Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың тамыры тереңдеп барады. Екі ел арасында саяси-экономикалық қарым-қатынастың тіні мәдени байланыстарға ұштасты. Былтырғы Қазақстанның Германиядағы жылы іскерлік, ынтымақтастық байланысты бұрынғыдан да өрістете түсті. Әріптес әрі сенімді серіктес елдердің бір-бірінің экономикасына құйған инвестицияларының көлемі де ұлғайып, сыртқы сауда айналымының ауқымы кеңейгені даусыз. Қазір Қазақстанда Германияның 200-ден аса компаниясы әр салада жұмыс істейді. Неміс компаниялары батыс аймақта да тіркелген. Соның ішінде Атырауда 10-ға жуық германиялық компания өз жұмысын сәтті жалғастыруда. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар көкжиегін кеңейтіп, тиімділігін нығайта беретіндігінің дәлеліндей биыл Германияның Қазақстандағы жылы өткізілуде.
– Біз үшін Қазақстан Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес ел ретінде үлкен мәртебеге ие. Әсіресе, батыс аймаққа қызығушылығымыз басым, – деді Германияның Қазақстандағы бас консулы Герольд Амелунг мырза Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Аманғалиевпен кездесу барысында. – Сол себептен Батыс Қазақстан аймағы бойынша консулдықты ашуды көптен бері ойластырғанбыз. Сол ойымыздың сәті енді түскелі тұр. Осы аймақта біздің компанияларымыздың өнеркәсіптік химия кешені, жаңа технология, ауыл шаруашылығы және өзге салалары бойынша байланысы нығайғанын қалаймыз.
Германияның батыс аймақтағы консулы болып Петер Кригер тағайындалғаны жария етілді. “Freudenberg Oіl & Gaz” компаниясына жетекшілік ететін неміс азаматы көп жылдан бері Қазақстанның батыс аймағында өз кәсіпкерлігін дамыту мақсатында тұрады екен. Оған консул екендігін дәлелдейтін ресми құжаттар табысталды. Консулдықтың ресми ашылу салтанаты да өтті. Енді бұдан былайғы уақытта батыс аймақтағы іскер адамдар, қарапайым тұрғындар, тіпті қазақстандық компаниялардың өкілдері Германияға бару үшін визаны Атыраудың өзінде алуына жол ашылды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.