• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2010

Баспасөз - 2011

318 рет
көрсетілді

Егемендіктер елге шықты

Өңір оқырмандарының ойы

Семей өңірінде ел газеті “Еге­мен­нің” таралымы жыл өткен сайын арта түсіп келеді. Соның айқын айғағындай, осыдан үш жыл бұрынғы таралым 800 данадан сәл ғана артық болса, былтырғы жылы ол 1 мыңға жетіп жығылды. Ал биыл мұндағы оқырман саны 1360-қа жетіп отыр. Мұның өзі ел экономикасы оңалған сайын халықтың мемле­кетіміздің ішкі және сыртқы саясатынан күнделікті хабардар болуға ұмтыла түсіп келе жат­қанын айғақтай ма дейміз. Баспасөзге жазылу сияқты жауап­ты науқан тұсында ел тізгі­нін ұстап отырған азаматтармен, оқырмандармен жиі жүздесіп, тілдесіп қалуға тырысатынымыз бар. Семей қаласы әкімінің орын­б­асары Тұрсынғазы Мүсәпір­беков те, әкімдіктің аппарат жетекшісі Айтқали Абылқасымов та бізді жылы жүзбен қарсы ала отырып, бұл мәселенің облыс, қала әкім­дерінің бақылауында екенді­гін айтқан. Соған орай қала мекеме­лері мен ұйымдарында, әлеуметтік салаларда нақтылы жұмыс ат­қарылып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Бұл істе, әсіресе, жоғары оқу орындарының басшылары бел­сенділік танытуда. Айталық, Семей гуманитарлық-инновация­лық заң және Семей медицина универ­ситеттерінің ректорлары Шырын Құрманбаева мен Төлебай Рақып­беков былтырғы жылғыдай биыл да өздерінің “Егеменге” елу-елу данадан жазы­латындығына сенім білдірсе, ал осындағы Шәкәрім атындағы Семей университетінің ректоры Ерлан Сыдықов биылғы меже жүзге жетіп жығылатын­дығына сендірді. Өткен жылы қала­лық әкімдікпен бірлесіп “Еге­мен­нің” тоқсан жылдығын Семей­де кеңі­нен атап өтуге лайық­ты үлесін қосқан бұл азаматты газетіміздің шын мәнісіндегі жанашыры деп білеміз. Ал мұндай газет жанашырлары Семейде аз емес. Осы орайда қалалық білім беру бөлімінің басшылығына да алғыстымыз. Өйткені, бүгінде оқырмандары­мыздың басым бөлігі мектеп мұғалімдері болып табылады. Сондай- ақ соңғы жылдары ақ халатты абзал жандардың да “Егеменге” көптеп жазыла бастағаны көңіл сүйсінтеді. Оқырмандарымыздың басым бөлігі қалада болғанмен ауылдар­дағы азшылықты да ұмытпағанды жөн көріп жолға шыққанбыз. Өйткені, теңіз де тамшыдан құра­лады демей ме! Ал бүгінде Семей қаласының құрамында бақандай 16 ауылдық округ бар. Энерге­тиктердің қала үлгісіндегі Шүлбі кенті де Семейдің құрамында. Бір кезде мұндағы халық саны 7 мыңның үстінде болса, қазіргі тұрғындар саны соның жарты­сындай ғана. Қаракөз қандастары­мыз соның отыз пайыздайын ғана құрайды. Кент әкімі Гилия Гре­бельная ханым мұндағы жалпы жағдаймен таныстыра келіп, өздеріндегі жағымды жаңалықты айта кетуді де ұмытпаған. Мәсе­лен, Рауиля Бектібаева қарында­сы­мыз тізгінін ұстап отырған Шүлбі орта мектебінде соңғы оншақты жылдан бері алғашқы қазақ сыныптары ашылыпты. Түбінде бұл білім ордасы таза қазақ мектебіне айналатын сыңайлы. Жақсыны көрмекке деп аталған мектепке де кіріп