• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2010

Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы Болат ҚЫРЫҚБАЕВ: “Олимп биігіне көтерілуге лайықты жастарымыз бар”

1205 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қажы­мұқан атындағы Орталық стадионның алдында, биік тұғырда күш атасы Қажымұқанның алып ес­керткіші бар. Бұлшық еттері білеуленіп, қақ­пақ­тай жауырыны, аяққаптай кеудесі, бура сандары көзге ұрып тұратын қазақ батырының ескерткішін стадион алдына орнатуға сонау тоқ­саныншы жылдардың соңында Манап Өте­­­баевтай ұлт жанашыры мұрындық болған еді. Ескерткіш пен стадионның арасындағы қа­шықтық екі жүз метрге жетеғабыл. Алаңқай бос тұратын. Спорт саңлақтарына аллея ашуға на­ғыз лайықты жер еді. Ал, Оңтүстікте спорт­тың жар­қын беттері бар. Мақтана, марқая ала­тын. “Апыр-ау, осы жерді неге пайдаланбайды” де­ген ой спортсүйер қауымды мазалап жүретін. Облыста жақсы әкімдер қызмет етті. Әр­қай­сысының артында айтып жүрерліктей із қалды. Әйтсе де Қажымұқан ескерткіші мен ста­дионның арасындағы спорт аллеясына сұранып тұрған жерді пайдалану ұмыт қала берді. Мүмкін, басқа тартса аяққа жетпей жататын бюджеттің себеп-салдары да болған шығар. Әлде, уақыт тапшы болды ма, спортқа кезек кейін келер деген ой меңдеді ме екен. Бірақ , бұл кезек күттірмейтін аса маңызды шаралардың бірі болатын. Өйткені, үлкен спорт мемлекетаралық үлкен мәселеге айналғаны қашан. Жас ұрпаққа баяғы өз атасын жау етіп ұстап беретін Павлик Морозовтар емес, Отаныңды шынайы сүйдіруге өнегесі жететін, мемлекетінің шынайы патриоттарының үлкен спорттағы жанқиярлық ерлігі үлгі. Мақсатсыз, көшеде бос селтеңдеп жүрген бозбала бір пәлеге ұрынбай қоймайды. Ал спортпен айналысқан жастар дені сау, қайратты болумен қатар өмірге икемді, шаруаға шарболаттай пісіп шығады. Осының бәрін ой елегінен өткізген облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы Болат Қырықбаевқа спорт аллеясын салу туралы бастама көтереді. Бюджеттің қаржысына емес. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында. Стадионға апта аралатып соғып тұрамыз. Қайнаған тірлік. Гүрілдеп жатқан техника. Араға ай салып бос жататын алаңқай Шымкент қаласы тұрғындарының, қонақтарының арнайы барып көретін, тамашалайтын көрікті жер­лерінің біріне айналды да кетті. Ашылу салтанатында Болат Қырықбаев еркінен көсілді. Қазақта “тегін білмегеннен түңіл” деген қа­сиетті сөз бар, – дейді ол. Осы қисынға салсаң Оң­түстік спортының да өзінің тегі, әдемі өріл­­ген тарихи баяны бар. Ол барша алаш бала­сының ортақ мақтанышы, даңқты Қажымұ­қаннан басталады. Ауылда өскен шаруа баласы төрткүл дүниенің төрт бұрышында әлем мық­ты­ларымен белдесіп, еркін және грек-рим кү­ресінен әлем чемпионы атанды. Ормандай орыстың бас балуаны Иван Поддубныйдың өзі қазақтың бұла ұлын жауырынын жерге тигіздім деп айтпаған екен. Тең көрген, дос санаған, серік тұтқан, мыңға қарсы тұрар мықтылығын мойындаған. Сол даңқты Қажымұқанның әз сүйегі әулие әмбиесі көп Оңтүстікте жатуы жеріміздің, елі­міздің киелілігін аңғартса керек. Спорт бәсе­келерінің ішінде олимпиадалық ойындар спорт падишасына саналады. Еркін күрестен әлемнің бес дүркін чемпионы, дағыстандық Әли Әлиев “осы бар алтын медальдарымды Олимпиада ойындарының бір алтынына ойланбай айырбастар едім”, деп ағынан жарылуы оның