Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қ.Қожамжаров Президентке қаржы полициясының сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесу және көлеңкелі экономиканы бейтараптандыру жөніндегі қызметі туралы баяндады.
Мемлекет басшысы әлемдік қоғамдастық Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жоғары бағалайтынын атап өтті. Алайда, отандық БАҚ-тарда бұл жұмыс аз сыналмайды. Атап айтқанда, сотқа негізінен “ұсақ шабақтар” тартылады дегенді желеу етеді. Бірақ, ірі фигуралар ұсталғанда, жаппай қарсы тұру, құқық қорғау органдарын жамандау, жемқорларды қорғау басталады.
Біз бұған жол бермеуге тиіспіз. “Сыбайлас жемқорлық туралы” Заң қабылданғанда, мен өз мәлімдемемде күрес қатаң болатынын ескерткенмін. Біз құқық қорғау органдарын бір-біріне айдап салу, бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіру мақсатындағы барлық өсек-аяң мен арандатуға назар аудармастан, оны аяғына дейін жеткізуіміз керек. Құқық қорғау органдарында, әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен күресте қалыпты, қатаң жұмыс жүруде. Барлығы да біздің бұл жұмысты тоқтаусыз жүргізетінімізді түсінуге тиіс, – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.