кезде “Бейтман” компаниясының басты жауапкер басшылық құрамы республика аумағынан сытылып кетіп қалған. Бұл көрініс олардың қазақстандық сот шешімін орындаудан бойларын мүлдем аулақ салғанынан белгі береді. Сөйтіп, бүгінде тұйыққа тірейтіндей жағдай қалыптасып үлгерді. Өйткені шетелдік компаниядан тиісті алашақты өндіріп алу жөніндегі барлық заңды ресурстар қолданылды. Осындайда бұған кім жауап беруі керек деген сауал еріксіз туындайды. Қазақстандық компанияның заңды құқын кім қорғай алады? Сонымен бірге, бұл арада өкілетті орган республиканың Мұнай және газ министрлігі қазақстандық тараптың өкілі ретінде жергілікті мердігерлердің мүдделерін ескергендерін қалар едік. Сөз соңында шетелдік “Бейтман” мен “Аджип КСО” компаниялары еңбектерін жеп қойған отандық мердігер тек бір ғана “ИГҚ – Сичим БК” ЖШС емес екенін де өкілетті органның назарына сала кеткенді жөн санаймыз. Қысқасы олар ондап саналады. Онда екі мыңнан астам адам еңбек ететіні де белгілі болып отыр. Осының негізінде әлеуметтік шиеленіс туып кетпесіне кім кепіл? Мұнда зардап шегетіндер ең алдымен қарапайым адамдар екендігі өкінішті-ақ. Ұзын сөздің қысқасы, қазақстандық мердігерлерге көрсеткен қызметі үшін қаржы құюдың кепілі ретіндегі “Бейтман” және “Аджип КСО” секілді шетелдік компаниялардың осынау теріс іс-әрекеттері қазақстандық үлесті көтеруге үлкен қолбайлау, кедергі келтіретінін естен шығармасақ екен. Бұл біз үшін ащы сабақ болса игі. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы.
•
30 Қазан, 2010
Қазақстандық кәсіпорын құқын кім қорғайды?
526 рет
көрсетілді