Мен бұл проблеманы бұрын да көтергенмін, алайда тиісті басқару орындары оған айтарлықтай мән бере қойған жоқ. Мәселе мынада, біз бүгінде өмірімізде болып жатқан ақпараттық және рухани өзгерістерден көш кейін қалып отырмыз. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдерге компьютерлік ақпараттың ықпалы туралы ойланбай келеміз. Әлдекімдердің тәп-тәуір бизнесіне айналған, көп ретте контрабандалық жолмен әкелінетін электрондық нұсқадағы ойындар балалардың мінез-құлқы мен психологиясына кері әсер ететін сұрапылға айналып барады.
Астана мен Алматының, облыс орталықтарының супермаркеттерінде, жеке клубтарда қаптап кеткен, осындай ойындарды көрсетуге арналған орындар арқылы қатыгездік те, мейірімсіздік те, басқа да жағымсыз қылықтар да насихатталады. Оның нақты көрінісі қандай дегенге келсек, мектеп жасындағы балалардың арасында болып жатқан, елдің жағасын ұстатқан оқиғалар жайында ойлануға тиіспіз. Топқа бөлініп қақтығысу, қорқытып-үркітіп ақша жинау, қару жұмсау бір қаланың шеңберінде емес, өңірлердің көпшілігінде байқалуда. Ал мұның сыры неде? Балаларға арналған ақпараттың бақылаусыз кеткендігінде.
Аталған мәселенің өзектілігі соншалық, ол әлемдік деңгейде талайдан бері талқыланып келеді. 2006 жылы Гонконгте білім беру қоғамдары ұйымдастырған халықаралық ғылыми конференцияда қаралды. 2007 жылы Сараевода шақырылған “Біртұтас әлем. Білім беру және мәдениетаралық үнқатысу” атты салыстырмалы білім беру қоғамдары кеңесінің ХІІІ конгресінде де арнайы сөз болды. Солардың бәрінде балалардың денсаулығы мен мінезіне кері әсер ететін электрондық және телевизиялық ақпараттар мен ойындарға қатаң бақылау орнатудың қажеттігі айтылды. Осы мәртебелі жиындарда келтірілген деректерге қарасақ, кабельдік арналар арқылы балалар күніне 17 өлім көріністерін бақылап, 37 рет атыс-шабыс, ұрып-соғу секілді қатыгездік сценаларын көреді екен.
Осының бәрінің алдын алу үшін АҚШ Конгресі 1954 жылдың өзінде телезорлықтың әсері туралы мәселені талқылаған. 1972 жылы медиазорлықтың кәмелетке толмағандарға теріс ықпалын 50 америкалық ғалым арнайы зерттеп, 5 томдық еңбек жазған. 2003 жылы осы елде “Балаларды бейнеойындардағы жыныстық қатынас пен зорлықтардан қорғау” туралы заң қабылданыпты. 2005 жылы Ресей телеарналарының бір топ жетекшісі “Зорлық пен қатыгездікке қарсылық” хартиясына қол қойды, өздері басқарып отырған арналарда оған жол бермейтіндіктерін мәлімдеді. Осындай қадамға біздің телебасшылар барса, құптарлық іс емес пе?!
Көптеген өркениетті елдерде балаларды медиазорлықтан қорғайтын арнаулы заңдар бар. Латвияда 1995 жылы қабылданған “Телерадиохабар туралы” заңда оған тыйым салынды. АҚШ, Канада, Германия, Англия, Норвегия, Дания, Шведия, Аустрия, Франция, Италия, Жапония, т.б. елдерде балаларды зиянды компьютерлік ойындар мен телекөріністерден қорғайтын заңдар бұдан көп бұрын күшіне енген. Мұндай заңдар Грузияда 2001, Украинада 2003 жылы қабылданды.
Осындай қадамдарға біз де баруымыз керек. Супермаркет дүкендерінде қаптап кеткен, бақылаудан тыс қалған компьютерлік ойын клубтарын мемлекеттік тұрғыдан қадағалайтын, сыртқы елдердің телеарналарын ақпараттық сүзгіден өткізу туралы қойылып жүрген талаптарға жауапкершілікпен қарайтын кез жетті.
Республиканың кейбір мектептерінде болып жатқан балалар өлімі туралы ойланғанда, кім-кімді де осы мәселе – ақпараттық қатыгездікті тоқтату мәселесі толғандыруға тиіс. Бізге балаларды медиазорлықтан қорғайтын заң керек. Түрлі заңдарға сыналап енгізілген бірді-екілі баптарды зерттеп шығып, олардың жалпылама әрі жайдақ екеніне, арнайы қарастырылмағандықтан, көбіне орындалмайтынына көз жеткізген соң осылай деп отырмыз.
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты.