• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Алаш абыройы

419 рет
көрсетілді

Қайсар қалам жеңісі Жақында ғана біздің газетіміз филология ғылымдарының докторы, жазушы Немат Келімбетовтің түрік тілінде жарық көрген “Түркі халықтарының ортақ әдеби мұралары”, “Үміт” кітаптарының тұсаукесері Ыстамбұл қаласында өткенін жазған болатын. Енді міне қаламгердің тағы бір тамаша табысы жайында естіп жатырмыз. Немат Келімбетовке ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасын беру жөнінде шешім қабылданды. Беделді халықаралық ұйым қазақ қаламгері бұл наградаға оның неміс тіліне аударылған “Үміт үзгім келмейді” атты кітабы үшін лайықты деп таныған. Еліміз оқырмандары ол кітапта ауыр науқасқа душар болып, тағдыр сынының салмағын ерен рухымен көтере білген адамның жан сыры баян етілетінін жақсы біледі. Еуропаның Франц Кафка қоғамының президенті Мирослав Кливар қазақстандық қалам­гердің бұл кітабы еуропалық мәдениетке қо­сыл­ған маңызды үлес деп санайды. “Немат Келім­бетовтің “Үміт үзгім келмейді” кітабы науқас адамдардың бойына рух күшін дарытады, қиын кезеңдерде күресе білуді үйретеді. Бұл кітапты оқы­ған адам селқос қала алмайды, осы мәртебелі на­граданың тапсырылуы шығарманың құндылы­ғын таныта түсіп тұр”, дейді Мирослав Кливар. Еуропаның Франц Кафка қоғамының бұл наградасының осыған дейінгі лауреаттарының арасында атақты кинорежиссерлер Стивен Спилберг пен Милош Форман, чех саясаткері, драматург Вацлав Гавел, жапонның жер-жаһанға мәлім жазушысы Харуки Мураками сияқты әлем мәдениетінің ірі өкілдері бар екенін айтсақ, қазақ қаламгерінің бұл жеңісінің бәсі арта түседі. “Егемен-ақпарат”.