Сәрсенбі күні Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қызметімен танысу мақсатында Қазақстанға келген Еуропалық Парламенттің социал-демократтарының делегациясымен кездесті.
А.Шәкіров Еуропарламент депутаттарын адам құқықтарын қамтамасыз ету саласында, оның ішінде заңнамалық база мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесу, ел халқына құқықтық білім беру мәселелерінде мемлекет қызметінің негізгі бағыттарымен, сондай-ақ осы бағытта мемлекет атқарып жатқан шаралармен таныстырды.
Еуропалық парламентшілер ұлтаралық келісім, ұлттық азшылықтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, діни төзімділік, гендерлік теңдік саласындағы Қазақстанның саясатын жоғары бағалады, сондай-ақ әр түрлі салада, оның ішінде гуманитарлық өлшемде қазақстандық-еуропалық әріптестікті дамытудағы оң серпінді атап өтті.
Кездесуге қатысқандар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы және желтоқсанда Астанада өтетін Саммиттің бұл ұйымның әрі қарай дамуына қосымша серпін беретіні, сондай-ақ халықаралық сахнада Қазақстан беделінің жоғарылауына түрткі болатыны туралы ортақ пікір білдірді, деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.