• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2010

Қызылжарлық оқырмандар қатары қалыңдайды

449 рет
көрсетілді

Келесі жылдың мерзімді басы­лым­дарына жазылу науқаны Қы­зылжар өңірінде де кең өріс алған. Өткен сенбі мен жексенбіде “Егемен Қазақстан” республика­лық газеті” акционерлік қоғамы­ның президенті Сауытбек Абдрах­манов Солтүстік Қазақстан облы­сына жұмыс сапармен келіп, газет оқырмандарымен жүздесті. Басылым басшысы алдымен облыс әкімі Серік Біләловпен кез­десіп, өңір жетекшісінің экономи­ка­лық, әлеумет­тік-тұрмыстық, мә­де­ни салалар бой­ын­ша жан-жақ­ты әңгімесін тың­да­ды. Аймақ басшысы Елбасы Жол­дауы­нан туындаған сан-салалы міндеттер мен тапсырмалардың орындалу барысы жайлы баяндап берді. Облыс эконо­ми­ка­сында ауыр өнер­кәсіп пен ауыл ша­руа­шы­лы­ғы­ның жетекші орын алаты­нын, үдемелі индустриялық-иннова­ция­­лық жобаларды жүзеге асыруға ба­сым­дық берілгенін, “Жол картасы” бағ­дарламасы арқасында елді ме­кен­дердің жаңарып қалғанын жет­кізді. Сөзінің соңында: Біз “Ота­нымыздың бас газеті” деген абы­ройлы атқа ие басылымға жер­лес­теріміз Смағұл Сәдуақасовтың, Ғабит Мүсіреповтің, басқа да танымал тұл­ғалардың жетекшілік еткенін мақ­та­ныш етеміз. Облыста газетке жазылу­шы­лар қатары жыл өткен сайын артып келеді. Тара­лым­ды келер жылы 6700-ге жет­кізуді көздеп отырмыз. Бұл – қа­зақтар ең аз тұратын өңір үшін тәуір көрсеткіш, деді әкім. С.Абдрах­манов­ бас басылымның ұстанған бағыт-бағдары жайлы айта келіп, жақсылық­тың жаршы­сы болу, жан жадыратар жетіс­тік­терді насихаттау басты мұрат сана­латынын, тәуелсіздікті баянды ету, қиындықтарды еңсеру жолындағы хал­қымыздың қажыр-қайраты, ел бірлігі жолындағы тату-тәтті ын­тымағы мен достығы секілді асыл құндылықтар үлгі етілетінін атап көрсетті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі зор беделі, Ас­та­надағы Саммитке дайындық ба­рысы жөнінде ой бөлісті. С.Мұқанов атындағы әмбебеп кі­тап­ханада газет оқырмандарымен өткен кездесуді облыстық ішкі саясат бас­қар­ма­сының бастығы Ерлік Жанділдин ашып, жүргізіп отырды. Сөзі сал­­мақты, ойы орнықты басылым ту­ра­лы ашық пікір алмасуға жол ашық, дей келіп, алғашқы сөзді “Еге­мен Қа­зақ­стан” республика­лық газеті” акцио­нер­лік қоғамы­ның президенті Сауытбек Абдрах­мановқа берді. Қазақ баспасөзі қара шаңырағының 90 жылдық та­рихы тұтас бір дәуірдің жылнама­сын құрай­тынын, қай кезде болса ұлттық мүдде ба­ғытына адалдығы­нан айнымағанын нақ­ты мысал­дар­мен сипаттап берген басылым басшысы соңғы оншақты жыл­дың ішінде газеттің таралымы 38 мың­нан 160 мыңға дейін өсіп, шын мә­нінде елдік мінберге айналға­нын, жұрт­шылықты мемлекет құру жолында топ­тастыру, Елбасы идея­сына ұйыстыру, тәуелсіздік та­лаптарына сай еркін елдің ертеңгі ұрпағын тәрбиелеу мәселелері бас­ты назарда ұсталатынын жеткізді. Басылым басшысына сұрақ қою­шы­лар аз болған жоқ. Газет бет­терінде Үкі­меттің қаулы-ше­шімдері, конкурстық материалдар неге жиі жарияланады деген сауал­дарға тұшымды жауап беріл­ді. На­рық талабынан туындайтын мұн­дай талаптар оқырманның мүдде­сі­не ешқандай нұқсан келтір­мей­тіні, олар­дың бәрі