Алдымен танысу іс-шарасын университет жанындағы “Қазақстан-Жапония” инновациялық орталығынан бастаған Елбасы ондағы микробиологиялық сараптама жасайтын, қоршаған ортадағы дене бітімдеріндегі қиындығы бар жайларды анықтайтын, азық-түлік тағамдарының сапасын, қауіпсіздігін тексеретін ветеринарлық медицина мен фитосанитарияға қатысты құрал-жабдықтарды аралап шықты. Одан кейін оқу орны аумағында орналасқан ауқымды агроинновациялық көрмені тамашалап, онда агротехнологияның интенсивті тұрғыдағы озық үлгілері: ағаштардың, өсімдіктердің, жеміс-жидектердің, асыл тұқымды малдардың түрлері, ауыл шаруашылығы техникалары мен азық-түлік өнімдері, емдеу-профилактикалық және диагностикалық жұмыстар жүргізетін құрал-жабдықтар, тағы басқа ауыл шаруашылығына қатысты жетістіктерге көз жеткізді. “Қазақ ұлттық аграрлық университеті, – деді Н.Назарбаев университеттің жетекші ғалымдарымен және үздік студенттерімен кездесуінде, – ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын қарашаңырақ. 2001 жылы екі институтты біріктіріп, ұлттық мәртебе бердік. Оқу орны 80 жылда 135 мың маман даярлаған екен. Мұнда көптеген ғалымдар жұмыс жасайды. Қазіргі кезде ғылым аса қажет. Біздер бәсекелестік жағдайда индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз дейміз, ал ауыл шаруашылығы инновацияланбай, ауыл шаруашылығы көтерілмей, жалпы экономика көтерілмейді. Бәріміздің шыққан алтын бесігіміз – ауыл. Қазақтың 40-45 пайыздан астамы ауылда тұрады. Ендеше, ауылды көтеру үшін мемлекеттен көп қаржы бөлініп отыр. Оның үстіне, өздеріңіз білесіздер, қай кезде Қазақстан бидайды экспортқа шығарған еді. Кейінгі жылдары 8 млн. тонна бидай, оның 45 пайызы ұнмен шығарылып, дүние жүзінде бірінші орынға шықтық. Бір жағынан бізге жаңа технология да керек. Бүгінде ылғалды сақтайтын технология үшін бюджеттен 11 млн. теңге бөлініп жатыр. Тамшылатып суару, жылыжай салу мәселелерін қолға алдық. Ендігі жерде мал шаруашылығына көп көңіл бөліп, етті де экспортқа шығаратын мемлекет болуымыз керек. Ол үшін жағдайымыз да, жайылым да бар. Дәнді дақыл бар жерде мал шаруашылығы да дамуы тиіс. Қазір бізде қызмет істеп жатқан жігіттер асыл тұқымды шетелден сатып аламыз дейді. Егер ақша бөліп, сатып алатын болсақ, онда министрліктің де, мамандардың да қажеті қанша. Сондықтан өз ғалымдарымыз асылдандырып шығарған мал тұқымын көбейткеніміз абзал. Жаңа өздеріңіз айтып кеттіңіздер ғой, тұқым, ұрық болса, малдың қандай да сортын шығаруға болады деп. Сүт беретін де, ет беретін де малды өзіміз өсіре аламыз. Ал осы мақсатта ең көп атсалысатын сіздер боласыздар. Қарашаңырақтың 80 жылдық мерекесіне құтты болсын айтайын де арнайы келіп отырмын. Табысты болыңыздар”. Одан әрі Елбасы осында оқып жатқан жігіттер мен қыздардың барлығы ауылға жол тартады деген сенім білдірді. Себебі, жоо-ларға жолы түскенде ауылға мұғалім, дәрігерлерді шақыратынын, соның нәтижесінде екі жылдың ішінде ауылға бір жарым мың маман барғанын, оларға жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. “Ауылды көтермей, ауылды сауаттандырмай, ауылдағы балаларды білімді етпей, жалпы қазақ халқының деңгейін көтере алмаймыз. Ал соларға діңгек болып отырған сіздердің университеттеріңіз”, деген көтеріңкі көңіл-күймен сөзін аяқтаған Елбасы тойға құрқол келмегенін айтып, “ГАЗель” көлігінің кілтін табыс етті. Иә, ҚазҰАУ өзінің 80 жылдық тарихында абыройлы белестерді бағындырды. Университетті тәмамдаған түлектер арасынан 3 Кеңес Одағының Батыры, 35 Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғары Кеңесі мен Қазақстан Парламентінің 80 депутаты, КСРО мен Қазақ КСР Ғылым академиялары және Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының 52 академигі, Мемлекеттік сыйлықтың 12 лауреаты шыққан. Сонымен қатар, университет өзінің 80 жылдық тарихында өндірісті жоғары деңгейде ұйымдастыра алатын мемлекет және қоғам қайраткерлерін, министрлерді, әкімдер мен агроөнеркәсіп кешенінің басшыларын және бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Президент сөзіне жауап ретінде Қазақстан ҰҒА және Ресей Ауыл шаруашылығы академиясының академигі Рақымжан Елешов университетте жұмыс істейтін ұстаздардың, ҰҒА-ның аграрлық бөлімінің 37 академигінің атынан Елбасының ғылымға, білімге жасап жатқан қолдауына ризашылығын білдіре келе, жуырда барлық жоо ғалымдары талқылаған ғылым жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға тоқталды. Ал жастар атынан сөз алған Жұлдыз Сүлейменова мемлекеттің, оны басқарып отырған Елбасының салиқалы саясатының арқасында кеше ғана ауылдан арман арқалап оқуға келген талапкерлердің ғылымға жолдары ашық екендігін, оның барлығы өздеріне жасалынып жатқан зор қамқорлықтың арқасы екенін ілтипатпен жеткізе келе, ауылдағы үкілеп өсірген ата-аналарының рахметін, достарының ризашылығын, университетте оқып жатқан ауыл балаларының ыстық ықыласын білдіре кетті. Сонымен қатар, биыл студенттер арасында сауалдама жүргізгенде, төртінші курсты аяқтайтын мыңға жуық түлек диплом алған соң ауылға барып, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосатындығын жеткізгенін көлденең тартты. Ал ҚазҰАУ-ды бітіріп, шетелде магистратурада оқып, PhD докторлығын қорғап, әлем деңгейіндегі зертханаларда жұмыс істеп келген Алеся Бережная өз Президентіне есеп беріп, рахметін жеткізді. – Ұлтымыздың Көшбасшысы, еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың қазақ ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының қарашаңырағы – ҚазҰАУ-ге келіп, Қазақстандағы жоо-лар арасында тұңғыш рет ашылып отырған азық-түлік және қоршаған ортаны қорғау қауіпсіздігіне арналған қазақ-жапон орталығын көріп, жоғары баға беруі, сондай-ақ бес бөлімнен тұратын агроинновациялық көрмені аралап, әр бөлімде жасалған аграрлық салада жұмыс жасап жатқан ғалымдарымыздың ғылыми жұмыстарының нәтижесімен танысып, оған да зор ризашылығын білдіруі – біздің университет ұжымына, бүгінде білім алып жатқан студенттерге тың серпін әкеледі, – деді университет ректоры Тілектес Есполов. Университеттің бас ғимараты алдындағы кездесуден кейін Елбасы еліміздің жоо-лары арасында тұңғыш құрылған студенттік ассамблея мүшелерінің “Достық” биін тамашалап, талантты жастарға өз ықыласын білдірсе, университет ғалымдарының атқарып жатқан білім, ғылым салаларындағы және өндіріспен байланысқан жұмыстарына сәттілік тіледі. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
•
16 Қараша, 2010
“Бәріміздің шыққан алтын бесігіміз – ауыл”
601 рет
көрсетілді