• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2010

Әрі төраға ел, әрі Саммит шақырушы ел

541 рет
көрсетілді

САЛИҚАЛЫ САЯСАТТЫҢ САЛТАНАТЫ

Әрі төраға ел, әрі Саммит шақырушы ел

Қазақстан – осындай қос мәртебеге қол жеткізген Еуропа мен Азиядағы тұңғыш мемлекет

Еліміздің Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық мерзімі де мәреге таяп келеді. Көкейімізде тұрған сұрақ белгілі: Қазақстан бұл аса жауапты миссияны ойдағыдай атқара білді ме? Бұл сұраққа біз зор сеніммен “Иә, құдайға шүкір, бәрі ойла­ға­ны­мыздай”, деп айта аламыз. Біздің төр­ағалығымыз халықаралық аре­на­да ақылшы, кеңесші ретінде іс-қи­мыл танытатын Ұйымның тари­хын­да лайықты орын алары сөзсіз. Біз міндетімізге аса зор жауап­кер­ші­лікпен қарай білдік. Бұл ұйымға төр­аға болған елдер бар ғой, әйтсе де әрі төраға, әрі өз астанасында Сам­мит шақырып, өткізе алған ел­дер әзірге жоқ екен. Біз – Еуро­па­­да осы мәртебеге қолы жеткен тұң­ғыш мемлекетпіз. Қазақстан соңғы жылдары өзі­нің батыл әрі тосын ұсыныс-ше­шім­дерімен, ойға алған істерін ой­да­ғыдай жүзеге асыруымен әлем жұрт­шылығының назарын өзіне ауда­руда. Қазір әлемде 30 жылды қам­титын бағдарлама қабылдап, оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен жү­зеге асырып келе жатқан ел ілуде бі­реу ғана! Күтпеген жерден аста­на­ны басқа жерге көшіріп, он жыл­дың ішінде аяғынан тік тұрғызып, әлем­ді таңқалдырған да Қазақстан. Қолда тұрған ядролық қарудан бас тар­тып, басқа елдерге көз аларту емес, барлық елдермен бейбіт қатар өмір сүріп, өз елімізді, өз жерімізді, ака­демик Ғарифолла Есім айта­тын­дай, Жерұйыққа айналдыруға білек сыбанып іске кіріскен де Қазақ елі. Құдайға шүкір, бұл жоспарымыз да бірте-бірте іске асуда. Жер-жерде қасиетті діннің атын жа­мылған алауыздықтар, қақ­ты­ғыс­тар өршіп жатқанда Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің бас­қо­суын бір емес, үш рет ұйым­дас­тыр­дық. Біз бүкіл әлемге дінаралық жә­не этносаралық қатынастарды тү­сі­ністікпен, төзімділікпен, ашық­тық­пен сенім және келісім арқылы орнатуға болатынын іс жүзінде көр­сеттік. Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ниетін 2003 жылы алғаш жа­рия­лағанда біздің идеямызды түсін­бе­­ген, таңырқаған елдер де, ли­дер­лер де болды: “Бұл Қазақстанға не үшін керек?”, “Басқа елдерге, өр­ке­ниет жолымен ғасырлар бойы да­мып келе жатқан елдерге жол көр­сет­пес бұрын Қазақстан өз ішіндегі проблемаларды шешіп алмай ма?” де­ген сияқты дәйектер келтіріліп жат­ты. Біз бірақ о бастағы түпкі мақ­сатымыздан бас тартпай, ұсы­нысымызды қайталай бердік. Ақыры 2007 жылы қараша айында ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет өкіл­де­рі Мадрид қаласында өткен оты­рыс­та 2010 жылғы төрағалықты Қазақ­станға тапсыру туралы шешім қабылдады. Қазақстан батыл да жауапты бастамалар көтеріп қана қоймайды. Соларды жүзеге асыруға бағыт­тал­ған шараларды, әр саладағы әр алуан реформаларды Елбасы ұсын­ған стратегиялық бағдарламаларға сай жүзеге асыра біледі. Сөйтіп, сөз­ге іспен жауап береді. Эко­но­ми­ка­лық, әлеуметтік әрі соларға арқа сүйейтін саяси реформалар да дер ке­зінде іске асуда. Асығып, ап­ты­ғып, бірін бастап, аяқтамай тастап, “анау айтты”, “мынау айтты” деп ал­ған беттен ауытқып, басқа жолға тү­су біздің ішкі саясатымызға да, сырт­қы саясатымызға да жат нәрсе. Тәуелсіздік тұсындағы іс-қимы­лы­мыздың тағы бір ерекшелігі – бір орында тұрып қалмау, ілгері жыл­жи беру. Төрағалықпен де шек­те­ліп қалуға болар еді. Осы да же­тер еді. Жоқ. Тағы бір соны бас­та­ма дүние жүзі елдерінің назарын Қазақ­станға аударды. Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев 2010 жылдың қаң­тарында ЕҚЫҰ Тұрақты ке­ңе­сіне жасаған өзінің бейне­жол­дауын­да қазақстандық төрағалық­тың басты басымдығы ретінде осы жы­лы Астанада 11 жыл бойы өт­пе­ген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мем­ле­кет басшыларының саммитін өткізу туралы ұсыныс жасады. Елбасы өзінің Жолдауында: “Біз мұның еліміздің ЕҚЫҰ-ның Қазір­гі төрағасы тұғырында жасап жатқан күш-жігеріне ауқымды қол­дау екендігін көреміз. ЕҚЫҰ Сам­ми­тін – барлық кеңестік дәуірден кейін­гі кеңістікте осындай ау­қым­да­ғы алғашқы халықаралық форумды өткізу бұл тек асқақ абы­рой ғана емес, үлкен жауапкершілік те”, – деп атап көрсетті. Осы арада Мем­лекет басшысы Н.Ә. Назар­баев­тың Жолдауынан тағы бір үзінді келтір­ген жөн сияқты: “ЕҚЫҰ-ның негіз­гі міндеттерінің бірі ретінде Қа­зақ­стан Ұйымды да­мы­ту мәселесінің негізі болып табы­латын консенсус­тық алаңды ны­ғайтуды және кеңей­туді қарас­ты­рады. ЕҚЫҰ Саммиті­нің 10 жыл­дан бергі уақыттағы үзі­лісі Ұйым­ның консенсустық негізі дағ­да­рыс жағдайында болмаса да, то­қы­рау ахуалында тұрғанын аң­ғар­та­ды”. “Қолданысқа енбеген темірді тот басады, қолданысқа енбеген ақыл адасады” деген сөз бар. Біздің сам­мит туралы ұсынысымыз да аяқ­сыз қалған жоқ. Назарбаев бұл жо­лы да айтқанын өткізді. Лайым солай бола бергей. Тағы да қайталап айтайын: төр­аға­лығымыз табысты өтіп келеді. Біз ЕҚЫҰ елдері көшбасшылары мен саясаткерлерінің ғана емес, сол ел­дердегі қарапайым халықтың да көңі­лінен шыға білдік. Адамдарға не керек? Ең алдымен елдің ты­ныш­тығы, бала-шағаның қауіп­сіз­дігі, деннің саулығы, алдағы күнге де­ген үміт, сенім керек. Өзімізде де, басқа елдерде де осы мұрат­тар­дың жүзеге асуын қолға алып жат­қан жайымыз бар. Бізді түсінетін, бізге тілектес шет ел қайраткерлері мен сарапшылары біздің төра­ға­лы­ғы­мызға бір ауыздан ризашылық біл­діру үстінде. Жақында Италияның Палермо қа­ласында ЕҚЫҰ Парламенттік Ас­сам­­блея­сының күзгі мәжілісі өтті. Осы мәжілісте сөз сөйлеген ЕҚЫҰ Пар­ла­мент­тік Ассамблея­сы­ның төрағасы Петрос Эфтимиу мен ЕҚЫҰ Бас хат­­шы­сы Марк Перрен де Бришамбо та­рапынан Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы ерек­ше сәтті өтіп жат­қаны, Қазақ­станның жылдар бойы қордаланып қал­ған мәселелерді екіжақты, көп­жақты талқылаулар ба­рысында оң ше­шуге ұмтылғаны айты­лыпты. Яғни, әлемдік деңгейдегі екі қай­рат­кер де Қазақстанның өз төр­аға­лығы тұсындағы таптырмас бел­сен­ді­лігі мен түйінді мәселелерді ше­шу­ге деген талпынысын жоғары ба­ға­лаған. Қазақстанның этносаралық және дінаралық келісім мен түсі­нік­ке жетудегі тәжірибесі бүгінде ЕҚЫҰ қызметіне жаңаша серпін бер­ді деуге болады. Бұл жәйт те дуа­лы ауыздарға желі болыпты. Сондай-ақ кез келген түйінді мә­се­лені бейбіт жолмен шешуге болатыны да Қазақстан төрағалығы тұ­сында бұрынғысынан да айқын кө­рінуде. Осының бәрі Астана сам­митінің табысты өтетініне сенім ұялатады. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сы төрағасының орынбасары Алек­сандр Козловский ЕҚЫҰ пар­ла­ментшілерінің ортақ пікірін біл­ді­ріп: “Қазақстан төрағалығы бас­қа­лар үшін үлгіге айналады. Төр­аға­лық деп, міне, осыны айтса бола­ды”, деген еді. ЕҚЫҰ Парла­мент­тік Ассамблеясының құрметті төр­ағасы Жоао Соареш өз тара­пы­нан Қазақстанның төрағалығы “өте жо­ғары кәсіби деңгейде өтіп жа­тыр” деп біздің қызметімізге оң ба­ға берді. Осы “кәсіби деңгейде” де­ген сөзде көп мән бар. Демек, бұ­дан былай Қазақстан әлемдік сая­сат­тың жай сырттан бақылаушысы, тіпті оның қатардағы қатысушысы емес, сол саясатты қалып­тас­ты­ра­тын мемлекеттердің қатарынан та­бы­латын болады деген пікірге тү­гел­дей қосыламын. Қазақстанды бес саусағындай бі­летін Омбының губернаторы Л.Полежаев айтады: “Қазақстан мен үшін – сапалық белгісі”. Қазір дү­ние жүзінде бір формациядан екінші формацияға алдырмай, шал­дыр­май, сүрінбей өтудің фор­му­ласы болып табылатын “қазақ­стан­дық жол” деген ұғым пайда болды. Менің көптен бері бетке ұстап келе жатқан бір принципім – қыз­мет­тес, әріптес жолдастарыма, өмір сүріп отырған ортама өзімді та­ны­ту, көрсету, қалай еткенде де өзімді мойындату. Бұл үшін, әрине, бас­қа­лардың алдында жалбақтаудың, жа­ғымпазданудың немесе кеуде керіп, “мен – кандидатпын”, “мен – доктормын” деп масаттанудың қа­жеті жоқ. Өз орныңды біл, өз ісің­ді ойдағыдай атқар, айтқан сөзге тұр, Сократ айтқандай, “ме­нің білмейтінім қандай көп еді?” деп біліміңді, мамандығыңды, түсі­ні­гіңді тереңдетуге тырыс. Алматыда – мединститутта, фи­лософия және құқық инс­ти­ту­тын­да, Оралда – педагогикалық институтта, ауыл шаруашылығы инс­титутында (қазіргі аграрлық-тех­никалық университетте), Ақ­тө­беде – мемлекеттік университетте алғашқыда Рысқалиевті елемей, немқұрайды қараған әріптестер болды. Кейін, бара-бара менімен санасатын, менімен тілдескенді ұнататын, менің ойымды, пікірімді білгісі келетін, менің ойлау, сөйлеу, жазу стилімді түсінетін, танитын адамдар көбейді. Сөйтіп, мен өзімді мойындаттым. Мен мұны, өзім­­ді дәріптеу үшін айтып отыр­мағаным түсінікті болар. Адам да, қоғам да бірін бірі қайталамайды. Менің елім – Қазақстанды да кезінде біл­ме­ген, көзге ілмеген, әлемдік сая­сат­та, қарым-қатынаста лайықты серіктес болады деп ойламаған ел­дер де, лидерлер де, сарапшылар да болды. Бірақ біз бұған мән бермей, ас­пай-саспай өз жолымызды іздеп, өз мүмкіндіктерімізді ұқыпты пай­да­ланып, ғасырлар бойы армандап, қо­лымыз қазір жеткен еге­мен­дігімізді, тәуелсіздігімізді жоғары бағалап, іске асыруға кірістік. Еліміз бен халқымыздың бір­лі­гіне, мүмкіндігіне өзімізді, бүкіл қа­зақ­стандықтарды, қала берді, құдай қос­қан көршілерімізді, алыс-жақын ел­дерді сендіруге тырыстық. Қо­ғам­ды аяғынан тік тұрғызудың, қиын­дық­ты еңсерудің, ілгері жылжудың тиімді жолдарын іздестірдік. Сол іздегенімізді таптық та. Әлемдік қо­ғам­дастық тарапынан лайықты се­нім­ге де ие бола бастадық. Адам о дүниеге барғанда періштелер одан сұ­райды екен: “Көршілерің кім, көр­шілеріңмен тату болдың ба?”, деп. Қазір көршілер көбейді ғой. Алыс­тағы Америка да көрші. Біз бә­рімен де тату қарым-қатынас орнаттық. Еліміздің тәуелсіздік тұсындағы толағай табыстарын біз ең алдымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қа­жы­мас қайратымен, табанды ерік-жі­гері­мен, кемеңгер саясатымен бай­ла­ныстыра қарастырамыз. Қай жер­де де – іште де, сыртта да Қазақ­стан туралы әңгіме бола қал­са, алдымен еске түсетін есім – Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл біздің ғана пікіріміз емес. Шет елдерде де бір­ауыздан Қазақстанның жетіс­тік­те­рін оның басшысының сая­са­тымен түсіндіру дағдыға айналған. Кешегі Қазақстан халқы Ассам­блея­­сының XVІ сессиясында сөз ал­ған қонақтардың бірі – Әзір­бай­жан Республикасының Ресей Фе­де­рациясындағы Төтенше және өкі­лет­ті елшісі Полад Бюль-Бюль оғлы­­ның сөзі бұған дәлел: “Әлем На­зарбаевты біледі. Қазақстанды – Назар­баевсыз, Назарбаевты – Қа­зақ­стансыз елестете алмайды, ол өз еңбегімен, ісімен қазақ халқының на­ғыз лидері екенін дә­лел­деген жан”. Бұған алып-қо­са­тын ештеме жоқ. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етуі төрт “Т” ұстанымына құ­рыл­ғанын білеміз. Оның қай-қай­сы­ның да қазіргі заманда маңызы зор. Соның ішінде мен то­ле­рант­ты­лыққа тоқтала кеткім келеді. Толеранттылықтың латын тілінен ау­дарғандағы тура мағынасы – тө­зім­ділік. Әрине, төзімділік керек-ақ. Көп жағдайда осы төзімділік жетіспей жатады. Бірақ толерант­ты­лықты тек осы мағынада түсіну жеткіліксіз деп ойлаймын. Толе­рант­тылық сонымен бірге, тілек­тес­тік, ізгі ниеттілік, кеңдік, қошеметті үн­қатысу мен ынтымақтастыққа әзір­лік. Толеранттылық деген кез кел­ген идеологиялық жүйені не­ме­се саяси ұстанымды қолдау емес. Толе­ранттылық көзқарас қандай пі­кір мен іс-қимыл болмасын оған немқұрайды қарай алмаушылықты білдіреді. Қазақтардың ежелгі мен­та­литетіне тән қасиет – адамдар мен ұлттардың және елдердің ара­сын­да ізгі ниетті, адал, бейбіт, ашық қарым-қатынасты орнату. Толеранттылықтың ұлттық ұғы­мы­мызға тән тағы бір мағынасы – мәмілешілдік, келісімпаздық. Бұл жө­нінде біздің билеріміз бен ақын-жы­рауларымыз жеріне жеткізе айт­қан. Солардың ішінен осы бағытта Май­лықожаның айтқанынан үзінді келтірейк: Өңкей жақсы қосылса, Бітіреді кеңесті. Өңкей жаман қосылса, Шығарады егесті. Мәмілемен іс бітер Бас қосып қалса көп есті. Жақсының жолы жарық күн. Жаманның жолы көмескі. Шындығы керек, қазіргі күнде де бірқатар жағдайларда бүкіл әлем­де келісім, түсіністік, то­ле­рант­тылық, консенсус жетісе бер­мей­ді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-да тө­ра­ғалық етуіне орай Елбасының то­ле­ранттылық принципін алға тар­туының мәнісі осында болса керек. Тағы бір айта кететін нәрсе: қа­зір қоғамтануда да, саясатта да жаңа ғылыми көзқарас, жаңа тәсіл – синергетика бой көрсете бас­та­ды. Күрделі жүйелердің қай-қайсы да өзін өзі реттеп, өзін өзі басқара ала­ды. Дүниеде қай кезде де бол­ма­сын реттілік те, ретсіздік те кез­десіп тұрады. Хаостан шығудың жо­лы, синергетика бойынша, ашық­тық және түзу еместік (нелинейность). Ашықтықтың арқа­сында еліміз басқа елдермен та­уар, энергия және ақпарат ал­ма­сып, қарым-қатынас жасауда. Ал түзу еместік эволюция жол­да­рының бірыңғай еместігін, оның көпнұсқалығын (многовариант­ность) аңғартады. Біздер бұрын қо­ғам дамуының бағыты төменнен жо­ғарыға қарай алғашқы қауымдық құ­рылыстан құл иеленушілік, фео­дал­дық, капи­талистік жолмен ком­му­низмге қарай жүре беру деп түсі­не­тін едік. Синер­гетикалық тұр­ғы­дан олай емес екен: кері кету де бо­лып жатады. Біз қазір социа­лиз­м­нен капитализмге қарай кері кетіп ба­рамыз. Бірақ бұл біз үшін ше­гініс емес, ілгерілеу екені басы ашық ақи­қат. Синергетика (synergіa) деген грек сөзінің мағынасы – ынты­мақ­тас­тық. Елбасы жүргізіп отырған еліміздің ішкі және сыртқы сая­са­ты­ның тұғырнамасы да осы ын­ты­мақ­тастыққа саяды. Ойымызды түйіндей келе, ал­да­ғы желтоқсанда Астанада өтетін сам­мит еліміз үшін де, дүние жүзі ел­дері үшін де тиімді шешімдер қа­был­данатын тарихи басқосу бола­ры­на сенеміз. Саммит, Елбасы атап көр­сет­кендей, еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық және де­мокра­тия­лық дамуына жаңа серпін туғызбақ. Сонымен бірге, қазақстандық­тар­дың бірлігі мен патриотизмін одан әрі тереңдетуге жол ашпақ. Саммит өткізу арқылы еліміздің халық­ара­лық деңгейдегі беделі мен салмағы да арта түседі. Сөйтіп, біз, қазақ­стан­дықтар осылайша тәуелсіз­дігі­міздің 20 жылдығына лайықты тар­ту әзірлейтін боламыз. Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ, философия ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры. Батыс Қазақстан облысы. Қазақстанның ерен жеңісі Кім болса да “шыққан тауым биік болсын” дейді ғой. Мен де өзімнің туып-өскен алтын бесігім – Қазақ елінің қазіргі қарышты қадамына қуанып, төбем көкке жеткендей сезімдемін. Бүкіл дүние жүзіндегі мем­лекет­тердің, тіпті мықтап дамыған ел­дердің де экономикасын тұра­лат­қан дағдарыстың қаншалықты қиындықтарына қарамастан, Қазақстан тұрақты даму жолында. Өзі егемендік алғанына бір-аз ғана уақыт өтсе де, тәуелсіздік жыл­да­ры өзінің еңсесін тік ұстап алға өрлеген Қазақстанды қазіргі күні бүкіл әлем танып, зор болашағы бар ел екенін біліп отыр. Құрамына 56 мемлекет енетін Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына біздің еліміз – Қазақстанның төрағалық етуі – қазіргі қалыптасқан сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік де­ген қазақ халқына тән кең жүрек, берекесінің айғағы. Жер шарын шарпыған дағ­да­рыс кезінде батыл да, сын­дар­лы қадам жасап, еліміздің 2020 жылға дейінгі өрлеу, даму стратегиясын ай­қындап берген Елбасымыз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев нағыз кө­реген басшы екендігін көрсетіп, бү­кіл әлемге аты белгілі болды. Осы бағытта игі бастамалар мен нақ­ты іске асқан шаралар да тарихта алтын әріптермен жазы­лып, халық есінде қалатындай көп­теген жақсы да берекелі жұ­мыстар атқарылуда. Адамзат өміріне зор қатер төн­ді­ріп тұрған, Семей полигоны жа­был­ғаны бүкіл елге қаншалықты қуа­ныш әкелгенін ауызбен айтып жет­кізудің өзі қуаныш сезімін тудырады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрыл­та­йын Астанада тұрақты түрде өткізудің дұрыс шешімі табылды. Атқа­рылып жатқан игілікті істерді тізе берсек, қол жеткен табыс­тар­дың орасан көп екендігі көрінеді. Осы адамзат баласы үшін істеліп жатқан берекелі жақсылық­тар мен табыстарға кең байтақ Қазақ елін мекен еткен ұлттардың ын­тымағы мен береке-бірлігінің арқа­сында іске асқан нәтиже. Биылғы желтоқсан айының басында ЕҚЫҰ-ның Астана Сам­ми­ті өтетіні, оны өткізудің дайын­дық жұмыстары жүргізіліп жат­қан­дығы – біздің тарихи