Депутат дауысы
СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ҚАЖЕТ
Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешені алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Өйткені, суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді. Бүгінде сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі, атап айтқанда, қант, өсімдік майы, көкөніс, жемістер мен жүзім және мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті жоғары белокты жемшөп дақылдары суармалы жерлерде өндіріледі. Алайда, соңғы жылдары суармалы жерлердің құнарлылығы мен өнімділігі төмендеп, мыңдаған гектар жер айналымнан шығып, халық тығыз орналасқан өңірлердің жағдайы ауырлай түсуде. Жер ресурстарын басқару агенттігінің ақпаратына қарағанда, бүгінгі таңда елімізде 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жерлер көлемі 298 мың гектарға азайған, одан басқа 575 мың гектар суармалы егістік жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Жекешелендіру барысында шаруашылықтар ұсақталып, оларда қаржы, техника жетіспеу салдарынан су және кәріз жүйелері уақтылы тазаланбай ұйық басып, су тарту қабілетінен айырылып, жер асты суларының көтерілуіне, жердің сорлануына, батпақтануына әкелуде. Суармалы жерлерге ағымдағы және күрделі тегістеу жұмыстары да көптен бері жүргізілмеуде. Бұл су пайдалануда ысырапкершілікке жол беруде. Үкімет тарапынан суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған қолдау мен инвестиция тартуды ынталандыру шаралары өз дәрежесінде емес. Осының салдарынан пайдаланылып жатқан суармалы жерлер тұзданып, құнарлылығы мен өнімділігі төмендеуде. 90-шы жылдары еліміздегі суармалы жер көлемі барлық егістіктің 6 пайызын құрап, егіншілік өнімдерінің 30 пайызын өндірген болса, бүгінде ол екі есеге жуық төмендеп кеткен. Ауыл шаруашылығының “алтын қоры” болып есептелетін суармалы жерлер ел игілігіне тиімді, жоғары қайтарыммен жұмыс істеуі үшін, оларды мемлекет тарапынан күшті қолдау керек. Бірінші кезекте, қолданыстағы 1,3 млн. га суармалы жерлердің құнарлылығы мен өнімділігін көтеру үшін олардың мелиоративтік жағдайын жақсартуға қомақты субсидия бөлу керек деп есептейміз. Себебі, суармалы жерлер тәлімі жерлермен салыстырғанда гектарына 2-3 есе артық қосымша мелиоративтік жұмыстар (жерді күрделі және ағымдағы тегістеу; каналдар мен кәріздік жүйелерді тазалау, тік дренаж ұңғымаларын жөндеу, электр желілерін пайдалану, сор шаю, т.б.) атқаруды қажет етеді. Бұл үшін қаражат керек, ал аз ғана жеріне тұқым мен жанар май алуға, техника жалдауға қаржы таппай отырған шаруалардың жоғарыда аталған мелиоративтік шараларды атқаруға шамалары келмейді. Елімізде ағын сулардың тапшылығына байланысты ауыл шаруашылығы өндірісіне үнемдеп суару технологиясын ендіру (тамшылатып, жаңбырлатып суару) өте өзекті болып отыр. Бұл тәсіл суды 2-3 есе үнемдейді, минералды тыңайтқыштарды пайдалану 2 есеге азайып, өнімділік 3-4 есеге өседі, еңбек өнімділігі артады. Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінде үстіміздегі жылдың мамыр айында “Қазақстанда суармалы егін шаруашылығы мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру және суармалы жерлерді тиімді пайдалану жолдары” тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізіліп, оның қорытындысы бойынша ұсыныстар Үкіметке жолданған болатын. Бүгінгі таңда бұл ұсыныстарға жан-жақты талдау жасалып, субсидия берудің тетіктері қарастырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебі бойынша, еліміздегі суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған шараларға жыл сайын қажетті 9 миллиард теңге субсидия бөлінсе, ол суармалы жерлердің гектар өнімділігін 20-25%-ға арттыруға ықпал етеді. Нәтижесінде республика бойынша суармалы жерлерден қосымша 100-120 млрд. теңге ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі, яғни мемлекет тарапынан бөлінген 1 теңге субсидия 12 теңге болып қайтарылады. Сондықтан, біз суармалы жерлерді, су ресурстарын тиімді пайдалануға барынша басымдық беруіміз керек. Оны биылғы еліміздегі болған құрғақшылық та дәлелдеп отыр. Егер де барлық облыстарда суармалы жерлер толық, тиімді пайдаланылғанда, құрғақшылықтың әсері де аздау болған болар еді. Суармалы жерлер жыл сайын кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының “алтын қоры” ғана емес, ол сол өңірлерде тұратын халықтың өмір тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Суармалы жерлердің жағдайы жөнделсе, елімізде азық-түлік молшылығы болады, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті артады, импорт азаяды, республика халқының жағдайы жақсарады. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе: - суармалы жерлердің құнарлылығы мен өнімділігін арттыру үшін олардың мелиоративтік жағдайын жақсартуға (каналдар мен кәріздік жүйелерді тазалау, жерді күрделі және ағымдағы тегістеуден өткізу, жерді тереңдетіп қопсыту, сор шаю, т.б. іс-шаралар үшін) 2011 жылғы республикалық бюджеттен 9 млрд. теңге; - ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су үнемдеу технологияларын (тамшылатып, жаңбырлатып суару) сатып алу үшін алған несиелерінің пайыздық ставкаларын жеңілдетуге – 1,2 млрд. теңге; - барлығы, суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін 2011 жылы республикалық бюджеттен 10,2 млрд. теңге қаржы қажет. Ел Үкіметі осы айтылғандарды қаперге ала отырып, оң шешім қабылдайды ғой деп үміттенемін. Өйткені, бұл еліміз үшін, тұрғындарымыздың біраз бөлігі үшін үлкен әлеуметтік те мәселе болып табылады. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты. _____________________________________ Талқылау тағылымы БЮДЖЕТТІҢ КІРІСІ ДЕ, ШЫҒЫСЫ ДА ЖЫЛ САНАП АРТЫП КЕЛЕДІ Сәрсенбі күнгі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында “2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасы мақұлданды. Сонымен қатар, осы күні талқыға түскен “Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы”, “Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы” заң жобалары да мақұлданды. Осы үш заң жобасы бойынша Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Қуандық Бишімбаев баяндама жасады. Және де жұмыс тобының жетекшісі ретінде Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Төлебек Қосмамбетов қосымша түсінік берді. Қаржыға қатысты заң жобасы жөнінде Қаржы министрі Болат Жәмішев және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов баяндама жасады. Айта кету керек, үш жылдық бюджет жобасы еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес, 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік өлшемдерінің болжамы және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауының негізінде әзірленген. Макроэкономикалық даму болжамы әлемдік экономиканың болжамды үрдістерін, әлемдік тауар рыноктарындағы ахуалды, сондай-ақ 2010 жылдың қаңтар-шілдесінде Қазақстан экономикасы салаларының даму үрдістерін ескере отырып қалыптастырылған. 2011 жылға арналған бюджет кірістері 4 трлн. 49 млрд. теңге көлемінде болып отыр. Бұдан 2010 жылғы нақтыланған бюджет оның жоспарымен салыстырғанда 15 пайызға немесе 531 млрд. теңгеге арта түскенін көреміз. 2012 жылы бюджет кірістері 4 трлн. 373 млрд. теңгені, 2013 жылы 4 трлн. 779 млрд. теңгені құрайтыны көзделуде. Ал 2011 жылғы бюджет шығыстары 4 трлн. 651 млрд. теңге көлемінде жоспарланған. Бұл үстіміздегі жылғы нақтыланған бюджет жоспарына қарағанда 330 млрд. теңгеге немесе 7,6 пайызға көп. 2012 жылы мемлекет қаржысының шығысы 4 трлн. 955 млрд. теңгені, 2013 жылы 5 трлн. 161 млрд. теңгені құрайды. Бюджет қаржысына қатысты талқылаудан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов депутаттардың заң шығарушылық қызметіне алғысын білдіріп, парламентшілердің айтқан пікірі Үкіметтің алдағы қызметінде назарға алынатынын мәлім етті. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист. ____________________________Жаңа жоба жайында
ТАНЫСТЫРЫЛЫМДАР БОЛЫП ӨТТІ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтің жетекшілігінде “Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы”, “Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы” Қазақстан Республикасының заңдарына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы” деп аталатын заң жобаларының таныстырылымы өтті. Заң жобалары бойынша Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, мұнай өнімдері туралы заң жобасы қабылданған жағдайда, уәкілетті органдардың функцияларының ара жігін ажырату мұнай өнімдерін өндіруге және оның айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді. Мұнай өнімдері туралы заң жобасының ережелерін іске асыру мақсатында заң жобасымен “Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы” Заңға түзетулер енгізіледі. Заң жобасы қабылданған жағдайда мынадай оң құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдар болжанады: – маңызды әлеуметтік мәні бар, сондай-ақ ел экономикасына елеулі ықпал жасайтын өнімге, тауарларға және қызметтерге бағаны мемлекеттік реттеу тиімділігі артады; – елдің экономикалық қауіпсіздігі жақсарады; – мемлекет атынан уәкілетті мемлекеттік органдар қоғамда әлеуметтік шиеленістің туындауына жол бермей, маңызды әлеуметтік мәні бар өнімдердің, тауарлардың және қызметтердің нарығын реттеуге мүмкіндік алады. Мұнай өнімдері туралы заң жобасының ережелерін іске асыру мақсатында “Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы” Заңға түзетулер енгізіледі. Министрліктің жауапты хатшысы баяндамасынан кейін депутаттар В.Нехорошев, Ж.Дүйсебаев, Р.Халмұрадов, А. Соловьева, Е.Каппель, З. Алшымбаевтың қойған сұрақтарына жауап берді. Заң жобасының таныстырылымына бірқатар министрліктердің өкілдері мен табиғи монополияларды реттеп отыратын компаниялардың басшылары қатысты. Аталған заң жобалары бойынша жұмыс тобына депутат Ержан Рахметов жетекшілік етеді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. __________________________________Іскерлік іссапарлары
ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ АКАДЕМИЯСЫНДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ
Бұрнағы күні Қаржы полициясы академиясы қабырғасында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров пен Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова осындағы профессорлық-оқытушылар құрамымен және тыңдаушылармен кездесті. Депутат В.Бобров Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан заңнамалық қызмет жөнінде мысал келтіре отырып, нақты заң актілері жобаларын дайындау туралы түсіндірме берді. Сонымен қатар, бұл жұмыста қозғалыста тұрған мемлекеттің заңдар негізін тұрақтандыру үшін заң жобаларын қабылдауда ведомствоаралық келісім жасау керек екеніне тоқталып кетті. Парламент Мәжілісі Заң және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы С.Бычкова комитеттің қызметі, құрылымы, жұмыс бағытының мақсаттары мен міндеттері туралы айта келіп, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Қаржы полициясы академиясының басшысы, з.ғ.д., профессор, қаржы полициясының полковнигі М.Башимов бастаған профессорлық-оқытушылар құрамын заң жобаларын қарау жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілдері Қаржы полициясы академиясының шақыруына, тыңдаушылардың оқу және тұрмыс жағдайымен танысқандарына, қаржы полициясы және кеден органдарының болашақ қызметкерлерімен мемлекеттің заң шығармашылық қызметі туралы, сондай-ақ өміріміздің барлық саласына қатысты мәселелер бойынша пікір алысқанына ризашылық сезімдерін білдірді. Кездесу соңында В.Бобров академия офицерлері мен тыңдаушыларын заң шығармашылық қызмет саласымен толығырақ танысу үшін Парламентке шақырды. ___________________________________________________Өнеге
АНА ТІЛІМІЗДІ АРДАҚ ТҰТҚАН
Мемлекеттік органдардағы құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізудің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары жеткілікті екені даусыз. Әйткенмен, бұл маңызды мәселе таяуда ғана басталған жоқ. Сонау өткен ғасырдың ортасында республикамыздың орталық мемлекеттік органдарында да құжаттарды қазақ тілінде жүргізуде, одақтық заңдарды қазақшаға аударуда, республиканың Негізгі Заңынан бастап басқа да заңнамалық актілердің, маңызды құжаттардың қазақша нұсқаларын жасауда қарқынды қадамдар жасалды. Республика Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында да осы мәселе бойынша бірқатар маңызды шаруалар атқарылды. Ондағы аудармашылар жұмысына бүгінде 80 жасқа толып отырған республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Баймырза Дәуренбеков жетекшілік етті. Баймырза Дәуренбеков Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Саматай Кәрібаев, Кекілбай Нүсіпбеков және Молдабек Шолпанбаевпен Жалаңаштағы орта мектепті бірге бітірді. Мектепте қатар оқыған алты жігіт журналист болуды армандады. Олар 1947 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға бірге түсті. Кейіннен Ұзақ Бағаев пен Сапар Байжанов әр кезде “Социалистік Қазақстан” газетінің редакторлары болды, Баймырза Дәуренбеков пен Саматай Кәрібаев та осы газетте еңбек етті, Кекілбай Нүсіпбеков пен Молдабек Шолпанбаев республикалық радиода қызмет атқарды. Ол кезде журналист мамандарын жұмысқа орналастыруды партияның өзі қадағалады. Журналистер – партияның үгіт-насихат жұмыстарын жүзеге асыруда идеологиялық жауынгерлер ретінде құрметті мамандық иелері атанды. Сондықтан да оқу орнын ойдағыдай бітірген Баймырза Дәуренбековтің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен “Социалистік Қазақстан” газетіне қызметке орналасуы сол кездегі жағдаймен қарағанда орнымен болған іс еді. Баймырза Дәуренбеков газеттің күнделікті қарбалас жұмыстарына аянбай атсалысып, редакциясының көрігінде шыңдалды, ел өмірі мен экономикасы туралы мақалалар жазды. Әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары болды. Қаламгерлік қабілетін ұштай түскен оның қаламынан өмір ақиқатына негізделген, нақты шындыққа құрылған шынайы шығармалар туды. 1966 жылы Баймырза Дәуренбеков Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына жауапты қызметке шақырылды. Ортақ Отанымызда қабылданған заңдар мен басқа да мемлекеттік құжаттардың қазақ тіліне білікті аударылуына қомақты үлес қосты. Қазақ тілінің жалпы қоғамдық өмірдегі орны төмендеу болғанымен, мемлекеттік органдардағы, оның ішінде республика Жоғарғы Кеңесінің Төралқасындағы іс жүргізу ісінде аса мұқият қолданылатын. Заңдар, маңызды мемлекеттік құжаттар, нормативтік актілер қазақша дәл әрі біліктілікпен аударылатын. Сырт көзге көрінбейтін, бірақ аса жауапты осы істің басы-қасында Баймырза Дәуренбеков жүретін. Жоғарғы Кеңес Төралқасында 25 жыл бойы аянбай еңбек етті. Оның ішінде 14 жыл бөлім меңгерушісі болды. Ерен еңбегіне сай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, Кеңес Одағының, Қазақстан Республикасының бірнеше медальдарымен марапатталды, “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” атағына ие болды. Бойға біткен іскерлігінің, жоғары жауапкершілікпен атқарған жұмыстарының нәтижесінде әрқашан құрметке бөленді. Қай қызметте болса да қарапайымдылықтан айнымай, еліміз бен келешек ұрпақ үшін аса маңызды істерді атқарған Баймырза Дәуренбековтің кісілік тұнған келбеті, биік тұлғасы жас ұрпаққа үлкен өнеге. Серік ҚАРАЖАН, журналист. ____________________________Сізді не толғандырады?
ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ МӘДЕНИ МЕКЕМЕЛЕР КЕРЕК
Алматы облысы ауылдарының және аудан орталықтарының сайлаушыларымен кездесуіміз барысында тұрғындар және ел ағалары көптеген мәселелер көтерді. Мысалы, 25 мыңға жуық халқы бар Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шонжы кентінде бүгінгі күнге дейін аудандық кітапхана ғимараты жоқ. Қазіргі кітапхана бұрынғы №32 балабақша ғимаратында орналасқан, бұл ғимарат тек 3 бөлмеден тұрады және қыста жылытылмайтындықтан, кітап қорының бүлінуіне әкеліп соқтыруда. Қазіргі кезде аудандық кітапхана ғимаратын салу үшін 33, 891 млн. теңге сомаға смета жобасының құжаттамасы жасалып, дайын тұр. Екіншіден, Алматы облысы Талғар ауданының Колхозшы ауылында жаңа туғаннан бастап 17 жасқа дейінгі 291 бала бар, оның ішінде мектеп жасындағылары – 164. Ауыл 40-жылдары Алматы қаласының жанында құрылған, алайда осы уақытқа дейін мектебі жоқ. Балалар ауа райының қолайсыз жағдайларына қарамастан, Алматы қаласының №44, 89 және 115-мектептеріне өздері жетуге мәжбүр. Жергілікті билік қажетті қаражаттың жоқтығына байланысты оқушыларды Алматы қаласына жеткізуді және алып келуді қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан 180 орынға лайықтап, бірыңғай шағын қазақ мектебін салу қажет. Тағы бір мәселе – Алматы облысының Панфилов ауданындағы Үлкеншыған ауылында 4707 адам тұрады. Бұл ауылда 1971 жылы саманнан салынған мәдениет үйі 2007 жылы қалпына келмейтіндей өртенген. Соның салдарынан ауыл тұрғындарының демалу орындары жоқ және барлық шығармашылық ұжым жергілікті мектептің акт залында дайындалуға мәжбүр. Жоғарыда көрсетілген мекемелердің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, аталған нысандарды салу үшін 2011-2013 жылдарға арналған бюджеттен қаражат қарастырылуы қажет деп санаймын. Мұрат АХМАДИЕВ, Мәжіліс депутаты. ____________________________________Депутат дабылы
