• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қараша, 2010

“Жаңалық қайда? Жастарда!”

640 рет
көрсетілді

Адамның жігерлі де жинақы, шымыр да шыдамды болуы дене тәрбиесі мен спортқа байланысты. Ал спорт туралы кеңірек айтсақ, ол алдымен халықтың денсаулығы, саламатты өмір салтын ұстануы, жарыста жоғары жетіс­тікке жетуі үшін адамның білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруы, сонымен бірге спорт – адамның бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыратын, қазақ ұлтының атын әлемге танытатын сала. Жақында еліміздегі білікті спорт маманы әрі жана­шыры, ФИЛА Бюросының мүшесі, “Самұрық-Қазына-Ас­тана” корпоративтік қорының бас директоры Дәулет ТҰР­ЛЫ­ХАНОВПЕН кездескенімізде, ол бізге бұқаралық спорт­ты дамыту, елімізде дене тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлініп жатқаны туралы өз ойларымен бөліскен еді. – Дәулет Болатұлы, сіздің есіміңіз елімізге ғана емес, бүкіл әлемге белгілі. Сондықтан өзіңіздің ойларыңыз, пікірлеріңізге әрқашан құлақ түріп жүреміз. Айтыңызшы, қазір бізде бұқаралық спортты дамыту мәселесі қалай шешіліп жатыр? Әрине, бұл бір күндік мәселе емес, сонда да халық арасында спортты насихаттауда қандай іс-шаралар істелінуі керек деп ойлайсыз? – Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Мұны Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақстан хал­қы­на жыл сайынғы Жол­дауында қадап айтып келеді. Бұқаралық спортты дамыту дегеніміз – ол халықтың денсаулығын нығайту, сақтау, еліміздің саламатты өмір салтын ұстануы арқылы қай салада болсын бәсекелестігін арт­тыру деген мәселе. Дене тәрбиесі мен спорт қазіргі кезде өз дең­гейінен асып, саяси сипатқа айна­лып отырғанын атап өту жөн. Мы­са­лы, бұқаралық спорт халықтың денсаулығы болса, жоғары жетіс­тіктегі спорт – елі­міздің халық­ара­лық сахнадағы абыройы, беде­лі. Сондықтан біздің халқымыз спортты күнделікті кәсібіне айналдыруы керек. Прези­дентіміз биылғы Жолдауында да осы мәселеге баса назар аудар­ғанын білесіздер. Онда Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысу керек деген міндет қойды. Елбасының бұл талабын өз басым толы­ғымен қолдаймын. Осы сұраққа жауап ретінде тағы мынаны айтқым келеді. Қазір, әрине, бұқаралық спортты дамытуда істелініп жатқан жұмыстар баршылық. Дегенмен, кешенді, жүйелі жұмыстар көбірек атқарылса деген тілегім бар. – Кеңес Одағы кезінде бұқара­лық спорттың насихатталуы жақсы болғанын білеміз. Ауыл-ауыл ара­сында спартакиа­далар, ал қалалық жерде аула команда­лары, мемле­кеттік қызметкерлердің еріктілер қоғамы болып, өзара жарыстар өт­кізіп тұратын еді. Қазір осы­лардың бәрі жоқ деп айта алмаймыз. Дегенмен, бұрынғыдай қыс кезінде шайбалы хоккей, допты хоккей ойнап жатқан балаларды жиі кездестіре бермейміз. Осындай дәстүрді қайта жалғас­тыруға бола ма? – Бұл мәселені шешу үшін аула балаларының спортқа деген қызығу­шылығын арттыру керек, содан кейін жарыс алаңдарын көбейтіп салу қажет. Және олар халыққа қолжетімді болғаны дұрыс. Спорт алаңдары көп болса, бұқаралық спорт дами береді. Жалпы, оған көп ақша да кетпей­ді. Ең