• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Саңлақ

909 рет
көрсетілді

Асанәлі Әшімовтің кино мен театр тар­ландарының арасын­да ғана емес, жалпы өнер өкіл­дерінің ішінде ерекше орын алуы­ның сыры неде? Осы сұ­рақты жақында ғана сексен­­­нің сеңгіріне көтерілген ардақты аза­­ма­тымыз, академик Төре­гел­ді ШАР­­­МАНОВ өзіне өзі қой­ыпты. Өз сұ­рағына өзі былай жауап қайтарыпты. Асанәлі Әшімовтің кино мен театр тарландарының арасын­да ғана емес, жалпы өнер өкіл­дерінің ішінде ерекше орын алуы­ның сыры неде? Уақыт өзенінің сағаларын бой­ласам, оны алғаш алыс қалған 1962 жылы көріппін. Жастар арасында белгілі бола бастаған кезі еді. Кейіні­­рек, әсіресе, 1990 жылдан соң оның тағдыры мені өз иіріміне тарта бас­тады. Қазір есімі елге бел­гілі кәсіп­кер, отаншыл жан Ұзақ­бай Айт­жа­новтың арқасында жа­қын таныс­тық­қа ие болдым. Асан­әлімен жүз та­ныстығымыз мызғы­мас достықтың іргесін салды. Асанәлі Әшімовтің өнердегі жолы – уақыт шекарасын білме­й­­­тін шебердің шыңдалу кезеңдері. Жам­был облысының шалғайдағы Сарысу ауылынан шыққан ол отандық өнер­дің өшпес жұл­ды­зына айналды. Асанәлі актерлік өнерінің бас­тапқы сәтінен-ақ жастар­дың сүйік­ті­сі болды. 1960-70 жылдарда оны біл­мей­тін жан кездеспейтін, сезімдер тұм­ша­ланған заманда жастар үшін Асанәлі махаббат пен жанкеш­­ті­­ліктің сим­во­лындай болды. Тырнақалды спек­такль­дері ұлт­тық театрдың 60-жыл­дар­­дағы жаңа дәуіріне тұс келіп, “жаңа актерлік буынның” қатарына ілікті. Кино өнерінде атышулы сан алу­ан рөлдерді сомда­ға­нымен, көп жыл­дар бойы Асан­әлінің аты “Қыз Жі­бектегі” Бекежанның атымен қосар­лана айтылып жүруі заңды құ­бы­лыс болды. Киносүйер қауым эк­ран­дағы көзі шоқтай жайнаған Бе­ке­жанның бейнесін жадында сақтап, жалын атқан сөзін жатқа айтып жүрді. Актерлік өнерге жаңа қадам басқан жас Асанәлінің осы тұста қазақ өнерінің ерен тұлғасы, ұлы актер және кинорежиссер Шәкен Аймановпен кездесуі тереңде жат­­­қан дарынын жарыққа шығарып, ұзақ жылдарға созылған бақыты мен өмірінің сирек кездесер сәті болды. Режиссердің әйгілі “Ата­ман­ның ақыры” фильміндегі басты рөлі үшін республиканың Мем­ле­кеттік сый­лы­ғын иеленді. Қазақ өнерінің үлгі-өне­гесі, тұлға ретінде – ар-ұяты бол­ған Шәкен Айма­новтың Асан­әліге берген тағылымы орасан еді. Шәкен Аймановтың театр­лық әртіске тән, рөлге беріл­ген нәзік те ойлы өнері Асанәлінің бойына мәңгі сіңді. Кейіннен опера сахнасының көр­­некті әншісі атанған Майра Шәкен­қызы Асанәлінің студенттік жыл­да­рында кездестірген алғашқы махаб­ба­ты болатын, орталарында Мәди, Сағи есімді қос ұлан дүниеге келді. Аяусыз тағдырдың пеше­не­дегі жазуына жасар амал қайсы, елге өзі сияқты ерте танымал болған сүйікті де сүйкімді балалары өмірден мезгілсіз озды. Кино өнері актер есімін әйгілі еткенімен, шынайы дарынның қыр-сыры театр сахнасының тө­рін­де ашылатыны белгілі. Асанәлі Әшімов – ұлы Әуезов атындағы әйгілі театрдың белді актері. Нағыз әртіс болу үшін алдымен тұлға болу қажет. Асанәлінің сахнадан айтары мол. Көрерменге ой салып, тол­ған­дыру, сезімін оятып, тебіренту – кәнігі әртістің басты мақсаты. Асанәлінің қоғамда орын алған оқиғаның мәнісін танып, салмағын өлшеудегі, драматургияда немесе ойнаған рөлдеріндегі кейіпкердің басты қасиетін дөп басу шеберлігі – адамның жан дүниесін рахатқа батыратын, сирек құбылыс. Актерлік шеберлігі – көрерменнің алғашқы көріністен-ақ ырқын билеп, спек­такль­­дің соңына дейін бір демде ұс­тайды. Ең таңғал­ды­ра­тыны бұл емес – көрерменнің зал­ға қайтып ора­лып, бір спектакльді сан тамашалауы. Әрдайым өнердің шыңынан та­бы­луға ұмтылады, актерлік пен на­ғыз ерге тән қасиеттер бойында тең үйлескен, тұлғасының тартымды­лы­­ғының құрығы ұзын – шыр­ма­уына түскенге шығу қиын. Асан­әлінің адам болмысының қыры мен сырын, көлемін танып, маңай­ына қатысын, жан дүниесін бүге-шігесіне дейін бейнелей алуы – күрделі құбылыс. Кинода жағымсыз кейіпкер­­лер­ді ойнаған сәтінде немесе коме­дия­лық элементтерді жеткізуде сым­баты қазаққа келе бермейтін, ұзын бойлы Асанәлі мұндай көріністерді табиғи мысқылымен, теріс қылы­ғына өзге­ше астар берумен, аса жеңіл бей­не­лейді. Оның жағымсыз кейіпкер­ле­ріне ерекше мәнердегі тартымдылық тән, көзқарасында ақыл мен мұң астасып, шешуінен сұрағы көп қилы тағдыр суретін өрнектейді. “Қыз Жі­бектегі” сом­даған Бекежан бейнесі халық ау­зын­да қалып, эпос кейіп­ке­ріне жан бітіріп, Асанәліні ұлттық ки­ноөнер құбылысы ретінде таны­тып, әртіс­тік бетпердесін ашуының бір сыры осында болса керек. “Ымырттағы махаббат” спек­так­­ліндегі трагедиялық рөлін әр кә­сіптік салада еңбек ететін достары – Әб­ді­жәміл Нұрпейісов, Салық Зиманов, Камал Ормантаев бар, қатар тамашаладық. Актер мен ак­трисаның шеберлігі сахна шеңбе­рінен асып кеткен тәрізді, бұл өң мен түстің бір қиюласқан сәтіндей көрінді, көптен мұндай шерлі кө­ріністің куәсі бол­­мап едік. Бар әлем қаңырап, саха­ра­да осы екі жан жалғыз қалғандай, бейнелері ұмы­тылып, үндерін ғана естіп от­ырдық. Драматургия мен актер­лік­тің шыңы дегеніміз осы да. Бір таңғалдыратыны, актерлік шеберлігінің шынайы өмірге әке­ле­тін салдарынан оның айналасын­да­ғылар қиянат көрмейді, керісінше, өмірге жаны арашаланып, арылып оралатындай. Актерлік көрегенді­гі­мен оқиға мен адамдарға әділ баға­сын беріп, бүгін басталған істің ер­тең немен