• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Елбасы сапары әлемдік БАҚ беттерінде

487 рет
көрсетілді

Басқа басылымдардан

Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың Еуроодақ елде­рі­не (Бельгия Корольдігі мен Фран­цуз Республикасы) жасаған рес­ми сапарының қорытындылары әлемдік БАҚ-тардың қызығушы­лы­ғын оятып, қоғамдық резонанс тудырды. Соның ішінде америкалық The Wall Street Journal газеті “Қазақстан Еуроодақпен байланысты нығайта түсті” деген материалында бұл са­пар елдің экономикалық дағдарыс­тан шығып, ХВҚ болжауы бойын­ша экономиканың биылғы өсімі – 5,4, ал ендігі жылғы өсімі – 5,1 пайызға (2009 жылғы өсім 1,2 пай­ыз ғана болған) жетеді деп отырған сәтінде болып отыр. Дағдарыс сал­дарынан құтылған Қазақстан Үкі­меті енді шетелдік инвестиция­лар­ды тартуға белсенді түрде кірісе бас­тады, деп жазды. Осы газет бри­тандық ықпалды саясаткерлердің бірі, ЕО сауда істері жөніндегі экс-комиссары Питерь Мандельсонның мынадай пікірін беріпті: “Қазақ­стан – ресурстарға мейлінше бай, жа­ңарту мен жаңаландыруды мақ­сат еткен экономикасы бар ел. Мұн­да барынша кең әрі жақсы рет­телетін рынок қалыптасқан, сон­дай-ақ бұл ел инвесторларға саяси тұрақтылық, болжалдылық және қуатты экономикалық әріптес бо­лып, сенімділікті ұсына алады. Қа­зақстан өсіп келе жатқан жаһандық экономиканың бір бөлігі. Біз бұл аймақтағы іскерлік мүмкіндіктерді қолдан шығарып алмауымыз керек”. *  *  * Француздың Le Fіgaro газеті “Қазақстан экономиканың зерттел­ме­ген әлеуеті” атты мақала жа­риялады. Онда: “Еуропалықтардың көбі Қазақстанның және алғашқы рет еуропалық емес мемлекеттің 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕҚЫҰ-ның төрағасы болғанын біле бермейді. Сонымен қатар біраз еуропалықтар бұл елдің Ауған­стан­дағы жағдайды тұрақтандыруға бел­сене қатысып жүргенінен, өз уни­верситеттерінде мемлекет есебінен ауғандық студенттерді оқытып жат­қанынан, осы елдің инфра­құ­ры­лымдарын салуды қаржыландыруға қатысуда екенінен, 2000 мен 2008 жылдар аралығында Қазақстанның ІЖӨ көлемі екі есе артып, дәл осы уақыттар ішінде қазақстандық­тар­дың орташа еңбекақысы бес есе өс­кенінен хабарсыз. Сондай-ақ Батыс жұртшылығы оның аумағында Еуропа мен Азияны жалғастыратын аса маңызды көлік қатынастары орналасқанын, атақты Байқоңыр ғарыш айлағының да осында екенін және Қазақстанның мұнай қоры әлемде тоғызыншы, ал уран өн­діру­ден ол әлемде үшінші орын ала­тынын (Францияның сырттан алатын уранының 10 пайызы Қазақстанның үлесінде) біле бер­мейді. Қазақстан жылдам қарқын­мен дамып келеді, оның экономи­ка­сымен бірге демографиялық көр­сеткіштері де арта түсуде. Бұл мем­лекет алып Азия аймағы мен Каспий теңізі бассейніндегі стра­те­гиялық өзекті ел. Осынау энерге­ти­калық Эльдорадо – Орталық Азиядағы тұрақтылықтың орталығы болып табылады. Президент Н.Назарбаев еуропалық, соның ішінде француз компанияларын инвестициялық ынтымақтастыққа үнемі шақырып отырады. Өзінің экономикалық және инвестиция­лық әлеуеті бойынша Қазақстан БРИК елдері қатарына тағы бір “К” болып кіруге әбден лайықты (BRІCK – Brazіl, Russіa, Іndіa, Chіna, Kazakhstan)”, делінген. *  *  * European Dіalogue Интернет ресурсы Корольдік халықаралық қатынастар институтының бас ди­рек­торы Марко Трентсоның “Қа­зақпарат” агенттігіне берген сұхбатынан үзінді жариялады. Онда бас директор Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгияға жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың жақсы деңгейге жет­кендігінің айғағы деп атап өт­кен. “Соңғы кездері Еуроодақ елде­рінде Орталық Азия мен Қазақ­станға деген қызығушылық арта түсті. Егер экономикалық жағынан қарайтын болсақ, бұл – Еуро­паның энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды аймақ болып сана­лады. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ынтымақтас­тық­тардың да маңызы зор. Қа­зақстан мен Еуроодақ табиғаттың өзгеруіне байланысты туындайтын проблемаларды бірлесе шешетін жолдарды табуы мүмкін. Сонымен бірге ғаламдық қауіпсіздік мәсе­ле­лерін де ортақтаса отырып шешудің маңызы зор. Соның ішінде біздің елдеріміз халықаралық ұйымдасқан қылмыс, есірткі және қару-жарақ контрабандасымен байланысты туындайтын проблемаларды бірле­сіп шеше алады. Бұл проблема­лар­дың түйінін табуға бәріміз де мүд­де­ліміз, сондықтан оларды бірлесе реттеген дұрыс болады. Жалпы айтқанда Қазақстан мен Бельгия және Қазақстан мен Еуроодақ ара­сындағы ынтымақтастықтың әлеуе­ті зор, біз өзара іс-қимылдары­мызды бұдан әрі де барлық сала бойынша дамыта беруіміз керек. Қазақстанның Астанада – ЕҚЫҰ Саммитін өткізу сияқты ұйымның биылғы жылғы ең басты шарасын өткізуге қол жеткізгеніне біз қуа­ныштымыз. Өйткені ол ЕҚЫҰ кеңіс­тігіндегі өзекті проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Сон­дықтан біз оның табысты өтуіне үміт­тіміз”, деген М.Трентсо өз сұх­батында. *  *  * Le Fіgaro Economіe газетінде “Франция Қазақстанға сенім артады” деген тақырыппен мақала шықты. Онда Франция өзінің Ор­талық Азиядағы негізгі стратегия­лық әріптесі Қазақстанмен екіжақ­ты маңызды келісімдерге қол қой­ғаны айтылған. “Франция Қазақ­станмен бірге ғарыштық аппараттар мен Жерді бақылаудың дистан­ция­лық серіктерін (“ЕАДС-Ас­триум”) құрастыру-сынау кешенін, қуат­тылығы жылына “ЕС-145” мар­калы 45 тікұшақ шығаруға же­те­тін (“ЕАДС-Еурокоптер”) зауы­тын салып, қарулы күштерге ар­налған телекоммуникациялық жаб­дық, жүк және жолаушы тасымал­дайтын магистральды элек­тро­воздар (“Альстом”) жасау жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.Осы жобалардың бәрі Қазақстанның аумағында жасала­тын болады”, деп газет мақалада сенатор Аймери де Монтескьеның сөзін келтірген. *  *  * Le Monde Dіplomatіque газеті Қазақстанның 2010 жылдың басы­нан ЕҚЫҰ төрағасының міндетін атқарып келе жатқанын және оның Орталық Азия аймағында тұрақ­тылықтың сақталуындағы рөлін атап өткен. “Бұл ел кең құлашты және серпінді даму үстіндегі ха­лықаралық саясат жүргізіп келеді. Көптеген аса маңызды ғаламдық бастамалар Н.Назарбаевтың өз ойы арқылы шығуда. Франция да Қа­зақстан Президентінің көпвекторлы халықаралық саясатының шең­беріне енген. 2009 жылдың қазан айында Франция Президенті Ни­коля Саркози Қазақстанға ресми сапармен барды. Сол жолы фран­цуз компаниялары қазақстандық әріптестерімен көптеген келісім­дерге қол қойды. Қазақстан Пре­зидентінің Францияға жасаған сапарында да құны 1,5 млрд. еуроға тең көптеген контрактілер мен келісімдерге қол қойылды”, делінген мақалада. *  *  * Valeurs Actuelles журналы да Қазақстан туралы “Еуразия жүре­гіндегі конструктивті қуат” атты ма­қала жариялады. Онда: “Астана мен Париж арасындағы тамаша қарым-қатынастар француз ин­весторларының жолын ашады. Саяси және институционалды тұрақтылық, әлеуметтік тыныштық пен экономикалық және саяси реформалардың бірізділігі 2002-2009 жылдар аралығында Қазақ­станға 108 млрд. долларға тең шетелдік инвестициялардың құйы­луына мүмкіндік берді. Енді француз кәсіпкерлеріне осынау қонақжай елде жаңа бизнес жүйе­лерін ашу мүмкіндігі туып отыр. Француздың Тоталь, Аль­стом, Арева, Санофи-Авентис, ЕАДС, Талес сияқты ірі компаниялары Қазақстан рыногында қазірдің өзінде табысты жұмыстар істеп жатыр”, делінген. Одан әрі мақалада Қазақстан туралы айта келіп, оның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған посткеңестік кеңістіктегі ең алғашқы ел екендігі және оның ядролық қарудан өз еркімен алғашқы болып бас тартқандығы атап өтілген. Осылай дей келіп мақала авторы Қазақстан Президентінің жүргізіп отырған саясатына былай баға береді: “Қазақстан Президенті – прагма­тик, келісімге келу сезімі жоғары және ел басқару ісіне тума дарын­ды адам. Тереңнен ойлап және түпкілікті зерттегеннен кейін ғана шешім қабылдауға машықтанған, прогресшіл және тұрақты даму саясатын ұстанатын Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халқымен бірге жиырма жылға жуық уақыт бойы қалыптасқан бейбіт өмір мен экономикалық табыстың жемісін көруде”. Әзірлеген Жақсыбай САМРАТ.