• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2010

Жаңылысуға болмайтын мамандық

1151 рет
көрсетілді

Қалай десек те, біреуге жақсылық жасау, ізгілік көрсету тұрғысынан дәрігерлік мамандыққа еш­теңе жетпесі анық. Жанды алқым­ға тіреген ауыр дертпен науқаспен бірге арпалысып, бірге көз ілмей түнқату дәрігер үшін әшейін үйреншікті іс, әдепкі жағдай. “Бір қарын майды шірітетін бір құма­лақ­тың” баршасын күйелеп кететіні болмаса, бұл қа­лып, бұл қасиет біздің қазақстандық шипа­герлерге де әбден етсіңді. Төрегелді Шарманов, Камал Ор­мантаев, Талапқ­али Ізмұханбетов сынды дәрігер-абыздар қатары бү­гінде небір талант­ты кейінгі толқын өкілдерімен толығып келеді. Со­лардың бі­рі, бірі ғана емес бі­ре­­гейі десек те бо­лар, жо­ға­ры са­­нат­ты дәрігер, Ал­­маты дәрігерлер бі­лімін же­­тіл­діру институты нейрохирургия ка­фе­драсы мен Алматы қалалық 7-ауруханасы 4-нейрохирургия бө­лім­шесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының док­то­ры, жоғары санатты нейрохирург Ермек Қап­тай­ұлы ДҮЙСЕМБЕКОВ. Нейрохирургияның ми­дағы ісік сияқты аса шетін саласында қырыққа жетпей-ақ күллі Қазақстан көлемінде жетекші маман саналған жан­мен жүздесіп, тілдесу көптен кө­кейі­мізде жүрген. Бірақ соның сәті жуырда ғана түсті. Оған басты себеп – тағы да сол басшы һәм оқытушы ға­лым-дәрігердің өрт сөндіруге бара-бар қауырт жұмысы. Басқа шаруадан бо­самағанмен әйтеуір операциядан мойыны бос дүйсенбі күнге орайластырған сұхба­тымыз сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Енді сол әң­гі­мені ізі суымай, әсері қайтпай тұрғанда жарияға шығарғанды жөн көрдік. – Ермек Қаптайұлы, адам тәніндегі ең бір нәзік, ең бір күрделі ағза ми десек, ақиқаттан алшақ кетпейтін шығармыз. Осы миға операция жасау өзі­міздің отандық клиникаларда да сәтті жүзеге асырылып жүргені кейінгі жылдары ауызға жиі алына бастады. Мұның, әрине, бастауында Көжеков, Ыс­қақов, Гофман, Дрогунов, Ақшолақов сынды май­тал­ман оташылар тұрған қазақстандық нейрохир­ургияның зор жетістігі екені даусыз. Айтарымызды бұлай алыстан орағытып жатқанымыз – бүгінде осы жұлдыздар шоғырына Ермек Дүйсембеков есімінің де еркін іліккені. Мидағы мейлінше жайылып, тереңдеп кеткен ісікке кезіккенде Ақшолақов пен Дүйсем­бековтің біріне барыңыз, – дегенді нейрохирургтерге ісі түскендер мен олардың жақын-жуықтарының бәрі айтады. Қырыққа жетер-жетпестен әйгілі профес­сормен қосарласа ауызға алыну, екінің біріне айналу, біздіңше, Дүйсембеков өткен мектеп, асқан асулардың осал емесін көрсететіндей... – Мақтауымды асырып жіберген секілдісіз. Мен мұны нейрохирург ретінде қалай қалыптас­қа­ныңыздан бастасаңыз деген ойдан туындап отыр деп білемін. 1987 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын, қазіргі Ұлттық медицина университетін бітірдім. Одан кейін осы күнгі Атырау облыстық ауруханасында жал­пы бағыттағы хирург, балалар хи­рургы болдым. 1995 жылы Мәс­кеудің Бурденко атындағы ней­рохирургия ғылыми-зерттеу институтының клиникалық ор­ди­натурасына бардым. Оны бі­тіріп, 1997 жылы сол Бурденкода ас­пирантураға түстім. Оқып жү­ріп, сол ғылыми-зерт­теу орталы­ғының өзінде нейрохирург болып жұмыс істедім. – Жалпы хирургиядан нейро­хирургияға, Бурденкоға қалай ауыстыңыз? – Нейрохирургияға бет бұ­руым Атырауға барғаннан кейін басталды. Облыстық ауруханада жалпы хирургиялық операция­лар­ды жасап жүріп, нейрохир­ургтарға қарамаймын ба? Сөйт­сем, бұлар операцияны кәдімгідей орындықта оты­рып, әбден байыптап, ойланып-толғанып жасайды. Жалпы хирургиядағыдай “бәлен жерге операцияға бәлен минут” деген норматив, соған үлгіремін деген жанпида жанталас жоқ. Ал мен болсам, әубастан бәрін безбендеп, ауаныммен әрекет етуге бейім адаммын. Бірден: “Нейрохирургия менің қолым”, – деген ой түйдім. Сөйтіп, миға операция жасауға машықтандым. Әлгінде айтқанымдай, кейін осы сала бойынша Мәскеуде оқыдым, Бурденкода 2000 жылы медицина ғылымының кандидаттығына диссертация қорғадым. – Ресейдің ғылыми орталығындағы екінің бірінің қолына түспейтін жұмысты тастап елге оралуға “ер туған жеріне” деген перзенттік парыз түрткі болған болар. – Әрине сырттан көріп-біліп, үйренгеніңді еліңе жеткізуге асығатының анық. Маған оның сәті 2001 жылдың қаңтар айында түсті. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты нейрохи­рургия кафедрасының сол кездегі меңгерушісі про­фессор Серік Ақшолақов өзінің қарамағына жұ­мыс­қа шақырды. Алғашында ассистент, кейін балалар нейрохирургиясы, 2007 жылы жалпы нейро­он­ко­логия бойынша бөлім меңгерушісі болдым. Про­фес­сор Ақшолақов Астанадан ашылған Нейрохирургия ғылыми-зерттеу орталығына директор болып кет­кен­нен кейін дәрігерлер білімін жетілдіру инсти­ту­тының осы нейрохирургия кафедрасына меңге­ру­шілікке тағайындалдым. Оның үстіне кафедраның базасы болып табылатын Алматы қалалық №7 ауруханасы 4-ші нейрохирургия бөлімінің меңге­рушісімін. Ал бұл бөлімді маған дейін 30 жыл бойы­ Қазақстан нейрохирургиясының негізін қалау­шы­лардың бірі, жоғары санатты нейрохирург, “Алтын қандауыр” белгісінің иегері, Қазақстан Респуб­ли­касының Еңбек сіңірген дәрігері Мейман Көжеков ағамыздың өзі басқарған. Айта кету керек, ол кісі қазір де осы өзі керегесін құрып, уығын шанышқан №4 бөлім дәрігерлеріне тәлімгерлік етеді. Небір күрделі операцияларды осы күні де таңдай қағардай тамаша орындайды. – Кафедра мен бөлім жұмысын қатар басқару ғылым мен тәжірибені ұштастыруға, жаңа тәсілдерді қолданысқа енгізуге көмектесетін болар?.. – Бәрінен бұрын бұл зор жауапкершілік жүк­тей­ді. Екеуі де уақыт бөлуді, мұқият айналысуды ке­рек етеді. Кафедра меңгерушілігіне тағайындал­ған­нан кейін, бөлімді басқарудан бас тартқанмын. Аурухана басшылығы тәжірибеңіз бар, – деп табан тіреп отырып алды. – Жиған тәжірибе, өткен мектебіңіз