Астана әуежайы алда өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Бұл жөнінде “Астана халықаралық әуежайы” АҚ басшылары арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Елордамызға келетін мәртебелі қонақтарды қарсы алып, оларға лайықты деңгейде қызмет көрсету үшін Астана әуежайында қызу жұмыстар жүргізілуде. Бұл жөнінде “Астана халықаралық әуежайы” АҚ президентінің бірінші орынбасары Есбол Керей мәлім етті. Мемлекет басшылары мен оларға еріп келетін ресми делегация өкілдері мінген ұшақтарды уақтылы әрі сапалы қабылдау басты міндет болып табылады.
Есбол Құсманұлы әуежай қызметінің жоғары деңгейде болуы тиістігін тілге тиек ете отырып, елдіктің өлшемі әуежайдан басталарын да қаперге салып өтті. Сондықтан да Астана халықаралық әуежайының қызметкерлеріне деген талап ерекше. Осы мақсатта әуежайда тәулігіне 900 адам жұмыс істейді деп күтілуде. Үш тәулік ішінде 2700 адам қызмет атқармақшы. Сондай-ақ кәсіби деңгейі жоғары мамандар Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Шымкент және Көкшетау әуежайларынан тартылатыны белгілі болып отыр. Ал әуе компанияларынан “Скат”, “Эйр Астана”, “Беркут” сияқтылар шараға атсалысып, сонымен қатар, 30-ға тарта ерікті жұмылдырылады. Саммиттің өтуі барысында жедел міндеттерді шешу мақсатында Астана халықаралық әуежайы ғимаратында штаб құрылатыны да көлденең тартылды. Оның құрамына Сыртқы істер министрлігінің, арнайы қызмет орындарының, әуежайдың өз қызметкерлері және өзге де мекемелердің қызметкерлері кіретін болады.
Ұшып келетін ұшақтарды орналастыруға қажетті перрондардың саны 70 болса, бұған қоса тағы 22 тұрақтық орын салынуда. Оның құрылысы қарашаның жиырмаларына дейін аяқталуға тиіс, деп мәлімдеді әуежай президентінің бірінші орынбасары. Оның сендіруінше, Астана халықаралық әуежайы ұшақтардың кез келген түрін қабылдай алады. Сондай-ақ келген қонақтарды ұшақтан түсіріп алуға, қонатын жолақты тазартуға және өзге де жұмыстарды атқаруға қажетті техникалар сатып алыныпты. Олардың ұзын саны – 113. Соның 50-ге жуығы автотраптар, ұшақтарды тартатын және сол сияқты қызметтер атқаратын техникалар. Қазіргі таңда 63 техника жолда келе жатқанға ұқсайды. Ал әуежайдың өзінде 56 арнайы техника бар кө-рінеді.
Сонымен қатар, 23 арнайы техника Алматы, Қызылорда, Көкшетау және Ақтөбе әуежайларынан жалға алынбақшы. Жергілікті жердің ауа райының ерекшелігіне байланысты 15 арнайы қар тазалайтын техника ұшақтар қонатын жолақты жедел тазартуы тиіс болады. Бұған қоса, әуе кемелері қонатын жолақты қар мен мұздан тазартуға арналған тағы 7 техника жұмысқа тартылады. Ол үшін “Казавтодор” РМК-мен арнайы келісім-шарт жасалыпты. Әуежай қызметкерлерін тасуға арнайы автобус бөлінсе, олардың тамақтануы мен демалуы үшін де айтарлықтай жағдайлар жасалатыны атап өтілді.
Ұшақтардың қонуын жоспарлау үшін ауа райы барысына үнемі мо-ниторинг жүргізуге ерекше ден қойылмақ. Сонымен бірге, диспечерлік, бағдарлау, метео және техникалық қызметтер арасындағы өзара бірлесе әрекет ету барысы да пысықталған.
Қорыта айтқанда, Астана халықаралық әуежайы саммитке келетін мәртебелі меймандарды қар-сы алуға барынша дайындық үстінде. Егер тіпті жағдай күрт өзгеріске ұшырай қалғанның өзінде қонақтарды еліміздің өзге әуежайлары да қабылдауға дайындалып жатқаны белгілі болып отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.