Қазан айының 20-сыншы жұлдызында Президент Нұрсұлтан Назарбаев облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерімен кеңес өткізіп, оларға тығыз да жауапты тапсырмалар бергені белгілі. Батыс Қазақстан облысы активінде осы тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Активте баяндама жасаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов Елбасы берген сегіз тапсырманың әрқайсысына тоқталып, оны уақытында әрі тиянақты орындау өңірдегі өзі бастаған әкімдер корпусына үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
Баяндамадан ұққанымыз – облыста Елбасы тапсырмалары өз уақытында орындалып келеді. Облыс басшысы бұл мәселедегі кейбір қалтарыстар мен иірімдерді де жасырып қалған жоқ. Айталық Президенттің жетінші тапсырмасы тұрғындардан түсетін арыз-шағымдарға сергек көңіл қою қажеттілігінен туындайды. Б.Ізмұхамбетов өз баяндамасында облыстан Президент Әкімшілігі мен Үкіметке түсетін арыз-шағымдардың көпшілігі жергілікті жерде шешімін таба алатын мәселелер болып шыққанын атап көрсетті.
– Бұл облыстағы кейбір әкімдер мен басқарма басшыларының өз істеріне немқұрайлы қарауының көрінісі. Осындай жауапсыздық пен салғырттықтың салдарынан азаматтар биліктің жоғары сатысына шағымдануға мәжбүр болады. Жоғарғы жаққа жолданған кейбір хаттар мен арыз-шағымдарда Елбасынан үй сұрағандар да бар. Ауылда тұрып өзіне қаладан үй беруді талап етіп хат жібергендер де кездеседі. Мұның бәрі тұрғын үй жөніндегі заңдылықтарға қайшы келеді. Әрі үй тек тұрғылықты жері бойынша кезекпен берілетінін әркез назарда ұстаған жөн. Бұл тұрғыда ауыл әкімдері тұрғындармен жүргізілетін түсінік жұмыстарының деңгейін көтеруге тиіс, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Сондай-ақ активте Елбасы тапсырмасына сәйкес білім беру мен денсаулық сақтау нысандарында санитарлық ережелер мен нормаларды қатаң сақтаудың қажеттілігі жөнінде айтылды. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары үнемді әрі тиімді жүргізілуге тиіс. Бұл орайда басы артық қаржы шығындарына жол берілмеуі керек.
Алайда мектептерге күрделі жөндеулер жүргізу секілді жауапты жұмыстардан қаржы аяп қалуға болмайды. Солай істелді де. Нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде облыстағы жалпы білім беретін мектеп ғимараттарының тең жартысына жуығына күрделі жөндеулер жүргізілді.
Әйтсе де бүкіл істі осымен біттіге санауға болмайды. Бүгінгі күні өңірдегі 4 мектеп ғимараты апатты жағдайда екені анықталды. Алдағы жылы оның бәрінің орнына жаңа мектеп ғимараттары тұрғызылмақ. Оның жобалау-сметалық құжаттары әзір деді облыс басшысы. Сонымен бірге тиімділік пен үнемділік ұстанымы жағдайында бос ғимараттар мен толық емес мектептер де кәдеге толық жаратылуы қажет.
Активке қатысушылардың назарын Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұловтың сөзі де айрықша аударды. Теректі облыс орталығының іргесінде қоныс тепкен іргелі елді мекен. Соған қарамастан өзге өңірлермен салыстыра қарағанда оның инфрақұрылымы артта қалып қойған. Осы ауданға жаңадан тағайындалған басшы облыстың басты жиынында аумақты алға бастыру жөніндегі өз ой-пікірін ортаға тастады.
Сондай-ақ облыс активінде экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы басқармалары басшылары биылғы жылдың тоғыз айының қорытындылары жөнінде есеп берді.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
----------------------------------
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.