Облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің бастығы Иван Пересыпкин ұсынған мәліметтер бойынша, биыл Қызылжар өңірінде 103,3 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу міндеті тұр. Оның 14,8 мың шаршы метрі– несиелік, 2,27 мың шаршы метрі жалгерлік-коммуналдық баспаналар. Құрылыс және әлеуметтік нысандар салуға 9,1 миллиард теңге қарастырылса, 7,2 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы оң өзгерістер ауылдық жерлерді де қамтып, құрыш қолды құрылысшылардың қолтаңбасы айқын аңғарылады. Солардың бірі—Қызылжар ауданының өңірлік тұрғын үй бағдарламасын орындауға белсене кіріскені атап өтуге тұрарлық. Бескөл ауылдық округінде 28 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Мұндай игі істен Рощинск, Налобин, Вагулин, Архангел, Петерфельд ауылдық округтері де сырт қалмапты. Жеке адамдардың қаржысы есебінен 42 баспананың кілттері табыс етіліпті. Жыл аяғына дейін тағы 7 үй пайдалануға берілмекші.
– Биыл 14660 шаршы метр тұрғылықты алаң іске қосылуы тиіс. Бұл – 183 баспана деген сөз. Осы мақсат үшін бөлінген қаржы 593 миллион теңге болса 468 миллионы игерілді. Соңғы жылдары жеке меншік үйлер салу көбейіп келеді. Жергілікті әрі арзан құрылыс материалдарымен көмектесіп отырамыз. “Нұрлы көш” мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 140 үй тапсыратын боламыз. 70 үй қазан айының аяғында пайдалануға беріледі. Қалғанын 1 желтоқсанға дейін салып бітіреміз, – деді өз әңгімесінде аудан әкімі Қайрат Пішенбаев.
Міне, біз Бәйтерек ауылында тұрмыз. Жұртшылық арасында “оралмандар ауылы” атанып кеткен елді мекенде құрылыс ерекше қарқын жайып, әсем қалашықты еске түсіреді. Ата-баба жұртын аңсап келген қандастарымыз үшін он үй Новокаменка ауылында салынса, осындағы сән-салтанаты келіскен 140 үйдің дені пайдалануға әзір. Алғашқы 23 үй жергілікті материалдардан бой түзесе, қалғандарына осы заманғы құрылыс материалдары қолданылуда. Оны құрастырып, жеткізумен Петропавл қаласындағы арнайы ЖШС айналысады. Коммуникация, жарық, су жүйелері тартылып, көгалдандыруға жұмыла кіріскен. Құрылыс жұмыстарына “Основание”, “Петростройлюкс”, “СК-Максим”, “ВАНД” тағы басқа ірі фирмалар тартылған. Елді мекеннің бас жоспарына сәйкес алдағы жылдары мектеп, медициналық қосын, ойын-сауық орталығы, мешіт, басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салынатын болады. Көшелерге Қазақстан Конституциясы, Достық, Батыр Баян аттары берілген. 50 үйге жылыжай орнатылып, ерте пісетін көкөніс түрлерін өсіруге жағдай тудырылған. Ресейден осында қоныс аударған Қайролла Сүлейменов пен құдай қосқан жары Мәриям апай тірліктеріне дән риза. Бәрінен де шаңырақтары сәбилердің шат күлкісіне толы жас отбасылар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады, дейді қариялар.
Міне, бірер жылдың ішінде иесіз жатқан құла дүз далада Бәйтерек атты тұтас елді мекен пайда болып, ауыл адамдарының қыж-қыж қайнаған тіршілік ортасына айналып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.