тынатынын алдын ала нақ­ты болжайды. Сахнадағы ауыр тра­гедияға бойлау сәтінде, ен да­ла­дағы соқпақты жол үстінде болсын, табиғилық қасиеті, ішкі сезімінің айқындығы бойынан аластамайды. “Адам – өмір сүрген орта­сы­ның айнасы”, әсіресе, бұл әртіске тән қасиет. Үнемі ішкі дүниесіне бой­лап, драмаға күш береді, ре­жис­сердің ой­­ын дәл тауып, оған қосар үлесі мол. Біздің кино мен теат­ры­мызда Асан­­­әлінің орны әртістен басым. Ол әр­­дайым көрерменмен сұхбат құрып, сырын қоса шертеді, оның ойы­н­ын­­­да өзіндік, ерекше өткір көзқарас бар. Әрдайым ашық-жарқын, кең пейілді жан болғанымен Асанәлінің жан дүниесіне бойлау – қиын іс, санасының түкпірі белгісіз, қол жет­­пейтін алыс қияда тұратындай көрі­неді. Өнерінің өзі беймәлім болмы­сының бір қыры ғана, сырт­тай аш­ық, іштей жабық жан дү­ние­сі ұшы-қиыры жоқ жұмбақ әлемнің бір бөлігіндей. Асанәлінің адамның қилы мі­нез-құлқын бейнелеуіне, драмалық қажыр-қайратына, көз тартатын актерлік келбетіне тең келер жан жоқ. Бет әлпетінің ойнаған рөлін кө­рерменге сөзсіз жеткізетін қа­сие­ті бар, тұңғиық жанарының түбіне мәңгі мұң тұнған. Адамдармен сұхбат құрғанда, сөзден гөрі көзбен ұқтыруы басым, мәңгі мұң ұялаған жанары сөзден гөрі көбірек сөй­лейді. Жанарының терең тұңғиығы – әлемнің әйгілі актерлері Роберт де Ниро мен Иннокентий Смокту­нов­ский­­ге, атақты тенор Лучано Па­­­­­во­роттиға ғана тән, сирек құбылыс. Өнерде табысқа кеңінен кенеліп жатса, өмір өз зобалаңын алдынан тосты. Ардақтыларынан айырылған қа­сіретті сәтінде қабырғам қоса қай­ысып, көкірегім қоса айырылды. Сол уақыт­тан бастап ол мен үшін алыс жұл­дыздай атақты әртіс, мил­лион­­ның сүйіктісі болудан қалып, қара­пай­ым, ет пен сүйектен жарал­ған жа­­қын да қымбат жанның біріне айналды. Сонау бұлт басқан, ақ жауын­ды, бұлыңғыр аспан бір мезетте ашы­лып, күн сәулесі төгіліп, өмі­ріне Бағдат кел­ді. Ол кешікпестен дүниеге кіш­кен­тай Асанәліні әкел­­ді. Сынға сын­баған ғана сый алары хақ. Басқан қайғыға қарсы тұрып, қайыспаған жанның, қасі­реттен белі бүгіліп, сы­ну­ға шақ қалған адам­ға қарағанда, өт­кенге көзқа­ра­сы терең де сәулелі келеді. Жақында Алматыда халық­ара­лық кинофестивальдің ашылу сал­тана­тын­да қызыл кілем үстінде қол ұстасып үлкенді-кішілі Асанәлі мен Бағдат жүріп өткенде көңілім сүй­сі­ніп, “Иә, лайым, өміріңде жақ­сы­лық болсын, достым!” деген тілек білдірдім. Ба­сылым беттерінде жа­рық көрген Асан­әлі күнделігінің саралы ойға то­лы жолдарын оқыған сәтімде Бағдат­тың ыстық сезімі мен адал жүрегіне ар­на­лып айтыл­ған лебіз өзін көрген сайын есіме тү­сіп, жүзіме жылу ұя­латады. Бағ­­дат­тың ақылы терең, ізеті мол жан екендігін Асанәлінің