бастысы, сапалы, қолжетім­ді алаңдар болса, халық өздігімен спортпен айналысады. Осыған қатысты тағы айтайын дегенім, бізге қалалық жерде ғана емес, ауыл­дық жерлерде де спорт ке­шен­дерін салу керек. Әрине, қазір облыс әкімдері, шетел ин­вес­тор­лары спорт кешендерін салуға кө­мек­тесуде. Бірақ, елді мекен­дерде біркел­кі, әмбебап спорт орталықтары мен зал­дары өте аз. Мұндай кешендер салынатын болса ол жерлерде футбол, волей­бол, күрес, бокспен айналысып, суға жүзуге болады. Айтқан­дай, бассейн салу қазір өте маңызды мәселеге айналып отыр. Суға жүзумен айналыс­қан адам әр­қа­шан жинақы да жігерлі, шымыр болып жүреді. Дені саудың – тәні сау деген халқымыз. Сондықтан әрбір аудан орта­лықтарында, ауыл­дық жерлерде 25 метрлік бас­сейндер болса дейміз. Бүгінде елімізде 20 жылдан бері та­быс­ты жұмыс істеп жатқан шетел компаниялары бар. Со­лар­ды спорт кешендері, алаң­дары мен бассейндерді салуға ынталандырсақ дұрыс болар еді. КСРО кезінде Теміртау мен Степ­ногор қалаларында 50 метрлік бассейн, спорт сарайлары, ста­дион­дары болатын. –  Осы мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына ұқсас “100 спорт кешені” жобасын жасау керек сияқты... – Мен мұндай ойды 2004 жылы Туризм және спорт агенттігін басқарып отырған шақта Үкімет басшысына айтып, құжаттарын ұсынған бола­тынмын. Бірақ қолдау таппадым. Сол кезде мемлекетке спорт са­рай­ларын салу үшін 3,5 млн. дол­лар керек болды. Қазір еліміз бо­йын­ша бірыңғай спорт кешендері салынбаса да жергілікті бюджетте оның құрылысына қаржы бөлініп отыр. Енді спорт кешен­дері са­лын­са, олар жай тұрмай, оқу-жат­тығу, жарыстар өткізуге айналуы керек. Бізде жаттығу жүргізуде кемші­ліктер бар. Осы жерде айта кететін нәрсе, Астана мен Ал­матыда Қысқы Азия ойындарына арналған спорт нысандары салы­нып жатқаны қуантады. Бұл үшін Елбасына көп рахмет. Енді осы кешендер жарыстар өткеннен кейін өзімізде қалады. Бірақ олар бола­шақта коммерциялық құры­лымдарға айналып кетпесе екен дейміз. Өйткені, қазір елімізде коммерцияға кетіп қалған спорт кешендері өте көп. Сон­дықтан да, спорт кешендерінің жергілікті бюджеттің балансында болғаны жөн. – Жаңа Қысқы Азиада туралы айтып қалдыңыз. Осыған кеңірек тоқталсаңыз. – Қысқы Азиаданың елімізде өтетіні біз үшін үлкен абырой, бедел. Азия олимпиялық кеңесі мұндай шешімді Қазақстанның саяси тұрақтылығына, экономи­калық өсу деңгейіне, әлеуетті мүмкіндігіне қарап қабылдады. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олим­пиададан кейін посткеңестік кеңістіктегі елдер ішінен Қазақ­стан алғаш рет осындай кешенді жарыс­тарды өткізу құқына ие болып отыр. Енді Азия ойын­дарынан кейін елімізде Қысқы Олимпиада өткізуге болады. Бір рет еліміз Олимпиадаға өтініш бергенде бес елдің қатарына кіргенін білесіздер. Бірақ Ресейдің Сочи қаласының жолы болып кетті. Олар 2014 жылы аталмыш бәсекені өткізіп алған соң, 2018 жылы Қазақстан Олим­пиаданы өз жерінде қабылдауға мүмкіндігі болады деп санаймын. Айтпақшы, 2017 жылы елімізде Қысқы Уни­версиада өтеді. Осыны да ескерген жөн. Ал келесі жылы өтетін Азия ойындары бұл еліміздің жоғарыда