Орал қаласы еліміздегі көрікті де жасыл қалалардың бірінен саналады. Соңғы жылдарда қаланың көркіне көрік қосылып, абаттандыру мақсатында бірқатар игі шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, қаланың гүлзарлары мен демалыс бақтарын сәулеттендіру және одан әрі көгалдандыру жөніндегі кешенді шаралар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Жақында облыс орталығы тағы да бір әсем гүлбағымен толықты. Осы гүлбағының орталық аллеясында мұнай-газ саласы еңбеккерлері мен геологтарға арналған Даңқ мемориалы ашылды.
Бұл Даңқ мемориалын ашу идеясын алғаш рет “Мұнайшы” қоғамдық қоры көтерген болатын. Бұдан бірнеше жыл бұрын қор жетекшілері өңір басшыларына қара алтынның құт қамбасы саналатын өңірде ардагер мұнайшылардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында Даңқ мемориалын ашу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Бұл бастама Орал өңірінде қызу қолдау тапты.
“Мұнайшы еңбегін құрметтеу мақсатында, ардагер мұнайшыларымыздың есімдерін ұрпаққа өнеге ету жөніндегі бұл бастаманы бірінші біздің қолдағанымыз орынды да заңды. Біздің өңір көмір қышқыл сутегі шикізатының ең мол шоғырланған және болашағы зор аймақтың бірі болып табылады. Біздің облысымыздың аумағында әлемдегі ең ірі кен орындарының бірінен саналатын Қарашығанақ мұнай-газ конденсатының кен орны орналасқан. Бүгінде Қарашығанақ облысымыздың экономикалық құрылымында ең негізгі орын алады. Сонымен бірге, ол еліміздің дамуына елеулі үлес қосып отыр. Облысымыздың аумағында ірі 14 кен орны ашылған. Олардың барлығы дерлік қазақстандық геологтардың ашқан жетістігі. Ел игілігінің қайнар көзіне айналған бұл кен орындарын зерттеуге және дамытуға өңіріміздің мұнай-газ саласында есімдері ерекше құрметпен аталатын бірнеше буын мұнайшылар еңбек етті”, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Даңқ мемориалының ашылу салтанатында.
“Газжобалау” ғылыми-зерттеу және жобалау институтының атқарушы директоры, “Мұнайшы” қоғамдық қорының өңірлік үйлестірушісінің көмекшісі Еркеұлан Тұрғамбековтың айтуынша, жоғарыдағы игі шараны іс жүзіне асыруға жергілікті билік органы өте зор дайындықпен келген. Қалалық әкімдіктің жанынан құрылған арнаулы комиссия мүсіншілер ұсынған жобаларды ерекше ыждаһаттылықпен сұрыптап, ең үздік үлгілерін таңдауға үлес қосты. Олар қалалық мәдениет және демалыс паркінің жанындағы стадионның қасында, қаланың ең көрікті орталығындағы гүлбағының ішінде бұл ескерткіш кешенді ашуға орын сайлады. Комиссия мүшелерінің шешімімен Даңқ мемориалының негізіне мүсінші Ибрагим Әйденовтің жобасы таңдап алынды. Кешен аясында орталық монументпен бірге белгілі қоғам қайраткерлері Мұстахым Ықсановтың және Виктор Подъяблонскийдің мүсіндері орнатылды. Бұл мемлекет және қоғам қайраткерлері мұнай-газ кен орындары ашылып, кеңінен игеріле бастаған жылдары облысты басқарған болатын. Мұстахым Біләлұлы облыстың бірінші хатшысы болса, Виктор Ильич облыстық атқару комитетінің төрағасы болып еңбек еткен. Кешеннің құрамдас бөлігі болып табылатын төрт барельефте есімі елімізге кеңінен танымал, Қарашығанақ кен орнын алғашқы ашушылар Сухан Камалов пен бұрғылау шебері Сергей Лапшиннің бейнелері кескінделген. Еліміздің мұнай-газ саласының қалыптасуына және дамуына ерекше үлес қосқан КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Андрей Жарылғасов пен Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әділ Оразаевтың есімдері және Қарашығанақ, Теплов-Токарев кен орындарын ашқан, мұнай-газ саласын дамыту бастауында тұрған басқа да белгілі ардагерлердің есімі алтын әріптермен жазылды.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жоғарыда аты аталған ардагерлермен етене жақын, өзі де кәсіби мүнайшы болып саналады. Ол бұл ардагерлермен салалық министрлікті басқарған кезде Батыс Қазақстан облысы өңірінде талай кездесіп, пікірлескен болатын.