де қосымша бет­тер есебінен орналастыры­ла­ты­ны баса айтылды. Ақсақалдар ал­қа­сының төрағасы Болат Сағын­ды­қовтың Қазақстан ЕҚЫҰ төр­аға­лығына жаңаша сипат, тың сер­пін берді деген ойын қолдайты­нын, бұл орай­да Еуропаға төбе би болатындай жағдайға жеткізудегі Елбасыдай ерен тұл­ғаның рөлі ересен екендігін, Қа­зақстан беделді ұйымға әрі төраға, әрі Саммит өткізуші мемлекет ретінде әлем та­рихынан ойып тұрып орын алаты­нын қадай айтты. АҚ президенті­нің бүгінге тоқмейілсімеу, тұты­ну­шылық, масыл­дық ниеттен, болған үстіне болса деген пиғылдан ары­лу, нарық заңдарына, дер­бес өмір сүруге дағдылану керек деген ой­ларын оқырмандар түсініс­тік­пен қабылдады. Газетіміздің көптен бергі оқырманы Таңат Сүгірбаев басы­лымдағы мақалалар тым көлемді деген пі­кір­мен келіспейтінін айта келіп, тал­да­малы материалдардың танымдық мәнін тану әлі жетісе бермейтінін қынжыла жеткізді. Жастар, ауыл өмірі жиі жа­зылса деген тілек білдірді. Ашық сұхбат барысында Рүстем Уәйісов, Әскер Әбілқайыров, тағы басқа оқыр­ман­дар сөз алып, өздерін толғантқан мә­селелер бойынша пікір бөлісті. Түстен кейін басылым басшы­сы “Абылайханның резиденция­сы” мұра­жай кешенінде болып, онда қойылған жәдігерлермен та­нысты. Жергілікті теле­радиоарна­ның “Қонақкәде” бағдар­ламасына көлемді сұхбат берді. С.Абдрахмановтың облыстағы жұ­мыс сапары жексенбі күні Қы­зыл­жар ауданында жалғасты. “Нұрлы көш” мем­лекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығына тақау жерде бой көтер­ген Бәйтерек ауы­лы­на атбасын бұрды. Оралман ағай­ындарымыз үшін арнайы са­лынған 140 үйдің ерекше сән-сал­танатын қызықтады. Осында тұ­рып жатқан бір топ ағайын­да­ры­мызбен кездесіп, әңгіме-сұхбат құрды. – Әлемде жан-жаққа шашырап кет­кен отандастарын шақырып, ар­найы бағ­дарлама бойынша жұмыс жасап жат­қан 3 ғана ел бар. Олар – Израиль, Гер­­мания және Қазақстан. Тұңғыш Пре­зиденті­міз Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­­сіз­дік алғанымызға жыл толмай жа­­тып Дүниежүзі қазақтарының ал­ғашқы құрылтайын өткізді. Содан бері сыртта жүрген бауырлары­мыз­ды ата-баба қонысына оралту жө­нінде орасан жұмыстар атқарылды, – деді С.Абдрах­ма­нов. – Ресейден биыл көшіп келдік. Жер­гі­лікті биліктегілер құшақ жая қарсы алып, жаңа баспана берді. Осындай ақ­жа­рылқап күнге жет­кіз­ген Мемлекет бас­шысына риза­мыз. Қазір кемпірім екеуі­міз 36 мың теңге зейнетақы ала­мыз. Әке-шешелеріміз өмір бойы аң­сап, ар­мандап кеткен бақытқа қол жет­кізуі­міздің өзін ешқандай дүние-мүлік­ке айырбастамай­мыз, дейді Қайролла Сүлейменов ақсақал қазіргі тірлігіне шүкіршілік етіп. Қуандықов Қажымұрат ақсақал да атамекенге оралғанын ең үл­кен олжа санайды. Газет басшысы Қаз­бекова Маринаның шаңыра­ғын­да бо­лып, тыныс-тіршілігімен танысты. “Тобыл” ӘӨК 50 отба­сына жылыжай салып беріпті. Өзгелер секілді Марина да жаз бойы көкөніс өсірумен айналы­сып­ты. Жарты тоннадан астам өнім жинап, базарларға өткізіпті. Аудан әкімі Қайрат Пішенбаев атқарылып жатқан басқа да игі істерді әңгімелеп, оқырмандар қа­та­рының арта түсетініне сендірді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.