шынында таңдай қағарлық екен. Осыған байланысты және бір сауал тілге оралады. Мейман Көжекұлындай, Серік Ақшолақовтай, кейінгі мына өздеріңіздей өзіміз де, өзгелер де мойындаған мамандары бар Қазақ елінің бас пен мидың сырқаттарын емдеудегі бүгінгі мүмкіндігі қандай? – Мүмкіндік деген қолда бар база, техника, құрал-жабдық қой. Біздің нейрохирургиялық №4 бөлім еліміздегі осы саладағы ең байырғы емдеу ор­та­лығы. Бұл сонау 1958 жылы қалалық клиникалық 2 аурухана негізінде құрылған. Сол уақытынан бастап осындағы басқа да нейрохирургиялық бөлім­дермен бірге Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының нейрохирургия кафедра­сы­на клиникалық база болып келеді. Еліміз бойынша нейроонкологиялық сырқаттарды емдеудің жаңа әдіс­терін әзірлеп, қолданысқа енгізетін негізгі орта­лы­қтардың бірі. Техника, құрал-жабдық та соған сәйкес. Операциялық екі бөлімше керек-жарақтың небір түрлерімен жабдықталған, “OPTON” және “САRL ZEІSS” маркалы нейрохирургиялық 2 мик­рос­кобымыз, “SONOCA” ультра-дыбыстық дезин­те­гратор-аспираторымыз, нейрохирургиялық опе­рацияға лайықталған үстеліміз, жоғары шап­шаң­дықты краниотомымыз бен “AESCULAP” микро­хи­рургиялық аспаптар құрамымыз “SORІNG” бипо­л­ярлық коагуляторымыз бар. Трансназальдық және транскраниальдық хирургия үшін жаңа эндоскоптық жабдықтар алу жоспарда тұр. – Шамасы жететін науқастың көбі басқа, миға операцияны әлі де болса Еуропа, Қытай елдеріне барып жасатып жатады. Өзімізде бәрі дұрыс болса, олар неге сыртқа ұмтылады? Әлде біздің санамызға жұрттыкінің бәрі жақсы деген жаңсақ пікір әбден сіңіп қалған ба? – Расында елдегіні менсінбеушілік жоқ емес. Әйтпесе, біздің ауруханалардың да, дәрігерлердің де шамасы ешкімнен кем деп айта алмаймыз. Операция жасаудың техникасы бірдей, микроскоп батыста қандай болса, бізде де сондай. Дегенмен, мына жағдайды атап өтуге тиіспіз – Қазақстанда науқасқа операцияға дейінгі де, кейінгі де күтім көңіл көн­шіт­пейді. Штаттық кестеде медбикелер де, медсани­тарлар да жетіспейді. Айталық, Германияда әр 5 науқасқа 1 медбике, 2 санитар қызмет көрсетеді. Ал бізде әр 30 науқасқа 1 медбике, 1 санитар. Олардың бір палатасында 1-2 адам, бізде бірнеше адам жатады. Науқастың жағдайы, шамасы жетіп тұрса, қайда күтім жақсы болса, соған барады. – Бастың, мидың кеселдерінің емі де барлық жерде бірдей болар? – Ем қай-қайда да бірдей, бір стандарт. Бірақ аурудың таралуы, ауыртпалығы әркелкі. Ол – әр елдің экологиясына, ас-суына, жай-күйіне қарай болады. Мәселен, Қазақстанда ит пен қойдан тарайтын “ми эхинококкы” деген кесел бар. Мұндай ауру Еуропа елдерінде жоқ. Себебі олар гигиена сақ­тайды, иті мен қойының “жай-күйі” бөлек. Біздің саладағы кеселдердің Еуропаға тән және бір ерек­ше­лігі – тереңдеп, жайылып кететін кезі сирек. Өйт­кені, оларда ауру ерте анықталады, ерте ем алады. Нау­қас ауруханаға біздегідей ісік ұлғайып, ауруы