Қазақстан өз алдына тәуелсіздігін жариялап, сенім бостандығына ерік берген тұста, сырттан ағылған діни ағымдар ағыны ұлғая түсті. Халықаралық құқықтық нормаларды бекітіп, конвенцияларға қосылу сырттан келетін діни ағымдардың да ықпалын күшейтуге жол ашты. Дәстүрлі емес діндер санатына кіретін ағымдар елдің әлеуметтік ауыр ахуалын пайдаланып, өздерінің мақсат-мүддесін жүзеге асыруға белсене кірісті. Соңғы оншақты жылдың көлемінде дәстүрлі емес діни ағымдардың саңырауқұлақтай қаулауы осының айғағы.
Жаңашылдыққа және жалпы белгілеріне орай біріккен жаңа діни ұйымдар мақсаттары, ұйымдастыру түрлері, қызмет сипаты бойынша ала-құла болып келеді. Қазақстандағы аталмыш ағымдардың дәстүрлі емес болып аталатын себебі, олардың біздің мемлекетімізде пайда болғанына ұзақ уақыт бола қойған жоқ және олардың бойында дәстүрлі конфессияларға тән емес белгілері жеткілікті.
“Дәстүрден тыс діни ағымдар” дегенде, еліміздегі жас буынның көз алдына не елестейді? Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі. Алайда, олар өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, пендеге тән қайғы-қасіреттерден құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Олар діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартады.
Ақиқатында, діни бірлестіктердің басым көпшілігі кейбір аңғал жандар ойлағандай биік мақсат-мүдделерді көздемейді. Дәстүрден тыс діни ағымдар атаулының түпкі ниеті біреу-ақ, ол – қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу.
Әдетте, дәстүрден тыс діни ағым мүшелері “көсемнің немесе “ұстаздың” айтқанын бұлжытпай орындайтын темірдей тәртіпке мойынсұнады. Ұйымның түпкі мақсатын аттөбеліндей аз топ, яғни “таңдаулылар” ғана біледі. Жаңадан қабылданғандар сектаға жән-тәнімен берілгендігін “ұстаз” бен “таңдаулылардың” алдында дәлелдей білсе, “қызмет баспалдағымен” өрлеуге мүмкіндік алады. Көріп отырғанымыздай, ұйымдардың құрылымы да мемлекеттік құрылым сияқты. Маман психологтар мен заңгерлердің оларды “қауіпті” деп жүргені бекер болмаса керек.
Енді осы ағымдар қарапайым адамдарды қандай айла-әдістермен еліктіретініне тоқталайық. Біріншіден, жаңадан қабылданған “шәкірт” ұйым мүшелерінің психологиялық қысымына ұшырайды. Ол осы жерде дәстүрден тыс діни ағымдардың “махаббатына бөленеді”. “Құдай сені жақсы көреді, сен асқақ арман-мақсаттарды бағындыратын таңдаулылардың бірісің. Бізден басқа әлемнің барлығы күнәға белшесінен батуда” деген сияқты әпсананы құлағына құяды. Нәтижесінде, судай жаңа діни ағымдардың осы “бақытты отбасының” бір мүшесіне айналуға деген құштарлығы күшейе түседі. Топтасып ән шырқау, бір-бірімен төс қағыстырып құшақтасу, мадақтау сияқты кішкентай балаларды алдайтын тәсілдердің барлығы ұйымда кеңінен қолданылады.
Екіншіден, дәстүрден тыс діни ағымдар мүшелері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлек өмір кешеді. Ал ұйымнан тысқары әлемнен қол үзген адам уақыт өте келе “ұстазының” айтқандарының анық-қанығына ой жүгірту, оны шынайы өмірмен салыстыру мүмкіндігінен айырылатыны түсінікті жәйт.
Үшіншіден, қауіпті діни ұйымдарда мүшелерінің ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдістемелер қолданысқа ие. Мәселен, бір сарынды әндерді жиі шырқату, бір қимылдарды үнемі қайталатудың ақыры адамды психологиялық тәуелділікке ұрындырады.
Тағы бір айта кетерлігі, “отбасында құпия болмау керек” дегенді желеу еткен “ұстаз” “шәкіртіне” жасаған күнәларын мойындатып, арылуға “көмектеседі”. Ішкі сырларын жайып салғаннан кейін өзін күнәһар жан ретінде сезінген “шәкірттің” бойында қорқыныш, үрей күшейе түседі.
Бесіншіден, “рухани тұрғыда шынығу” үшін ұйқыдан бас тартқандар мадақталады. Тоя тамақтанбау рухани тұрғыда жетілуге көмектесетін диета деп саналады. Сондай-ақ, ұйымға жаңадан қосылған жандардың оңашада ой қорытуына мүмкіндік бермеу үшін ұйымның өзге мүшелері оны ешқашан жалғыз қалдырмайды. Осылайша, дәстүрден тыс діни ұйым санатына қосылған жан аз уақыт ішінде ой-санасы өзгерген, мүлде басқа кейіптегі адамға айналады.
