• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Біз өз жолымызбен жүріп келеміз

2569 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың француздың “Valeurs actuelles” журналына сұхбаты – Құрметті Президент мырза, Сіз Қазақстан мен Францияның ағымдағы қарым-қатынастарын қалай бағалай­сыз? – Мен Қазақстан мен Франция қа­рым-қатынастарының бүгінде жо­ғары деңгейде екенін және жыл сайын жақсарып келе жатқанын қанағаттанғандық сезіммен атап өте аламын. Біздің елдеріміз страте­гия­лық әріптестік деңгейіне шықты. Франция–Қазақстан Стратегия­лық әріптестік туралы кең ауқымды ке­лісімді бекіткен алғашқы еуро­па­лық ел. Біз көптеген саяси мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жет­кіздік, қазіргі заманғы көптеген кө­кей­кесті проблемалар бойынша ұс­танған бағалауларымыз да ұқсас. Оның өзі кездейсоқтан емес, біздің үнқатыстығымыздың тарихы әріде жатыр. Біздің бір-бірімізге деген се­німіміз екі онжылдық бойына ны­ғайып, нақты істермен бекітіле түсті. Франция Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы біздің бастамамызды алғашқы­лар­дың бірі болып қолдады. Ол Қа­зақ­стан жүргізіп отырған халық­аралық қауіпсіздікті және өзара тиімді қызметтестікті нығайту ба­ғы­тына деген үлкен сенімді біл­діреді. Мен сол сияқты француз басшылы­ғының Қазақстанның Еуродақпен әріптестік қарым-қатынастарды нығайтуына үнемі ықпал жасап келе жатқаны үшін де ризамын. Біздің қарым-қатынастары­мыз экономикалық салада же­міс­ті дамуда. 2009 жылдың қоры­тын­дысы бойын­ша Франция Қазақ­станның басты сауда әріптестері ішінде төртінші болып тұр. 2010 жылдың өткен айларын­да біздің елдеріміз арасындағы тауар ай­налымы шамамен 2,9 миллиард дол­ларды құрады. Біз Экономикалық ынтымақ­тас­тық жөніндегі үкіметаралық комис­сия мен Қазақстан-Фран­ция іскерлік кеңесін құрдық. Бұл органдар біздің іскерлік бай­ла­ныстарымыздың бел­сен­ді дамуы­на жағдай жасайтын болады. Біз бірлесе отырып атом энер­гиясы, тау-кен өнеркәсібі, метал­лур­гия, құрылыс және құрылыс мате­риал­дарын шығару, банк секторы, аэроға­рыш саласы, әскери-техни­калық ке­шен сияқты салалардағы жо­баларды жү­зеге асырудамыз. Осы­нау ғылымды көп қажет ететін және жоғары техно­логиялы салалардың біздің бүкіл эко­номикамыздың тех­нологиялық дамуы­на жақсы серпін бере алатындығы біз үшін айрықша маңызды. Тұтастай алғанда, мен бүгінде Қа­зақстан мен Франция жақын әріп­тестер деп айта аламын. Біздің осы­нау саяси және экономикалық ынты­мақ­­тастығымызбен қоса, біздің дос­ты­­ғы­мыз да жылдан-жылға нығая түсуде. – Дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстан экономикасын жандандыру үшін қандай басымдықтар белгіленді? – Қазақстан әлемдік дағдарыс­тың теріс ықпалын табысты еңсере білді. Бәлкім дағдарыстың әлі біт­пеген де болуы, алда жаңа экономи­калық қиындықтардың күтіп тұруы да мүмкін. Сондықтан да біз үшін қазіргі таңдағы шешуші міндет – экономиканы жандандырып қана қоймай, біртіндеп оның құрылым­дарын да өзгерту. Бүгінде біз үшін басым міндет – ол өңдеу салаларын бірінші кезекте дамыту, Қазақстан экономикасының шикізаттық бейімдігін жою. Қазір біз өндіріс пен инфрақұрылымдарды жан-жақты модернизациялау тұрғы­сын­да белсенді жұмыстар жүргізу­деміз. Экономикамыздың әлемдік көмірсутегі конъюнктурасының ық­палына тәуелділігін төмендету үшін