• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Ізгі ниет өрнегі

537 рет
көрсетілді

Бұл осыдан 30 жыл бұрын бол­ған жай еді. Қазақ ұлттық универ­ситеті журналистика факультетінде оқитын кезіміз. Студент халқының қашаннан құлағы түрік жүретіні белгілі. Алғашқы 1-2 курста небір профессорлардың алдынан дәріс алып, көп жағдайдың ұңғыл-шұң­ғылына қанығып қалған әріптес­теріміздің бірі: – Ал, жігіттер, білесіңдер ме, философиядан бір жас доцент сабақ береді екен. Есіл уақытты қор қыл­ған­ша, екі парды жіберіп, “суатқа” тартсақ қайтеді? – деп былай­ғы­ларымыздан жауап күтті. – Сөйтсек, сөйтейік, – деп іші­міз­дегі сақа жігіттердің бірері ала­қандарын уқаласып қалды. Олардың көкейін тескендегісі – сырахана. – Лектор жас болғанмен, ұстаз ғой. Бәріміз ошарыла кеткеніміз қалай болар екен, – деп енді бірі екіншісін сабырға шақырғандай болып жатты. Өстіп тұрғанда көмірдей қара шашын әдемілеп тараған, үстіне су жаңа қара костюм-шалбар киіп, онымен қоса галстугын да сәнді етіп таққан, қоңыр папкалы кісі аудиториямызға жақындап келіп: – 312-ші осы ма? – деп сұрады. – Осы, осы, – деп шу ете қа­лыс­тық. Жаңағы кісі бізбен күлім­сірей сәлемдесті де, бірден шалт қимылмен аудиторияға кіріп кетті. Сөйтіп, аз-кем уақыт аудиторияның ішін көктей шола барлап тұрды да: – Ал, жігіттер, қыздар орны­мызға жайғасайық. Мен сіздерге философия пәнінен дәріс оқитын ұстаздарыңмын. Аты-жөнім Рау­шанбек Әбсаттаров, – деді. Әңгіменің шыны керек, ал­ғаш­қы сәтте жас ұстазға мойын­сұн­ғысы келмеген, бұра тартуға ың­ғай­лас жігіттеріміз әрлі-берлі мінез көр­сетуге ыңғайланып еді, олары­нан түк шықпады. Жас лектор олар­ға мүмкіндік бермек түгілі өзінің бар болмыс-бітімімен, ырғақты дауысы­мен аудитория ішін алғашқы сәт­терден-ақ баурап алды. Лекция­ны оқулық ауқымындағы мәселе­лермен ғана шектеп қалмай, қазақ та­рихымен, қазақ тағдырымен тіке­лей байланыстыра сабақтады. Лек­ция­ның қызғылықты, мазмұнды бол­ғандығы соншалықты, 45 ми­­­нөт­тің қалай өткенін білмей де қалыппыз. Шәкірт жүрегін баураған осы алғашқы лекциядан соң-ақ біздер жас ғалымның дәрісі болатын күндерді асыға күтетін болдық. Ал сабақтан зытып “суатқа” беттеу деген әңгіме ептеп болса да екінші планға сырғып кетті... Өзіне деген студенттердің осын­дай бір ілтипатын сезген болу ке­рек, Раушанбек ағамыз да білгені мен түйгенін құрмет тұтқан шәкірт­терімен бөлісуге асығатынын біз де байқадық. Сөйтіп, ол үйірме құрды. Сол үйірмеге де топ-тобымызбен қа­тысып, баяндамалар әзірлейтін болдық. Онымыз университеттің сту­денттердің ғылыми конферен­ция­сында жақсы жағынан бағала­нып та жататын. Кейін жылдар өте бақсақ, ұстаз деп аталатын ұлы ұғымның бар қа­дір-қасиетін бойына сіңірген оқы­­­мысты ағамыз Раушанбек Боран­байұлы Әбсаттаров осы бір дәстүрді өзінің өмірлік қағидатына айнал­дырған екен. Бізден кейінгі курстың студенттерімен де осылайша қауы­шып, достасып олардың үлкен ғы­лым­ның қия жолына бет алуына түрт­кі болғанын әріптестеріміз бү­гінде жыр ғып айтады. Бір кездері Т.Г.