ДІНИ КӨЗҚАРАСТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ
Шымкентте балаларына полиомелитке қарсы екпені енгізуден бас тартқан ата-аналардың саны 160-қа жеткен
Себебі, Қазақстан Республикасы Конститутциясының 27-бабына сәйкес ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекет өз міндетін ойдағыдай атқарып жатқанымен, қоғамда орын алып отырған кейбір жағдайлар алаңдаушылық туғызуда. Мәселен, үстіміздегі жылдың 6-10 қыркүйегі аралығында елімізде полиомелитке қарсы екпе жұмыстары жүргізілді. Алайда, қоғамда бұл шараға қатысты теріс пікірдегі көзқарастар айқын көрінді. Қазіргі таңда діни көзқарастарына байланысты Шымкентте балаларына полиомелитке қарсы екпені енгізуден бас тартқан ата-аналардың саны 160-қа жеткен. Бұл – тек бір облыстағы жағдай. Дәрігерлер осындай көрсеткіштің жыл санап өсіп келе жатқанын алға тартып отыр. Ал бұл екпені балаларымыз 6 жасқа дейін ғана ала алады. Себебі, полиомелит өте ауыр вирус болып табылады. Оны қабылдамаған адам ертең мүгедек немесе кемтар болуы ықтимал. Өткен жылдардағы Тәжікстанда орын алған жағдай осының дәлелі. Баланы бала деп санағанымен, Ата Заңымыздың 12-бабына сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары әркімге ие, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды. Ал балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының “Неке және отбасы туралы” Заңының 62-бабына сәйкес, ата-аналары өз балаларының денсаулығына қамқорлық жасауға міндетті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Заңының 87-бабына сәйкес, мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына денсаулық сақтау құқығына кепілдік береді. Ал “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заңның 10-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығы туу бойынша алынады. Яғни, мемлекет әрбір туған баланың денсаулық сақтау құқығына кепілдік береді деген сөз. Ал біз осы берілген кепілдікті неге қамтамасыз ете алмай отырымыз? Қазақстан Республикасы “Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы” Заңының 3-бабына сәйкес, ешкімнің де өз діни сенімдерін себеп етіп азаматтық міндеттерін атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Ал бізде қалай? Бізде кеше діни сенімін себеп етіп әскери борышын өтеуден, орта білім алудан бас тарту жағдайлары орын алды. Бүгін соны сылтау етіп, мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы саясатын жүзеге асыруға кедергі келтіруде. Ал ертең не болмақ? “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, деген. Сондықтан біз заңмен белгіленген өз міндеттерімізді дұрыс атқара отырып, құқығы бұзылған әрбір баланы қорғап, құқықтарын қалпына келтіруіміз керек. Ол үшін, біріншіден, қорғаншы, қамқоршы органдарға денсаулық сақтау құқығы бұзылған балалардың құқығын қорғауға байланысты шараларды жүзеге асыруды тапсыру қажет. “Неке және отбасы туралы” Заңның 59-бабына сәйкес, қорғаншы және қамқоршы органдар балалардың заңды мүдделерін қорғаудағы уәкілетті органдар болып табылады. Екіншіден, баланың құқықтарын қамтамасыз етпеген және бұзған ата-аналарды тиісінше жауапқа тарту мәселесін шешу керек. Үшіншіден, “Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы” Заңды жетілдіруіміз керек. Себебі, заңның осалдығынан елімізде әр түрлі сектанттар әлі де болсын тайраңдап жүр. Діни танымды алға тартып, еліміздегі заңды аяққа таптау зайырлы, демократиялы қоғамның үрдісіне жатпайды, заңның алдында қоғамның барлық азаматы тең. Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты.