• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2010

Бағаны тұрақтандыратын мүмкіндік мол

431 рет
көрсетілді

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы_____________________________ “Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен” демекші, қалтасы жұқарған қарапайым халық үшін, оның ішінде зейнеткерлер мен көп балалы отбасылары үшін азық-түлік түрлерінің, әсіресе, нан және нан өнімдері бағасының сәл болса да қым­баттауы қабырғаға бататын құ­былыс. Осыған қарамастан биылғы егін орағы басталар-басталмастан-ақ еліміздің бірқатар өңірлерінде нан бағасы көтеріліп шыға келді. Ауа райының қолайсыздығын желеу еткен алыпсатарлар жең ұшынан жалғасып, ұнның бағасын көтере қойды. Шындығына келетін болсақ, бұл ұн өткен жылдың мол астығынан тартылған, биылғы жылдың жаңа астығына ешқандай қатысы жоқ, оның үстіне Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы қорынан ең арзан бағамен босатылған ұн болатын. Мә­селен, “Азық-түлік келісім-шарт кор­по­рациясы” АҚ өткен жылы бидай­дың әрбір тоннасын 18 500 теңге бағамен босатса, биылғы орақтың бидайын 26500 теңге деп белгіледі. Ауа райының қуаңшылығына қара­мас­тан еліміздің егіншілері 13 мил­лион тоннаға жуық астық бастырды. Өткен жылдан қалған қордағы астықты қосқанда, елімізде ішкі рыноктың сұранысын былай қойған­да, 7-8 миллион тоннаға дейін астық импорттайтын мүмкіндік бар. Жүгенсіз кеткен кәсіпкерлер бұ­ған қарап жатқан жоқ. Көрші елдер­дегі, оның ішінде Ресейдің бірқатар өңірлерінде астық шықпай қалғанын желеу етіп, ішкі рыноктағы монопо­лиясын пайдаланып, азық-түлік баға­сын күрт қымбаттатып жіберді. 2010 жылдың өткен 10 айын­дағы инфля­ция деңгейі 7,0 пайызды құраса, оның 5,5 пайызы азық-түлік тауарла­ры бағасының қымбаттауына бай­ланысты орын алған. Ел Үкіметі жең ұшынан жалғасқан кәсіпкелер мен алыпсатарлардың бұл қылмыс­тық сыбай­лас­тығына қарсы шұғыл шаралар қолданды. Бә­секелестікті қорғау агенттігі жер-жерлерде орын алған осындай оқиғаларды жан-жақты зерттей келіп, ұнның бағасын негізсіз қым­бат­татқан 44 субъекті­нің, нан бағасын көтер­ген 33 субъектінің, өсімдік майының баға­сын қымбат­татқан — 35, қарақұмық бағасын өсір­­­ген  — 34, көкөніс бағасын қым­бат­­татқан 7 субъектілердің үстінен тек­­серіс шараларын жүргізді. Ұн және нан бағасын сы­байластық ке­лі­сім арқылы қымбаттатқан 13 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тар­тылды. Олардың қата­рында Павлодар об­лысынан “Мука Казах­стан”, “Фирма АРГО” ЖШС-лары, жеке кә­сіпкер Досыбаев, Сол­түстік Қазақстан облы­сынан “Петропавловский хлебобу­лоч­ный комбинат” ЖШС, Қарағанды облысынан “Мука Трейд”, “Мутлу Маркентинг” ЖШС-лары, Жамбыл облысынан Ниязов, Рысжанов, Саке­телян, Шермухамедов сияқты жеке кәсіпкерлер бар. Ал Батыс Қазақстан облысындағы “Ақ-қайнар” және “Же­лаевский комбинат хлебо­продук­тов” ЖШС-ларының үстінен қыл­мыс­тық іс қозғалды. Сондай-ақ, Оң­түстік Қазақстан және Қостанай об­лыстарында нан өнімдерін жеткі­зуші 33 субьектілердің істері тек­серілуде. Тағы бір ерекше алаңдатарлық мәселе, Үкімет бастамасымен астығы аз өңірлерді қолдау мақсатында “Азық-түлік келісім-шарт корпора­циясы” АҚ қорынан арзан бағамен астық және ұн жөнелту жөнінде ме­мо­рандум қабылдауға қол жеткізген болатын. Өкінішке орай, кейбір өңірлер осы арзан астықты жеткізіп алуда да немқұрайдылық танытып отыр. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәлімдеуінше, күні бүгінге дейін осы меморандумда белгіленген астықтың Жамбыл облысы бар бол­ғаны 3,4 пайызын, Маңғыстау 6,4 пайызын, Атырау 14,4 пайызын ғана тасып алған. Тіпті сорақысы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, бұл ортақ қордан бөлінген арзан астықты өңірлердегі нан және нан өнімдерінің бағасын тұрақтан­дыру үшін емес, кейбір ретте басқа алыпсатарлық саудаға пайдаланатын мысалдар да орын алған екен. Міне, Үкімет тарапынан жасал­ған осындай шұғыл шаралардың нәтиже­сінде нан бағасын біршама тұрақ­тан­дыруға қол жеткізілді. Қазір еліміз­де бір бөлке нанның орташа бағасы 40-43 теңгеден сатылуда. Тұрғын­дар­дың мүддесін ойлап, тиімді шараларды жүзеге асырған өңірлерде азық-түлік бағасын тұрақтандырып қана қоймай, біршама арзандатуға дейін қол жеткізген өңірлер баршы­лық. Бұл ретте қазан айында әлеу­меттік маңызы бар бірқатар азық-түлік түрлерінің бағасын арзандатуға қол жеткізген Ақтөбе және Қызыл­орда облыстарының игі бастамасы басқа өңірлерге үлгі болса керек. Осы орайда Үкіметтің 2010 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл тізімге бірінші кезектегі қажетті 18 азық-түлік түрлері енгізілген. Атап айтқанда, бірінші сортты бидай ұны, бидайдан жасалған нан, макарон өнімдері, дақылдар (қарақұмық, сұлы, мәни, жарма және ақталған тары), күріш, картоп, көкөніс (сәбіз, сарымсақ, қырыққабат, қызылша), қант, өсімдік майы, ет (сиыр, қой, құс еттері), сүт, айран, жартылай майлы ақ ірімшік, қаймақ, сары май, жұмыртқа, тұз және шәй еліміздің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің тізіміне енгізілген. “Сауда қызметін реттеу туралы” Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабына сәйкес осы тізімге жататын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері бағасын өсіруге міндетті түрде шектеу қойылуға тиіс. Өкінішке орай, ішкі рыногымыздағы осы азық-түлік тауарларын сататын субьектілер көп ретте бұл заңды белден басады. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар еліміздің аз қамтамасыз етілген тұрғындарын қорғау мақса­тында қабылданған бұл маңызды заң нормаларының бұзылмауын бірінші кезекте бақылауға алуы қажет. Соңғы кезде Кеден одағына кіре­тін елдерде, атап айтқанда, Ресейде сүт және сүт өнімдерінің қымбаттауы орын алған. Сонымен бірге елімізде қазір жемазық қорының қымбат­тауына байланысты құс еті мен жұмыртқа бағасының күрт көтерілу қаупі бар. Үкімет бұл келеңсіз­діктердің алдын алу мақсатында да нақты шаралар белгілеп отыр. Жер­гілікті билік органдары сол шара­лардың нақты іс жүзіне асырылуын қадағалаулары қажет. Алдағы уақытта ішкі рыноктағы азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдар Үкімет бастамасымен қабылданған екіжақты меморан­думдардың мүлтіксіз орындалуын, базар бағасын