шық­тық. Қандастарымыздың энерге­тик­тер кентіне келіп орныға бас­тауы, соның нәтижесінде қазақ мектебі ашылғалы жатқаны көңіл­ге қуаныш ұялатады. Соған орай таяу болашақта мұндағы газет таралымының қазіргіден де өсе түсетіндігіне сенгің келеді. Міне, енді іргедегі Ново-Ба­женов ауылдық округін бетке алып келеміз. Қасымыздағы жол серігіміз Семей қалалық пошта байланысы торабының бастығы Манарбек Молдарахимов өз сала­сына, өз саласы болғанда, бізге де қатысты әңгіме қозғады. Тоқ­саныншы жылдардағы қиын­шы­лық кезінде хат-хабар, сәлемдеме­лерді ауылдарға жеткізу қиынға түсті дейді ол. Сонда ауыл әкім­дері бізге көмекке келді. Соның бірі біз бара жатқан ауылдың әкімі Қали Бектібаев бауырымыз болатын. Қазір үлкен елді мекен­нің бәрінде пошта бөлімшеміз бар. Сондай-ақ шағындау елді ме­кен­дер де назарымыздан тыс қа­лып отырған жоқ. Оларға аптасы­на екі-үш рет жылжымалы қос барып қызмет етеді. Бұл жыл­жы­ма­лы қос хат-хабар, сәлемдеме жеткізіп берумен бірге, жергілікті тұрғындардың түрлі төлемдерін қабылдап алуға жәрдемдесуде. Өт­кен жылдың қорытындысымен атал­ған пошта торабы облыс бо­йын­­ша бас жүлдені жеңіп алса, сон­да осының бәрі ескерілген болар. Ауыл әкімі Қали Бектібаев бастаған ауыл атқамінерлері бізді осындағы Кеңес Одағының Батыры Ә.Ибраев атындағы орта мектепте қарсы алды. Өйткені, газет оқырмандарымен кездесу осында өтті. Онда біз газетіміздің өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғасақ, оқырмандар “Егеменге” өз баға­сын берді, ұсыныс-пікірлерін айтты. Мәселен, тарих пәнінің мұғалімі Бақыт Құдайбергенова газеттегі тарихқа қатысты ма­териал­дарды сабақ барысында пайдаланатындығын айтса, өзін өзі тану пәнінің мұғалімі “Сөз-сойыл” әзіл- сықақ бетіндегі материалдарды көркемөнерпаздар үйірмесі пайдаланып келе жат­қанына тоқталды. 88 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Бейсен­бай Қойшыбеков пен он баланың әкесі Айтқазы Тілеубаевтың сөз­дері де жүрекке жылы тиіп жатты. Оның екеуі де газетте жастар тақырыбы жиірек қозғалса екен деген тілек білдірді. Ауыл әкімі Қали Бектібаев өз ауыл­дары­на сырттан көшіп келіп қоныстанып жатқандар, соның ішінде орал­мандар көп екендігін айтты. Сол қандас ағайындардың да “Егемен­ге” жазылып жатқаны қуантады. Былтырғы жылы мұнда оқырман саны оншақты адамға көбейіпті. Ауыл әкімі болсын, мектеп бас­шылары болсын биыл да газеті­м­ізге сонша адам артығымен жазы­латындығына сендірді. Бұдан кейін Приречное ауыл­дық округіне барғанымызда көңіліміз кішкене пәс болып қалған. Өйткені, қазірге дейін мұнда “Егеменге” тоғыз-ақ адам жазылыпты. Ал мұндағы халық саны болса екі жарым мыңнан астам. Оның үстіне округте екі орта мектеп бар. Атағы жер жар­ған “Приречное” агрофир­масы да осында. Агрофирма демекші, оның басшысы, облыстық мәсли­хаттың депутаты Мұхит Тұмабаев мырза біздің пәс болып қалған көңілімізді қайтадан орнына келтіріп, биыл осы ауылда газет­теріңіздің таралымын 40 данаға