жетістігіміз. Қазақ­станның осы Ұйымға төр­аға­лығы кезеңінде атқарылған қыруар істер мен алға жылжуларды дүние жүзінің мемлекеттері алғыс сезіммен атап отырғаны бәрімізге мәлім. Өйткені, 1999 жылы Түр­кия­ның Ыстамбұл қаласында өткен самиттен соң он бір жылдан кейін Астана қаласында өтетін осы үлкен форумға 56 мемлекеттің ірі халықаралық ұйымдардың делега­циялары келуге ризашылығын білдіріп отыр. Еліміздің жүрегі – Астана қаласы оншақты жылдың ішінде әлем жұрты таңқалған әсем шаһар бол­ды, жайнаған болашақтың сәулетті қалпына айналды. Әрбір қазақстандық еліміздің жетістіктеріне өзінің қатысы ба­рын сезінуге тиіс, сондықтан іске асы­рылып жатқан шараларға әр­кім­нің де өз үлестерін қосуы қа­жеттілік десек, бұл үдеріс бүгін­де өз деңгейінде деп айтуға болады. Жуықта Астана қаласында өт­кен Қазақстан халқы Ассамблея­сының ХVІ сессиясында Нұрсұл­тан Назарбаев “Біздің Ассамблея­ның тарихы – біздің тұрақтылы­ғы­мыздың тарихы. Бұл 15 жыл бойы тыныштық, келісім және жа­сам­паздық бастауы болып отыр”, деп айта келе, Шығыс Қазақстан­да салынып жатқан этно­ауылдың тәжірибесі туралы жылы лебіз біл­дірген еді және Астана қаласының әкімдігіне елор­дада да этностық ауыл құру жө­ніндегі мәселені қарастыруды тапсырған-тын. Біздің облыста осыдан 15 жыл бұрын елімізде тұңғыш рет Қазақ­стан халқының Кіші Ассамблеясы мен Достық үйі құрылды. Бүгін Ассамблея облыс аумағындағы 105 этностың, 50-ден астам этно­мәдени бірлестіктің және төрт Достық үйінің басын біріктіреді. Өскемен қаласында Халықтар достығы үйі жұмыс жасайды. Жуықта Өскеменге еліміздегі дипломатиялық миссиялардың басшылары келіп, қаланың өндіріс орындарын аралап, этноауылда болды. Сонда Польша мемле­ке­тінің өкілі Өскемен қаласының этноауылында болған кезінде бірлік, ұлтаралық және қоғамдық келісімді сақтау мен нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, менің Қазақ­станға деген көзқарасым түгелдей өзгерді деп мәлімдеді. Көп ұлтты халқымыздың ын­тымақ, бірлігі жарасқаны жайлы мақтанышпен айтамыз арда­герлер үшін, жас ұрпақтың алаңсыз өмір сүруі үшін жасалып жатқан іс-шараларға көңіліміз толады. Қала ақсақалдары істеліп, орын­далып жатқан жұмыстарға, өз мүмкіндіктерінше қолғабыстарын тигізіп, ақыл кеңестерін беріп, облыс, қала басшыларымен тығыз байланыста. Қазіргі кезде облыс, қала әкімдіктерінің басшылы­ғы­мен облыс орталығы жаңара түсті. Қала тазалығы ерекше назар­да. Қала тұрғындары “Жол карта­сы­на” өздерінің үлестерін қосып жүр. Өскемен қаласында ұлы Абай­ға ескерткіш орнатылды. Қала ақсақалдары қоғамдық қор құрып, оны “Қасиетті бірлік” деп атап, облыс, қала басшыларынан орта­лық мешіт салуға көңіл бөлуін өтін­ген еді. Біздің қоғамдық қорға жеке азаматтар, қолдарында мүм­кіндігі бар меншік иелері қолұшын созып, қазіргі кезде жаңа мешіт салынып жатыр. Қабанбай батыр бабамызға ескерткіш орнату жоспарланған. Өскемен қаласының күн сайын көркеюіне ардагерлер, ақсақалдар да өз шама-шарқынша үлестерін қосып, еліміздің қарышты да қар­қынды қадамын қуаттап, құптап отыр. Асылбек СӘБЕКОВ, Өскемен қаласы  ақсақалдар алқасының төрағасы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығының құрметті қызметкері, Күршім, Зайсан аудандарының құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысы.