Сыбайлас жемқорлық – кез келген қоғамды іштей жеп, үгітіп бүлдіретін қауіпті дерт. Сондықтан онымен күрес жүргізбейтін бірде-бір мемлекет жоқ. Бірақ оның салдарынан гөрі сыбайластыққа жол беретін көріністерімен алдын ала күресу ең тиімді амал екендігі белгілі. Міне, соған орай біздің мемлекетіміз ТМД елдерінің арасында коррупциямен күресті бірінші болып қолға алды. Бүгінде соның арқасында Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізудің тәжірибесі молықты. Ал жемқорлыққа қарсы табысты әрекет ету қашанда елдің әлеуетін өсіріп, экономикасын өркендете түсетіні айдан анық. Ендеше, осы өзекті мәселелер кеше “Жемқорлыққа қарсы табысты әрекет ету – Қазақстанды одан әрі тұрақты дамыту мен экономикалық өркендетудің маңызды шарты” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жан-жақты айтылды.
Аталған конференцияны “Нұр Отан” ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес “Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институтымен, БҰҰ және ЕҚЫҰ өкілдерімен бірлесе ұйымдастырды. Әлем халқын алаңдатып отырған өзекті мәселені талқылау үшін дер уақытында өткізіліп отырған конференция жұмысына Ресей Федерациясы Федералдық Кеңесі Мемлекеттік Думасының депутаттары, бірқатар елдердің дипломатиялық өкілдік жетекшілері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Жоғары Сот кеңесінің, орталық мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың өкілдері қатысты.
Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы О.Әбдікәрімов бұл конференцияның мақсаты Қазақстанның барлық салауатты күштерін жемқорлыққа қарсы бірігу үшін ұсыныстар әзірлеуге шақыру екенін айтып өтті. “Нұр Отан” ХДП өзінің Сайлауалды тұғырнамасы, 2009-2012 жылдарға арналған іс-әрекеттер стратегиясы сияқты басты бағдарламалық құжаттарына сәйкес жемқорлықпен күрес бойынша нысаналы жұмыс жүргізіп келеді. 2008 жылы партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсыруымен Жемқорлықпен күрес бойынша бағдарлама қабылданған болатын. Онда партияның жемқорлықпен күрес қызметінің басты мақсаттары мен міндеттері, тетіктері мен бағыттары нақтыланды.
Жемқорлықпен күрес бойынша бағдарламаны іске асыру барысында институттық, құқықтық, ұйымдастырушылық, насихат және ғылыми іздену іс-шаралары өткізілді. Жемқорлықпен күреске құқық қорғау органдарымен бірге, азаматтық қоғам институттары және ел халқы жұмылдырылып отыр. Соның бірі ретінде партия Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен, Қаржы полициясы агенттігімен, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен, “Самұрық-Қазына” қорымен меморандумға қол қойды.
Бұдан әрі жемқорлықпен күрес туралы өз ойларын білдірген “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин, Елбасы көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы М. Тәжин, Елші, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы Орталығының басшысы А. Кельчевски және басқалар “Нұр Отан” партиясы мүшелері жемқорлықпен күрес барысында орын алған жағдайға дер кезінде ықпал ету, тиімді іс-әрекетті үйлестіру, болған жайдың шешімін табудың жолдарын бірлесіп қарастыру үшін билік пен қоғамның тұрақты үнқатысуы қашанда маңызды екенін, сыбайластықпен күресте еліміздің мол тәжірибесі бар екенін, қауіпті дертпен күресте белгілі қатаң шараларды қолданумен қатар, оны болдырмаудың жолдарын табудың артықшылығын, өзекті мәселелерді шешуде өзге де елдердің сыбайлас жемқорлықпен күрестегі тәжірибелері көмек болатындығын көлденең тартты. “Әрине, қазіргі кезде жемқорлықпен күрес шарасы бір ғана мемлекет емес, бүкіл әлем елдеріне ортақ маңызды мәселе екендігі өздеріңізге белгілі. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын “Нұр Отан” партиясының да негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Біз осы жолда Елбасының мемлекеттік саясатын қолдай отырып, түрлі деңгейде көптеген шараларды өткізіп келеміз”, деді Н.Нығматулин.
Конференцияға қатысушылар қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық инфрақұрылымдар мен азаматтық қозғалыстарды қалыптастыруға жағдай жасау, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында көптеген жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Сол жұмыстардың ішінде жемқорлыққа қарсы үнемі құқықтық, тәрбиелік, үгіт-насихаттық және ғылым-зерттеу шаралары үзбей жүргізіліп жатса, оған қоса тұрақты негізде жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде қоғамдық кеңестер жұмыс жасайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес партия барлық мемлекеттік, соның ішінде индустриялық-инновациялық даму, жол картасы және жұмысқа орналастыру картасы секілді мемлекеттік маңызы бар бағдарламаларды назарына алып отырады. Осыған орай олар ең алдымен мемлекеттік бюджеттік және инвестициялық қаражаттардың тиімді жұмсалуын қадағалауға барынша күш салады. Тек үстіміздегі жылдың алты айында ғана Партиялық бақылау бекеттері арқылы әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларда үш мыңның үстінде заң бұзушылық анықталды. Олардың бәрі сараланып, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілген. Мұндай жұмыстың тиімді және әсері мол болғандықтан, партия аталған жұмыстарды одан әрі жалғастыра бермек. Әрине, жемқорлықпен күрес бір күннің шаруасы емес. Бірақ бүгінгі жұмыстың басы жемқорлықпен күресте нақты негіз қаланатын ұзақ уақытқа бағытталған бағдарлама екендігін халық түсінуге тиіс.
Конференцияда бұдан кейін сөз алғандар жемқорлыққа қарсы табысты әрекет ету барысында Қазақстанды одан әрі тұрақты дамыту мен экономикалық өркендетудің маңызы туралы, экономика саласында жемқорлыққа қарсы әрекет етудегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, жемқорлық көріністерінің негізі мемлекеттік басқару жүйесінің тиімсіздігінде жатқандығы, жемқорлықпен күресті кадрлық қамтамасыз ету мәселелері, халықаралық стандарттар және жемқорлық тәуекелді басқарудың ұлттық жүйесін жетілдіру, жемқорлыққа қарсы әрекет етуде және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда азаматтық қоғам институттары мен халықтың рөлін арттыру туралы бірқатар ұсыныстар айтылды.
Александр ТАСБОЛАТОВ.