Ташкентте Қазақстан және Өзбекстан сыртқы саясат ведомстволары басшыларының орынбасарлары деңгейінде Қазақстан-Өзбекстан сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өтті. Қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай, ал ӨР тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Бахтиер Исламов өкілдік етті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың осы жылы Ташкентте болған кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қозғай отырып, тараптар екіжақты және көпжақты пішіндегі ынтымақтастықтың кең ауқымды күн тәртібін талқыға салды.
Тараптар сондай-ақ 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысын және оны мазмұны жағынан толықтыру жайын қарастырды. Тараптар ЕҚЫҰ жоғарғы кездесулерінің аясында талқыланатын қауіпсіздікті нығайту, лаңкестікке, экстремизмге және есірткі тасымалына қарсы күрес мәселелерінде Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары бір екендігін жеткізді. Аталған консультациялар жоғарғы кездесулер алдындағы өзіндік “уақыт салыстыру” болып табылады және Астана мен Ташкенттің келісілген ұстанымдарын ойластыруда, сондай-ақ Ұйым шеңберінде ортақ аймақтық мүдделерді ескере отырып, консенсусты кеңістікті нығайтуда ерекше маңызға ие.
Екіжақты пішіндегі өзара ықпалдастықты межелей отырып, тараптар елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үдемелі қарқынын, Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау бойынша атқарылған жұмыстарды оң бағалады. Сонымен қатар, екі елдің дипломаттары сауда-экономикалық белсенділіктің алғышарты болып табылатын 2007-2016 жж. арналған екі елдің Экономикалық ынтымақтастық стратегиясы ережелерінің маңыздылығын ерекше атады.
Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар Қазақстан мен Өзбекстан халықтары арасындағы қарқынды дамып келе жатқан ағайындық қатынастар бұдан кейін де бүкіл Орталық Азия аумағының тұрақты дамуына негіз болатынына сенім білдірді.