аталған жарыстарды өткізу үшін сынақ алаңы болатыны сөзсіз. Бізге болашақта Олимпиада сияқты ірі бәсекелерді өткізу үшін алдымен осындай жолдан өтіп алуымыз керек. – Спорт маманы ретінде Қыс­қы Азиадада неше медаль аламыз деп ойлайсыз? – Шаңғыдан 12 медаль алуы­мыз керек деп ойлаймын. Сол сияқты допты хоккей, ерлер және әйелдер арасындағы шайбалы хоккей сияқты жарыстарда есе жібермеуге тырысамыз. “Са­мұ­рық-Қазына” қоры Қысқы Азиа­даны ұйым­дас­тыру және өткізу іс-шараларын жіті қадағалап отыр. Биыл бұл бәсекеге қор қомақты қаржы бөлді. – Қордың бас демеуші ретінде қаржы бөлгені жақсы ғой. Бірақ елімізде жұмыс істеп жатқан мұнай, газ компаниялары мен басқа да ірі кәсіпорындардың Азиадаға қаржы бөлуге тартқыншақтанып жатқанын көріп, біліп отырмыз. Мәселен, Митталл Стил компаниясы Лондон Олимпиадасына 16 млн. еуро бөлген. Ал бізге... – Мұндай мәселелер үкі­меттік дең­гейде шешілуі керек. Азиаданы Ұйымдас­тыру комитеті Қазақстандағы шетелдік компа­ния­лармен келіссөздер жүргізген болар, оның қорытындысы бізге белгісіз. Сондықтан да ондай ірі шетелдік ком­паниялардан демеу сұрауы­мызға болады, бірақ оның да жөні бар. Жоғарыда айттым ғой, үкіметтік деңгейде шешіледі. – Жазғы Азия ойындарына келсек, ұлттық құрамалар қандай дайындықпен жарысқа аттанып бара жатыр? Соның ішінде грек-рим күресі балуандары жөнінде айтсаңыз. – Осы жарыста біз намысты қолдан бермей, соңғы жылдары спортты дамыту­да қандай жұмыс­тардың істелінгенін көрсетуіміз керек. Ал ұлттық құраманың да­йын­дығын жарыстың өзі анықтап береді. Грек-рим күресіне келсек, мұнда біз кем дегенде 5-6 алтын медаль алуымыз керек. Балуан­дардың алдына осындай мақсат қойылып отыр. Қазір құрамада Бейжің Олимпиадасының қола жүлде­герлері Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов, осы жылғы әлем чемпонаты­ның қола жүлде­гері Нұрмұхан Тінәлиев, Азия ойындарының жеңімпазы Роман Мелешин, Дархан Баяхметов сияқты балуандар бар. Бұл тұста айта кететін бір жәйт – Нұрмахан мен Әсет Мәскеуде жаттығады. Себебі, елімізде ауыр салмақта бел­десетін балуан тапшы. Ал оларға әр уақытта шеберлігін шыңдайтын спарринг – қарсылас керек. Көршілес Ресейде алып спортшылар жетерлік. Осындай себеппен қос балуанды өз қаражатына Ресейде дайындап жатқан інім Марат Тұрлыхановқа үлкен алғысымды білдір­мекпін. Міне, осы жігіттерге үміт артып отырмыз. Жалпы, біздің алға қойып отыр­ған мақсатымыз – грек-рим күресінде жалпыкоман­далық бірінші орын алу. Грек-рим күресінен бізге ауыр салмақта Иран, жеңіл салмақта Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытай өкілдері қарсылық көрсете алады. Оны да біліп отырмыз. – Ол үшін не істеу керек? – Ол үшін спортшылар әр­қашан дайындықта жүруі керек. Спортта жүйелі жұмыс болмаса, қиын болады. Жүйелілік спортшылар үшін де, бапкер үшін де үлкен рөл атқарады. Біздің спорттағы басты проблемамыз осы жүйелі жұмыс­тың болмауы. Бәрі орталықтан басқары­луы керек. Ол үшін облыстық дене тәр­биесі және спорт басқармалары әкімдікке емес, тікелей министрлікке ба­ғынуы керек. Ал бізде өкінішке орай, қазір әкімдер өз өңірлерінде