Кеше Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Николай Бордюжамен кездесті.
Үстіміздегі жылғы Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты бұл ұйымның беделі арта түсті. Маусым айында ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдерінен тұратын Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің төтенше отырысы болып, онда қырғыз бен өзбек этностары арасындағы кикілжіңге байланысты Қырғызстанға әскер кіргізу мәселесі қаралған болатын. Осындай өтінішті Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведевке Қырғыз Республикасы өтпелі кезеңінің Президенті Р.Отунбаева жасаған еді. Төтенше кеңес әскер енгізу туралы шешім ұсынған жоқ, бірақ тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды табу мен шекарадан өтпекші болған лаңкестік топтарды құрықтау жұмыстарын үйлестіруге атсалысқан болатын. Осының өзі көптеген сарапшылардың ризашылығын тудырды. Өйткені, ұйым әскер енгізсе, бұл ұлтаралық қақтығыстарды одан әрі шиеленістіре түскен болар еді.
Қазір бұл ұйымның он батальоннан тұратын төрт мыңға жуық жақсы дайындықтан өткен әскері бар. Соның үш батальонын Ресей, екі батальонын Қазақстан және қалған мүшелер бір-бір батальоннан жасақтап отыр. Әскери-әуе күштері 10 ұшақ пен 14 тікұшақтан тұрады. Бірлескен әскери штабтың қазіргі бастығы Қазақстан өкілі – Болат Дәрібеков.
Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен болған кездесуден шыққан соң ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа журналистермен брифинг өткізді. Кездесу барысында біз Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында болатын кезекті отырысына дайындық мәселелерін талқыладық. Осыған байланысты біз алдымен Сыртқы істер министрлерінің, Қорғаныс министрлерінің, Қауіпсіздік комитеті хатшыларының кеңесі сияқты ұйымның негізгі органдарының отырыстарын өткізетін боламыз. Сол кездерде ұйымның алдағы уақыттағы жұмыс жоспарлары талқыланатын болады, деді Н.Бордюжа. Сонымен бірге, ол Қ.Саудабаевқа дағдарыстық әрекеттер жүйесі бойынша жасалып жатқан құжаттардың дайындығы қандай дәрежеде екенін баяндағанын жеткізді. Әзірге, деді ол, құжаттар пакеті 95 пайызға дайын. Кездесу барысында, сондай-ақ біз Орталық Азия аймағындағы жалпы жағдай жөнінде де пікір алмастық, соның ішінде Тәжікстан мен Қырғызстандағы жағдайлар талқыланды, деді Н.Бордюжа.
Қазақстанда болғалы жатқан ЕҚЫҰ Саммиті туралы пікірін сұраған тілшілер сұрағына ол: “Мұның өзі – Қазақстан төрағалығының табысты жүргізілгендігін мойындаудың белгісі. Шын мәнінде, Қазақстан көптеген мәселелер бойынша әртүрлі позиция ұстанған әріптестерінің бәрін бір арнаға тоғыстыра білді. Осының өзі өте үлкен жетістік. Менің ойымша, Қазақстан төрағалығы соңғы жылдардағы ең табыстысы болды”, деді.
Жақсыбай САМРАТ.