қадір-қасиетін, биіктігін аңғартады. Осы ретте де Оңтүстік жұрты батыр ұлдары үшін орынды мақтана алады. Өйткені, қазақ халқынан ең алғаш рет Олим­пиада ойындарына алтынға тұңғыш қол созған спортшы, өзіміздің жерлесіміз Әлжан Жармұ­хамедов. Өзбекстанға Кеңес Одағының озбыр саясаты салдарынан беріліп кеткен Бостандық ауданы Оңтүстік Қазақстанның бір бөлшегі еді. Кеңес Одағының баскетбол спортында “Түр­кістанның әбжыланы” атанған, ұлы Сабонис­тердің өзі ойнау шеберлігіне бас ұрған Әлжан өзін Шымкенттің түлегі санайды. Шымкентте туып- өскен, алғашқы спорттық гимнастика тәлімін Шымкент спорт мектебінде алған жерлесіміз Нелли Ким спорттық гимнастикадан Олимпиада ойындарының 5 мәрте жеңімпазы атанды. Волейболда Октябрь Жарылқапов, бокста Әбдісалан Нұрмаханов, Марат Жақсыбаев, футболда Құралбек Ордабаевтай аты аңызға айналған саңлақтарымыз бар. Сидней олим­пиадасында боксшылар Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Ділдабековтер Оңтүстікке алтын мен күміс медальдарды тарту етсе, көркем гим­нас­тикадағы көркем қызымыз Әлия Жүсіпова ха­лықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп, Азияда алдына жан салмады. Бейжің олимпиадасында Елена Шалыгина мен Еркебұлан Шыналиевтің қола медальдарға ие болғанын білесіздер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Мемлекеттік Ту мен Әнұран екі жағдайда көтеріліп, ойна­л­ды. Бірінде Мемлекет басшысы өзге мемлекетке барғанда, екіншісінде халықаралық жарыстарда жеңімпаз болған спортшылардың құрметіне” деген болатын. Осы қанатты сөз шындық екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қазір бағзы замандағыдай қы­лыш үйіріп, найза ұмсындырып жауға ша­батын заман емес, кешегі ел қорғаған батыр­лар­дың бүгінгі ізбасарлары осы саңлақ спортшылар. Ол­ар ел үшін, мемлекет на­мы­сы үшін те­ңіздей тер төкті. Үлкен құр­метке лайық болды. Осындай кезде облыс бас­шысы Асқар Мырзах­ме­тов ойтамызық тастап, даңқ­­ты спортшылардың ал­лея­­сын жасау жөнінде тап­сыр­ма бер­ді. Тарихының пар­қын біл­мейтін, саңлақ спорт­шы­ларын түген­де­мей­тін, тағ­ды­рына бейжай қа­райтын ұлт­тың болашағы көмескі. Ер істеген ерлік ұмытыл­ма­уы керек. Асқар Исабек­ұлы осы олқылықтың орнын толтырды. Спортшы биік мақсаттарға жету үшін оған жағдай жасалуы керек. Облыс әкімінің бас­тамасымен спортты дамыту бағытында арнайы бағдарламалар түзілді. А.Асқаров атындағы ипподром күрделі жөн­деуден өтті. Тау баурайындағы “Бәйшешек” спорт-сауықтыру орталығы жаңарды. Облыс орталығынан халықаралық талаптарға сай спорт кешені бой көтереді. Теннис корты, жеңіл атле­тика манежі, елу метрлік бассейн салына­тындығы жөнінде республика халқы хабардар болып, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Талантты жас спортшылардың ұстаханасына айналған Б.Саттарханов атындағы спорт интернаты мен облыстық гимнастикадан олимпиада резервтерін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ел спортының дамуы – ауыл спортымен тікелей байланысты. Бұл ретте, ұлтымыздың темірқазығы саналатын – ауылды жерлерде спортты дамыту мақсатында, елді мекендерде қарапайым спорт алаңдарын салу, ауыл жастарын дене тәрбиесіне көптеп тарту көзделіп отыр. Әрбір отбасында спортқа деген көзқарас пен сүйіспеншілікті арттыру керек. Әрбір азамат – спортқа жанашырлық танытуы тиіс. Биыл алғаш рет аудандық спорт мектептері арасында спорттың 14 түрінен спартакиада өткізілді. Сайыстан іріктеліп алынғандар, яғни жеңімпаздар республикалық 1-ші жасөспірімдер арасында өткен жарысқа қатысып, облысымыз­дың намысын жоғары деңгейде қорғап қайтты. Сонымен қатар, биылдан бастап қаржыны көп қажет етпейтін негізгі бағыт ретінде ауыл, елді мекендерде спорт алаңшалары салынуда. Күні бүгінге дейін 92 спорт алаңшасы салынып, ел игілігіне берілді. Көптен бері қолға алынбай келген, ауылды жерлердегі спорт кешендеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жыл соңына дейін жалғасын табатын болады. Биылғы жылы 2-4 маусым аралығында об­лысымызда спорттың 10 түрін қамтыған халық ойындары өтіп, оған 2 мың спортшы қатысты. Айта кетерлігі, бұл сыннан сүрінбей өтіп, же­ңімпаз атанған жерлестеріміз төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын халық спорты ойындарына қатысты. ҚР Президентінің жүлдесі үшін халық спорты ойындары Ақжайық өңіріндегі Орал қаласында өткен болатын. Оңтүстікқазақстандық жігерлі спортшылар бұл сайыста өздерінің шеберліктерін көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Оңтүстіктің жас спорт­шылары 1-ші республикалық жасөспірімдер арасындағы жарыста командалық есеп бойынша 1-ші орынды жеңіп алған болатын. Спортшыларымыздың әлеуметтік жағдай­ларын жақсарту мақсатында облыс әкімінің арнайы стипендиясы тағайындалған. Облыста былтыр 43 саңлақ стипендия алса, биыл 84 спортшы стипендиант атанып отыр. Биылғы жылдың басты жаңалығы болады деп күтілген 2010 жылдың Қытайдың Гуанчжоу қала­сында жалауы көтерілетін жазғы Азия ойын­да­рына облыстан 43 спортшы қатысады деп жос­парланып отыр. Сондай-ақ, 2012 жылы Ұлыбри­танияның астанасы Лондон қаласында өтетін XXX жазғы Олимпиада ойындарына 20 оңтүс­тікқазақстандық спортшы қатысады деп ниеттеніп отырмыз. Сайдың тасындай іріктеліп алынған бұл спортшыларымыздан үлкен үміт күтіп отырмыз. 2009-2010 жылғы ересектер, жастар мен жас­өспірімдер арасындағы Азия чемпиондарына тоқталсақ, екі жылда 80 спортшы жеңімпаз жә­не жүлдегерлер атанса, оның ішінде, 43 саңлақ Азия чемпионы, 16 тарлан күміс жүлдегер, 23 оңтүстікқазақстандық спортшы қола жүлдеге қол жеткізді. Жеңімпаздардың қатарында Ша­лыгина Елена, Хромова Татьяна, Истомин Сергей, Жақыпов Біржан, Прилепа Анастасия, Өмірзақов Диас сынды бірқатар жігерлі спорт­шылар бар. Әлемдік спорт тарихында тұңғыш рет жас­өс­пірімдер арасында өткен Сингапур олим­пиа­­дасына облыстан 6 жас спортшы қатысқан еді Осы сында Арыс қаласының қызы, ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл алтыннан алқа тағып оралды. Ал, таэквондошымыз Нұрсұлтан Мамаев күміс медальға ие болды. Олимпиада ойындарында республикамыз­дың жас спортшыларының екі алтын медальға ие болғанын ескерсек, соның бірі Оңтүстік Қа­зақстан облысының үлесі екендігі жүрек жы­лы­тады. Яғни, Лондон олимпиадалық ойын­да­рында оңтүстікқазақстандық спортшылардың табысты өнер көрсететініне сенім бар. – Асекеңе рахмет, – дейді спорт бастығы. – Әдетте, әкімдер облыстың экономикасын көтеріп, әдеуметтік жағдайын жақсартумен айналысар еді. Бұл кісі бәрін қабат алып келеді. “Әкімі ақынын іздеген ел бақытты” деп жатады ғой. Облыс басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қаланың қақ ортасынан қазақ вальсінің королі Шәмшіге керемет ес­керт­кіш көтерді. Ұлы