жет­кізуге қолұшын беремін, деді. Қала бойынша “Еге­мен­нің” тара­лымын алдағы жылы кемі бір жарым мыңға жеткізу белгіленіп отырса, біз үшін әр дана есепте. Қала мен қала маңындағы ауылдарды екі күн аралап болған соң, үшінші күні Бесқарағай ауданын бетке алып, сапарға шыққан едік. Аудан әкімі Төлеу­жан Жексембаев Алматыда оқуда жүргеніне қарамастан баспасөзге жазылу науқанын көзінен таса етпей бақылап отырғаны байқа­лып тұрды. Әкімнің орынбасар­лары Қайырбек Садықов пен Ер­болат Рахматуллин де, аудан­дық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Күлпаш Смағұлқызы да бізді жайдары қарсы алып, газетімізге тілектестіктерін білдіріп жатты. Былтырғы жылы мұнда алдын ала белгіленген 150 дананың орнына 236 дана газет жаздырып алынып­ты. Ендігі меже – 300, дейді Тө­леу­жан Сағымбекұлының коман­да­сындағылар. Осы сөз, осы уәде аудандық әкімдіктің жауапты қызметкер­лері, аудандық мекеме, ұйым басшылары, еңбек ардагерлері қатысқан алқалы жиында да нақтылана түсті. Бұрынғы кеңес заманында ауданымыздың жалпы халқының 30 пайыздайы ғана өз қандастарымыз болса, қазір жағдай керісінше дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбитолла Мағауов ағамыз. Ен­деше ел газеті “Егеменнің” тара­лы­мын арттырудан несіне және кімнен жасқанамыз. Және бұл басылымда оқимын деген кісіге материал жеткілікті. Кейде солар­ды оқуға уақыт та жетпей қалып жатады. Сондықтан осы алған бағыттарыңыздан таймаңыздар. Газетіміздегі ресми материал­дар мен арнайы беттерді асыға күтіп отыратын оқырмандар да бар екен. Айталық, аудандық са­ни­тарлық эпидемиологиялық стан­­­­саның бастығы Самат Сма­ғұлов деген бауырымыз жаңадан шыққан заңдарды асыға күтіп отыратын­дықтарын айта келіп, “Казправда” газетіндегідей апта­сына бір рет “Егемен” де шағын фор­матпен түрлі-түсті болып шық­са деген тілегін білдірді. Ол соны­мен бірге газет басшысы Сауытбек Абдрах­мановтың халық­қа танымал аза­мат­тармен сұхбат­тарын сүйсініп оқи­тындығын айтты. Ал аудандық мәслихаттың хатшысы Зәйтен Маралов болса газеттің тұрақты түрде шығып келе жатқан “Пар­ламент” бетіне қолдау білдірді. Семенов ауылдық округінің әкімі Марат Сотанғазин болса аға басылымның ел өмірін­дегі түрлі саяси науқан кездерін­дегі зор белсенділігіне алғыс айт­ты. Әсіре­се, Елбасының жыл са­йынғы дәс­түрлі Жолдауларын наси­хаттауда барша­мызға үлгі-өнеге көрсетіп келе жатырсыздар, деді ол. Ал аудан орталығындағы Үлкен Владимиров орта мек­тебі­нің директоры Руфия Қи­самиева болса былтырғы жылы мектеп мұғалім­дері тұтасымен “Егеменге” жазыл­ғанын, ал биыл­ғы жылы өз білім ордаларының таза қазақ мектебіне айналғанын айта келіп, ұжым­дағы жетпістен астам мұғалімнің аға басылымға тағы да тұтасымен жазылып жатқанын мәлімдеді. Берік САДЫР, Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,  Шығыс Қазақстан облысы. Суреттерде: Ново-Баженов ауылдық округі мен Бесқарағай ауданында оқырмандармен кездесу­лерден көріністер.