Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Еуропалық Парламент делегациясымен кездесті. Бұл күнгі кездесу аясында 2012 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті мен Парламентін сайлау науқаны, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретіндегі Қазақстанның атқарып отырған қызметі, Қазақстанның ішкі саяси жағдайы, Еуропалық Одақ пен еліміз арасындағы әріптестік байланыс мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы өз сөзінде Қазақстандағы сайлау жүйесінің ерекшелігі жөнінде жан-жақты баяндап берді.
Ол, сонымен қатар, бір жылда үш бірдей сайлау өткізуге (біреуі мәслихаттар сайлауы) ешқандай құқықтық кедергілер жоқ екендігіне тоқталды. Себебі, бұл сайлау науқандарын өткізу мерзімдері бір-біріне сәйкес келмейді. “Қазақстанда мұндай саяси үдерістер бұған дейін де болған. Мәселен, 1999 жылы елде Президент және Парламент сайлаулары қатар өткен болатын. Сондықтан, Конституцияға сәйкес, 2012 жылдың екінші тоқсанында біз Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын, ал желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде Президент сайлауын өткізуіміз қажет”, – деді Қ.Тұрғанқұлов.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сондай-ақ, 2011 жылы ҚР Парламенті Сенатына депутаттардың кезекті сайлауы өтетінін жеткізді. Оған барлығы 16 депутат сайланбақ.
Кездесу кезінде Еуропалық Парламенттің социал-демократиялық делегация өкілдері Орталық сайлау комиссиясы төрағасына еліміздегі саяси партиялардың жұмысы, олардың қалай қаржыландырылатыны, сайлау науқанына азаматтардың қанша пайызға жуығы қатысатындығы, елдегі саяси мәдениеттің қандай деңгейде екендігі жөнінде өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Қ.Тұрғанқұлов өз сөзінде елдегі саяси мәдениеттің бұрынғы жылдармен салыстырғанда өскендігіне, мұны саяси электорат белсенділігінің артқандығынан да көруге болатындығына тоқталды.
Кездесу барысында тараптар Еуропалық Парламент пен Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы арасында әріптестік байланыс әлі де нығая беретініне сенім білдірді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.