Қысқы Азия ойындары біз үшін жаңа жылдың ең басты, ең қуанышты оқиғасы болатыны даусыз. Өйткені, Еуразияның жүрегіндегі Қазақ елінде тұңғыш рет өткелі отырған әлемдік деңгейдегі спорт додасы біз үшін үлкен бедел, зор мәртебе екені белгілі. Алайда, спорт мерекесінің болатын күні жақындаған сайын, сан-түрлі сауалдар да туындап жатыр. Мәселен: “Бұл Азиаданың басты жаңалығы неде?”, “Дүбірлі додаға қанша қаражат жұмсаймыз?”, “Ақ Азиада бізге не береді?” деген сауалдарға қысқаша жауап іздеп көрелік.
“2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың президенті Анатөлі Құлназаровтың айтуынша, байрақты бәсекеге екі қаламыздағы 10 спорт кешені пайдаланылады. Соның ішінде, төртеуі – Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы мен Астанадағы “Қазақстан” спорт сарайы, “Шымбұлақ” пен “Медеу” мұз айдыны. Оған қоса, Астанадағы жабық коньки тебу стадионы, Алматыдағы шаңғы мен тұғырдан секіру халықаралық кешені және Алматы облысындағы шаңғы және биатлон стадиондары салынып жатыр. Сондай-ақ, елордамызда құрылысы қарқынды жүріп жатқан республикалық велотрек те Азиадаға пайдаланылады. Бұл нысанда шорт-трек пен мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өтеді. Ал бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған “Астана-Арена” жабық футбол стадионында Азиаданың ашылу салтанаты, “Табаған” спорт кешенінде фристайлдан жарыстар өткізіледі.
Соңғы кездері мұндай жарыстарды өткізіп жүрген елдер бір-бірімен бәсекеге түсіп, өздерінше өзгешелік жасап жататыны да жасырын емес. Ал, біз немен таң қалдырамыз? Ұйымдастырушылардың айтуынша, біздің жаңалығымыз – дүбірлі жарыстардың қос қалада өтуі және спорттық бағдарламаға жаңа екі спорт түрін енгізу болмақшы. Мұндай додаларды ұйымдастыратын елдер әлі күнге коньки мен шорт-тректің ара қашықтығын өзгертумен ғана шектеліп келсе, Қазақстан бірден допты хоккей мен қысқы спорттық бағдарлау сияқты спорт түрлерін ұсынды.
Сонымен қатар, Азияның олимпиялық кеңесі тұңғыш рет Азия ойындарымен қатарлас өткізілетін екі ірі жобаны мақұлдады. Бірі – Азиада алауының эстафетасы, екіншісі – “Мәдени Азиада”. 2011 жылдың 12 қаңтарында Олимпиада алауы Азияның олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Кувейтте тұтатылып, чартерлік рейспен қазақ жеріне әкелінеді.
Ал “Мәдени Азиада” дегеніміз не? Бұл Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет Азияның аса бай тарихи және мәдени мұрасын, Қазақстанның ғажайып мәдениетін көрсететін шара. Атап айтқанда, екі қалада бір мезгілде әртүрлі фестивальдер ұйымдастырылады. Солардың қатарында мұздан жасалған мүсіндер фестивалі, “Voіce of Astana” музыка және би фестивалі, цирк өнері фестивалі, бейнелеу өнерінің көрмесі, фотобайқау, “Қазақ ауылы” атты қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарының фестивалі, спорттық тауарлар мен кәдесый өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі, суреттер мен эсселер байқауы, “Ұлы Жібек жолы” жәрмеңке-фестивалі, Азия елдерінің мәдениеті фестивалі бар. Бұл өте құптарлық жәйт. Өйткені, спорттық ойындарды қабылдайтын кез-келген мемлекет өзінің ұлттық болмысын, салт-дәстүрлерінің ерекшеліктерін жарқыратып барлық жұртқа паш еткісі келеді. Неғұрлым өзін-өзі жақсы көрсетіп, жақсы жарнамалаған елге болашақта туристер көптеп ағылып келе бастайды. Ал, біздің Отанымызға аяқ басқан әрбір турист мемлекет қазынасына құйылған қаржы деген сөз.
Қаржы демекші: “Дүбірлі додаға қанша қаражат жұмсаймыз?” деген сауал да көпшілікті толғандыратыны түсінікті. “2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізуге Қазақстан жалпы алғанда 233,5 млрд. теңге жұмсайды”, – деп мәлімдеді 1 қазандағы Сенаттың жалпы отырысында Қаржы министрі Болат Жәмішев. Оның айтуынша, Азиадаға қатысты іс-шаралардың шеңберінде ең көп шығын теледидар және радио хабарларын таратуға (8,644 млрд. теңге) және Азия ойындарының ашылу мен жабылу салтанатын ұйымдастыруға (7 млрд. теңге) кететін көрінеді. Онымен қоса, 6, 76 млрд. теңге ойындарды басқару орталығын, телевизиялық және баспасөз орталықтарын ашуға, Азиаданы біріккен ақпараттық желімен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Болат Жәмішев сондай-ақ, Азиаданың мәдени бөлігіне – 1,57 млрд., Астана мен Алматы қалаларын ойындарға сай безендіруге – 470 млн., антидопингтік зерттеулерді жүргізуге және спортшыларға медициналық қызмет көрсетуге 1,177 млрд. теңге бөлінетінін хабарлады.
Ал Азиадаға жұмсалған шығын туристер ағынымен қайтып келе ме? Мұны кесіп айту қиын. Онымен қоса, біз әлі қанша туристің келетінін білмейміз. Бұлардың барлығы ойындардың деңгейі мен жарнамасына келіп тіреледі. Осы жерде бір қызық мәліметті келтіре кетелік. “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың вице-президенті Евгений Никитинскийдің пікірінше, Азиадаға келетін әрбір турист шамамен 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақша қалдырады. “Әрине, нақты табыс туралы айтуға әлі ерте. Бірақ, барлық мәселе келетін туристердің санына байланысты. Алайда, біздегі стандартты шығындар бойынша, шетелдік туристер өз қалтасынан шамамен 2 мың доллар қаржы жұмсайды. Міне, әлемдік деңгейдегі спорт мерекесінің экономикалық тиімділігі осында”,- дейді ол.
Алдын-ала жасалған есептеулер бойынша, Азиадаға шамамен 10 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Одан бөлек, 4,5 мың ресми тұлғалар бар. Олардың өзін төрт санатқа бөлуге болады: біріншіден, Азия олимпиялық кеңесінің өкілдері, vіp-қонақтар және ресми тұлғалар; екіншіден, спортшылар мен бапкерлер, командаларға қызмет көрсететін мамандар, дәрігерлер мен массажшылар; үшіншіден, халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілер, сондай-ақ, шетелдік БАҚ өкілдері, хосттаратушылар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қонақтарды қарсы алу, орналастыру, тамақтандыру сияқты мәселелер толық шешіліп қойыпты. Айтпақшы, шетелдіктерге қызмет көрсетуге 3 мыңнан астам еріктілер (волонтерлер) тартылмақшы. Айта кетелік, жарыстардың бағдарламасына сәйкес, спорттың 11 түрі бойынша өтетін Азиадаға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сөйлейтін комментаторлар мен дикторларды дайындау қызу жүргізілуде. Алайда, мұндай дәрежедегі спорт жарыстарын өткізуден тәжірибеміздің жоқтығынан көптеген мамандарды шетелдерден шақырып жатырмыз. Азия ойындарын көрсету құқығы өте тәжірибелі шетелдік компанияға беріледі. Анатөлі Құлназаровтың айтуынша, барлық жарыстар телеэкраннан тікелей эфир арқылы көрсетіледі. Тек, шаңғымен жарысу ғана onlіne режімінде, яғни, жазылып алынған бейнекөрініс түрінде таратылады.
Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияевтың айтуынша, Қазақстан Азиадаға, ең алдымен, имидждік жоба ретінде қарайды. Содан соң, шығындарды толық өтеуге қатысты бірнеше себептер бар. “Біз бұл жерде Азиадаға арналған инфрақұрылымның әлі салынып жатқанын ескеруіміз керек, ал Қысқы Олимпия ойындары өткен Ванкуверде инфрақұрылым дайын болды. Оған қоса, шығындарды жабу үшін біз демеушілерді тартып, теледидар хабарларын таратудан пайда түсіруді де ойластырудамыз. Мәселен, Азиаданы әлемнің 30-дан астам еліне көрсетіп, соның нәтижесінде 4,5 млрд. теңге табыс табуды болжап отырмыз”,- деді ол.
Сөзімізді түйіндейтін болсақ, әлемдік деңгейдегі спорт додасы тәуелсіз Қазақстан үшін зор мәртебе екені сөзсіз. Бұл – егемен елдің, жаңашыл жұрттың өсіп-өркендеуіндегі жаңа белесі. Сонымен қоса, қонақжай қазақ үшін де, спортшы қауымы үшін де үлкен сын, жоғары жауапкершілік. Өйткені, алдын-ала жасалған болжамға сүйенсек, Азия құрлығындағы 45 мемлекеттің 30-дан астамы Азиадаға толық қатысатындықтарын мақұлдады. Мұндай жарыстардың бағдарламасына сәйкес, 11 спорт түрі бойынша 69 жарыс өткізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Соның ішінде, Қазақстан да спорттың 11 түрінен 169 спортшысымен сынға түсіп, бақ сынайды. Олай болса, көк байрағымыз көкте желбірейтін дүбірлі додада спортшыларымыздың маңдайы жарқырап, жүлделі болсын деп тілейік!
Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.