облыстық басқармалардың басшы­ларын өздері тағайындайды, министрлікпен келіспейді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер бас істеп, қол-аяқ қозғалмай тұрса онда қандай жүйелі жұмыс туралы айтуға болады? Немесе бас басқа жақта, аяқ-қолдарымыз басқа жақ­қа жұмыс істесе стратегиялық жұмыс бола ма? Осы жерде ай­та­йын дегенім, бізге спортты дамыту үшін стратегиялық маңызды мақсаттар қойып, бас пен аяқ-қолдарымызды бір ортақ іске жұ­мыл­дыруымыз керек. Егер жұмыс­тың бәрі орталықтан басқарылса, онда жұмыстан талап етушілік те болады. Орыста вертикальная сис­тема власти деген ұғым бар. Міне, дәл осы жүйе спортта да болуы керек. Қазір бірталай облыстарда спорт кенже қалып бара жатыр. Керек десеңіз, Олимпиадаға бірде-бір спортшысын апармаған өңір­лер де бар. Ал Қызылорда, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақ­стан, Алматы облыстары мен Астана қаласы осы бағытта жақсы жұмыс істеп жатыр деп айта аламын. – Командалық спорт түрлерін қалай дамытсақ болады? – Ол ауданнан, облыстан басталуы керек. Бұл бағытта жергілікті атқарушы билік команданың құрамын жасақтап, ізбасарлар дайындау үшін жұмыс істегені жөн. Егер жергілікті жерде коман­далық спорт түрлеріне жас­тар алынып, олардың арасы­нан көзге түскендері об­лыстық құра­маға іліксе, ұлттық құра­мамыз мық­ты болады. Бұл енді Спорт ко­ми­тетінің, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармалары мен фе­дерация­лардың жұмысы. Облыс­тар командалық спорт түрлерін бюд­жеттің қаржысына ғана емес, шеттен демеушілер тауып дамытса ұтымды болар еді. Содан кейін командалық спортқа ізбасарлар дайын­дай­тын балалар мектептері көбірек ашылса деген арман бар. Егер осындай мектептерге 10-15 бапкер алынып, олар 50 шақты баланы тәрбиелесе, солдардың арасынан міндетті түрде екі-үш бала кәсіпқой спортшы болады. Сонымен бірге біз спорттық фар­мокология, медицина, психо­логия­ны жақсы жолға қоюуымыз керек. Жалпы, команда­лық жарысты дамыту мәселесі қаржыға тіреледі. Коман­даның жолға кете­тін шығы­ны, киім-кешегі, құрал-жаб­дық­тары, жаттығатын жерлері сапалы болса, бапкерлер спортшымен тез тіл табысып, оларды жарысқа жақсы да­йындаса, командалық спорттың дамитыны сөзсіз. – Қазір “Самұрық-Қазына-Астана” корпоративтік қоры осы бағытта қандай жұмыстар істеп жатыр? – Биыл қор отандық спортты дамытуға 500 млн. теңге бөлді. Соның ішінде күрес федерация­сына демеуші ретінде 100 млн. теңге, ауыр атлетикаға – 147 млн. теңге, су добына – 50 млн. теңге, волейболға – 200 млн. теңге, ес­кек есуге 22 млн. теңге бөлінді. Соны­мен бірге “Барыс” хоккей клубы, вело­спорт федерациясы да қомақты сомамен қаржыланып отыр. Ал дзюдо, әйелдер ганд­болы, ерлер баскетболы, биатлон мен шаңғы жарыстарына қаржы қарастырылу­да. Келесі жылы бокс, су добы, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріне де айтарлықтай қаржы қарастырылып отыр. – ФИЛА президенттігінің сайлауына түсесіз бе? – Бір рет түскенмін. Жолым болмады. Бас аман болса, болашақ көрсете жатар. Әңгімелескен  Дастан КЕНЖАЛИН, Астана. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.