Дәстүрден тыс діни ұйым шырмауына ұшыраған адам өзін қалай сезінеді? Психологтардың айтуынша, “ұстазына” құлдық ұрған “шәкірттің” көкірек көзі ашылып, ақиқатқа көз жеткізеді, құдайдың нұрын сезінеді. Оның бойында жаңа психологиялық қасиеттер дамиды. Қарапайым тілмен баяндар болсақ, дәстүрден тыс діни ұйымдардың алдап-арбауының салдарынан сәби қалпына қайта оралғандай күй кешеді. Ол өзінің бұрынғы қадір-қасиеттерін тәрк етіп, сол ұйымдарға ұнамды бейнені қабылдайды. “Ұстаз” бен “таңдаулылардың” айтқаны ол үшін бұлжымас қағидамен тең. Мәселен, “Бірлік шіркеуі” деп аталатын сол қауіпті ағымдардың әлемнің көптеген елдерінде кәсіпорындары бар. Шіркеуге тиесілі кәсіпорындарда жұмыс істейтін дәстүрлі емес діни ағымдардың мардымсыз жалақы үшін есіл еңбектерін сарп етуде. Аталған ұйым жаңадан қосылған мүшелерінен табыстарының бір бөлігін беріп тұруды және барлық жиған-терген мүліктерін өздерінің атына аударуды талап етеді.
Ұйымға “өз еркімен” қосылған адам үшін “жаңа отбасын” тастап кету туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Ұйым мүшелері де оны өз қатарларында қалдыруға тырысып бағады. Қазіргі таңда, дәстүрден тыс діни ұйымның мүшелерін құтқарудың екі түрлі тәсілі бар. Бірінші тәсіл “қайта программалау” деп аталады. Яғни, адамды сол қауіпті ұйымнан күштеп ұрлап әкетіп, бір бөлмеге қамап, оған “тату-тәтті отбасы” туралы барлық шындықтың бетін ашу. Әрине, жан-тәнімен сеніп келген “ұстаздың” алаяқ екенін есту, өзінің алданғанын түсіну оған оңай соқпайды. Және бір айта кетерлігі, діни ағымдар осындай жолмен жақынын құтқармақ болған адамның үстінен тиісті органдарға шағым түсіре алады. Мұндай жағдайда дәстүрлі емес діни ағымдар қылмысын дәлелдеу қиынға түсетіндіктен, көп жағдайда сот процесінде олар жеңіп шығады.
Теріс пиғылды діни ұйымдарға қатысты мемлекеттік саясаттың болмауы бұқаралық ақпарат құралдарында да дәстүрден тыс діни ағымдар туралы объективті ақпараттың жеткіліксіздігіне әкеліп отыр. Көптеген журналистер шиеленісті жағдай мен сот сергелдеңінен тайсақтап, теріс пиғылды діни ұйымдардың қызметін жазудан өздерін аулақ ұстайды. Сол себепті, діни мәселелер бойынша халықты нақты ақпаратпен қамтамасыз етуде елде әлі де болса олқылықтың бары байқалады. Бұл өз кезегінде білім саласында, балалар мен жастарды тәрбиелеу жүйесінде, үлкендер арасында ағартушылық саясатты белсенді жүргізу жүйесінде өзекті өзгерістерді талап етеді. Педагогикалық және ағартушылық шаралар, теріс пиғылды діни ұйымдар мен психокульттердің теріс пиғылды ықпалын мейлінше азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезеңде ізгі идеялар күн тәртібінде жиі көтеріліп отырғанымен, ал шынайы жағдайда басқаша. Өйткені, дәстүрден тыс діни ағымдар – оңайлықпен шешімін табатын мәселе емес. Олар кез келген коммерциялық дәстүрден тысқары діни культтер, құбылыс пен процестер сияқты қазіргі социумның іргелі мәселелерінің индикаторлары болып табылады.
Адам осындай жағдайда бұрын-соңды тәжірибесінде кездеспеген мәселемен бетпе-бет келеді. Соған орай, оны шешудің сенімді құралдарынан да бейхабар болады. Аталған мәселеге қарсы тиімді күресудің саналы түрде жасалған мәдени тетіктері де қалыптаспаған. Сол себепті көптеген мәселені шешу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, жүзеге асыру қажет. Оған төмендегі бағыттағы қызметтерді енгізген абзал:
біріншіден, теріс пиғылды діни ұйымға кірген адамдарға психологиялық ықпал ету және олардың санасын арбау бойынша медико-психологиялық зерттеулер ұйымдастыру. Зардап шеккендерді емдеу және сауықтыру әдістерін, диагностикалық және психологиялық әрекет әдістерін жасау. Теріс пиғылды діни ұйымдардың ықпалына түскен адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне психологиялық, дәрігерлік көмек ұйымдастыру. Психологиялық қауіпсіздік туралы мемлекеттік заңды әзірлеу үшін медико-психологиялық негіздеме дайындау;
екіншіден, мемлекеттік құрылымдар және діни ұйымдардың қарым-қатынасын үйлестіретін тетіктер жасау және жүзеге асыру. Іріткі салушы культтердің әрекетінен зардап шеккен азаматтарды қорғау бойынша заң, құқық қорғау, сот органдары және діни ұйымдармен жұмыс жөніндегі арнайы құрылымдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету;
үшіншіден, балалар мен жастардың зайырлы білім алу құқығын бұзбайтын және шектемейтін тұрғыда рухани тәрбие беретін бағдарламалар жасау және оларды бірізділікпен жүзеге асыру;
төртіншіден, азаматтарға теріс пиғылды діни ағымдардың жағымсыз салдарын ескерту және сауықтыруда әлеуметтік, әлеуметтік-психологиялық және рухани-педагогикалық шаралар жүйесін айқындау.
Осындай шараларды қабылдаған күнде ғана еліміздің ертеңгі қауіпсіздігіне қатер төндіретін дәстүрлі емес діндердің іріткі салуының алдын алуға болады.
Лимана ҚОЙШИЕВА, Мәдениет министрлігі Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері.