Ана бір жылдары ауылдықтар шаһарлы жерлерге үдере көшіп, тұрғын үйлер бос қалған кез де болды. Сол уақытта тұрғын үйлер су тегінге сатылғаны да есімізде. Ешкім тұрғын үй салуға құлықты бола қоймады. Дайын үйді арзанға сатып алды. Ауылдың ажарын кетіріп, қаңырап қабырғалары қалған ескі жұрт көзге қораш көрінетін. Рас, қазір ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға көңіл бөліне бастады. Ауылдың тұрмысы түзеліп, жас мамандар ауылдық жерлерге атбасын тірегеннен кейін тұрғын үйлерге де сұраныс артуда. Сәні мен салтанатын келістіріп салған тұрғын үйлер қатары көбейіп, жаңа көшелер бой түзей бастады. Осындай ажарлы көріністі өнеркәсәбі жоқ, бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысатын Қобда ауданынан да байқауға болады. Аудан орталығы ғана емес, шағын елді мекендер мен ауылдық жерлерде де соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бір ғана Егіндібұлақ ауылының мысалынан да көп жағдайды аңғаруға болады. Мұнда соңғы жылдары көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынды, түп-түзу көшелер ауыл көркін ажарландыра түсті, ауылға баратын жол жөнделді. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген жас мамандар осында жұмысқа тұрып, тұрақтап қалды. Жас мамандар барған бойда тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Ауданда әлеуметтік-мәдени нысандарды былай қойғанда, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде де ілкімділік бар. Өткен жылы жоспардағы 25 үйдің орнына 36 жеке тұрғын үй салынған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған алты тұрғын үй бюджеттік сала қызметкерлеріне беріліпті. Республикалық бюджеттен бөлінген 23037,0 мың теңге толық игерілген.
Бұл жұмыс биыл да жарасты жалғасын тауыпты. Үстіміздегі жылы 37 жеке тұрғын үй салу көзделсе, соның 26-ына қоныстанып та үлгеріпті. Қалғандарының құрылыс жұмыстары бүгін-ертең аяқталуға жақын. Олардың иелерінің қыс қаһарына ұрынбай кіріп алуларына мұмкіндігі толық жетеді.
Биыл ауданға мемлекеттік бағдарлама бойынша алты тұрғын үй салуға 23638,0 мың теңге бөлінген екен. Әрқайсысы 70 шаршы метр болатын бұл үйлердің құрылысын жүргізуді “КапСтрой” ЖШС тендерде жеңіп алған. Қазір 6 тұрғын үйдің құрылысы да аяқталып келеді. Аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің бастығы Сәлім Құстыртовтың мәлімдеуінше, бес үй аудан орталығында, бір үй Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова ауылында салынып жатыр. Тұрғын үй құрылыстарын салуда үш бригада жұмыс істейді. Бригада құрамындағы 36 құрылысшының тең жартысына жуығы жергілікті тұрғындар. Мұның өзі жұмыссыз отырған адамдарды еңбекпен қамтуға да ықпал еткен.Тұрғын үйлерді салуға жергілікті материалдар пайдаланылуда. Сондай-ақ, тұрғын үйлер ұлутастан, силикат кірпіштен салынып, төбесі осы заманғы сапалы материалмен жабылған.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлер бюджеттік сала қызметкерлеріне, жас мамандарға, сондай-ақ аз қамтылған көп балалы отбасыларына бөлініпті. Биылғы күзде жеке тұрғын үй салушыларды қосқанда қырықтан астам қобдалық отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр. Мұның өзі қазіргідей күрделі кезеңде жағымды жағдай екені сөзсіз. Сөйтіп, олар “Айхай менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім” дейтіндей қуанышқа кенелмек.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.