не­ме­релерін өз баласындай, іш-баурына тартып, жақын көруінен тануға болады. “Ымырттағы махаббат” спек­так­­лінде сахнадағы кейіпкерлер ара­сындағы ынтық сезімдерін жеткізген сүйісу сәтінің бір тұста ұзақтау болып көрінгені бар-тын. Қайғы-мұңға толы көрініс болса да, сол тұсында шыдамастан бізден кейінгі қатарда отырған Бағдатқа қарап күліп жібердім. Үзілісте бір топ жас келіп: “Неліктен осындай қайғылы сәтте күлдіңіз?” – дегені бар. Атақты әртіс – көптің сүйік­тісі, қызғаныш туралы сұрақтар туындамай тұрмай­ды, сондай бір сәтте айтылған Бағ­даттың “Менде де жүрек бар ғой” деген тамаша жауабы бар екен. Үлкен әртістер балажанды, бұл дүниеден кәрілік дегеннің не еке­нін білмей өтеді. Сапарының бі­рінде, Асанәлі күзгі жеміс-жидек піс­кен ал­тын шақта жо­лай нән қар­быз-қауын піскен бау-бақ­ша­ның қасы­­­нан өтеді. Балдәу­рен­дегі тіл үйі­­ретін қар­быздың дәмі есіне түсті ме, ба­ла­лы­ғы ұстап, көз сүйсі­не­тін бақ­шаға бас қояды. Бір нән қарбызды қо­лына ала бергенде, “ұр­лық жа­са­ғанда ай жарық болды” деген­дей, кү­зетші келе қа­ла­ды. “Ұры­­ны” та­ны­ған кү­зет­ші аң-таң: сүйікті әр­тісін өзінің бау-бақ­ша­сынан көрем деген үш ұйықтаса түсіне кір­мей­тін іс қой. Асан­­әлінің де бейнесі атақ­ты әртіс емес, ұр­лығы ашылған бала­ның кей­пін­де бо­лады. Естіген жанды езу тарт­қызбай қоймайтын осы көрініс жайлы құ­лағдар бол­ға­нымда ак­тер­дің жұмбақ жан дү­ниесінің құпия сыры есей­ген шақ­та да ба­ла­лықтан қол үзбеуінде деген ой келді. Бала­лық­пен қош айтыса оты­рып жан дүние­міз­дің асылынан қоса айы­ры­латын сың­ай­­лымыз. Адам өмірден шар­шап-шал­дық­қанда, оған деген сүйіспен­шілігі жо­­ғалған кезде қартаяды. Асанәлі өмір­­­дің барлық сәтін ұна­тып, қуа­ныш табуға ты­­ры­сады. Асан­­­әлінің өм­ірге құш­тар­лы­ғы адам­­­­­­ға деген, от­басына деген зор сүй­іс­пен­ші­лі­гімен байла­ныс­ты. Жү­ре­гінде от-жа­лы­ны мен махаб­ба­ты тау­сыл­­ған жан әр­тіс бо­лудан қалады. Досқа деген пейілі мен әзіл-қал­­­жы­ңы тау­­сылмайтын дариядай. “Ма­тумба” атты клуб­та доста­ры­мыз­­бен бас қо­сып, сыр шертетін ке­зіміз бо­ла­ды. Құрбы­ла­рын жай­ма-шуақ қал­жыңына іліктіре жүру әдеті бар. Бір досының атынан “Сви­­но­вод­ство” жур­налына жа­зылып, жеткі­зі­летін ме­кен-жайын көрсетеді. Қан­нен-қа­персіз, бұл жәйт­­­ті әуелі жай қате­лік көрген досы жур­­­нал­дың екінші санын қо­лына алғанда ғана мәселенің сы­ры­на қа­нық болып, санын соғады. Осы тәрізді орта­сында өзі жүретін зіл­сіз әзілі болмысының ажарын ашады. Асанәлідей табысқа мастануды білмейтін, тіпті миллион мойын­да­ған дара дарынының өзіне үнемі шүбә келтіретін жанды ғұмырымда тағы кездестірерім беймәлім. Сах­надағы