сазгердің жанынан “Жұл­дыз­дар аллеясын” ашып, облыстағы өнер май­тал­мандарының бәрін жазғызып, марқұм болған­дардың ұл-қызына, көзі тірілердің қолына куә­лігін ұстатты. Бұл жастарға тағылымды іс болды. Жұрттың сейіл құратын саябағына айналды. Енді спорттың тарихын түгендетіп жатыр. Оңтүстіктің үлкен спортта ешкімнен ұялатын жағдайы жоқ. Қажымұқанды айтпағанда, қа­зақ­тан шыққан тұңғыш Олимпиада ойындарының жеңімпазы Оңтүстіктен шыққандығы әулиесі көп, киелі топырақ екендігін танытпай ма?! “Спортшылар аллеясы” ашылғалы мұнда келушілер көбейді. Аға буынды да, жастарды да көріп, көңілің марқаяды. Бұл – өнеге алатын үлкен тіршілік болды, – дейді. Алып-қосарымыз жоқ. Қазір бокстан ҚР Бокс федерациясының кубогі үшін аймақаралық жарыс жүріп жатыр. Ширек финалда Таразда Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан об­лысы құрамасы кездесті. Екі жақта жарыс ере­жесіне сай үш-үштен легионерлер алған. Оң­түстік Қазақстанның атынан түскен Рүстем Сыбаев бокстың көркі болды. Қарсыласы оңай емес. Әйтсе де Рүстемнің шаршы алаңды, қар­сы­­ласының айла-амалын сезінуі ғаламат. Ше­гін­ген болып, қарсыласының екі жағынан көз ілеспейтін жылдамдықпен лып етіп шыға келеді. Кейде солқылдатып ұрады, кейде қарсыласы аш­ық қалса да соққы жасамайды. Жеңіп тұр. Қай­теді. Бокстың кереметін көрсеткісі келеді-ау. Соңғы жекпе-жек қалғанда оңтүстік­қа­зақстандық жанкүйерлердің жаны ышқынды. Атағы жағынан қос құрамадағы ең мықты, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында қола медаль олжалаған Еркебұлан Шынәлиев Тараз атынан түскен украиналық легионерге қайрат көрсете алмады. Бейжіңнен кейін қол­ғабын шегеге іліп, алаңсыз сайраңдаған сабаз­дың жаны әбден қысылды. Есеп 5:4. Жам­былдықтардың пайдасында. Соңғы үміт ең ауыр салмақтағы Досжан Оспановта. Досжан жеңсе есепті теңестіріп қана қоймай, ең ауыр салмақ болғандықтан қосымша ұпай иеленеді. Досжаныңыз Сиднейде Рубал­кабадай алып зәңгіні ұрып құлатқан Мұхтар­ханның туған жиені. Қарсыласы төбесімен көк тіреген украиналық. Алғашқы раунд тең өтті. Үзіліс арасында Нұрғали Сафиуллин буыр­қан­ды-ай дейсің. Сиднейде Рубалкабадан қай­мыққан Мұхтарханды айдай әлемнің көзінше “қазақ емессің бе!” деп жағынан осып жіберген алақанымен Досжанды үш қайтара тартты. Тістеніп тұрып. Айғайды салып тұрып. “Әй, енді Досжан жеңілмейді”, дедік. Айт­қандай, украинды жеңіп кетті. Бір-ақ ұпай ұстатты оған. Енді оңтүстікқазақстандықтар жар­­тылай финал бәсекелесі үшін Ақтау құра­масымен кездеседі. Шымкентте. Бұйыртса, әрі қарай финал. ...Мұхтархан Сидней Олимпиадасының алдында Ташкентте өткен Азия чемпионатында Расул Сайдовқа жол берген еді. Себебі, кейін анықталған. Оң қолының қолтық тұсынан көк еті жыртылыпты. Оның үстіне Серік Өмір­бе­ковтей оғлан бокстан кеткелі спарринг-қарсы­ласы жоқ. Сол жылы Болат Қырықбаев Мұх­тархан бауыры үшін бәрін жасаған. Емдеткен. Алып, талантты боксшылары бар мемлекеттерге арнайы жіберіп, жарысқа түсірткен. Бірге жаттықтырған. Соның жемісін Сиднейде тердік. Сол Болат Қырықбаев Лондон олимпиадасында да бір қазақ баласын Олимп биігіне көтеремін деп бекініп отыр. Тілегіне жеткей. Қазақтай халықтың абыройын әлемге асқақтататын сол саңлақтар ғой. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. ------------------------------- Суреттерді түсірген Хусан Азизов.