– Орал мұнай зерттеу экспедициясы әрқашан үздіктер қатарынан саналатын және үнемі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрді, дейді Бақтықожа Салахатдинұлы сол бір кезеңдерді еске алып. Сухан Мақсұтұлы Камалов Қарашығанақ кен орнындағы экспедиция ұжымдарын басқарды. Қазақстан Геология министрлігінде еңбек етті. Өзінің өнегелі де жемісті еңбек жолында ол бірнеше буын кәсіби мұнайшылар өкілдерін тәрбиелеп шығарды. Мен өзімді оның шәкірті ретінде құрмет тұтамын.
Қарашығанақ кен орнын игеру шежіресі өте күрделі болды. Бұл кен орнында алғаш еңбек еткендер геологиялық зерттеу жұмыстарын қаржыландыру үшін көп тер төгулеріне тура келді. Олар бұл кен орнының ертеңгі күні мол байлыққа кенелтетінін үнемі жоғары органдардың алдында дәлелдеумен болды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін газ және газ конденсатын өткізу мәселесі де қиынға соқты. Бірнеше жыл бойы инвесторлар іздеп, күрделі келіссөздер де жүргізуге тура келді.
– Бүгінде Қарашығанақ– мыңдаған жұмыс орны, озық технологиялар орталығы және еліміздің ең үлкен салық төлеушілерінің бірі. Сонымен бірге, облысымыздың әлеуметтік саласының дамуына “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” компаниясы ерекше зор үлес қосып отыр. 2009 жылға дейін компания тарапынан жыл сайын әлеуметтік саланы дамытуға 10 миллион доллар қаржы бөлініп келді. ҚПО-ның әлеуметтік инвестицияларының арқасында Батыс Қазақстан облысында көптеген жаңа мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, әлеуметтік және мәдени орталықтар бой көтерді. Жаңа жолдар салынды, облыстың бірқатар елді мекендеріне газ және су құбырлары тартылды. Өткен жылдан бастап компанияның әлеуметтік салаға бөлетін қаржысы 2 есе көбейді, – дейді облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов әңгімесін одан әрі жалғап.
Соңғы жылдары Қарашығанақтағы шетелдік фирмалар альянсымен берік ынтымақтастық байланыс жасау нәтижесінде Орал өңірін газдандыру мақсатында орасан зор жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қарашығанақ - Орал газ құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. 150 шақырымға созылған бұл газ құбыры ең бір көкейкесті мәселе – Оралдың сол жағалауындағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Жергілікті органдар бұл жобаның іс жүзіне асырылуын ерекше бақылауға алған.
Жақын арада кешенді газ дайындау орталығы іске қосылмақ. Бұл – еліміздің мұнай-газ саласындағы аса ірі жобалардың бірі. Зауыт іске қосылғанда оның қуаты жарты миллиард текше метр құрғақ газ және 140 мың тонна сығымдалған газ өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде елімізде өндірілген газдың жартысынан астамы Қарашығанақтың үлесіне тиесілі. Сонымен бірге, мұнда көмір қышқыл сутегінің 18 пайызы өндіріледі.
Өңірдегі тек әлеуметтік жобалар ғана емес, сонымен бірге кәсіпкерлікті дамытуға да мол қаржы бөлінуде. Бизнес-инкубатор жұмыс істейді. “Даму” қоры арқылы аграрлық саланың бизнесін несиелеу шаралары қолға алынған. Өңірдің елді мекендеріне газ жеткізу шаралары жүзеге асырылуда. Бөрлі ауданының әкімі Болат Шәкимовтің айтуынша, бұл жұмыс кешенді түрде жалғастырылуда. Бөрлі ауданының 70 жылдығына арналған салтанатқа Қарашығанақ кен орнын ашудың бастауында болған ардагерлер көптеп қатысты.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігіндегі комиссияның мәлімдеуінше, өңір мұнайшыларының баламасыз еңбегін құрметтеуге арналған Даңқ мемориалын жетілдіру жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғасады. Бұл кешен өңірдің өнеркәсібін дамытуда қолданылған жәдігерлермен толықтырады. Даңқ мемориалына өңір эмблемасы мен қаланың картасы орналастырылады. Сонымен бірге болашақта Даңқ мемориалындағы Құрмет тақтасы Батыс Қазақстан облысының есімі әйгілі мұнайшыларының тізімімен толықтырылады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.