біз зауыттар салып, жаңа техно­логиялық өндірістерді игерудеміз. Мемлекеттің күш-жігері Қазақ­стан экономикасының барлық сала­ларына ғылымды көп қажет ететін технологияларды енгізуге шо­ғырландырылған. Біз экономикамызды қайта құ­ру­ды неғұрлым тезірек аяқтасақ, теріс эко­номикалық ықпалдарға да соғұр­лым та­быстырақ қарсы тұра алатын боламыз. Биылғы жылдан бастап Қазақ­стан­да Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Онда біз дағдарыстан кейінгі кезеңде перспективалы да­мытып отырған басым салалар нақты белгіленген. Тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана біз 144 индустриялық жобаны аяқтайтын боламыз. Оларға салынған инвестиция көлемі 800 миллиард теңгеден асты, ол бес жарым миллиард долларға жуық қаржы. 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Біз импортты алмастыратын қазіргі заманғы өндірістер, экспортқа бағытталған кәсіпорындар құру үшін шетел инвесторларын тартудамыз. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындылары біздің бәрін де дұрыс жасап жат­қа­нымызға сендіріп отыр. Қазақстан­ның нақты ІЖӨ-сі 8 пайызға өсті. Өнеркәсіп өндірісі 11 пайызға, бөл­шек сауда көлемі 13,1 пайызға артты. Елдің халықаралық резервтері соңғы уақыттары 6 миллиардтай долларға ұлғайып, 53 миллиард долларға тең сомаға жетті. – Қызмет көрсету және индус­трия­лық сектор шапшаң қарқынмен дамуда. Мемлекет дағдарысқа байла­нысты шағын кәсіпорындарды қолдау мен нығайтуда қандай шаралар қа­былдауда? – Егер экономиканы ұшақпен салыстырар болсақ, онда шағын және орта бизнес – ол ұшақтың көтерілу күшін ұлғайтатын тетіктер, олар тіпті жоғары емес жылдамдықтың өзінде де ұшу орнықтылығын қамтамасыз етеді. Біз дағдарыс жағдайында икем­ді ша­ғын және орта кәсіпкерліктің жаңа жағдайларға тезірек бейімделіп, сол ар­қылы бүкіл экономикаға кө­мек­тесе­тінін жақсы түсінеміз. Шағын кәсіп­орындар рыноктың өзгеруіне, сұ­раныс құрылымына тезірек икем­деледі. Дамыған елдерде шағын және орта бизнес жұмыс орындарының елеулі бөлігін қамтамасыз етіп, орта таптың қалыптасуына белсенді атсалысады, ІЖӨ-нің үлкен бөлігін де солар қалыптастырады. Шағын және орта бизнесті да­мыту үшін айтарлықтай капитал шы­ғындары қажет емес. Бұл жерде аза­маттардың жеке ынталары маңыз­дырақ және оған мемлекет қолдау көрсетіп, ынталандыруы тиіс. Сон­дықтан дағдарыс келгенде біз бұл сектордың проблемаларына мейлін­ше мұқият көзқарас таныттық. Қиын кезеңде шағын және орта кәсіпорындарға қолдау көрсету үшін біз айтарлықтай қаржылар бөліп, оларды тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымдық секторларда мемлекеттік тапсырыстармен қамта­масыз еттік. Соның нәтижесінде, әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда жұмыс­сыз­дық 6 пайыздан төмен деңгейде тұрақтану арқылы тіпті қысқара түсті. Стратегиялық тұрғыда кәсіп­кер­лікті дамыту экономиканы әртарап­тандырудың негізі ретінде қарас­тырылуда. Мен айтып өткен мем­лекеттік Үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму бағдарламасында арнайы құрал – “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы іске қосылды. Оның міндетінің негізі отандық кәсіпкерлікке қолдау көрсету болып табылады. Мемлекет банк несиелері бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялайды. Несие­лердің кейін қайтарылуына ішінара кепілдіктер