Айтайын дегенім...
Өмір болған жерде кейде қателіктер, шалыс басулар орын алмай тұрмайды. “Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді” деген орынды айтылған сөз де бар. Адамдар әлденендей теріс қадамдарға бірде абайсызда барып қалып жатса, енді бірде оның зардаптарының қандай болатынын жете сезінбегендіктен барады.
Сонымен бірге, өмірде, сирек болса да, мүлде кінәсі жоқ адамдардың айыптылар қатарына қосылып кетіп жататын кездері де кездеседі. Мұндай сорақы құбылыс әсіресе бәсекелестік, бақталастық деп аталатын сұмпайы мінез-құлықтар белең ала түскен қазіргі заманда жиі бой көрсете бастады. Әңгіме бұл жерде жұмысты мен сенен артық және сапалы атқарамын деген адал бәсекелестік емес, өзіміз жиі айтып жүрген арамза бәсекелестік, яғни күндестік туралы болып отыр. Өкінішке қарай, адал бәсекелестіктің үлгісін “міне” деп шұқып көрсетудің сәті әзірге түсер емес.
Сонымен, біздің айтпағымыз не? Біздің айтпағымыз, әп-әдемі жұмыс істеп жүрген азаматтар аяқ астынан “кінәлі” болып, жауапқа тартылып жатқанда солармен талай жыл қызметтес болған әріптестерінің әлгі жолдасынан әп-сәтте безіп, теріс айналып шыға келетіндігі. Неге? Шын жолдас қысылған кезде танылады демеуші ме еді? Олай дейтініміз, белгілі кәсіпкерлер, шенеуніктер “істі” болып жатқан кездерде (ондай жағдайлардың болғандығы баршаға мәлім) солардың бір жолдасының шығып, ау, ағайын, бұл қателік, бұл адамды мен жақсы білемін, оның ешқандай кінәсі жоқ, деп жолдасын немесе әріптесін жақтап сөз сөйлегенін көрмеппіз. Жым-жырт тыныштық. Керек десеңіз, не үшін құрылып, нендей қаржыға күн көріп отырғаны белгісіз толып жатқан кәсіпкерлік ассоциациялар мен одақтар да бар. Бір қызығы, олар да түк көрмегендей бола қалады. Бәлкім, ол адамның шынымен де еш жазығы жоқ шығар. Көп ретте солай болып шығып та жатыр. Оған кезінде кінәлі деген айыппен жазаға тартылып, кейіннен кінәсінің жоқтығы дәлелденген соң арамызға қайта оралып жатқан кісілердің жағдайлары айғақ. Олай болса, ол адам тексеру кезінде кеткен қателіктен немесе, жоғарыда айтқандай, бақталас біреулердің түрткілеуінен әлгіндей келеңсіз жағдайға душар болған шығар? Осы жағын ойламауымыздың сыры неде?
Мансап пен байлықтың бүгінде бірінші кезекке шығып тұрғаны да, тек соны ғана көксейтіндердің бойларын күндестік, бақталастық деген дерттің меңдейтіні де рас. Бірақ, бір бірімізді сатып жіберіп қол жеткізген мансап пен байлық адамға бақыт әкеле ала ма? Бүгін біз біреуді сатып жіберсек, оның өзі баяғы 37-ші жылғыдай жұқпалы індетке айналып, ертең өзімізді де біреулердің сатып жібермесіне кім кепіл. Өзіміз болмасақ балаларымыз, балаларымыз болмаса кейінгі үрім-бұтағымыз қарғысқа ұрынып жүрсе ше? Одан қалды, қасымызда қатар жүрген адамдарға сенбейтін болсақ, қарадай қуыстанумен күн өткізетін тірлікте не мағына қалады? Адамгершілік іс, жанашырлық пейіл, кешірімділік дегендерді қайтеміз? Сенетін, сыйлайтын дос-жолдастарымыз болмаса, қызметтің қызығын, байлығымыздың берекесін кіммен бөлісеміз? Ал егер нағыз адам сияқты игілігін көре алмасақ оның бәрі не үшін қажет? Қарынның тоқтығына мәз болу доңызға ғана тән демеуші ме еді...
Осындайларды көріп-біле жүріп, қысылтаяң шақта қолұшын беруге жарамайтын жолдассымақтардан сақтан демеске лажың жоқ.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.