кейіпкердің жан дүниесін ашатын бір ғана қас-қағым сәт үшін жаса­ла­тын сағаттаған ауыр еңбекті ре­пе­тиция, әріптестерімен өзара әрекет, режиссердің қашқан мазасы – табыстың астарының қатпары көп. Содан болар, табысқа аңыз деп қа­рау­ды жөн көреді. Меніңше, Асанәлі әлі күнге түсінде қалықтап, сам­ғайтын жан. Өмірде болса бой­ында көзсіз ерлік жасау қабілеті бар. Жан-жақты дарынының алмай­тын қамалы жоқ. Әдебиетте де қалам тартып, публицистиканың қарын­да­шын ұштап қойған. Актер болып жү­ріп-ақ бес томдық шығармалар жи­нағын жариялағаны осының дәлелі. Әр спектакльде аспаптың құлағын бұрап, бабына келтіргендей рөлі қоса жүреді, режиссер ретіндегі тәжірибесі мен жеткен табыстары да мол. “Ұзақ ғұмыр – зор байлық” – осы ұстаным Асанәліге тән. Себебі, өмірге құштарлығы мол, әр күнінің шуақты болуын қалайды, өткен жас­тығына айтар өкпесі жоқ. Асан­әлінің әлі күнге жан саулығы мен сахналық шеберлік қорын сақтап, шығар­ма­шылығында белсенді әлеуметтік ба­ғыттан таймағандығы таңғалды­рады. Қазір де көптеген классикалық туын­дылардағы басты рөлдерді ой­найды, театр мен ки­но­дағы белсен­ділігін жоғалтпаған, сан қала мен елді шар­лап, көпжылдық жобалардан бойын аулақ салған емес. Жасы жамал­ған­мен, арманы таусылмаған Асанәлінің әлі айтары мол, көрер­мені күтулі. Бағы мен базары тез тарқап, қайғы-қасіреті жүрекке мұң болып тұнып, серік болып қалатын жал­ған­ға терең бойлай түсіп, жебір уа­қыт жылдары өте келе дүниені орап алуға дайын тұратын тік мінезі мен ойлы мысқылы ажарындағы ақыл мен мұң­ға ауысты (“Ымырттағы махаб­бат”). Белгілі француз актері Ален Делонның: “Мәні мен ма­ңы­зы мол актердың бақытсыздығы да мол”, дегені бар, өз өмірінен қо­рыт­қан ойы сыңайлы. Театр мен кино сах­насында ғана емес, өмір­де­гі басқан әр қадамыңда шынайы болу адам жанына қымбатқа түсе­тін­дігі мәлім. Жандүниең өксіп тұ­рып, сахнадан немесе мінбеден ха­лық күткен шебер өнер көрсетіп, өнегелі сөз айту мін­деті дарынды болмыстың ауыр жүгі. Досымның жандүниесіне сапар шегіп отырып, өз көңілімнің тұңғ­иы­ғына сүңгіп кеткенімді байқа­мадым. Асанәлінің табиғат тарту еткен да­рыны өзімен кететін, кілті жоқ құпия құбы­лыс екендігі анық. Дарын жай­лы қан­ша жорамал ай­тылғанмен, ақи­қатына жету мүмкін емес. Менің де ойым болжамнан артық болмас: мұ­хиттан мар­жан іздегендей, Асан­әлінің құпия­сын сұңғыла санасының терең тұң­ғиы­ғынан іздеу қажет секілді. Айна­ласын сиқырлы сәулеге бөлейтін ға­жай­­ып өне­рі – ой-сезімінің шұғыладай ша­ғылысып болмысы­нан тапқан көрінісі. “Жақсы әртістің ойынын мы­сық пен бала ғана келтіре алады”, – де­ген сөз бар. Асанәліні қайталау мүм­кін емес. Төрегелді ШАРМАНОВ.