береді. Бизнеске сер­вистік қызмет ұсынады. Біз инновацияны дамытушы, сол сияқты шикізаттық емес экспортқа бағдар ұстанған кәсіпорындарға бел­сендірек көмек көрсетеміз. Біз шағын және орта бизнестің озық технологиялар трансфертін жү­зеге асыруларына ықпал жасаймыз. Бұл орайда мемлекеттік қолдау қар­жыландыру мәселелерін ғана емес, сол сияқты бизнес-ахуалды жақ­сартуды, мүмкін деген көптеген әкімшілік кедергілерді жоюды да қамтиды. Осыған байланысты Қазақстанда Кәсіпкерлік мәселелері бойынша бірегей үйлестіру кеңесі құрылды. Мұндай саясат өз жемісін беруде. 2010 жылдың алғашқы 6 айында шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері өнім өндіруді 6 пайыздан астамға арттырды. Әрине, бұл біз күткен деңгей­дегідей соншалықты көп емес, бірақ қазіргідей жағдайда бұл да тұтастай алғанда жаман емес көрсеткіштер. – Сіз тікелей шетел инвестиция­ларына, соның ішінде Франциядан Қазақстанға инвестиция тартуға қан­шалықты маңыз бересіз? Сіз көрші­леріңізбен салыстырғанда өз еліңіздегі жағдай мен инвестициялық ахуалға қандай баға берер едіңіз? – Қазіргі заманғы әлемде мемле­кеттің беделі тартылған инвестиция­лар көлемімен өлшенеді. Жан басына шаққандағы инвес­ти­циялар бойынша Қазақстан ТМД-да көшбастаушы болып табылады. Қазақстан экономикасына тар­тыл­ған тікелей шетел инвестиция­лары былайғы Орталық Азия мем­лекеттерін бүтіндей алғандағы шетел капиталы салымдарынан айтарлық­тай асып түседі. Қазақстандағы инвестициялық ахуалға берілетін басты баға да осы. Біз өз позицияларымызды бұлжытпай нығайта түсудеміз. 2010 жылы біздің еліміз Бүкіләлемдік “Doіng Busіness” банктің рейтингінде 63-інші орын алды. Біз Польша, Че­хия және Ита­лия сияқты еуро­па­лық мемлекет­терден алға шықтық. Шетел инвесторлары Қазақ­стан­ды сенімді де бірқалыпты әріптес деп таниды. Тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарынан бастап біз эконо­ми­калық реформаларды табандылықпен жүргізіп, Қа­зақстанның инвести­циялық тартымдылығын жақсарттық. 1998 жылдан бастап біздің елі­мізде арнайы орган – Қазақстан Рес­публикасының Президенті жанын­дағы Шетел инвесторлары кеңесінің жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Оның құрамына Үкімет мүшелері мен елде жұмыс істейтін шетелдік компания­лар­дың бірінші басшылары кіреді. Біз жылына 1-2 мәрте жи­налып, инвестициялық қызметке байла­ныс­ты бүкіл мәселелерді шұғыл түрде шешіп отырамыз. Осы кеңестің ғылыми-техноло­гиялық даму, экономика үшін кадр­лар дайындау, оның энергиялық тиім­ділігі мен модернизациялануын арттыру және басқа да бірқатар салалар­дағы кең ауқымды заңнамалық және бағдарламалық шараларға бас­тамашы болуы мұндай үнқатысудың тиімді екендігін білдіреді. Француз капиталы бұл Кеңесте жеткілікті дәрежеде кең көрініс тап­қан. Біздің мемлекеттеріміз қызмет­тес болған жылдар ішінде Қазақ­станға 6 миллиард доллардан астам француз инвестициялары тартылды. Қазіргі кезде елде 100-ден астам бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеуде. Біз “Areva”, “Spіe Capag”, “EADS”, “Total”, “Thales”, “Alston”, “Aubіert&Duval”, “Sanofі-Aventіs” және басқа да белгілі француз ком­панияларымен ынтымақтастық жа­саудамыз. Уақыт өте келе бұл тізім ұлғаяды деп өте үміттенемін. – Биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Сіздің елдің Орта­лық Азия өңіріндегі