Шевченко ат­ын­дағы Киев мемлекеттік уни­вер­си­те­­тінің философия факультетін үздік бітіріп, өзінің бүкіл тағдырын Қа­зақстан ғылымының өсіп-өркендеу жолымен байланыстырған Рекең қашанда үлкенге іні, кішіге аға болу қасиетінен танған емес. Оның ғылыми-педагогикалық еңбектері Қазақстанның бүгінгі саяси өрлеу кезеңдерінің өзекті мәселелерімен сабақтас. Бұл туралы айтқанда мына бір жағдаятқа айырықша назар аударған дұрыс. Тоқсаныншы жылдары еліміздің ғылыми-педагогикалық саласында да түбірлі өзгерістер жасау міндеті тұрғаны белгілі еді. Міне, осы тұста профессор Раушанбек Әбсаттаров өзінің бар білігі мен білімін ортақ мүдделі іске бағыттауға тырысты. Бұған бір ғана мысал келтіруімізге болады. Айталық, Қазақстанда ең алғаш рет саяси ғылымдарының док­торы ғылыми дәрежесін беру туралы диссертация кеңесінің ашы­­луына оның тікелей ықпалы бол­ға­ны сөзсіз. Өйткені, осы мәселе тө­ңірегінде Мәскеуге бірнеше рет хат жазылып, одан тиісті нәтиже шық­паған еді. Мұны көзі тірісінде про­фессор Тілеміс Мұстафин марқұм да айтып жүреді екен. Сөйтіп, ол Рекеңе қолқа салады. Ал Раушанбек Боранбайұлы бұл мәселеге білек сыбана кірісіп, КСРО Жоғары ат­тес­тациялық комиссиясында отыр­ған лауазымды кісілермен әлденеше рет сөйлесіп, олардың осы мәселе төңірегіндегі әңгімеге көздерін жет­кізіп, ақыр соңында саяси ғылым саласы бойынша диссертациялық кеңестің ашылуына ықпал етеді. Осы шаруаны оңынан орай­лас­тырумен бірге, өзі өзгелерге үлгі көрсете білді. Сөйтіп, ол елімізде әлеу­меттік саяси ғылымдарының да­муына үлес қосып, 8 тілде 32 мо­нография, түрлі кітаптар, оқу құралдарын, кітапшалар және 500-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік мақалалар жариялады. Осы еңбектерде ғалым саясаттану және әлеуметтану үшін іргелі және қолданбалы маңызы бар ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Респуб­ли­када ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті және оған тәрбиелеу, этносаяси қауымдастық, ұлттық және жалпықазақстандық сана, қоғамдық келісім, ұлттық қарама-қайшылықтар және оларды шешу­дің жолдары, адами қызметтің әм­бе­баптануы және кіріктелу үрдісі, ха­лықтардың бірлігі және олардың ой­лау стилінің әртүрлілігі салыс­тыр­малы саясаттану және тағы басқа бағыттардың қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосты. Оның тың көзқарастары, ой толғаулары әлеуметтік саяси қаты­настардың қағидатты және күрделі ғылыми проблемаларын шешуде батылдықпен, жаңашылдықпен ерекшеленді. Осы ретте Рекеңнің “Ғылыми-техникалық прогресс және ұлтаралық қарым-қатынас”, “Ұлт­тық қатынастардың дамуы: проб­лемалары мен басқаруы”, “Ұлт­тық үрдістер: ерекшеліктері мен проблемалары”, “Студенттерді ұлтаралық қарым-қатынас мәдение­тіне тәрбиелеу: теориясы мен прак­тикасы”, “Саясаттану және оның проблемалары” деп аталатын еңбек­тері зиялы ортадан, ғылыми пе­дагогикалық қауымнан лайықты бағасын алған. Тәуелсіздіктің таңы атысымен қазақ ғалымдары бұрынғы сарытап кеңестік идеологияның құрсауынан арылып, өздерінің ой орамдарын ғаламдық мәселелермен орайлас­ты­руға, шендестіруге тырысып келе жат­қаны сөзсіз. Сондықтан да болу ке­рек, қазіргі таңда қазақ ғалым­да­ры төрткүл дүниенің төрт бұрышын шарлап кеткені мәлім. Осы орайда Раушанбек Әбсаттаровтың да Оң­түстік Кореяға, Түркияға, Жапо­ния­ға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Еги­­пет­ке, Ресейге, Украинаға, Бе­ло­­­рус­сияға барған іссапарлары нә­­тижелі болғаны ақиқат. Ол елуден астам халықаралық ғылыми-прак­­тикалық конференцияларда баян­дамалар