10 қарашада “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Қытай Халықтық Консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Цзя Цинлинь бастаған Қытай Халық Республикасы делегациясымен кездесті, деп хабарлады “Нұр Отан” ХДП-ның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында партияаралық әріптестіктен бастап көптеген маңызды мәселелер талқыланды. “Нұр Отан” партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасында өзара қарым-қатынастың берік негізі қаланған, соның арқасында екі ел түрлі деңгейде жиі делегациялар алмасып, партиялардың талдау-зерттеу ұйымдарымен тығыз байланыс жасайды. Сонымен қатар, екі елдің жетекші саяси күштері қазіргі уақытта “Нұр Отан” ХДП төрағалық етіп отырған Азия саяси партиялары Бас Ассамблеясы аясында белсенді ынтымақтастыққа қол жеткізген.
Басқосуда Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті өзекті тақырыпқа айналды. “Нұр Отан” Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша аталған халықаралық шараның дайындық және өткізу жұмыстарына белсене араласады, әсіресе, саммитті ақпараттық-насихаттық жағымен қамтамасыз ету, халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдармен ықпалдасуы басты назарда.
Нұрлан Нығматулин Астана Саммитінің тарихи маңыздылығын тілге тиек ете келіп, оны өткізуге түпкілікті шешім қабылдауға ықпал еткен Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің аса құнды активке айналғандығын баса атап өтті.
Өз кезегінде Цзя Цинлинь Қазақстанның Орталық Азияда саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтаудағы рөлін баса айта келіп, біздің еліміздің әлемдік элитаға сенімді қадам басуы ең алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық және халықаралық беделімен тікелей байланысты екеніне тоқталды.