әбден асқынғанда бір-ақ келмейді. – Қазақстандық дәрігерлер неге бастағы ауруды ерте анықтап, ерте емдеуге ұмтылмайды?! – Бұл енді невропатолог-дәрігерлерге тиісті шаруа. Нейрохирургқа науқас тек операция жасату үшін келеді. – Тегінде әркім өзіне өзі көңіл бөлуі, сырқат байқала салысымен дәрігерге көрінуі керек қой... – Оған талас бар ма!? – 4-ші нейрохирургиялық бөлім негізінен оңтүстік өңірге қызмет көрсете ме? – Биылға дейін солай болып келді. Денсаулық сақтаудың Ұлттық бірыңғай жүйесі енгелі қалалық 7-ауруханаға да, оның ішінде біздің бөлімге келем дегендерге есік ашық. – Жылына қанша операция жасайсыздар? – 300-ден астам. – Бас пен миға қатысты болғасын оның бәрі күрделі шығар? – Иә. Бәрі микрохирургиялық операциялар. Ми­дың өзін айтпағанда, тамырларындағы ақауға, орта­лық жүйке жүйесіндегі туа біткен, жүре пайда болған ке­селдерге, бас сүйек пен ми жарақатының зардап­тарына байланысты хирургиялық көмек көрсетеміз. – Жаңылысып кетсеңіздер қайта түзейтіндей мүмкіндік бар ма? – Жалпы хирургияда аз да болса ондай-ондай кездеседі. Ал біз жаңылсақ, адам өміріне қауіп төнеді. Ендеше бізге жаңылысуға болмайды. – Ел көлемінде мидың қатерлі ісігіне жылына қанша кісі шалдығады? Дерттің таралуы өсіп бара ма, әлде кеміп келе ме? – Эпидемиологиялық зерттеу деректеріне қарағанда, республикада мидың қатерлі ісігіне жылына 400-500-дей адам ұшырайды. Алдағы 10 жылда бұл сан екі есе өседі деген болжам бар. – Қай аймақтарда өте-мөте басым таралып отыр? – Ми қатерлі ісігі әсіресе Алматы, Қызылорда облыстарында көп. Әрі жылдан жылға үнемі өсіп келеді. Себебі қоршаған ортаның ластана түсуі, тұрмыс-тіршіліктегі жағдайлар болар... – Бас пен мидағы кеселге қарсы дәрігерлер, өзіңіз басқаратын кафедра қандай жұмыстарға ұйытқы болуда? – Кафедра қызметкерлерінің күшімен 4-ші бөлімде мидағы тереңдеп кеткен, алып тастау аса қиынға түсетін ісіктерді хирургиялық емдеуді жетілдіруге айырықша көңіл бөлініп отыр. Мұндай кесел қатарында – краниофарингиом, мидағы ІІІ қарынша хиазмасы мен түбінің глиомасы, ІІІ қарынша ісіктері бар. Келесі басым бағыт – кадр даярлау. Яғни нейрохирургтарды, неврологтарды, рентгенологтарды, онкологтарды, офтальмологтарды, реанимато­лог­тарды, басқа да мамандарды мидағы ісікті диаг­нос­тикалау мен емдеуге бейімдеп, қайта әзірлейміз. – Сіздер дәрігер болуды армандап жүрген студентке емес, кәдімгі дәрігерге, “іс үстіндегі” маманға ұстаздық етесіздер ғой. – Солай. Білім жетілдіру институтының маман­да­ры шет елдерге іссапарға шығып, жаңа техника-тех­нологияларды меңгереді, халықаралық жиын-жи­налыстарға қатысады. Сондағы көрген-білген, игер­ген­дерін мамандық жетілдіруге келген өзіміздің дә­рі­герлерге үйретеді. Дәрігерлердің ғылым мен тә­жі­ри­бені ұштастыруына, шеберлік жетілдіруіне көмектесеміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Сырымбет КӘРІМҰЛЫ,  журналист.