негізгі басым­дықтары қандай? – Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төраға бол­ған бірінші азиялық мемлекет. Біз үшін бұл әрі жоғары құрмет, әрі үлкен жауапкершілік. Біз бұдан ЕҚЫҰ елдерінің, бүкіл халықаралық қоғамдастық сияқты, біздің өңірге деген көзқарастарын өзгертуінің жақсы мүмкіндіктерін көреміз. Орталық Азияның экономикалық әлеуетінің мол екендігі маған мәлім – мұнда табиғи және еңбек ре­сурстары, өнеркәсіптік инфрақұры­лымдар бар. Бірақ, екінші жағынан, осы әлеуетті жүзеге асыруға кедергі келтіретін объективті себептер де бар. Ең алдымен, өңірдегі тұрақты­лық­ты нығайту қажет. Ауғанстан шие­леністер мен түрлі қатерлердің басты ошақтарының бірі болып қа­лып отыр. Біз ЕҚЫҰ осы бағыттағы жұмыстарын кеңейте түсуі керек деп есептейміз. Осыған байланысты, шіл­деде Венада Есірткі мен прекур­сор­ларды заңсыз таратуға қарсы күрес­тегі бірлескен іс-қимылдар жөніндегі ЕҚЫҰ конференциясының табысты өткенін атап көрсетпекпін. Астанада Терроризмнің алдын алу жөнінде конференция өтпек. Оған ЕҚЫҰ-ның атқарушы құрылымдары мен өзге де ха­лықаралық ұйымдар қатысады. Біздің еліміз ауған халқына бейбіт өмірді жолға қоюда белсенді көмек көрсетуде. Мәселен, Қазақстан 1000 ауғандық студенттерді Қазақстан жоо-ларында оқыту үшін 50 миллион доллар бөлді. Шамамен 4 миллион доллардай осы елдегі мектептерді, ауруханалар мен жолдарды қалпына келтіруге бағытталды. Қырғызстандағы ахуал биыл елеу­лі өңірлік қатерлердің біріне ай­налды. Бұл ел біздің жақын көршіміз болып табылады. Сондықтан қай­ғы­лы оқиғалардың бірінші күнінен бастап Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де, екіжақты негізде де бауырлас халыққа көмек пен қолдау көрсетуде. Біз Қырғызстанға тұқым себу және астық жинау науқан­дары­на көмектестік. 10 миллион доллар сомасында құрылыс материалдары мен отын жөнелттік. Шілдеде Қыр­ғызстанға көмек көрсету үшін ха­лықаралық донорлық конференция өтті. Біздің міндетіміз – Қыр­ғыз­станның оңтүстік өңірін қалпына келтіру үшін 1 миллион доллардай қаржы жинау. Орталық Азия өңірінде қауіп­сіз­дікті нығайтудың сыртында, елеулі экологиялық проблемалар да бар. Олардың біріншісі – осыған дейін жарты мыңға тарта атом сынақтары жүргізілген Семей ядролық полигонының мұралары. Халық қолдауын пайдаланып, мен өз жарлығыммен осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын полигонды жаптым. Содан бері көп жыл өтсе де, сынақ зардаптары біздің өмірімізді тура мағынасында да, ауыспалы мағынада да улауын жалғастырып келеді. Бізге уланған аумақтарды қалпына келтіру үшін халықаралық қолдау бұрынғысынша қажет. Әңгіме сондай-ақ Арал теңізіндегі экологиялық апат туралы да болып отыр. Бұрынғы теңіздің түбіндегі кепкен тұз шаңды боранға айналып біздің өңірден алыс аумақтарға да таралуда. Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіре отырып, біз проблеманы ішінара шешудеміз. Бірақ бұл мәселені неғұрлым толығырақ шешу үшін біз ЕҚЫҰ ресрурстарын іске қоспақ ниеттеміз. Біздің жоспарымыз – Арал бойынша арнайы донорлық конференция өткізу. – Сіз Қазақстан экономикасы 2015 жылы қандай болады деп ойлайсыз? – Қазақстандық жолдың ерекше­лігі – перспективаларды айқын көре білуде. Мақсаттар өскен кезде ұлт та дами береді. Қазақстандықтар үшін тәуелсіздік терең экономикалық дағдарыстармен тұспа-тұс келді. Көп жағдайда бізге бәрін тыңнан бастап, іс үстінде қайта құруларға баруға тура келді, ал ол әлеуметтік-экономикалық реформа­лар барысын қиындатты. Бірақ біз қайда бара жатқаны­мыз­ды, не үшін талпынатынымызды нақты білдік. 1997 жылы біз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық, міне, содан бері онда белгіленген мақсаттарға жоспарлы түрде қол жеткізіп келеміз. Мен барлық қазақстандықтардың мақсаткерлігі арқасында, біздің басты мақсаттарға жетудегі қажырлылы­ғы­мыздың арқасында Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы ең табысты мем­лекет болып отыр деп есептеймін. Біз шетсіз-шексіз далада жаңа елорда – Астананы тұрғыздық. Көп­теген біздің қонақтарымыз оны әлемдегі ең таңғажайып және әсем қалалардың бірі деп біледі. Сондықтан Қазақстанның 2015 жылға қарай бұдан да зор жетістік­тер­ге қол жеткізетініне менің күмә­нім жоқ. Біз бұл кезеңнің нақты эко­номикалық бағдарларын қазірдің өзінде белгіледік. Енді 5 жылдан кейін өңдеу өнер­кәсібінің ІЖӨ-дегі үлесі кемінде 12,5 пайызды құрайтын болады. Шикізат­тық емес сектор үлесі 10-нан 40 пайызға дейін ұлғаймақ. Өңдеу өнер­кәсібіндегі еңбек өнімділігі қазіргіден 1,5 есе, ал агроөнеркәсіп кешенінде 2 есе көбейеді. Біз өзімізді құрылыс материалдарымен 80 пайыз қам­та­масыз ететін боламыз. Отынның әр тү­ріне деген қажеттілікті отандық мұ­най өңдеу зауыттары қанағаттан­дыратын болады. Басқаша айтқанда, алдағы жыл­дар­да Қазақстан алға қарай өте үлкен қадам жасауға тиіс. Біз экономиканы түбірінен мо­дер­низациялап, оны индустрия­лан­дыру мен инновациялар жолына қоямыз, өндірістеріміздің ғылымға деген сұранысын ұлғайта түсеміз. Қазақстан экономикасы сыртқы әсерлерге жауап бере алатындай қуатты әрі тұрақты болады. Бірақ бұл одан да гөрі маңыз­дырақ мақсаттарға жету үшін қажетті құрал ғана. Біз әлемдегі неғұрлым бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуды жоспарлап отырмыз. Бізде ол үшін қажетті барлық та­биғи, инфрақұрылымдық және ерек­ше маңыздысы, адами ресурстар бар. Қазақстанда Тәуелсіздіктің жас буын құрдастары өсіп шықты. Біздің табыстарымыз бен жетістіктеріміз жас қазақстандықтардың бойында өз күштеріне деген сенімді, өзгерістерге, жаңа жеңістер мен істерге деген ұм­тылысты тәрбиелеуге жәрдемдеседі. Біздің жастарымыз бүгінде әлемнің үздік жоо-ларында білім алуда. Олар гүлденген Қазақстан құрылысының ұлы істерін жалғастыруға дайын. Біз өз қозғалысымызды неғұрлым табысты мемлекеттер тәжірибесімен, сөз жоқ, оған Француз Республи­ка­сының құнды тарихи тәжірибесінің де қатысы бар, салыстыра отырып, өз жолымызбен жүріп келеміз. Сондықтан, Сіздің журнал оқыр­мандарымен өз жоспарларымызды бөлісе отырып, олар тарапынан түсі­нетін аудитория табамын деген үміт­темін. Себебі жаңаға, жаңғыруға, үне­мі дамып отыруға деген ұмтылыс қа­шанда француз ұлтына тән болатын. Кейіннен бүкіл адамзат игілігіне айналған жанды ой-пікірлер мен жаңашыл идеялар дәл осы француз жерінде дүниеге келген болатын. Кездесуіміздің соңында Франция халқына игі жақсылықтар мен бұдан былай да табыстарға жетуді тілей оты­рып, Сіздің елдің мамандарын бүгінде Қазақстанда қолға алынып жатқан қызықты инновациялық жо­баларға қатысуға шақырғым келеді. Олар өздерінің шығармашылық әлеуеттері мен жаңашылдық рух­та­рын дәл осы жерде толық дәрежеде жүзеге асыра алар еді.