жасады. Тәуелсіз Қазақ­станның сая­си ғылымында атқа­рылып жат­қан жоталы мәселелерді халық­ара­лық қоғамдастықтың назарына салды. “Шәкіртсіз ұстаз тұл” дейтін қа­натты қағида бар. Олай болса, Рекең бүгінде өзінің алдынан қанат қағып, тұсауын кескен жас достары туралы әрдайым мақтанышпен марқая әңгімелеп отырады. Ол күні бүгінге дейін 18 ғылым кандидатын, 3 ғылым докторын даярлап шығар­ған екен. Бұлардың қай-қайсысы да бүгінде халық шаруашылығының сан саласында, бірегей білім мен ғылым ордаларында жемісті еңбек етіп келеді. – Ғылыми-педагогикалық жұ­мыс түсіне білген жанға үздіксіз білім жетілдірудің ошағы. Өйткені, бүгінгі таңда аудиторияға барып лекция оқу үшін үлкен дайындық қажет. Себебі, қазіргідей ғылыми техникалық прогрестің қарқынды дамыған шағында терең білім мен біліктілікке қол жеткізу қазіргі ұстаз атаулыға қойылатын ең бірінші өлшем болуы тиіс, – дейді Раушан­бек Боранбайұлы. – Сондықтан өзім, негізінен, ізденісімнің түпқа­зығына айналып отырған саяси ғылымның өсіп-өркендеуіне бай­ла­нысты көргенім мен түйгенімді топ­тастырып, үш томдық кітап шығар­сам ба деп отырмын. Ол “Саяси ғы­лымның ерекшеліктері мен проб­ле­м­алары” деп аталады. Көлемі 80 баспа табақтай болмақ. Осынау бірегей еңбекке біздің байқауымызша ғалымның әр жыл­дары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған сүбелі туындылары топтастырылмақ. Себебі, өзінің ұстаздық жолын Қазақ мемлекеттік университетінде бастаған оның ғы­лыми ізденістері Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында жал­ғасты. Еліміздің тәуелсіздік алуы­мен орайлас тұсауы кесілген бұл жоғар­ы оқу орнында Рекең сая­сат әл­еу­меттануы және фило­со­фия ка­фед­расының меңгерушісі болды. Өзінің білімділігімен, бі­ліктілігімен әріп­тес­терінен оқ бойы алда жүретін ғалымға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі аппаратының кеңесшісі қызметі де ұсынылған болатын. Ол саяси ақпараттық-тал­дау жұмыстарын шебер де ұтқыр ұйымдастыра білуімен көзге түсті. Ол жұмысы да лайықты бағаланып отырды. 1997 жылдан ғалымның ең­­­бек жолы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универси­теті­­­мен тығыз байланысты. Мұнда Рекең ғылыми педагогикалық кадр­ларды тәрбиелеуде қыруар тәжірибе жинақтады, онысын өзінің жас әріптестерінің бойына дарытуға күш салды. Тарих фа­­куль­тетінің деканы болды. Сая­сат­тану және әлеумет­та­ну кафедрасын шеберлікпен басқара білді. Ал қазір университеттің ма­гис­тратура және PhD докторантура институты сая­саттану және әлеу­меттік эко­но­микалық пәндер ка­фед­расының меңгерушісі. Рекеңнің ғұмыр жолына зер салып отырсаңыз ол біз жоғары­дағы тізбелеген қай жұмыста жүрсе де өзінің тыңдырымдылығымен, ұқ­ып­ты­лығымен әріптестерінің, шә­кірт­терінің ілтипатына ие. Сөз басында ұстаздың шәкірттермен арадағы та­ныстығынан бір деталь келтірген едік. Оның да өзіндік се­бебі бар. Өйткені, сол шәкірт­терімен Рекең әлі күнге дейін тығыз қарым-қа­тынаста, шығармашылық байланыс­та. Ол еліміздегі байырғы басы­­­лым­­дардың бірі – ұлттық қоғам­дық-сая­си “Ақиқат” журналының ре­дак­ция­лық алқа мүшесі. Рекең ал­қа мүшесі ретінде журнал жұмы­сы­ның бұ­қа­ралық сипат алуына үлес қосып ке­леді. Жұмабек КЕНЖАЛИН, “Қазақ газеттері” ЖШС бас директоры —редакторлар  кеңесінің төрағасы.