төмендету мақсатын­дағы ауылшаруашылық жәрмеңке­лерін жүйелі өткізу, ауыл еңбеккер­леріне өздерінің өнімдерін тікелей сатуға жағдай жасау мәселелерін тұрақты түрде назарға алулары қажет. Азық-түлік рыногында өркениетті бәсекелестікті қалыптастыру мақса­тында көтерме және бөлшек сауда инфрақұрылымын дамытуды қолға алып, алыпсатарлардың рынокқа монополия жасауына үзілді-кесілді тосқауыл қоюлары қажет. Бүгінде елімізде азық-түлік бағасын тұрақтан­дыруға қажетті мүмкіндіктер жеткілікті. Астықтан бастап, барлық азық-түлік түрлерінің мол қоры бар. Тек ақшаға құныққан алыпсатарлар мен тойымсыз кәсіпкерлердің жең ұшынан жалғасқан сыбайластығына тосқауыл қойылса, баға да тұрақта­нады, халқымыздың әлеуеті де артады. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлері жылыту маусымына көшкен. Осы мәселе арнайы қаралған Үкімет отырысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин барлық өңірлердегі жылу беру және электр тарату желілерінің жан-жақты дайындық сапына қойылғанын атап көрсетті. 10202 мектеп, 7178 денсау­лық сақтау мекемелері, 5039 әлеу­меттік нысан және 38468 көп қабатты тұрғын үйлер жылу беру маусымына сақадай-сай дайындықпен қосылған. Алайда, 2010 жылдың 28 қазанын­дағы дерек бойынша, тұтынушы­лардың өткен жылдың жылыту маусымынан бері келе жатқан коммуналдық төлемдер бойынша берешегі 8,2 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл ретте жылумен жабдықтау бойынша берешек 4,4 млрд, теңге, электр энергиясы бойынша 2,1 млрд, сумен жабдықтауда 1,1 млрд, газ және кәріз бойынша 600 млн. теңге. Коммуналдық төлемдер бойынша тұрғындардың үлесі 5,0 млрд, теңге, заңды тұлғалардың қарызы 2,6 млрд. теңге, жергілікті бюджеттер 331 миллион, республикалық бюджет қарызы 149 миллион теңге көлемінде болған. Коммуналдық қызмет төлемдері бойынша ең ірі қарыз мөлшері өңірлер бойынша Астана және Алматы қалаларының үлесінде, тиісінше 1 млрд. 836 млн. және 1 млрд. 680 млн. теңге болып отыр. Биылғы жылғы қыс маусымынан қиналмай шығу мақсатында кейбір өңірлерге Үкімет қорынан мол қаржы бөлінді. Мәселен, Ақмола облысы­ның Щучье және Макин қалалары үшін отындық мазут сатып алу үшін 552 млн., Шығыс Қазақстан облысы­ның Семей, Курчатов, Зырянь қала­лары мен Глубокое кентіне қажетті көмір сатып алуға 238 миллионнан астам, Қостанай облысы бойынша табиғи газ бағасының айырмасын жабуға 922 миллион теңгеден астам қаржы берілді. Сондай-ақ, Мұнай және газ министрлігі ішкі рынокқа қажетті мазуттың әрбір тоннасының бағасын экспорттық рынокта қалыптасқан 45 мың теңгенің орнына 32 мың теңгеден босатуға шешім қабылдады. Иә, “қысқы шанаңды жазда сайла” демекші, ел Үкіметінің ал­дын-ала белгілеген тиімді шара­лары мен ілкімді жұмысының нәтижесінде еліміздің барлық өңірлері бірдей қысқа қажетті отын-суын қамдап, азық-түліктің жетер­лік қорын жасап алды. Енді осы игілікті сыбайлас жем­қор­лардың қал­та­сын қалың­датар табыс көзіне ай­налдырмай хал­­қымыз­дың мүд­де­сі­не жарату – жер­гілікті ат­қарушы ор­гандардың парызы. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Коммуналдық қызметтер