Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында “ЕҚЫҰ – еуразияшылдықтың жаңа өлшемі” деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған қазақстандық және ресейлік сарапшы ғалымдар мен саясаткерлер, сондай-ақ елімізде тіркелген шетелдік миссиялардың өкілдері қатысты. Жиын соңынан қатысушылардың бірқатарына Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және жақында өтетін Астана Саммиті жөнінде бір-екі сауал қойған едік.
Жаннет КЛЕТЦЕР, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығы басшысының орынбасары:
– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында аса ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды. Ұйымның төрағасы ретінде Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеуге күш салды, ол өңірлерге сапармен барып қайтты.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде көршілес ел – Қырғызстандағы саяси жағдайды тұрақтандыруға белсене араласты. Ондағы халықаралық ұйымдар миссияларының басын біріктіре отырып, туындаған жанжалды әрі қарай өршітпеді. Сонымен қатар, Қазақстан бұл елге гуманитарлық көмектер көрсетті.
Ал желтоқсан айының басында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстанның халықаралық саясаттағы ірі табысы болып табылады.
Юрий КРУПНОВ, Демография, көші-қон және өңірлік даму институты байқаушылар кеңесінің төрағасы (Мәскеу):
– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұзаққа созылған проблемаларды реттеу, заңсыз есірткі айналымы мен қару-жарақ саудасына қарсы күрес сияқты өзекті мәселелерге ерекше назар аударып келеді. Бұл мәселелерде Ауғанстанды саяси және экономикалық жағынан тұрақтандыру жайы бөлек. Төрағалық барысында Қазақстан осыған байланысты халықаралық қоғамдастықтың назарын аударта білді.
Ал Астана Саммитінде өзекті де өткір проблемалар талқыланады, форум қызу пікірталас жағдайында өтеді деген ойдамын. Қазақстан, сондай-ақ Қырғызстандағы орын алған жағдайларды қалпына келтіруге Ұйым төрағасы ретінде зор үлес қосты. Өйткені, ондағы жағдайлардың өршуі Орталық Азияға да кері әсерін тигізер еді.
Закир ГАШИМОВ, Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Бауырлас Қазақ елі өзінің халықаралық беделді Ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалығында Ауғанстан, Қырғызстан проблемаларына, сондай-ақ Таулы Қарабақ мәселесіне қатысты көптеген елдерге үлгі болатын деңгейде бастамашылық танытып, шешімділік көрсетті. Ұйымның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев алғашқы сапарын Оңтүстік Кавказдан, оның ішінде Баку қаласынан бастады. Бұл Қазақстанның ұзаққа созылған даулы проблеманы бейбіт жолмен реттеуге деген ұстанымын білдіреді. Сондай-ақ жақында ЕҚЫҰ тарапынан құрылған комиссия Әзірбайжанда болып қайтты.
Қазақстанның бастамасымен Астана қаласында өткелі отырған ЕҚЫҰ-ның Саммиті қазақстандықтар үшін ғана емес, туысқан Әзірбайжан халқы үшін де тарихи оқиға, үлкен мәртебе. Өйткені, осындай беделді халықаралық Ұйымға төрағалық ету мұсылман елдері мен ТМД мемлекеттерінің арасында алғаш рет Қазақстанға бұйырып отыр. Астана Саммитінде Таулы Қарабақ мәселесі де талқыланады деген үмітіміз бар.
Серафим МЕЛЕНТЬЕВ, Әлемдік даму институтының директоры (Ресей):
– ЕҚЫҰ төрағалығында Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы байланыстарды нығайтуға баса мән беріп келеді. Осы бағытта айтарлықтай ілгері басушылыққа қол жеткізілді деп айтуға болады. Сонымен бірге, еуразиялық және еуроатлантикалық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріліп отыр.
Бұлармен қоса, бүгінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру ең өзекті проблеманың бірі ретінде қарастырылуда. Қазақстан бұл мәселені де өз төрағалығы барысында басымдықтың бірі ретінде атаған еді. Бұл ретте Қазақстан өзінің міндеттемесін абыроймен орындай білді. Ал Астана Саммитінен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты кешенді мәселелердің оң шешілуін күтеміз.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.